Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
С. Т. Иксатова -ылмысты- ---Ы- ерекше б-лім.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.9 Mб
Скачать

Өлім клиникалық және биологиялық болып екіге бөлінеді.

Тыныс алуы мен қанның айналысы тоқтағаннан кейін 5-6 минут шамасында клиникалық өлім сатысы басталады. Адам денесінің салқындауына байланысты бұл кезең 10 немесе одан да көбірек минутқа созылады. Өлудің соңғы кезеңі-биологиялық өлім, орталық нерв жүйесі қызметінің істен шығуына байланысты мидың өлуі басталады. Адамның басқа органдары мен тіндерінің өміршеңдік белгілері біразға жалғасқанымен, мидың өлуі адам өмірінің соңғы сәті болып табылады. Яғни адам өмірінің соңғы сәті-биологиялық өлім. Адам өлтірудің объективтік жағы басқа адамды өмірінен заңсыз айырумен көрінеді. Қылмыстың аяқталуы үшін адамды өмірінен айыруға бағытталған іс-әрекеттің және соның зардабынан адам өлуінің арасындағы себептік байланыстың болуын айқындау қажет.

Адам өлтіру негізінен әрекет арқылы жүзеге асырылады. Адам өлтірудің көпшілігі осылайша жасалады. Кінәлының оқпен атылатын және суық қарудың, өзге де заттарды пайдалануымен, уландыру, жарылыс жасау, басқа да әдістерді қолдануы арқылы адам өмірінен айырылады. Адам өлтіру сонымен бірге жәбірленушіге психикалық әсер ету нысанында да болуы мүмкін. Әдетте жүрек-қан тамырлары жүйесі ауруларынан зардап шегетін адамдарды жүйкесіне зақым келтіру жиі кездеседі. Соңғы уақыттарда адам жүйкесіне әсер ету нысандары мен әдістерінің көбейе түсуінің нәтижесінде психикалық әсер ету жолымен адам өлтіру мүмкіндігі одан әрі кеңейе түсуде.

Адам өлтіру сондай-ақ әрекетсіздік нысанында да болуы мүмкін. Бұл негізінен мынандай жағдайда болуы мүмкін. Кінәлы адам біреуді өмірден айыру мақсатымен өлімге араша тұра алатын мүмкіндігі бола тұра және осыған тікелей міндетті бола тұрса да әркетсіздік жолымен оған өлім қаупін туғызады және өлімге жол береді. Кінәлының өлімнің жолын кесу жөніндегі әрекетті істеу міндеттілігі заң талаптарынан туындауы мүмкін (мысалы, ата-аналары өздерінің жаңа туған нәрестелерін немесе жас балаларын өлтіру мақсатымен тамақтандырмайды немесе олардың өмірін сақтап қалу үшін өзге де шараларды қолданбайды). Өздігінен жүріп-тұра алмайтын және өздерінің табиғи қажеттерін қамтамасыз ете алмайтын жағдайларда қартайған ата-аналарын олардың ересек балалары олардан құтылу мақсатында осындай әрекеттер жасауы мүмкін. Адам өлтірудің объективті жағының екінші белгісі қылмыстың зардабы жәбірленушінің өлімі болып табылады. Өмірден айыруға тікелей қасақаналық болғанымен қылмыстық зардаптың-өлімнің болмай қалуы кінәлының әрекетіне оқталғандығы, адам өлтіруге оқталғандық ретінде саралауға негіз болады. Адам өлтіру кезінде, өлім әрекет жасалғаннан кейін бірден немесе белгілі бір уақыт өткеннен кейін жүзеге асуы мүмкін. Келтірілген зардапты кінә деп жүктеу үшін болған өлім мен субъектінің әрекеті немесе әрекетсіздігі арасынддағы себептік байланыстың болуы негіз болып табылады. Әрекет пен зардаптың арасында себептік байланыс болмаған кезде тұлға жасаған әрекеті үшін ғана жауапты болады. Өлтіруге тікелей оқталу айқындалған кезде өлтіру үшін оқталғандық жасалған болып табылады, ал өлтіруге жанама ниет болған кезде кінәлы адам нақты келтірілген зиян үшін ғана жауап береді (мысалы, денсаулыққа зиян келтіргені үшін).

Адам өлтіру-материалдық құрамға жататын қылмыс.

