Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
С. Т. Иксатова -ылмысты- ---Ы- ерекше б-лім.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.9 Mб
Скачать

Алаяқтық (177-бап)

Нарықтық экономика жағдайына және кәсіпкерлік қызметтің кең өрістеуіне байланысты талан-тараждың ең көп тараған нысаны алаяқтық болып табылады. Алаяқтың заты бөтеннің мүлкі немесе бөтен мүлікке құқық алу болып табылады. Объективтік жағынан алаяқтық бөтен мүлікті талан-таражға салу немесе бөтен мүлікке құқықты алу заңда көрсетілген екі тәсіл арқылы алдау немесе сенімге қиянат жасаумен жүзеге асырылады. Осы қылмысты жасағанда жәбірленуші мүлікті қылмыскерге оған сеніп өз қолымен тапсырады. Алаяқтық жолмен алдау дегеніміз-шындыққа жатпайтын фактілерді көрінеу бұрмалап, жалған хабар беру, мәлімдеме жасау, жалған құжаттар көрсету арқылы өзін құқық қорғау органының қызметкері етіп көрсету, әртүрлі келісімдер бойынша бұйымның, заттың саны, сапасы, бағасы жөнінде көрінеу шатастыру, жалған сенім хаттар көрсетіп, басқа біреуге тиесілі қаражатты немесе мүлікке құқықты алу, осындай әдіспен: Біреудің үйін, көлігін және басқа мүлкін сатып, айырбастап жіберу, т.б. болып табылады. Мұндай реттерде жасаған құжаттарды пайдалану, алдаудың бір тәсілі болып табылғандықтан кінәлының іс-әрекеті Қылмыстық Кодекстің 325-бабымен қосымша саралануға жатпайды. Алаяқтың жалған құжаттарды пайдалануы көп реттерде заңсыз зейнетақыны, жәрдемақыны, басқа да төлемдерді алуда жиі пайдаланады. Кінәлы адам осы құжаттарды пайдалану арқылы алаяқтықпен алдауда өзінің жасы, денсаулық жағдайы, еңбек стажы, орташа айлық, жылдық табысы туралы жалған мәліметтер енгізеді. Алаяқтың екінші бір тәсілі-сенімге қиянат жасау болып табылады. Сенімге қиянат жасау деп кінәлы адамның меншік иесімен немесе мүліктің өзге де заңды иеленушісімен пайда болған әр түрлі сенімге негіз боларлық қатынастарды пайдалану арқылы олардың мүлкін заңсыз иеленуі немесе иеленуге құқық алуы болып табылады. Мысалы, кінәлы адамның әр түрлі азаматтық-құқықтық келісімдерді пайдалануы: тұрмыстық прокат шарты, сауда-саттыққа қарыз берушілер, белгілі бір жұмысты істеуге, бағып-қағуға міндеттемелік шарттар болып табылады. Осындай сенімге ие болу арқылы олар жәбірленушіге қарсы алаяқтық әрекеттер істейді. Алаяқтың құрамы-материалдық. Оның субъективтік жағының міндетті белгілерінің бірі қылмыстың зардабы-меншік иесіне мүліктік залал келтіру болып табылады. Бұл қылмыс кінәлы адамның иелігіне мүліктің заңсыз өтуіне байланысты немесе кінәлының жәбірленушінің мүлкіне заңсыз құқық алған уақытынан бастап аяқталған деп сараланады.

Субъективтік жағынан алаяқтық тек қана тікелей қасақаналықпен істеледі және қылмыс пайдакүнемдік ниет және мақсатпен орындалады. Бұл қылмыстың субъектісі де ұрлық субъектісімен бірдей.

Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету (176-бап)

Иеленіп алу немесе ысырап ету-кінәлы адамға тапсырылған бөтен мүлікті талан-таражға салудың бір нысаны болып табылады. Қылмыстың объективтік жағы сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иелену немесе ысырап ету белгілерімен сипатталады. Осыған байланысты бұл жерде талан-тараждың екі нысаны: иеленіп алу немесе ысырап ету құрамдары туралы сөз болып отыр. Иеленіп алу дегеніміз-кінәлының өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін өзінің пайдасына заңсыз айналдыруы мақсатымен оған заңсыз иелік етуі болып табылады. Мұндай ретте иеленген мүлік кінәлының билігінде болады. Ол меншік иесіне негізсіз қайтарылмайды немесе бөтен адамға берілмейді. Мүліктің жоғалуы, іріп-шіріп кету, жойылуы, басқа адамның ұрлауы нәтижесінде меншік иесіне қайтарылмаса, онда бұл иеленіп кетуге жатпайды.

Иеленіп кетуді бөтеннің мүлкін уақытша пайдалана тұрумен шатастыруға болмайды. Егер өзіне мүлік сеніп тапсырылған адам оны заңсыз пайдалана отырып, оны заңды иесіне қайтаруға немесе оның құнын төлеуге деген ниетте болса,онда оның әрекеті иеленіп кету емес. Ысырап етуге кінәлы адамның өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті заңсыз және тегін өзінің пайдалануы немесе басқа біреуге беруі, сыйлауы, сатуы, қарызға беруі және т.б. әрекеттері жатады.

Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иелену мен ысырап етудің негізгі айырмашылықтары мынандай: сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленуде кінәлы адам бөтеннің мүлкін жөнсіз, негізсіз, заңға қайшы әрекеттермен ұстап тұрады, иесіне қайтармайды, ал ысырап етуге осы аталған мүлікті әр түрлі жолмен талан-таражға салуы, пайдаланып кетуі, шашылып-төгілуі, рәсуә болуы, тегін немесе ақысын алып тарату жатады.

Иеленіп алу мен ысырап етудің ортақ белгісі: екі қылмыс құрамы бойынша да кінәлы адамға мүлік уақытша сеніп тапсырылады; мүлікті талан-таражға жасау үшін бұл ретте кінәлы адамдар өздеріне берілген мүлікке иеліктерді қылмысты әрекетке пайдаланады.Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналық нысаны арқылы сипатталады. Кінәлы адам өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленетінін немесе ысырап ететінін сезеді және өз әрекеті арқылы меншік иесіне мүліктік залал келтіргенін күні бұрын біледі және сондай залалдың болуын тілейді. Бұл жерде кінәлы адам пайдакүнемдік ниетті басшылыққа ала отырып, заңсыз бөтеннің мүлкі есебінен пайда табу мақсатында көздейді. Қылмыстың субъектісі болып арнаулы субъект-талан-таражға түскен мүлік өзіне заң, шарт, контракт негізінде немесе қызметтік жағдайына байланысты сеніп тапсырылған мүлікке құзыретті адам танылады.