Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
С. Т. Иксатова -ылмысты- ---Ы- ерекше б-лім.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.9 Mб
Скачать

Ұшу немесе оған даярлау ережелерін бұзу (392-бап)

Ұшу немесе оған даярлану, сондай-ақ әскери ұшу аппараттарын пайдалану Қазақстан Республикасы Әуе кодексімен, тағы да басқа арнайы нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі. Қылмыс объективтік жағынан абайсызда кісі өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан ұшу немесе оған даярлану ержелерін бұзу, сол сияқты әскери ұшу аппараттарын пайдалану ережелерін бұзу арқылы көрініс табады. Яғни қылмыстың объективтік жағының белгілері: 1) ұшу немесе оған даярлану ережелерін, сол сияқты әскери ұшу аппараттарын пайдалану ережелерін бұзу; 2) одан қылмыстың зардабы абайсызда кісі өлімі немесе өзге де ауыр зардаптардың орын алуы; 3) көрсетілген ережелерді бұзу мен одан пайда болған зардаптың арасындағы себепті байланыстың болуы болып табылады.

Ұшу ережелерін бұзуға ұшу бағыттарынан ауытқу; ұшу немесе қону ережелерін бұзу; әр түрлі әуе кеңістігі шараларын жүзеге асырудағы жіберілген қателіктер т.с.с. жатады. Ұшуға даярлану ережелерін бұзуға-ұшу аппараттарын экипаждың алдына қойған міндеттерін дұрыс жүзеге асыруға даярламау (мысалы, ұшу аппаратына техникалық қызмет көрсетудің тәртібін бұзу; оны жанармаймен толық қамтамасыз етпеу т.с.с.) жатады. Әскери ұшу аппараттарын пайдалану ережелерін бұзуға-ұшу аппаратын өз мақсатына пайдаланбау; ұшу аппаратына жүк тиеу ережелерін бұзу; ұшу аппараты экипажы мүшелігіне медициналық тексеруден өтпеген адамды жіберу сияқтылар жатады. Ұшу немесе оған даярлану ережелерін бұзу мен одан пайда болған қылмыстың зардабы-кісі өлімі арасындағы себепті байланыста анықталуы қажет. Өзге де ауыр зардаптарға экипаж мүшелерінің немесе басқа адамдардың денсаулығына ауыр немесе орта дәрежелі жарақат келтірілуі; ұшу аппараттарының бүлінуі немесе жойылуы; аса маңызды әскери шаралардың жүзеге аспай қалуы т.с.с. жатады. Қылмыс субъективытік жағынан абайсыздықпен жасалады.

Кеме жүргізу ережелерін бұзу (393-бап)

Қылмыстық кодекстің осы бабында абайсызда кісі өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқтырған әскери кемелерді жүргізу немесе пайдалану ережелерін бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген. Объективтік жағынан қылмыс:

  1. кеме жүргізу немесе пайдалану ережелерін бұзу;

  2. абайсызда кісі өлімінің немесе өзге де ауыр зардаптардың болуы;

  3. көрсетілген ережелерді бұзу мен орын алған зардаптың арасындағы себепті байланыс арқылы сипатталады.

Кеме жүргізу немесе оны пайдалану ережелерін бұзу кеме жүргізудің белгіленген ережелерін сақтамау, оның жылдамдығы мен бағытын өзгерту, тірекеуге алу тәртібін бұзу, оның жекелеген агрегаттарын, бөлшектерінің жұмыс істеу тәртібін сақтамау арқылы орын алуы мүмкін. Қылмыс құрамы жөнінен материалдық. Кеме жүргізу ережелерін бұзу мен одан туындаған зардаптың арасындағы себепті байланыстың болуы шарт. Субъективтік жағынан қылмыс кінәлының абайсыздық нысаны арқылы (менмендік немесе немқұрайдылық) жүзеге асырылады.

Белгіленген тәртіп пен әскери құпияны сақтауға қарсы қылмыстар. Әскери сипаттағы құпия мәліметтерді жария ету немесе әскери сипаттағы құпия мәліметтері бар құжаттарды жоғалту (386-бап)

Қазақстан Республикасының Қарулы күштер қатарына қабылданған әрбір әскери қызметші әскери құпияны қатаң сақтауға, әскери құпиясы бар құжаттарды заңда белгіленген тәртіппен қорғауға ант қабылдайды. Қылмыстың заты әскери сипаттағы құпия мәліметтері бар құжаттар. Мемлекеттік құпиясы жоқ әскери сипаттағы құпия мәліметтері бар құжаттарды немесе заттарды осы құжаттар немесе заттар қызметі бойынша сеніп тапсырылған адамның жоғалтуы, егер жоғалту аталған құжаттар мен заттарды ұстаудың белгіленген ережелерін бұзудың салдары болып табылса, онда мұндай іс-әрекет үшін жауаптылық Қылмыстық кодекстің 386-бабының 1-тармағында көзделген. Мұнда мемлекеттік құпиясы жоқ әскери сипаттағы құпия мәліметтері бар құжаттар мен заттарды жоғалту туралы сөз болып отыр. Жоғалту осындай құжаттар мен заттар өзіне сеніп тапсырылған әскери қызметшінің салақтығынан немесе жауапсыздығынан болады. Аталған құжаттар мен заттарды ұстаудың белгіленген ережелерін бұзуға-осы құжаттар мен заттарды сақтаудың алып жүрудің, жөнелтудің сақтық шараларын сақтамау жатады. Қылмыс формальдық құрамға жатады, ол көрсетілген заттар мен құжаттар жоғалған сәттен аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс абайсыздықпен жасалады. Әскери сипаттағы құпия мәліметтердің тізімі арнаулы нормативтік-құқықтық актілерде көрсетілді. Әскери сипаттағы құпияға мәліметтерді осы мәліметтер өзіне сеніп тапсырылған немесе қызметі бойынша белгілі болған адам жариялауға құқылы емес. Қылмыс құрамы формальдық, сондықтан да ол осындай құпияны жариялаған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан қасақаналықпен де, абайсыздықпен де істелуі мүмкін. Ауыр зардаптарға белгіленген әскери шаралардың іске аспауы, әскери бөлімнің қызметіне ірі материалдық залал келу, әскери құрылымның қызметіне елеулі нұқсан келу т.с.с. жатады. Әскери лауазымды қылмыстар.