Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
С. Т. Иксатова -ылмысты- ---Ы- ерекше б-лім.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.9 Mб
Скачать

Мемлекеттік құпиялары бар құжаттарды, заттарды жоғалту

(173-бап)

Мемлекеттік құпиясы бар құжаттарды, мемлекеттік құпиясы бар заттарды, сондай-ақ қызметтік құпиясы бар құжаттарды немесе қызметтік құпияны құрайтын заттарды жоғалтудың да қоғамға қауіптілігі орасан, осыған байланысты ҚР қылмыстық кодексінің 173-бабында: Адамның өзіне қызмет немесе жұмыс бабымен сеніп тапсырылған мемлекеттік құпиясы бар құжаттарды, сол сияқты олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияны құрайтын заттарды жоғалтуы, егер аталған құжаттар немесе заттар оларды пайдаланудың белгіленген ережелерін бұзудың салдарынан жоғалса және ауыр зардаптардың тууына әкеп соқса,- Адамның өзіне қызмет немесе жұмыс бабымен сеніп тапсырылған қызметтік құпиясы бар құжаттарды, сол сияқты олар туралы мәліметтер қызметтік құпияны құрайтын заттарды жоғалтуы, егер аталған құжаттар немесе заттар оларды пайдаланудың белгіленген ережелерін бұзудың салдарынан жоғалса және ауыр зардаптардың тууына әкеп соқса.

Қылмыстың объектісі болып мемлекеттік құпияны және қызметтік құпияны сақтаудың заңда белгіленген тәртібіне қол сұғу болып табылады. Осы қылмыстың затына, біріншіден-мемлекеттік құпиясы бар құжаттар; екіншіден-мемлекеттік құпияны құрайтын заттар үшіншіден қызметтік құпиясы бар құжаттар немесе қызметтік құпияны құрайтын заттар жатады. Мемлекеттік құпияны құрайтын заттарға-қару-жарақтың, техниканың, құрал-жабдықтардың, шикізаттың жасырын үлгілері т.б. жатады. Объективтік жағынан қылмыс құрамы мына белгілермен сипатталады:

а) мемлекеттік құпиясы бар құжаттармен, сол сияқты олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияны құрайтын заттармен, сондай-ақ қызметтік құпиясы бар құжаттармен, осындай құпияны құрайтын заттармен жұмыс істеудің белгіленген ережелерін бұзуы ж.т.б.

б) егер олардың абайсызда жоғалуына және ауыр зардаптарға әкеп соқтырса.

Ал қызметтік құпиялар мен қызметтік құпияны құрайтын заттардың түсінігі арнаулы нормативтік-құқықтық актілермен белгіленеді. Мемлекеттік құпиясы бар құжаттарды немесе сондай құпияны құрайтын заттарды, сол сияқты қызметтік құпиясы бар құжаттармен қызметтік құпияны құрайтын заттарды жоғалту деп мемлекеттік құпиямен жұмыс істеуге рұқсат бар адамның иелігінен осы көрсетілген заттардың кінәлы түрде шығып қалуын айтамыз. Көрсетілген құжаттар мен заттарды жою бұл қылмыстың құрамын түзбейді, өйткені мұндай ретте мемлекеттік құпиямен бөтеннің танысуы орын алмайды.

Қылмыс субъективтік жағынан тек абайсыздық арқылы (қылмысты менмендік немесе немқұрайдылық) сипатталады. Қылмыстың субъектісі-мемлекеттік құпиямен жұмыс істеуге рұқсаты бар 16-ға толған адамдар болып танылады.

Жетінші тарау. Меншікке қарсы қылмыстар.

Меншікке қарсы қылмыс деп-мүліктің меншік иесіне немесе өзге иеленушісіне залал келтіре отырып немесе залал келтіру қаупін тудырумен байланысты қылмыстық кодексте көзделген нысандар арқылы жасалатын қасақаналық немесе абайсыздық іс-әрекеттерді айтамыз. Меншікке қарсы қылмыстардың топтық объектісі меншік иесінің иелену, пайдалану немесе оған билік ету құқығын құрайтын меншікке байланысты қоғамдық қатынастар болып табылады. Осы топқа кіретін қылмыстардың тікелей объектісі-меншіктің нақты бір нысаны-мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың, бірлестіктердің немесе басқа ұйымдардың, жеке тұлғалардың меншігіне қол сұғу болып табылады. Меншікке қарсы қылмыстардың затына адам еңбегі арқылы жасалған кез келген материалдық дүниелер, заттар жатады. Осыған байланысты адамның ақыл-ойы, идеясы, заттық белгісі болмағандықтан осы қылмыстардың заты болып табылмайды. Сондай-ақ заттық белгісі жоқ болғандықтан электр немесе жылу энергиясы да меншік затына жатпайды.

