
- •1 Дипломатиялық қатынастар
- •6 Сыртқы қатынастардың мемлекеттік органдары
- •7 Дипломатиялық өкілділік және халықаралық ұйымдар жанындағы миссиялар
- •9 Дипломатиялық хаттама (протокол)
- •Мемлекеттік церемониялар
- •1) Қарсы алу және кездесу (кездесу өткізу)
- •2) Келіссөздер, сұхбаттасулар, құжаттарға қол қою.
- •7) Театрға, концертке бару.
- •8) Елді аралау.
- •9) Естелік сыйлықтар.
- •10 Қонақжайлық ережелері және дипломатиялық қабылдаулар
- •11 Дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер
- •12 Дипломатиялық кадрлар, олардың жеке басының қасиеттері мен өнері
- •13 Біріккен ұлттар ұйымының дипломатиялық қызметі
- •13.2 Бұұ дипломатиясы және оның ерекшеліктері
- •13.4 Бұұ аясындағы дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер
- •Бас Ассамблея
- •14 Көпжақты дипломатия және қазіргі кездегі дипломатияның конференциалды формасы
- •15 Келіссөздер дипломатияның құралы ретінде
7 Дипломатиялық өкілділік және халықаралық ұйымдар жанындағы миссиялар
7.1 Дипломатиялық өкілділік туралы жалпы түсінік және оның анықтамасы
7.2 Дипломатиялық өкілділіктің басшысы және оның өкілеттілігі
7.3 Дипломатиялық өкілділік персоналы және оның негізгі категориялары
7.4 Дипломатиялық өкілділіктің негізгі функциялары
7.5 Дипломатиялық өкілділіктің қызметін тоқтау себептері
7.6 Дипломатиялық өкілділіктің әкімшілігі
7.7 Дипломатиялық өкілділіктің коммерциялық және экономикалық бөлімдері
7.8 Консулдық бөлім, баспасөз және ақпарат бөлімдері
7.9 Дипломатиялық қызметкерлер және атташе мамандар
7.10 Халықаралық ұйымдар жаныныдағы тұрақты миссиялар
7.11 Арнайы және уақытша миссиялар
Дипломатиялық өкілділік - дегеніміз бағыттаушы мемлекеттің атынан қабылдаушы мемлекетте екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарды жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейтін дипломатиялық агенттің жетекшілігіндегі мемлекеттік мекеме. Қазіргі кезеңде дипломатиялық өкілділіктің статусы мен функцияларын анықтайтын негізгі халықаралық құқықтық құжат 1961 жылы қабылданған Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясы болып табылады. Егер дипломатиялық өкілділікті елші басқарса, ол елшілік деп аталады. Егер Уәкіл немесе уақытша өкіл басқарса онда дипломатиялық миссия деп аталады. Тұрақты дипломатиялық өкілділік мемлекеттер арасында дипломатиялық қатынастар орнағаннан кейін өзара келісім бойынша ашылады.
Дипломатиялық өкілділіктің қызметі мен статусына байланысты мемлекеттер арасында болашақта келіспеушіліктер туындамас үшін тараптар қосымша келісімдер жасасады. 1961 жылға Вена конвенциясының 14-бабына сәйкес дипломатиялық өкілділік басшалары үш категориядан тұрады.
1. Мемлекет басшысының тарапынан аккредитацияланған елшілер мен нунцилер (Ватиканның елшісі);
2. Мемлекет басшыларының жанында аккредитацияланған уәкілдер мен интернунцилер классы;
3. Сыртқы істер министрлерінің жанында аккредитацияланған уақытша өкіл классы.
Дипломатиялық өкілдің қандай да бір классқа жатуы олардың дәрежелік ретін анықтау, сондай-ақ этикет мәселесі үшін ғана маңызды. Бірақ бұл жағдай олардың функцияларына, құқықтарына, міндеттері мен артықшылықтарына әсер етпейді. Дипломатиялық өкілдермен алмасу туралы келісімге келе отырып, мемлекеттер әрқашан оларға бірдей дәреже (класс, ранг) береді. Өз кезегінде бұл мемлекеттердің теңдігін білдіреді.
