Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
С. Т. Иксатова -ылмысты- ---Ы- ерекше б-лім.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.9 Mб
Скачать

Әуе немесе су кемесін не жылжымалы темір жол составын айдап әкету, сол сияқты қолға түсіру (239-бап)

Әуе, су кемесін немесе жылжымалы темір жол составын өз бетімен айдап әкету, соларды қолға түсіру арагідік көрініс беретін құбылыс. Бұл тұрғыдағы қылмыстың тікелей объектісі-қоғамдық қауіпсіздік. Көрсетілген қылмыстың қосымша тікелей объектісі-адамдардың өмірі, денсаулығы сондай-ақ меншігі болады. Қылмыстың объективтік жағы екі түрлі әрекеттен тұрады: әуе немесе су кемесін не жылжымалы темір жол составын айдап әкету; осы көлік құралдарын айдап әкету мақсатында басып алу. Әуе көлігі кемесіне-адамдар немесе жүк тасуға бейімделген газ, ауа қысымы күшімен қозғалатын ұшу аппараттары жатады. Оған ұшақтың, тікұшақтың барлық түрлері, сондай-ақ спорттық әуе шарлары, дирижабильдер, планерларда жатады. Су көлігі кемесі-мұхиттарда, теңіздерде, өзен көлдерде адам немесе жүк тасуға арналған көлік құралы. Бұған теплоходтардың сан түрі, су асты қайығы, катерлер, теңіз яхталары, өзі жылжитын баржалар жатады. Жылжымалы темір жол составына-рельстер арқылы қозғалатын, адам немесе жүк тасуға арналған көліктер жатады. Бұған: локомотивтің барлық түрлері, электр күшімен қозғалатын вагондар, платформалар жатады. Осы көрсетілген көлік құралдарына өз бетінше иелік етіп оны өзінің қалауынша пайдалану айдап әкету деп табылады.

Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың басқа адамдардың көлікті рұқсатсыз, белгіленген маршруттарды өзгерте отырып, өз қажетіне пайдаланса мұндай әрекеттер айдап әкетуге жатады. Басып алуға күш қолдану, қорқыту, немесе алдау арқылы әуе, су кемесін немесе жылжымалы темір жол составын құқыққа қайшы түрде иелік етулер жатады. Күш қолдану экипаж мүшелеріне, жолаушыларға дене жарақатын келтірумен көрініс табады. Қорқытуға, өлтіруге, көлікті апатқа ұшыратуға, жарылыс жасауға байланысты ниет білдірушіліктер жатады. Алдауға әр түрлі амал-айлалар қолдану (экипаж мүшелерін, көлік жүргізушілерін, жолаушыларды жаңылыстыру арқылы маршрутты өзгерту, т.б.) әрекеттер жатады. Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол жоғарыда көрсетілген әрекеттерді жасаған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен жасалады. Адам көлікті заңсыз айдап әкеткенін немесе көлік құралын басып алғанын сезеді және соны істеуді тілейді. Басып алудың мақсаты-көлік құралын айдап әкету болып табылады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған, есі дұрыс адам.

Теңіз қарақшылығы (240-бап)

Теңіз қарақшылығы-ертеден белгілі және қауіпті қылмыстардың бірі. Қылмыстың бұл түрі үшін халықаралық құқық нормасы да жауаптылық белгіленген. Теңіз қарақшылығы (240-бап) құрамының диспозициясы әуе немесе су көлігі не жылжымалы темір жол составын айдап әкету оны немесе сондай мақсатта басып алу (239-бап) құрамына сырттай ұқсас. Қылмыстың тікелей объектісі-теңізде жүзудің халықаралық қауіпсіздігі және бөтеннің меншігі. Қосымша тікелей объект-адамдардың өмірі. Қылмыстың заты-бөтеннің меншігі (жүк, кеме, жанар май, отын т.б.). Объективтік жағының қылмыс теңіз немесе өзен кемесіне бөтеннің мүлкін басып алу мақсатында күш қолданып немесе күш қолданамын деп қорқытып, шабуыл жасау әрекетімен сипатталады. Қылмыс құрамы формальдық. Ол шабуыл жасаған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Осы қылмыстың объективтік жағының тағы бір белгісі қылмыстың жасалу орны болып табылады. Теңіз қарақшылығы ашық теңізде немесе көлде, не өзен де, я болмаса өзен, көл жағалауында жасалуы мүмкін. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Қылмыстың субъективтік жағының міндетті белгісі-бөтеннің мүлкін басып алу (кеме, катер, жүктерді, жабдықтарды ақша, басқа заттарды) болып табылады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған кез келген адам.

Дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (242-бап)

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар беру көп жағдайларда адамдар арасында абыржу, тәртіпсіздік туғызады, мемлекеттік басқа да мекемелердің, кәсіпорындардың, көліктің бірқалыпты жұмыс істеу ырқын бұзады. Мұндай хабарлауға сенген мемлекеттік органдар, жекелеген адамдар әбігерге түсіп, дайындалып жатқан террорлық актіні тойтару үшін ұйымдастырушылық техникалық шаралар өткізуге мәжбүр болады. Осыған байланысты бұл қылмыстың тікелей объектісі-қоғамдық қауіпсіздік болып табылады. Объективтік жағынан қылмыс адамдардың қаза болуы, елеулі мүліктік зиян келтіру не қоғамға өзге де қауіпті зардаптардың болуы қаупін тудыратын жарылыс, өрт қою немесе өзге іс-әрекеттердің дайындалып жатқаны туралы көрінеу жалған хабарлау әрекеттері арқылы жүзеге асырылады. Бұл жерде хабарлау деп жоғарыда көрсетілген жалған мәліметтерді тиісті органдарға, лауазым адамдарына жеткізу туралы сөз болып отыр. Бұларға құқық органы немесе басқа мемлекеттік органдар, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдары жатады. Хабарламада тұрғын-жай, қоймаларға, көлікке немесе басқадай объектілерді жаратын немесе жандыратын қондырғылар қойылғаны туралы айтылады. Мұндай хабарлама қайсыбір реттерде жекелеген адамдарға да жеткізілуі мүмкін. Мысалы, өзі тұрған мекен-жайға немесе мінетін көлігіне жарылғыш заттар қойылғаны туралы хабар алған адамдар. Хабарлама жасаудың тәсілі сан қилы (ауызша, жазбаша, телефон арқылы) ж.т.б. болады.

Қылмыстық жауаптылықтың басты шарты-жеткізілген хабарламалардың шындыққа сай емес, көрінеу ойдан шығарылғандығы, жалғандығы болып табылады. Қылмыс құрамы формальдық, сондықтан ол заңда көрсетілген органдардың немесе адамдардың көрінеу жалған хабарлама алған уақытынан бастап аяқталған деп саналады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлаудың қоғамға қауіптілігін, заңға қайшылығын сезеді, бірақ-та соны тілеп әрекет жасайды. Қылмыстық ниет сан түрлі болуы мүмкін. Көп жағдайларда мұндай әрекет бұзақылық ниетпен істеледі, ал кейбір реттерде кек алу, жұмысты немесе оқуды болғызбау ниетімен жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі-жалпы, жасы 14-ке толған кез келген адам.