Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
С. Т. Иксатова -ылмысты- ---Ы- ерекше б-лім.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.9 Mб
Скачать

Азаматқа ақпарат беруден бас тарту (154-бап)

Қылмыстық құқықтың 154-бабы азаматтардың осы Конституциялық құқығын қылмыстық-құқықтық қорғаудың кепілі болып табылады. Қылмыстың тікелей объектісі азаматтардың өзіне қатысты ақпараттармен танысуын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың заты-жиналған құжаттар, материалдар. Бұл құжаттарда, материалдарда жәбірленушінің заңды құқықтары мен бостандықтарына байланысты мәліметтер болуы қажет және бұл ақпараттар заңда белгіленген тәртіппен жиналуы және құзыретті мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктерде болуы қажет. Қылмыстың жәбірленушісі-өзінің құқығы мен бостандығына зиян келген адам. Объективтік жағынан қылмыс азаматтың құқықтары мен бостандығын тікелей қозғайтын белгіленген тәртіппен жиналған құжаттар мен материалдарды беруден лауазымды адамның заңсыз бас тартуы не азаматқа толық емес немесе көпе-көрінеу жалған ақпарат беру, егер бұл әрекет азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіру арқылы жүзеге асырылса. Белгіленген тәртіппен жиналған құжаттар мен материалдарды беруден бас тартуға-жәбірленушінің өтінішіне құлақ аспау, ақпарат беруді негізсіз кешеуілдету, сөз бұйдаға салу немесе бөгде адамдарға сілтеп, сылтаурату т.с.с. әрекеттер жатады. Бас тарту ауызша, жазбаша немесе жауап бермей қою арқылы жасалады. Толық емес немесе көпе-көрінеу жалған ақпарат беруге құжаттармен, материалдармен ішінара таныстыру немесе олардың мазмұнын толық емес күйде хабарлау, шындыққа сай келмейтін мәліметтерді көрсету немесе сондай мәліметтерді хабарлаулар жатады. Осы көрсетілген заңсыз іс-әрекеттерден азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірілуі қажет. Азаматтарға зиян олардың жалақысын, зейнетақысын, жәрдемақысын дер кезінде немесе толық алмауынан, оларға пәтер немесе басқа да жеңілдіктерді беруден бас тартудан, олардың өздеріне тиісті наградаларды бермей қоюдан, ар-намысын, адамгершілігін қорғаудың қиынға түсіп, асқынып кетуі арқылы келтіріледі.

Қылмыс материалдық құрамға жатады және ол заңда көрсетілген зардап-азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірілген сәттен бастап аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей немесе жанама қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған мемлекеттік немесе қоғамдық ұйымдарда қызмет істейтін лауазымды адам.

Бесінші тарау. Бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстардың жалпы сипаттамасы және түрлері. Басқыншылық соғысты жоспарлау, әзірлеу, тұтандыру немесе жүргізу (156-бап)

Қылмыстың тікелей объектісі-халықтар арасындағы бейбітшілік. Мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі және достығы. Объективтік жағынан қылмыс басқыншылық соғысты жоспарлау, әзірлеу немесе тұтандыру арқылы жүзеге асырылады. Қылмыстың объективтік жағы бірнеше балама әрекеттерден тұрады. Оның біріншісі-басқыншылық соғысты жоспарлау. Жоспарлауға халықаралық құқық нормаларына қайшы түрде бейбіт тұрғындарға қарсы соғыс әрекеттерін жүргізудің арнаулы жоспарларын жасау, соғыс әрекеттерін жүргізуге бағытталған әртүрлі әдістемелік құралдар жасау, соғыстың құрбаны болатын мемлекетті белгілеу, басқыншылық соғыс әрекеттерін жүргізудің мерзімін және көлемін белгілеу әрекеттері жатады. Басқыншылық соғысты әзірлеуге жоспарланған ұрыс әрекеттерін жүзеге асыруға арналған нақты іс-қимылдарға көшулер жатады. Мысалы, соғыс техникасын көптеп шығара бастау; қарулы күштердің санын күрт көбейту, азық-түлік немесе жағар-жанар май қорларын ұлғайту, соғыс жағдайына сай келетін жаттығушыларды жүзеге асыру, тұрғындарды соғыс ісіне моральдық тұрғыдан бейімдеп дайындау т.с.с. әрекеттер жатады. Басқыншылық соғысты тұтандыруға осындай соғысты кез келген тұрғыда бастау жатады. Көрсетілген қылмыс формальдық құрамға жатады, сондықтан да заңда көрсетілген-басқыншылық соғысты жоспарлау, әзірлеу немесе тұтандыру әрекеттерінің біреуі іске асырылған уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі арнаулы. Басқыншылық соғысты жүргізу деп тұтандырылған соғыс өртін аяғына дейін жеткізу, алға қойған мақсатқа толық жету әрекеттерін жалғастыруды айтамыз.