Дипломатиялық өкілділік басшысы миссияның барлық іс-әрекеттеріне тікелей жауап береді. Ол түрлі функцияларды өз қызметкерлерінің орындауына бере алады. Алайда, дипломатиялық өкілділік тарапынан істелінген кез келген әрекетке тікелей жауапты болады. Дипломатиялық өкілділіктің басшысының негізгі функциялары:
1. Дипломатиялық саясаттың негіздерін дайындау.
2. Қабылдаушы мемелекеттің үкіметіне өз үкіметінің ортақ маңызды мәселелер бойынша пікірі мен ұстанымын жеткізу. Мұндай жағдайда миссия басшысы екі үкіметті байланыстырушы тұлға ретінде қарастырылады.
3. Өз министрлігіне қабылдаушы елде орын алып жатқан маңызды саяси, экономикалық сипаттағы оқиғаларды баяндау. Мәселен, тікелей маңызы бар оқиғалар – ұлттық қазына, министрлер кабинетіндегі өзгерістер туралы; Жанама маңызға ие – яғни, әлеуметтік экономикалық өмірдегі өзгерістер мен тенденциялар; Үшінші жақтың пікірі – жергілікті баспасөз беттеріндегі мақалалар, дипломаттардың пікірі.
4. Өзі қызмет ететін мемлекеттегі ықпалды адамдар туралы және ұлттық байлықтың негізгі көздері туралы мағлұмат жинау.
5. Өз мемелекетінің қабылдауышы елдегі позициясын, беделін нығайтуға әсер ететін ресми және жекелей іс-әрекет жасау.
6. Жоғарыда көрсетілген функцияларды сәтті жүзеге асыру мақсатында мүмкіндігінше етене тығыз араласатын достардың ортасын кеңейту. Осы функцияларды жүзеге асыру барысында миссия басшысына миссияның түрлі бөлімдерінің жетекшілері - бас кеңесшілер көмектеседі.
Дипломатиялық өкілділіктің құрамына дипломатиялық өкілден бөлек миссияның персоналы кіреді. Қабылдаушы мемлекеттен басқа бір елдің атынан бір ғана адам өкілділік ете алады. Ал миссияның персоналының функциялары дипломатиялық өкілділік басшысына көмек көрсетумен шектеледі.
1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясы дипломатиялық өкілділік штатын төмендегідей анықтайды:
1. «Өкілділік басшысы» (chef de mission) – бағыттаушы мемлекеттің атынан қабылдаушы мемлекетте өкілділік ететін тұлға.
2. «Өкілділік мүшелері» (membres de la mission) – бұған жататындар персонал мүшелер мен басшысы.
3. «өкілділік персоналының мүшелері» (member du personnel de la mission) - дипломатиялық персонал, әкімшілік-техникалық персонал, сондай-ақ миссияның қызмет етуші персоналының мүшелері.
4. «Дипломатиялық персонал мүшелері» (member du personnel diplomatique) - дипломатиялық рангке ие өкілділіктің мүшелері
5.«Дипломатиялық агент» (agent diplomatique)- өкілділік басшысы немесе өкілділіктің дипломатиялық персоналының мүшесі.
6.«Әкімшілік-техникалық персонал мүшелері» (member du personnel administrative et technique)- өкілділіктің әкімшілік-техникалық қызметін жүзеге асыратын миссияның мүшелері.
7. «Қызмет көрсетуші персонал мүшелері» (member du personnel de service) – өкілділіктің ішкі қызметін атқаратын персонал мүшесі.
8. «Жеке қызметкер» (domestique privé) – өкілділіктің ішкі қызметімен айналысатын тұлға және бағыттаушы мемлекеттің қызметкері.
1961 жылғы Вена конвенциясының бірінші бабында жеке үй қызметкерлері туралы айтылғанымен, олар қабылдаушы мемлекет тарапынан дипломатиялық өкілділіктің қызметкерлері ретінде мойындалмайды.
Ережеге сәйкес дипломатиялық жұмысшылар бағыттаушы мемлекеттің азаматы болуы тиіс. Ал әкімшілік-техникалық және қызмет көрсетуші персоналдың құрамына қабылдаушы мемлекеттің азаматтарына кіруіне де рұқсат. Өкілділіктің дипломатиялық персоналының мүшелері алдын-ала сұраусыз бағыттаушы мемлекеттің сыртқы істер министрлігі тарапынан тағайындалады. Алайда, әскери –теңіз және әскери атташелерге байланысты, олардың кандидатурасын қорғаныс министрі ұсынып, осы мәселе бойынша өз елінің сыртқы істер министрінің келісімін алады. Оның үстіне қабылдаушы мемлекет бағыттаушы тараптан Вена конвенциясының 7-бабына сәйкес әскери атташелердің аты-жөнін алдын-ала хабарлауды талап ете алады.
