
- •1 Дипломатиялық қатынастар
- •6 Сыртқы қатынастардың мемлекеттік органдары
- •7 Дипломатиялық өкілділік және халықаралық ұйымдар жанындағы миссиялар
- •9 Дипломатиялық хаттама (протокол)
- •Мемлекеттік церемониялар
- •1) Қарсы алу және кездесу (кездесу өткізу)
- •2) Келіссөздер, сұхбаттасулар, құжаттарға қол қою.
- •7) Театрға, концертке бару.
- •8) Елді аралау.
- •9) Естелік сыйлықтар.
- •10 Қонақжайлық ережелері және дипломатиялық қабылдаулар
- •11 Дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер
- •12 Дипломатиялық кадрлар, олардың жеке басының қасиеттері мен өнері
- •13 Біріккен ұлттар ұйымының дипломатиялық қызметі
- •13.2 Бұұ дипломатиясы және оның ерекшеліктері
- •13.4 Бұұ аясындағы дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер
- •Бас Ассамблея
- •14 Көпжақты дипломатия және қазіргі кездегі дипломатияның конференциалды формасы
- •15 Келіссөздер дипломатияның құралы ретінде
9 Дипломатиялық хаттама (протокол)
9.1 Дипломатиялық хаттама туралы жалпы түсінік және оның анықтамасы
9.2 Хаттаманың дипломатиялық қызметтегі маңызы мен рөлі
9.3 Дипломатиялық хаттаманың нормалары
9.4 Мемлекеттік тудың, елтаңбаның және әнұранның дипломатиялық хаттамадағы маңызы
9.5 Мемлекеттік ресми және бейресми іс-шаралары мен церемониялары
9.6 Дипломатиялық қызметтегі ағалық ретті сақтау тәртібі
9.7 Дипломатиялық корпус
Дипломатиялық хаттама – бұл үкіметтердің, сыртқы істер ведомстволарының, дипломатиялық өкілдіктердің, ресми тұлғалардың халықаралық байланыстарда басшылыққа алатын жалпы қабылданған нормалардың, ережелердің, шарттардың жиынтығы. Дипломатиялық хаттама – бұл үкіметтер мен олардың өкілдерінің ресми және бейресми іс-шараларға қатысты әрекет ету ережелерінің жиынтығы.
Орта ғасырларда бұл түсінік құжаттарды ресімдеу және мұрағат саласында қолданылған. Кейін протокол дипломатия мен дипломатиялық қызмет саласында қолданыла бастады. Оның мәні мен маңызы арта түсті. Дипломатиялық құжаттарды ресімдеуден бөлек дипломатиялық протоколды этикет және церемония салаларында да қолданыла бастады. Қазіргі кезеңде хаттама (дипломатиялық, мемлекеттік) жалпы қабылданған халықаралық сыпайылықты мүлтіксіз орындауды білдіреді. Оған сәйкес, әрбір мемлекетте ресми билік өкілдері түрлі дипломатиялық церемониялардың тәртібін реттейді.
Осылайша протокол біріншіден, ресми дипломатиялық іс-әрекеттерді, екіншіден, негізгі келісім-шартты толықтыратын халықаралық келісімді білдіреді.
Дипломатиялық хаттама мемлекеттер арасындағы халықаралық байланыстарды орнатуға және дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенінің ажырамас бөлігі, сонымен қатар дипломатияның аса маңызды ұйымдастырушылық және саяси құралы саналады. Шет мемлекеттің жоғарғы лауазымды тұлғасына, сондай-ақ ол өкілділік етіп отырған мемлекет пен халыққа деген құрмет оның басты қағидасы болып табылады.
Дипломатиялық хаттаманың ережелері, дәстүрлері мен шарттары толық көлемде 1961 жылғы «Дипломатиялық қатынастар жөніндегі Вена конвенциясында» көрініс тапқан. Нормалардың міндеттілігі, оларды қолдану икемділік, универсалдылық, прагматизм хаттаманың негізгі сипатты белгілері ретінде қарастырылады. Хаттаманың ережелері мен нормалары түрлі ұлттар мен мемлекеттердің сан ғасырлық қарым-қатынастары нәтижесінде қалыптасты.