Адам өлтірудің субъективтік жағы-Қылмыстық кодекстің 96-бабына сәйкес тек қана қасақаналықпен жүзеге асырылады. Адам өлтіру кезінде қасақаналық тікелей және сол сияқты жанама болуы да мүмкін. Тікелей қасақаналық кезінде кінәлы өзінің басқа адамның өміріне қол сұғып отырғандығын сезеді, оның әрекеті іс жүзінде өлімге соқтыруы мүмкін екендігіне немесе қалай да өлімге әкелетіндігін біледі және өлімнің болуын тілеп іс-әрекет жасайды. Жанама қасақаналықпен адам өлтіру кезінде кінәлы өзінің әрекеті арқылы адам өміріне қатер төндіретіндігін мойындайды, осы әрекеттің нәтижесінде оның өлуі мүмкін екендігін біледі, өлімнің болуын тілемейді, бірақ оған саналы түрде жол береді не өлімнің болу-болмауына немқұрайдылық танытады. Соңғы уақытта жарылыс жасау жолымен адам өлтіру оқиғалары кең таралып отыр. Мұндай кезде белгілі бір құрбандардан басқа бөгде адамдар да өледі. Бұл оқиғада кінәлы белгілі бір құрбанға қатысты адам өлтіруде тікелей ниетте, ал бөгде адамдарды өмірінен айыруға қатысты-жанама ниетте әрекет етеді.Тікелей және жанама қасақаналықтар арасындағы айырмашылықты айқындаудың іс жүзінде үлкен маңызы бар.

Адам өлтіруге оқталу, яғни кінәлының әрекеті ол өлімнің болатынын сезетінін, оның болуын тілегендігін, бірақ оның еркінен тыс себептер бойынша ол болмай қалғандығы бойынша анықталады. Мұндай кезде оқталу тек қана тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Кінәлының ниетінің түрі туралы мәселені шешкенде соттар жасалған қылмыстың барлық жағдайларына сүйенуі және атап айтқанда: қылмыстың тәсілі мен қаруын, денеге салынған жарақаттың санын, сипаты мен оқшаулауын (мысалы, адамның өмірлік маңызды органын жарақаттау), кінәлының қылмыстық әрекетті тоқтату себебін, сондай-ақ кінәлының қылмыс істеу алдындағы және одан кейінгі мінез-құлқын оның жәбірленушімен арақатынасын ескеруі тиіс.

Жәбірленушінің өліміне әкеліп соқтыруы кінәлы үшін белгілі болып табылатын өмірлік маңызы бар органдарына пышақпен жарақат салу, дұрысында, өмірден айыруға тікелей ниеттің бар екендігін айғақтайды. Оқпен атылатын қаруды қолдану кінәлының өлтіруге шынайы ниетте болғандығын айғақтайды және басқа жағдайлармен қатар кінәлының адам өлтіру ниетінде болғандығына маңызды дәлелдеме болып табылады. Жақын ара қашықтықтан ату, әдетте, адам өлтіру мақсатында істеледі. Тікелей қасақаналық болған кезде кінәлы өлімнің болуын тілейді, сонымен бірге кінәлының өлімінің міндетті түрде болуын қаламайтындығын да мұндай жағдайда ескеру керек. Оның ниеті баламалы түрде болуы мүмкін, оның шамалауы бойынша өлімнің болуы, сол сияқты денсаулыққа ауыр зиян келтіру мүмкіндігі және осы зардаптардың кез келгенінің болуын міндетті түрде тілейді. Ал егер оған байланысты емес жағдайлар бойынша қылмыстық нәтиже болмаған жағдайда ол адам өлтіруге оқталғандық үшін жауапқа тартылуы тиіс. Адамды өлтірумен алдын ала қорқыту басқа мән-жайлармен қатар адам өлтіру ниетінің бар екендігіне маңызды дәлелдеме болып табылады. Дегенмен, осындай қатер тудыруды айтқан адамның ой-ниетінің қаншалықты шын екендігін іс бойынша айқындау қажет. Тіпті, егер ол сөздер кейде және төндірілген қатерді жүзеге асыру мүмкіндігіне сырттай ұқсас кейбір әрекеттермен қоса айтылғанның өзінде, адам өлтіру ниетін жүзеге асыру туралы сөздер кінәлының шын мәніндегі анық тілегін білдірмейді. Адам өлтіру мен қорқыту көбінесе оқпен атылатын немесе суық қаруды немесе өзге қаруды, сондай-ақ қару ретінде пайдаланатын заттарды қолданумен немесе қолдануға әрекет етумен жасалатын бұзақылық әрекеттермен байланысты болатындығын тәжірибе көрсетіп отыр. Адам өлтіруге жасалған оқталуды аталған әрекеттерден бөлу керек. Қасақана адам өлтірудің субъектісі 14 жасқа толған жеке тұлға болып табылады, ал Қылмыстық кодекстің 97-102- баптарында көрсетілген жағдайларда адам өлтірудің субъектісі 16 жасқа толған адамдар болып табылады.