Төтенше және өкілетті елші мен төтенше және өкілетті уәкіл дәрежесін мемлекет басшысы, қалғандарын сыртқы істер министрі тағайындайды. Дипломатиялық дәрежелер дипломаттарға өмірлікке беріледі.
Дипломатиялық қызметте миссияның бүкіл саяси және экономикалық қызметін үйлестіру жауапкершілігі миссия басшысының орынбасарына жүктеледі. Ол дипломатиялық өкілділіктің түрлі бөлімдерінің жұмысының дұрыс үйлестіруін қадағалап, қамтамасыз етеді: Персонал мүшелерінің жұмысын дұрыс ұйымдастыру, байланыс құралдары мен миссия ғимаратын тиімді әрі өз деңгейінде пайдалану. Персонал мүшелерін басты қажеттіліктермен (тұрғын үй т.б.) қамтамасыз ету. Әсіресе, миссияның қызметке жаңа кіріскен жұмысшыларына ерекше көңіл аудару.
Дипломатиялық өкілділік әкімшілігінің ең маңызды міндеттерінің бірі қабылдаушы мемлекеттердегі барлық мәселелер бойынша материал жинау және оны жаңартып отыру. Мұндай материалдар миссия басшысы мен персонал мүшелеріне қажетті болуы мүмкін. Осындай қажетті материалдардың реті:
1. Миссия тікелей іскерлік қарым-қатынас орнатқан қабылдаушы мемлекеттің сыртқы істер министрлігімен өзге де мекемелерінің құрылымы туралы мәлімет; әр бөлім қандай мәселелермен айналысады; кіммен байланыс орнатуға болады немесе кімнен бойды аулақ ұстау қажет;
2. Қабылдаушы мемлекетте соңғы кезеңде орын алған оқиғалар туралы қысқаша хабарлама;
3. Персонал мүшелері үшін маңызды жергілікті мәселелерге қатысты қызмет баяндамасын дайындау: Қабылдауша мемлекеттегі медициналық, стомотологиялық, көліктік, спорттық, климаттық жағдайлар, өмір сүру жағдайлары, қызметкерлерді жалдау, мектеп, балабақша, мешіт, шіркеу (бұл ақпарат бағыттаушы мемлекеттің персоналымен айналысатын тиісті кадрлар бөліміне, миссияның болшақ мүшелеріне бағыт-бағдар беру мақсатында жіберіледі.).
4. Саяси, әскери, әкімшілік, өнеркәсіптік, коммерциялық, академиялық және әлеуметтік салаларға жоғарғы ықпалға, беделге ие белгілі әрі қабілетті адамдардың тізімін жасау.
Мұндай ақпаратқа ие бола отырып, өз қызметіне жаңа кіріскен өкілділік басшысы жергілікті жағдайларды тез түсініп, қажетті іс-қимыл жасай алады. Мәселен, осы ақпараттың негізінде ол өз елінің мүддесі үшін кім маңызды, байланыс жасауда қалай қателіктерге бой алдырмау керек екенін тез түсіне алады.
Экономикалық және коммерциялық қызмет миссия жұмысы үшін аса маңызға ие. Экономикалық қызметтің түпкілікті мақсаты мынадай:
1. Қабылдаушы мемлекеттің экономикалық және қаржы саясатына талдау жасау.
2. Оның мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына ықпалын анықтау.
3. Болашақ тенденцияларды болжау.
4. Экономикалық мәселелер бойынша баяндама дайындау.
5. Осы сала бойынша қажетті келіссөздер жүргізу.
Бұл жұмыс қажетті материалдарды жинауды және оған талдау жасауды, тиісті министрліктермен, банк және қаржы секторымен байланыс жасауды талап етеді.
Коммерциялық қызмет негізгі екі функцияны атқарады.
1.Сауда мен инвестиция салуды қолдау.
2.Сауда саясатын қалыптастыру.