Халықаралық практикада ұлттық дипломатиялық хаттамалардың өзара әрекеттесу үрдісі осы бағытта «ортақ ережені» қалыптастыруға және бекітуге зор мүмкіндік берді. 1815 жылы 19 наурызда Вена конгресінің Қорытынды актісінде «Дипломатиялық агенттерге қатысты ереже» (1815 жылғы Вена регламенті) қабылданды. Бұл құжат дипломатиялық агенттерді класстарға (сыныптар) бөлген және мемлекеттердің өкілдері арасындағы қарым-қатынастар тәртібін белгілеген алғашқы халықаралық ереже саналады.
Мемлекетаралық қатынастардың тұрақтануы мен нығаюы процесінде дипломатиялық хаттаманың нормаларды әсіресе дипломатиялық қатынастарды орнату, шетелдік елшінің қабылдаушы мемлекеттің басшысына Сенім грамотасын тапсыру, іс-сапарлармен алмасу, жоғарғы және аса жоғары деңгейде ресми кездесулерді, конференциялар мен кеңестерді ұйымдастыру барысында мүлтіксіз орындау талабы қойылады.
Церемонияларды ұйымдастырудан бөлек хаттама іс-әрекеттің әдістері мен аясын, және этикет ережесін анықтайды, сонымен бірге ресми және жеке хат алмасу нормаларын, киім формасын белгілейді. Церемонияға қатысатын әрбір қатысушының ресми статусына байланысты тиісті орнын және құрмет көрсетуді қамтамасыз ету хаттаманың негізгі міндеті. Осылайша дипломатиялық және іскерлік қатынастарды жүзеге асыруға қолайлы достастық атмосфераны қалыптастыру хаттаманың негізгі мақсаты болып есептеледі.
Дипломатиялық хаттаманың негізгі нормаларын әлемнің барлық мемлекеттері белгілі бір дәрежеде басшылыққа алуы тиіс. Бірақ әр мемлекеттің дипломатиялық хаттамасы әдетте өз дәстүрлеріне, тарихына, мәдениетіне, саяси жүйесіне сәйкес өзіндік ерекшелікке ие болады. Мемлекет оған қоғамда қалыптасқан жағдайларға және тарихи дамуға байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.
Қазіргі кезеңде дипломатиялық хаттаманың нормалары төмендегі жағдайларға байланысты нақты орындалуы тиіс:
1. Жаңа мемлекетті мойындаған кезде;
2. Дипломатиялық қатынастарды орнатқан кезде;
3. Тұрақты дипломатиялық миссияларды ашу кезінде;
4. Дипломатиялық өкілділіктің басшысын тағайындау кезінде;
5. Сенім грамотасын тапсыру кезінде;
6. Дипломатиялық іс-сапарлар кезінде;
7. Кездесулер, келіссөздер өткізу және келісім-шарттарға қол қою барысында;
8. Ресми делегацияларды қабылдау мен кездесу барысында;
9. Халықаралық кездесулер, конференциялар, саммиттер, форумдар ұйымдастыру кезінде;
10. Түрлі мерекелер мен қайғылы жағдайларға байланысты.
Дипломатиялық хаттамада мемлекеттік әнұран мен ту этикасын сақтау ерекше рөл ойнайды. Дипломатиялық өкілдік басшысы кез келген уақытта өз резиденциясының және елшілік ғимаратының үстіне мемлекеттік туды ілуге құқылы. Сонымен қатар олар мемлекеттік туды өздерінің қызмет көліктеріне іле алады.
Ресми түрде ұлттық қаралы немесе қайғылы күн жарияланған кезде мемлекеттік ту жартылай түсірілуі қажет. Әдетте мемлекеттік ту азанғы 8-де көтеріліп және күн батқан кезде түсіріледі. Жоғары дәрежелі шетелдік мейманды қабылдаған кезде екі мемлекеттің де туы көтеріледі.
Дипломатиялық хаттамаға сәйкес дипломатиялық қабылдаулар өткізіледі, дипломатиялық хаттар алысады, дипломатиялық корпуспен байланыстар жасалынады.