Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
С. Т. Иксатова -ылмысты- ---Ы- ерекше б-лім.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.9 Mб
Скачать

Балаларын немесе еңбекке жарамсыз ата-анасын асырауға арналған қаражатты төлеуден әдейі жалтару (136-бап)

Қылмыстың тікелей объектісі кәмелетке толмаған, сондай-ақ кәмелетке жасы толған еңбекке жарамсыз балалардың, еңбекке қабілетсіз ата-ананың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ететін материалдық мүдделері. Қылмыстық жәбірленушілері-18-ге толмаған балалар, 18-ге толған еңбекке жарамсыз балалар; еңбекке қабілетсіз ата-аналар (соның ішінде бала асырап алғандар да).

Балаларын асырауға арналған қаражатты төлеуден әдейі жалтаруға соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны орындаудан үнемі, ұзақ уақытқа жалтарулар жатады. Заңда оның мерзімі 3 айдан астам уақыт деп белгіленген. Жалтарудың тәсілі әр түрлі: жұмыс орнын себепсіз жиі өзгерту, тұрғылықты жерін жасыру, қосымша жұмыс орнын немесе табыс көздерін жасыру т.с.с. болуы мүмкін. Әдейі жалтару деп тануға сот органының белгіленген қаражатты төлеу туралы ресми ескертуінің орындалмауы негіз болады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет әр түрлі болуы мүмкін: пайдакүнемдік, баланың анасына деген өшпенділік, кінәлының баламен туыстығына күмән келтіру т.с.с. көрсетілген қылмыстық ниеттердің қылмысты саралауға әсері болмайды. Қылмыстың субъектісі болып еңбекке жарамсыз ата-анасын асырауға арналған қаражатты сот шешімі бойынша төлеуден жалтарған кәмелетке толған олардың туған немесе өгей балалары, сондай-ақ асырап алынған балалары (ұлдары немесе қыздары) танылады.

Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау (137-бап)

Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді ата-анасының немесе өзіне осы міндеттер жүктелген өзге адамның, сондай-ақ кәмелетке кәмелетке толмаған баланы қадағалауды жүзеге асыруға міндетті педагогтің немесе оқу, тәрбие беру, емдеу немесе өзге мекеменің басқа қызметкерінің орындамауы немесе тиісті дәрежеде орындамауы, егер бұл әрекет кәмелетке толмаған балаға қатал қараумен ұштасса-жауаптылық ҚК 137-бабы бойынша белгіленеді. Қылмыстың объектісі-кәмелетке толмағандардың дене және психикалық жағынан дұрыс дамып, қалыптасуы.Объективтік жағынан қылмыс бірнеше балама әрекеттерді:

а) кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау;

б) осындай міндеттерді тиісті дәрежеде орындамау арқылы сипатталады.

Өзіне жүктелген міндеттерді толық орындауға мүмкіндігі бола тұра оны орындамау немесе әрекетсіздік жасау міндеттемені орындамау, ал өзіне жүктелген міндеттерге салдыр-салақ, үстірт қарау міндеттемелерді тиісті дәрежеде орындамау деп танылады.Қылмыстық жауаптылыққа тартудың негізгі шарты-кәмелетке жасы толмаған балаға қатал қарау болып табылады. Қатал қарауға-жасы толмаған баланы үнемі ұрып-соғу, сабау, қорқыту, аштықта, ыстықта ұстау, үрейін алу, нерв жүйелерін бұзу т.с.с. жатады.

Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен жасалады. Кінәлы адам кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі өзінің құқықтық міндеттерін орындамағанын, оларға қатал қарағанын сезеді және сол әрекеттерді істеуді тілейді. Қылмыстың субъектісі арнаулы:

  1. кәмелетке толмаған баланың ата-анасы;

  2. кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жолындағы міндеттер өзіне жүктелген өзге де адамдар, атап айтқанда-бала асырап алушылар, қамқоршылар немесе қорғаншылар;

  3. кәмелетке толмаған баланы қадағалауды жүзеге асыруға міндетті оқу, тәрбие, емдеу немесе өзге де мекеменің қызметкерлері, орта мектептердің, кәсіптік-техникалық оқу орындарының, мектеп-интернаттардың және қиын балаларды тәрбиелейтін тәрбие мекемелерінің педагогтары, аурухана қызметкерлері ж.т.б.).

Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау (138-бап)

Қылмыстық құқықтағы бұл бап мүлдем жаңа құрам болып табылады.

Қылмыстың тікелей объектісі-балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық қатынастар. Қылмыстың жәбірленушісі-балалар. Қылмыс объективтік жағынан-қызметі бойынша өзіне балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер жүктелген адамның не осы міндеттерді арнайы тапсырма бойынша орындаушының немесе мұндай міндеттерді ерікті түрде өзіне алған адамның тиісінше орындамауы арқылы көрініс береді. Яғни көрсетілген қылмыс әрекетсіздік арқылы істеледі. Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін адамдар өз міндеттерін тиісінше орындамайды. Мысалы, балабақша меңгерушісі жас балаларды қараусыз тастап, дүкен аралап кетеді, осы кезде баланың бірі көшеге шығып кетіп, көлікке қағылып, орташа ауырлықтағы дене жарақатын алады. Бұл жерде қызметі бойынша өзіне жүктелген міндетті балабақша меңгерушісі орындамау салдарынан баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді. Қылмыс құрамы материалдық және ол заңда көрсетілген зардап-баланың денсаулығына абайсызда ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірілген сәттен бастап аяқталған деп табылады. Қылмыстық әрекетсіздік пен орын алған зардаптың арасында байланыс болуы хақ. Субъективтік жағынан қылмыс абайсызда істеледі. Қылмыстың субъектісі-жасы 16-ға толған, өзіне осы міндеттер қызметі бойынша жүктелген адам; мұндай міндеттерді өзіне ерікті түрде алған адам.