Дипломаттар кез келген уақытта іскерлік мүмкіндіктерді іздеп келген бинесмендерге көмек көрсетуге дайын тұруы тиіс. Олардың арнайы өтініштерін қанағаттандыруға, қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге, жергілікті нарыққа табысты енуіне және қажетті адамдармен байланыс орнатуға көмектесу қажет.
Сауда саясатын жүргізу қабылдаушы мемлекеттің заңдарын жеткілікті деңгейде білуге, оның коммерциялық мәселелері бойынша позициясына байланысты.
Қару-жарақ сату мәселесі бойынша келіссөздер комерциялық бөлім арқылы емес, қорғаныс мәселесі бойынша атташе арқылы жүргізіледі.
Хатшылық және мұрағат.
Құпия материалдармен жұмыс істейтін хатшылық пен мұрағат қызметінің мүшелері ережеге сәйкес бағыттаушы мемлекеттің азаматтары болуы тиіс. Саяси емес секторларға (мәселен, мәдени немесе коммерциялық) қызметке хатшы және мұрағат жұмысшылары ретінде жергілікті мамандарды тартуға болады.
Қауіпсіздік.
Қауіпсіздік қызметкерлерінің басты міндеті қандай да бір тұлғалардың өкілділік ғимаратына заңсыз кіруіне жол бермеу, сонымен қатар жұмыс бабымен ғимаратқа кірген тұлғаларды құпия ақпаратқа, компьютерлерге, файлдар мен құжаттарға жебермеу, қадағалау. Қауіпсіздік қызметінің мүшелері бағыттаушы мемлекеттің азаматы болғаны абзал.
Техникалық қызмет және коммуникация.
Техникалық қызметкерлер коммуникацияны қамтамасыз етуге міндетті. Олардан код қою және кодтан шығару, қажет жағдайда қабылдау құралдарын, факстерді, өзге де құрал-жабдықтарды жөндеу талап етіледі. Олардың жұмыстары міндетті түрде құпия болуы тиіс және олар бағыттаушы мемлекеттің азаматтары болуы қажет.
Жергілікті мамандар.
Жергілікті мамандар әкімшілік персонал мен хатшылықтың бөлігі ретінде құпия емес сипаттағы тапсырмаларды орындауға тартылады. Олардың жұмысы жергілікті мамандардың қызметінің ұзақтығын, жергілікті дәстүрлерді, саяси өмірді, саяси қайраткерлерді терең білуін ескерсек аса маңызға ие. Ережеге сәйкес жергілікті мамандар коммерциялық, консулдық, ақпараттық бөлімдердің жұмысына, сонымен қатар аудармашы қызметіне тартылады.
Есеп жүргізу міндетті процедура санатына жатқызылады. Егер оған жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбесе, миссия үшін үлкен қиындықтарды тудыруы мүмкін. Қолда бар мүкіндікті пайдалана отырып, бұл жұмысқа білікті әрі тәжірибелі есепшіні (жергілікті маманды) тарту қажет. Бір ретке келтірілген дұрыс бухгалтерлік есеп жүйесі жергілікті есептерді өз уақытысында төлеуге мүмкіндік береді, ал төлемді кешіктіру миссияның жергілікті билікпен орнатылған қарым-қатынасына нұқсан келтіруі мүмкін.
Консулдық бөлім.
Қабылдаушы мемлекеттің астанасында орналасқан консулдық бөлім тікелей миссия басшысына бағынады және ережеге сәйкес миссия ғимаратында жұмыс жасайды. Алайда белгілі себептерге байланысты консулдық бөлім бөлек құрылым ретінде ұйымдастырылып, өз ережесіне сәйкес басқарылуы мүмкін.
Баспасөз және ақпарат бөлімі.
Баспасөз және ақпарат бөлімінің қызметкерлері жекелей елдегі жаңалықтардың қалыптасу ретін және оларды кімдер қалыптастыратынын білуі тиіс. Бұған қоса ақпаратты өндірушілермен (баспасөз, радио, теледидар) тікелей дұрыс қарым-қатынастарды орнатудан бөлек, бөлім қызметкерлері ақпараттық бюллетендерді ықпалды топтар мен тұлғалар арасына таратуға әрекет жасайды. Әдетте бюллетенді жасау барысында аудармашының (жергілікті) көмегіне жүгінеді. Мақалалар тек жазбаша түрде және сол елдің тілінде қабылданады. Мұндай бөлімдер баспасөз қызметі бұқаралық ақпарат құралдар қызметі, ақпараттық бөлім деп аталуы мүмкін.