Меншікке қарсы қылмыстардың затына-ақша, бағалы қағаздар, сондай-ақ азаматтық айналымнан алынбаған басқа да қозғалмалы немесе қозғалмайтын мүліктер жатады. Жер қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, республикалық бюджет қаражаты, мемлекеттік қазына, алтын, алмас, валюта қоры, мәдениет және табиғат ескерткіштері меншік затына жатпайды. Меншікке қарсы қылмыстардың объективтік жағы кінәлы адамның бөтеннің мүлкін өзінің немесе басқа адамның пайдасына заңсыз, тегін айналдыру үшін құқыққа қайшы түрде алып қоюы арқылы сипатталады. Меншік иесіне немесе өзге де иеленушіден кінәлы адамның бөтеннің мүлкін өз иелігіне заңсыз алуын алып қою деп білеміз. Меншікке қарсы қылмыстардың объективтік жағы негізінен белсенді әрекеттер арқылы жүзеге асырылады, тек қана бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру құрамының кейбір тәсілдері ғана әрекетсіздік арқылы жүзеге асырылады.

Меншікке қарсы қылмыстардың көпшілігі материалдық қылмыс құрамын құрайды, олардың объективтік жағы заңда көрсетілген үш элементтен: құқыққа қайшы іс-әрекеттерден; қылмыстық құқықтық норма диспозициясында көрсетілген мүліктік зиян ретіндегі зардаптан; сондай-ақ құқыққа қайшы әрекет пен орын алған зардаптың арасындағы себепті байланыстан тұрады.

Меншікке қарсы қылмыстардың субъектісі болып 14-ке толған адамдар танылады. Меншікке қарсы қылмыстар іс-әрекеттің істелу тәсіліне және қылмыстық ниетке қарай бірнеше түрге бөлінеді.

Ұрлық (175-бап)

Ұрлық дегеніміз -бөтен мүлікті жасырын алу, меншік иесінің еркінен тысқары жағдайда, заңсыз болып табылады. Объективтік жағынан ұрлық бөтеннің мүлкін жасырын түрде алумен ұштасады. Бөтен мүлікті, жасырын алу екі түрлі-объективтік және субъективтік белгілер бойынша анықталады. Адамның ешкімге сездірмей, білдірмей әрекет істеуі арқылы мүлікті жасырын алуы-объективтік белгіге жатады. Ұрлық жасаған адамның мүлікті меншік иесіне немесе өзге иеленушіге сездірмей, жасырын алудамын деген сезімі және осы тәсілмен оны жүзеге асыруды тікелей тілейтіндігі субъективтік белгіге, яғни кінәлының бөтен мүлікті жасырын алуға байланысты іс-әрекетке деген психикалық көзқарасын білдіреді. Осыған байланысты жәбірленуші үйде болмауы себепті оның пәтеріндегі заттарын алу, жәбірленушіге сездірмей оның қалтасына түсу, мас адамның, ұйықтап жатқан адамның немесе өте жастығына, психикалық аурулығына, басқадай аурулық жағдайларына байланысты олардың заттарын алу ұрлық болып табылады. Егер мұндай реттерде жәбірленуші немесе басқа адам бұл әрекеттерді көріп қалып, ол жағдайды кінәлы адам сезгенімен қылмысты іс-әрекетін одан әрі жалғастырса, онда оның әрекеті тонауға, ал қылмысты әрекетті кінәлы адам күш қолданумен немесе қолданбақшы болып жалғастырса қарақшылыққа ауысып кетуі мүмкін. Заңдылық құрылысына қарай ұрлық материалдық құрамға жатады. Сондықтан да қылмыс құрамының объективтік жағының белгісі-қылмыстың қоғамға қауіпті зардабы-мүліктік залал келтіру болып табылады. Осыған байланысты кінәлының бөтеннің мүлкін алуымен бірге, оған билік етуге нақты мүмкіндік алған уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп саналады. Мекеме, ұйым аумағынан немесе күзетілетін объектілерден мүлікті, затты жасырын алып шығу әрекеті ұрлық жасауға оқталғандық деп саналады. Осындай тәсілмен ұрланған заттарды күзетілетін объектілердің аумағынан алып кетуге қасақана көмектескен күзетшілер осы қылмысқа қатысушылар ретінде танылады. Егер адам ұрлыққа дайындалу іс-әрекеттерін немесе ұрлық істеуге тікелей бағытталған дайындалу әрекеттерін тоқтатса, не жасырын түрде алған ұрлық затын күзетілетін объектіден, аумақтан шықпай тұрып, осы қылмысын ақырына дейін жеткізу мүмкіндігі бола тұрса да оны істеуден өз еркімен бас тартып, ұрланған затты қайтарса онда кінәлының әрекеті қылмыс істеуден өз еркімен бас тарту деп танылып, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Ұрлық субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен жасалады. Кінәлы адам бөтеннің мүлкін жасырын түрде заңсыз, тегін алу арқылы меншік иесіне немесе өзге иеленушіге материалдық залал келтіретінін біледі және сондай тәсілмен сол залалды келтіруді тілейді. Қылмыс пайдакүнемдік ниет және сондай мақсатпен жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі болып-14-ке толған адамдар танылады. Қылмыстық заңда ұрлықтың ауырлататын және өте ауырлататын құрамдары көрсетілген. Олар мыналар:

