Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
С. Т. Иксатова -ылмысты- ---Ы- ерекше б-лім.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.9 Mб
Скачать

Билікті теріс пайдалану, биліктің асыра қолданылуы немесе әрекетсіздігі (380-бап)

Қылмыстың тікелей объектісі-әскери басқару аппаратының белгіленген қызметін реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыс объективтік жағынан бастықтың немесе лауазымды адамның билікті немесе қызмет бабын теріс пайдалануы, билігін немесе қызметтік өкілеттігін асыра қолдануы, сол сияқты пайдакүнемдік немесе өзге де жеке мүдделілікте жасаған және елеулі түрде зиян келтірген биліктің әрекетсіздігі арқылы көрініс табады. Яғни қылмыс объективтік жағынан үш түрлі жеке қылмыс құрамынан құралады:

  1. қызмет бабын теріс пайдалану;

  2. қызметтік өкілдігін асыра қолдану;

  3. биліктің әрекетсіздігі.

Көрсетілген қылмыс құрамдарының түсінігі Қылмыстық кодекстің 307,308, 315-баптарында берілген. Олардың объективтік және субъективтік жақтарының белгілері ұқсас. Қылмыстық кодекстің 380-бабындағы қылмыстың субъектісі әскери лауазымды адамдар.

Қызметке селқос қарау (381-бап)

Бастықтың немесе лауазымды адамның қызметке селқос қарауынан елеулі түрде зиян келтірілсе-кінәлы адам Қылмыстық Кодекстің 381-бабының 1-тармағы бойынша, ал ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекет үшін жауаптылық осы баптың 2-тармағы бойынша белгіленген.Осы баптың бірінші және үшінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әрекеттер үшін жауаптылық көрсетілген баптың 3-бөлігінде белгіленген. Қызметке селқос қарау құрамының объективтік және субъективтік белгілері Қылмыстық Кодекстің 316-бабындағы осындай құрамға ұқсас. Бұл құрамдар бір-бірінен құрамның объект және субъект белгілері бойынша ажыратылады. Қызметке селқос қарау (381-бап) объектісі әскери басқару аппаратының белгіленген қызметін реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың субъектісі әскери лауазымды адамдар және әскери мекеме бастығы. Қылмыстық кодекстің 381-бабының ескертуіне сәйкес осы баптың бірінші бөлігінде көзделген әрекетті алғаш рет жасаған әскери қызметші қылмысты жеңілдететін мән-жайларда қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Шайқас даласында және соғыс жүріп жатқан ауданда әскери қызметті атқару тәртібіне қарсы қылмыстар. Құрып бара жатқан әскери кемені бейберекет тастап кетудің қоғамға қауіптілігі сол мұндай ретте кеме ішінде бейберекетсіздік пайда болып, кеме экипажы мүшелерінің қаза болуына, әскери техниканың күйреуіне әкеп соғуы мүмкін. Қылмыс объективтік жағынан:

  1. құрып бара жатқан әскери кемені өзінің әскери міндеттерін ақырына дейін орындамаған кеме командирінің, сол сияқты;

  2. командирдің оған тиісті өкімінсіз қызмет атқаратын кеме командасы құрамындағы адамның тастап кетуі арқылы сипатталады. Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен істеледі. Қылмыс субъектісі кеме командирі немесе кеме командасындағы адам.

Жауға соғыс жүргізу құралдарын беру немесе тастап кету (383-бап)

Жауға соғыс жүргізу құралдарын беру немесе тастап кету әскери борыш пен антты бұзудың ауыр түрі болып табылады. Осыған орай бастықтың өзіне сеніп тапсырылған әскери жүктерді жауға беруі, сол сияқты ұрыс жағдайы мәжбүр етпеген ретте бекіністерді, әскери техниканы және соғыс жүргізудің басқа да құралдарын жауға қалдырып кету, егер аталған әрекеттер жауға жағдай туғызу мақсатында жасалмаса ол үшін жауаптылық Қылмыстық Кодекстің 383-бабында көзделген. Бұл жерде қылмыс бастықтың жауға соғыс жүргізу құралдарын беру немесе тастап кетуі арқылы көрініс табады. Субъективтік жағынан қылмыс қасақаналықпен сипатталады. Қылмыстық ниет әдетте қорқақтықтан немесе жігерсіздіктен болуы мүмкін. Аталған әрекеттер жауға жағдай туғызу мақсатында істелмеуі керек. Қылмыс субъектісі арнаулы, өзіне сеніп тапсырылған әскери күштерді жауға берген, әскери техниканы, басқа құралдарды жауға қалдырған бастық.

Тұтқынға өз еркімен берілу (384-бап)

Тұтқынға өз еркімен берілу мемлекетке опасыздықтың арнаулы түрі, әскери қызметтен жалтарудың ең қауіпті нысаны болып табылады. Әрбір әскери қызметші ең қиын деген жағдайлардың өзінде Отан алдындағы борышын адал атқаруға, тұтқынға өз еркімен берілмеуге міндетті. Қорқақтық немесе жігерсіздік салдарынан өз еркімен тұтқынға берілгендік үшін жауаптылық Қылмыстық кодекстің 384-бабында көзделген. Қылмыс әрекет арқылы өз еркімен тұтқынға берілу жолымен жүзеге асырылады. Әскери қызметшіні қарсылық көрсету мүмкіндігі болмаған жағдайда күшпен тұтқынға алу тұтқынға өз еркімен берілуге жатпайды, яғни мұндай ретте адам қылмыстық жауапқа тартылмайды. Қылмыс тұтқынға өз еркімен берілген сәттен аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен жасалады. Қылмыс субъектісі кез келген әскери қызметші.