Дипломатиялық қызметкерлер және атташе мамандар. Соңғы уақыттарға дейін өз қызметін саяси салаға арнаған кәсіби дипломаттар мен қызметі нақты саламен шектелетін атташелердің арасында қатаң айырмашылық болды. Алғашқылары дипломатиялық қызметте болып, практикада өз елінің сыртқы істер министрлігімен өздерін аккредитациялаған ел арасын байланыстырушы көпір болды. Екіншілері түрлі мемлекеттік ведомствалардың өкілдері ретінде миссия басшысының қамқорлығы мен бақылауында боласа да, ең алдымен өз департаментінің мүддесін қорғайды. Қазіргі кезеңде дипломатиялық миссияға қызмет көрсетуге қажетті персонал санының үнемі өсуіне байланысты кәсіби дипломаттар мен атташелер арасындағы айырмашылықтар біртіндеп жойылуда. Мысалы, еңбек мәселесі бойынша құқық немесе заң мамандары атташе қызметімен қатар хатшы, яғни дипломатиялық қызметті де атқара алады.
Әскери атташе.
Әскери атташе ережеге сәйкес өз елінің әскерінде қызмет ететін және қарулы күштердің өкілі ретінде белгілі бір уақытқа дипломатиялық миссияның қызметіне тағайындалады. Әскери, әскери-теңіз немесе әскери-әуе атташесінің маңызды міндеттерінің бірі өз департаментін әскери сала бойынша орын алып жатқан оқиғалардан ақпаратпен қамтамасыз ету. Әдетте әскери атташе қару-жарақты сатуға немесе сатып алуға көмектеседі, сонымен қатар көптеген елдерде оны тұрақты әскери оқу-жаттығуларға шақырады.
Мәдениет және білім мәселелері бойынша атташе.
Қазіргі кезде мәдениет мәселелері бойынша атташенің қызметі мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен достастық қатынастарды дамытуда зор маңызға ие. Мәдени байланыстар арқылы мемлекеттер кәсіби немесе әуесқой шығармашылық ұжымдармен, студенттермен алмасуды жүзеге асырып, стипендиялар тағайындайды. Кей кездерде мәдениет мәселесі бойынша атташе қызметіне көрнекті мәдениет қайраткерлері тағайындалады, алайда мұндай жағдайда миссия шеңберінде атташеге көмекші администратор беріледі. Кей жағдайда мәдениет саласы бойынша және білім саласы бойынша екі бөлек атташелер тағайындалады.
Басқа мәселелер бойынша атташелер.
Атташелер постының ауқымдылығы оларды тағайындайтын және қабылдайтын мемлекеттердің мүдделеріне тәуелді. Атташе қызметінің атауы қызмет ету саласына байланысты, мәселен, еңбек, ауылшаруашылық, балық шаруашылығы, өнеркәсіп, азаматтық авиация, қоғамдық байланыстар, жалдау, туризм, заң, иммиграция, кеме жүзу, орман шаруашылығы бойынша атташелер кездеседі.
Кейбір дипломатиялық миссияларда рухани дәрежесі бар тұлғалар (капелландар) маңызды рөл ойнауы мүмкін. Олар дипломатиялық қызметте жұмыс істеп, дипломатиялық стасустарды иелене алады.
Миссия басшысының болмауы немесе қабілетсіздігі.
Егер миссия басшысы белгілі себептермен болмаса, немесе өзіне жүктерген міндетерді атқара алмаса (мәселен, денсаулық жағдайына байланысты) немесе миссия басшысының посты бос болса дипломатиялық миссия мүшелерінің ішінен дәрежесі жоғары тұлға Уақытша сенімді уәкіл міндетін атқарады. Мұндай жағдайда бағыттаушы мемлекеттің миссиясы немесе министрлігі орын алған өзгерістер туралы, сонымен қатар, миссия басшысының өз міндетіне қайтып оралу мерзімі туралы қабылдаушы мемлекеттің үкіметіне хабарлайды. Егер миссия басшысы болмаған уақытта дипломатиялық персонал мүшелерінің ішінен ешқайсысы миссия басшысы функциясын атқара алмаса, әкімшілік немесе техникалық персонал мүшелерінің бірі қабылдаушы мемлекеттің келісімімен миссияның алдында тұрған ағымдағы әкімшілік міндеттерді орындау міндетін өз мойнына алуға өкілетті. Егер уақытша сенімді уәкіл өзіне жүктелген міндетті орындай алмаса, оның өз орнына жаңа уақытша уәкілді тағайындауға өкілеттілігі жоқ. Бұл бағыттаушы мемлекеттің сыртқы істер министрлігінің құзырындағы мәселе.
