Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
С. Т. Иксатова -ылмысты- ---Ы- ерекше б-лім.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.9 Mб
Скачать

Қашқындық (373-бап)

Қылмыстық заңда қашқындық, яғни әскери қызметтен жалтару мақсатында әскери бөлімді немесе қызмет орнын тастап кету, сол сияқты осындай мақсатпен қызметке келмеу деп белгіленген (373-баптың 1-тармағы). Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Отанды қорғау әрбір азаматтың міндеті және азаматтық борышы, әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы заңдарға сәйкес азаматтар Қарулы күштер қатарына олардың еріктілік жағдайында шақыру бойынша немесе келісім-шарт бойынша жүзеге асырылады. Заңмен белгіленген тәртіп бойынша әскери қызметші болып танылғандар өз бетімен әскери қызметтен заңсыз жалтару мақсатымен әскери бөлімді немесе қызмет орнын тастап кетуге, сол сияқты осындай мақсатпен қызметке демалыстан, іссапардан, емделіп шыққаннан кейін келмей қоюға қақысы жоқ. Бұл міндеттерді орындаудан жалтару қашқындық деп танылады. Қашқындық құрылысы жөнінен формальдық құрамға жатады және ол созылмалы қылмыс болып табылады. Қылмыс әскери қызметшінің бөлімді немесе қызмет орнын тастап кеткен немесе белгіленген мерзімде қызметке келмеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қашқындық субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және арнаулы мақсатпен-әскери қызметтен жалтару арқылы сипатталады. Қылмыстың субъектісі-әскери қызметші шақыру немесе келісім-шарт бойынша өтеп жүрген әскери қызметшілер. Қашқындық, яғни әскери қызметтен жалтару мақсатында әскери бөлімді немесе қызмет орнын тастап кету, сол сияқты осындай мақсатпен қызметке келмеу осы қылмыс құрамының ауырлататын түрі болып табылады (377-баптың 2-тармағы). Соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған қашқындық үшін жауаптылық Қылмыстық Кодекстің -373-бабының 3-тармағында көзделген. Қылмыстық Кодекстің- 373-бабының ескертуіне сәйкес осы баптың бірінші бөлігінде көзделген қашқындықты жасаған әскери қызметші, егер қашқындық ауыр жағдайлардың себептерімен болса және егер ол әскери қызметті одан әрі өткеру үшін өз еркімен келген болса, сот оны қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін. Ауыр жағдайлардың түсінігіне Қылмыстық кодекстің 373-бабында талдау жасағанда тоқталғанбыз.

Дене мүшесіне зақым келтіру жолымен немесе өзге тәсілмен әскери қызметтен жалтару (374-бап)

Қылмыс объективтік жағынан әскери қызметшінің ауруды сылтау ету немесе өзіне қандай да бір болмасын зақым келтіру (дене мүшесін зақымдау), не денсаулығына өзге зиян келтіру немесе жалған құжат жасау немесе өзгеше алдау жолымен әскери қызмет міндеттерін атқарудан жалтаруы арқылы сипатталады. Ауруды сылтау етуге өтірік соқыр, керең, мылқау болып көрінулер арқылы әскер қызметі міндетін өткеруден жалтарады. Өзінің әскери қызметті міндетін өтеуден жалтару мақсатымен дене мүшесін зақымдауға кез келген затпен, құралмен, қарумен немесе улы, зәрлі нәрселерді қолдану арқылы өзіне -өзі немесе біреу арқылы зақым келтіруді айтамыз. Жалған құжат жасауға-әскери қызметті немесе міндетті өтеуден босатуға негіз боларлық өзі немесе басқа біреу арқылы дайындалған шындыққа сай келмейтін құжаттарды жасау жатады. Өзгеше алдауға-әскери қызметті өтеу мерзімін қысқарту үшін жоғары білімі туралы жалған құжат көрсету, әскери қызметтен жалтару мақсатымен лауазымды адамды сатып алып, өзіне қолайлы іс-әрекеттер істеткізу т.с.с. жатады. Қылмыстық Кодекстің 374-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық жауаптылық әскери қызметшінің дене мүшесіне зақым келтіру жолымен немесе өзге тәсілмен әскери қызметтен уақытша жалтарғаны (қарауыл қызметін атқарудан, әскери кезекшіліктен, қауіпті әскери операцияға қатысудан, алыс іссапарға барудан) үшін туындайды. Баптың бұл бөлімі бойынша қылмыс субъектісі болып шақыру бойынша немесе келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүргендер танылады. Егер осы көрсетілген адамдар әскери қызмет міндеттерін атқарудан толық босану мақсатында жоғарыда көрсетілген әрекеттерді-ауруды сылтау ету, өзге де алдау жолымен жасалса, онда олардың іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің 374-бабының 2-тармағы бойынша сараланады. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әрекеттер-үшін жауаптылық Қылмыстық кодекстің 374-бабының 3-тармағында көзделген. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және арнаулы мақсат әскери қызмет, міндетті атқарудан уақытша немесе толық босану арқылы жүзеге асырылады.