а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;

б) бірнеше рет;

в) тұрғын, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға, қоймаға заңсыз кірумен жасалған ұрлық-ауырлататын, ал мынадайы:

а) ұйымдасқан топ;

б) ірі мөлшерде;

в) ұрлық не қорқытып алушылық үшін бұрын екі немесе одан көп рет сотталған адам жасаған ұрлық-өте ауырлататын ұрлық құрамдары болып табылады. Бірнеше рет жасалған ұрлық Қылмыстық Кодексте көзделген бір немесе одан да көп қылмыстардан кейін жасалған қылмыс танылады Бұрын істеген қылмысының аяқталғаны немесе қылмысқа даярланғандығы, оқталғандығы я болмаса қылмысқа кез келген рөлді атқаруға бірлесіп қатысуы да қылмысты бірнеше мәрте істегендік деп танылады. Созылмалы, жалғасқан қылмыстар бірнеше рет жасалған қылмыс деп саналмайды. Тұрғын, қызметтік немесе өндірістік үй-жайларға, қоймаға заңсыз кірумен жасалған ұрлық.

Тұрғын жай дегеніміз адамдардың тұрақты немесе уақытша тұруына арналған немесе олардың демалуға, мүлікті сақтауға, адамдардың басқа да мұқтаждықтарын өтеуге арналған (қойма, балкон, әйнектелген дәліз) құрылыстарды айтамыз. Адам тұруға арналмаған құрылыстар тұрғын жай деп танылмайды. Мысалы: шаруашылық қоймалары, мал қамайтын сарай, погреб ж.т.б. Қызметтік немесе өндірістік үй-жай дегеніміз адамдарды немесе материалдық игіліктерді уақытша немесе тұрақты орналастыруға арналған құрылыстар болып табылады. Бұған жататындар: зауыт, цех, корабль, сақтық кассалары, мұражай, байланыс бөлімшесі, магазин, театр, оқу орындары, спорт құрылыстары ж.т.б. Қоймаға-тұрақты немесе уақытша материалдық игіліктерді сақтайтын, қоршалған немесе қоршалмаған күзетпен қамтамасыз етілген, сондай-ақ осы мақсатқа қызмет ететін арнаулы (сейф, вагон, кассалық ақпараттар, контейнер) сияқты объектілер жатады. Көрсетілген объектілерге заңсыз деп тұрғын, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға бөтеннің мүлкін жасырын ұрлау мақсатымен кіруді айтамыз. Бұл жерде бөтеннің мүлкін ұрлау мақсаты көрсетілген объектілерге заңсыз кірудің итермелеуші күші болуы керек. Тұрғын, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға, қоймаға өзінің қызмет бабына немесе атқаратын жұмысына, сол объектілерге яки біржолғы кіруге заңды негізгі болуына байланысты кіріп, ұрлық жасау заңсыз кіру ретінде саналмайды. Ұрлықтың аса ауырлататын түрі ұйымдасқан топпен жасалған ұрлық болып табылады. Егер қылмысты бір немесе бірнеше қылмыс жасау үшін күні бұрын біріккен адамдардың тұрақты тобы жасаса, ол ұйымдасқан топ жасаған ұрлық деп танылады. Ұрлықтың аса ауырлататын тағы бір түрі-ұрлық не қорқытып алушылдық үшін бұрын екі немесе одан көп рет сотталған адам жасаған ұрлық болып табылады.