Тағайындау, келу және кейін қайту.
Қабылдаушы мемлекеттің алдын ала ресми келісімі тек дипломатиялық миссия басшысын, сондай ақ кей-кезде әскери теңіз және әскери әуе атташелерін тағайындау кезінде қажет болғанның өзінде, өзге дипломатиялық қызметкерлерді тағайындаған кезде міндетті түрде қабылдаушы мемлекеттің сыртқы істер министрлігіне мұны хабарлау қажет. Дипломатиялық миссия басшысы ережеге сәйкес қабылдаушы мемлекеттің сыртқы істер министрлігінің хаттама бөліміне өзінің тағайындалуы (қызметінің аяқталуына байланысты кейін қайтуын), сонымен қатар миссияның мүшелері мен олардың отбасыларының келуі мен кейін қайтуын алдын ала хабардауы тиіс. Оның үстіне кейбір елдерде қабылданған практикаға сәйкес сыртқы істер министрлігінің консулдық бөліміне белгілі бір қызметтерге қабылдаушы елдің резиденттерін немесе азаматтарын тағайындау туралы шешімді хабарлауға міндетті.
Өз міндетін атқару үшін қабылдаушы мемлекетке келгеннен кейін миссия басшысы хаттама бөлімінің басшысымен немесе оның өкілімен кездеседі. Алайда мұндай кездесулер миссия басшысының келуі мемлекеттік ұлттық немесе діни мерекелерге, демалыс күндеріне сәйкес келіп жатса болмайды. Сонымен қатар мұндай кездесулер таңертеңгі уақытқа немесе жұмыс күнінің соңына белгіленбеуі тиіс. Миссия басшысы келгеннен кейін шұғыл түрде өз елінің сыртқы істер министрімен қатар қабылдаушы мемлекеттің сыртқы істер министріне өзін таныстыру және сенім грамотасының көшірмесін тапсыру мақсатында өзінің келетіндігін хабарлап, кездесуге өтініш жасайды.
Дипломатиялық өкілділіктің басшысы өз қызметінен кету алдында, осы жағдай туралы қабылдаушы мемлекеттің сыртқы істер министріне нота жолдап, мемлекет басшысынан өзін қабылдауды (аудиенция) өтінеді. Бұл қоштасу визиті жеке сипатқа ие және кейін қайтып бара жатқан миссия басшысы бұл жағдайда кері шақыру грамотасын тапсырады. Қазіргі кезде дипломатиялық практикада өз постынан босаған миссия басшысы кері шақыру грамотасымен қатар өз ізбасарының сенім грамотасын тапсыру процедурасы кеңінен тараған. Кейін қайтып бара жатқан миссия басшысы бұл туралы дипломатиялық корпус дуайеніне және өзге мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының басшыларына хабарлайды.
Дипломатиялық миссия басшысы өзі қызмет етенін елді тастап шыққан уақыттан, өзінің міндетін атқаруды тоқтатады. Егер миссия басшысы белгіленген мерзімнен кейін кететін болса, онда қандай да бір нақты кезеңде оның және отбасының мүшелерінің барлық артықшылықтары мен иммунитеттері сақталынады. Әдетте, кейін қайтқан дипломатиялық миссия басшысын хаттама бөлімінің өкілі шығарып салады.
Дипломатиялық өкілділік қызметі төмендегі жағдайларға байланысты тоқтатылуы мүмкін.
1. Бағыттаушы мемлекеттік немесе қабылдаушы мемлекеттің өмір сүруін тоқтақан жағдайда.
2. Дипломатиялық қарым-қатынастар үзілген жағдайда.
3. Олардың арасында әскери қақтығыстар басталған жағдайда.
