Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
С. Т. Иксатова -ылмысты- ---Ы- ерекше б-лім.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.9 Mб
Скачать

Шпиондық (166-бап)

ҚР Қылмыстық кодексінің 166-бабына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді шетелдік мемлекетке, шетелдік ұйымға немесе олардың өкілдеріне беру, сол сияқты, оларға бару мақсатында жинау, ұрлау немесе сақтау, сондай-ақ шетелдік барлаудың тапсырмасы бойынша өзге де мәліметтерді ҚР сыртқы қауіпсіздігі мен егемендігіне зиян келтіре отырып пайдалану үшін беру немесе жинау, егер осы әрекеттерді шетелдік азамат немесе азаматтығы жоқ адам жасаса шпиондық деп танылады. Шпиондықтың тікелей объектісі болып ҚР сыртқы қауіпсіздігі танылады.

Шпиондықтың затына екі түрлі мәліметтер жатады:

  1. мемлекеттік құпиялар;

  2. Қазақстан Республикасының сыртқы қауіпсіздігі мен егемендігіне зиян келтіретін өзге де мәліметтер. Шпиондықтың объективтік жағының белгілері: мемлекеттік немесе әскери құпияны құрайтын мәліметтерді беру, жинау, ұрлау немесе сақтау, сондай-ақ шетелдік барлаудың тапсырмасы бойынша өзге де мәліметтерді беру немесе жинау. Бұл жерде беру деп осы бапта көрсетілген мәліметтерді шетелдік мемлекетке, шетелдік ұйымға немесе олардың өкілдеріне кез келген тәсілмен жеткізу, хабарлау болып табылады.

Хабарлау немесе беру-ауызша, жазбаша, телефон арқылы, басқа біреу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Жинау дегеніміз осы бапта көрсетілген мәліметтерді әр түрлі тәсілдермен (жеке бақылау арқылы; құпия объектілерді суретке түсіру; дыбыс жазбаларын пайдалану; ақшаға сатып алу) табу немесе алу болып табылады. Ұрлау деп заңға қайшы әрекеттермен мемлекеттік, құпиялары бар мәліметтерді осы бапты айтылған өзге де мәліметтерді ұйымдардан, кәсіпорындардан немесе жеке азаматтардан тегін алуды айтамыз.

Кінәлы адамның заңда көрсетілген осы мәліметтерді өзі тұратын мекен-жайда немесе басқа жерде (саяжайда, тоғайда, бау-бақшасында) сақтауы да мүмкін.

Шетелдік барлаудың тапсырмасы бойынша мемлекеттік құпиялар болып табылмайтын өзге де мәліметтерді жинау, ҚР сыртқы қауіпсіздігі мен егемендігіне зиян келтіре отырып пайдалану үшін берсе немесе жинаса ғана іс-әрекет шпиондық үшін белгіленген қылмыс құрамын құрайды. Субъективтік жағынан шпиондық тек қана тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады.

Қылмыстың субъективтік жағының белгісі мемлекеттік құпияларды, өзге де мәліметтерді беру мақсаты болып табылады. Шпиондық субъектісі болып 16-ға толған шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар танылады. Субъекті белгісі бойынша бұл құрамды мемлекеттік опасыздық құрамынан ажыратамыз.

Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне қастандық жасау (167-бап)

Қылмыстық кодекстің 167-бабында Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне қастандық жасағаны үшін жауаптылық белгіленген. Осы бапта: ҚР Президентінің өміріне оның мемлекеттік қызметін тоқтату не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында қастандық жасау- 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады делінген. Қылмыстың тікелей объектісі ҚР Президентінің қызметін реттейтін қоғамдық қатынастар, қосымша тікелей объектісі ҚР президентінің өмірі болып табылады.

Қылмыстың жәбірленушісі- ҚР Президенті. ҚР Президентінің өміріне мемлекеттік қызметін тоқтату үшін немесе осындай қызметі үшін кек алу мақсатында қастандық жасаудың өзі, мемлекеттің саяси жүйесіне, оның ең жоғарғы мемлекеттік лауазым иесі адамының қауіпсіздігі мен заңды өкілетті билігіне қылмысты қол сұғуды білдіреді. Қылмыс объективтік жағынан ҚР Президентінің өміріне қастандық жасау, яғни белсенді әрекет арқылы жүзеге асырылады. Қастандық дегеніміз-Республика Президентінің өмірін жою мақсатымен түрлі тәсілдерді қолдана отырып істелген оқталғандық әрекеттер.

Қылмысты істеу тәсілдері мен қылмыс істегенде пайдаланылған құралдар іс-әрекетті саралауға әсер етпейді. Бұлар жаза тағайындағанда есепке алынады. Қылмыстық кодекстің 167-бабы келте қылмыс құрамына жатады. Қылмыс жәбірленушінің өмірін жоюға бағытталған қастандық әрекетін жасаған сәттен бастап аяқталған деп есептелінеді. Қылмыс субъективтік жағынан тек қана тікелей қасақаналықпен істеледі. Субъективтік жақтың міндетті белгісі болып ҚР Президентінің мемлекеттік қызметін тоқтату немесе аталған қызметі үшін кек алу ниеті болып табылады. Қылмыстың субъектісі болып 16-ға толған азаматтар танылады. Осы қылмысқа байланысты 14-ке толған адамдар қылмыстық кодекстің 15-бабының ережелеріне сәйкес адам өлтіруге (96-бап) адам өлтіруге дайындалғаны және оқталғаны бойынша ғана қылмыстық жауапқа тартылады Егер қастандық әрекет мемлекет немесе қоғамдық қайраткерлердің өміріне олардың мемлекеттік немесе өзге саяси-қоғамдық қызметіне байланысты болса, онда мұндай іс-әрекет қылмыстың аяқталмау немесе аяқталу сәтіне қарай ҚК 24, 96-бабы, 2-бөлігі «б» тармағымен немесе 96-баптың 2-бөлігі «б» тармағымен саралануға жатады.