Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
С. Т. Иксатова -ылмысты- ---Ы- ерекше б-лім.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.9 Mб
Скачать

Шетел валютасындағы қаражатты шетелден қайтармау (213-бап)

Қылмыстық кодекстің 213-бабы бойынша: ұйым басшысының ҚР заңдарына сәйкес ҚР уәкілетті банкіндегі шоттарға міндетті түрде аударылуға жататын шетел валютасындағы қаражатты шетелден ірі мөлшерде қайтармауы-қылмыс болып табылады. Қылмыстың тікелей объектісі-мемлекеттің сыртқы экономикалық қызметін реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты-шетел валютасы. Шетел валютасы дегеніміз басқа мемлекеттердің ақша жүйесінде айналымға шығарылған банкноттары болып табылады. Олар мысалы АҚШ-та-доллар. Англияда-фунт стерлинг, ГФР-де неміс маркасы т.б.

Бұл қаражаттар ҚР уәкілетті банкіндегі шоттарға аударылуға жататын болса, бірақ солай етілмей шетелде қалып қойса, онда ол қылмыс құрамының заты болып қарастырылады. Бұл ретте қылмыстық жауаптылықтың негізгі шарты-қайтарылмаған шетел валютасы ірі мөлшерде болуы қажет. Қылмыстың объективтік жағы шетелден аударылуға жататын шетел валютасын қайтармау, яғни әрекетсіздік арқылы сипатталады. Егер шетелдік ұйымның теріс әрекеттерінен (мысалы коммерциялық алаяқтықтан) басқа көрсетілген валюталар басқа мақсаттарға жұмсалса немесе ондай қаражаттарды табу мүмкіндігі болмаса, онда адамды осы қаражатты шетелден қайтармады деп жазықсыз жазғыруға негіз жоқ. Қылмыстың объективтік жағының тағы бір белгісі шетелден қайтарылмаған валютаның мөлшері болып табылады. Заңда ол ірі мөлшер деп көрсетілген. Қылмыс шетел валютасындағы қаражатты қайтармаған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Осыған орай арнаулы нормативтік актілер мен басқадай ресми құжаттар негізінде валюталық қаражатты шетелден қайтарудың мерзімін дәлме-дәл анықтау қажет. Қылмыс субъективтік жағы-тікелей қасақаналық. Қылмыстың субъектісі-арнаулы ұйым басшысы.

Кеден төлемдері мен алымдарын төлеуден жалтару (214-бап)

Ірі мөлшерде кеден бажын, салықтарды, кеден алымдарын, лицензия бергені үшін алынатын алымдарды немесе басқа кедендік төлемдерді төлеуден жалтарғаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Қылмыстың объектісі мемлекеттік кеденді реттеу саласында қалыптасқан қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты-кеден төлемдері мен алымдары. Объективтік жағынан қылмыс әрекетсіздік арқылы-кеден төлемдері мен алымдарын төлеуден жалтару арқылы жүзеге асырылады. Бұл жерде төлемдер мен алымдарды төлеуден жалтарудың тәсілдері сан қилы болуы мүмкін. Олар алдау әрекеттері: кеден декларациясына көрінеу жалған мәліметтер енгізу; жалған құжаттарды пайдалану т.б. әрекеттер, қылмысты саралау үшін мұндай тәсілдердің маңызы жоқ, бірақ бұлар жаза тағайындағанда еске алынуы мүмкін. Қылмыс құрамы формальдық, ол төлемдер мен алымдарды төлеуден жалтарған уақыттан бастап аяқталған деп саналады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет-пайдакүнемдік. Қылмыстың субъектісі-кеден төлемдері мен алымдарын төлеуге міндетті кез келген 16-ға толған,есі дұрыс адам.

Банкроттық жағдайдағы заңсыз іс-әрекеттер (215-бап)

Жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғалардың соттың банкрот деп тануының негізгі және тәртібі немесе олардың өзін ерікті түрде банкрот деп жария етуі, сондай-ақ банкрот болған заңды тұлғалардың қызметін тоқтату мәселелері ҚР «Банкроттық туралы» арнаулы Заңы арқылы реттеледі.Жеке кәсіпкерді немесе заңды ұйымды сот шешімімен банкрот деп жариялау және оларды жабу, тарату процесінде кейбір адамдар әр түрлі қиянаттар мен заңсыз іс-әрекеттер жасап, азаматқа, ұйымға, мемлекетке ірі зиян келтірілуі мүмкін. Мұндай ретте олардың іс-әрекеті қылмыс деп танылуы мүмкін. Қылмыстың тікелей объектісі-банкроттық жағдайдағы несие берушілердің талаптарын қанағаттандыруды реттейтін қоғамдық қатынастар. Объективтік жағынан қылмыс мынандай іс-әрекеттер нысанын істеу арқылы жүзеге асырылады.

  1. мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік, оның мөлшері, тұрған жері туралы мәліметтерді, не мүлік туралы өзге де ақпаратты жасыру;

  2. мүлікті өзгенің иелігіне беру;

  3. мүлікті иеліктен шығару;

  4. мүлікті жою;

  5. экономикалық қызмет көрініс табатын бухгалтерлік және өзге де есеп құжаттарын жасыру, жою, бұрмалау.

Қылмыстың нақты жасалу нысандарына қарап қылмыстың заты- мүлік, мүліктік міндеттеме, мүлік туралы мәліметтер, бухгалтерлік және өзге де құжаттары болуы мүмкін. Іс-әрекет белсенді әрекет күйінде (беру иеліктен шығару, жою, бұрмалау) немесе әрекетсіздік нысанда (мүліктік міндеттемелерді немесе мүлік жөніндегі өзге де ақпаратты жасыру) арқылы жасалады. Құрылысы жағынан бұл қылмыс материалдық құрамға жатады. Осы қылмыс құрамының объективтік жағының міндетті белгісі- қылмыстың істелу жағдайы болып табылады. Бұл несие берушілердің талабын қанағаттандыра алмайтын банкроттық немесе банкроттықты күн ілгері білу жағдайында істелген әрекет. Қылмыс ірі зиян келтірілген уақыттан аяқталған деп танылады. Бұл зиян азаматтарға, ұйымдарға, мемлекетке келтірілуі мүмкін. Зиян осы жоғарыда көрсетілген кез келген адамға, сондай-ақ міндетті төлемдерді алмаған жағдайда немесе несие беруші болып табылған ретте мемлекетке де келтірілуі мүмкін. Субъективтік жағынан қылмыс қасақаналықтың екі түрімен (тікелей немесе жанама) жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі-арнаулы, ол ұйымның басшысы немесе меншік иесі, не жеке кәсіпкер. Қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Өйткені ұйым басшысы немесе меншік иесі жекелеген несие берушілердің талабын заңсыз қанағаттандыра отырып, басқа несие берушілерге мүліктік залал келтіретінін сезеді жәнке сол зардаптың болуын тілейді (тікелей қасақаналық) немесе соған саналы түрде жол береді немесе бұған немқұрайды қарайды (жанама қасақаналық) Қылмыстың субъектісі-ұйым басшысы, не меншік иесі немесе жеке кәсіпкер.