Қабылдаушы мемлекеттегі шетелдік дипломатиялық миссияның кез келген қызметкері төмендегі екі жағдайға байланысты өз қызметін тоқтатуы мүмкін:
1. Бағыттаушы мемлекеттің тарпынан кері шақыртқан жағдайда.
2. Қабылдаушы мемлекеттің тарпына персона нон грата ретінде жарияланған жағдайда.
Халықаралық ұйымдар жанындағы мемлекеттердің тұрақты өкілдігі. Мемлекеттер дипломатиялық қатынастарады бір-бірімен ғана емес, сонымен қатар халықаралық ұйымдармен де орнатып, дамытады. Бұл үшін олар ұйымдар жанынан тұрақты өкілдіктер ашып, оның жұмысына ат салысу үшін делегацияларды жібереді. Мұндай өкілдіктер мен делегациялардың құқықтық жағдайы халықаралық ұйымдардың Жарғыларының, олармен жасасқан «артықшылықтар мен иммунитеттер туралы» келісімдердің, сондай ақ 1975 жылы қабылданған мемлекеттердің универсалды сипаттағы халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасындағы өкілділігі туралы Вена конвенциясының нормалары тарапынан анықталады. Осы конвенцияға сәйкес халықаралық үкімет аралық ұйымдарға мүше-мемелекеттер олардың жанынан ұйымның ережесі рұқсат етсе өздерінің тұрақты өкілдіктерін аша алады.
Халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктің негізгі функциялары:
1. Ұйымда бағыттаушы мемелекеттің атынан өкілділік ету.
2. Бағыттаушы мемлекетпен ұйым арасындағы байланыстарды дамыту.
3. Ұйыммен және оның аясында келіссөздер жүргізу.
4. Ұйымның қызметі мен оның негізгі бағыттары туралы ақпаратты өз үкіметіне хабарлау.
5. Бағыттаушы мемлекеттің ұйым қызметіне қатысуын қамтамасыз ету.
6. Бағыттаушы мемелекеттің ұйымдағы мүдделерін қорғау.
7. Ұйыммен және оның аясында ынытымақтастықты дамыту арқылы ұйымның мақсаты мен принцптерін жүзеге асыруға ат салысу.
Халықаралық ұйымның мүшесі емес мемлекеттер төмендегі мақсаттарға сәйкес онын жанынан «бақылаушылардың тұрақты миссиясын» аша алады.
1. Бағыттаушы мемелекеттің өкіділігін қамтамасыз ету, ұйымға қатысты оның мүдделерін қорғау, онымен байланыстарды дамыту.
2. Ұйымның қызметтеріне қатысты мәліметтермен өз үкіметін қамтамасыз ету.
3.Ұйым мен арадағы ынтымақтастықтың дамуына үлес қосу және онымен келіссөздер жүргізу.
Халықаралық ұйымдар жанындағы мемлекеттердің тұрақты өкілдіктердің персоналының құрылымы іс жүзінде дипломатиялық өкілдіктердің құрылымына ұқсас келеді: өкілділік басшысы, дипломатиялық жұмысшылар, әкімшілік-техникалық және қызмет көрсетуші персонал мүшелер. Алайда дипломатиялық миссияларға қарағанда, халықаралық ұйымдар жанындағы мемелекеттердің өкілдері мемлекет басшысы немесе сыртқы істер министрі тарапынан емес, халықаралық ұйымдар арасында аккредитатцияланады. Сондықтан оларға агреманды алу талабы қойылмайды.
Өкілділік басшысының өкілеттілігі мемлекет басшысының, үкімет басшысының, сыртқы істер министрінің, егер халықаралық ұйымның ережесі рұқсат берсе бағытаушы мемлекеттің өзге құзырлы органдардың атынан беріледі. Ережеге сәйкес ол халықаралық ұйымың Бас хатшысына бағытталады. Өз кезегінде Бас хатшы олардың халықаралық ұйымның жарғысына және оның органдарынаң регламентіне сәйкестігін тексеріп, өкілділік басшысының өкілеттілігінің мойындалғаны туралы жайтты өзге мемелекеттерді өкілдеріне хабарлайды. Халықаралық ұйымдар жанындағы мемлекеттердің тұрақты өкілдерінің ағалық реті ұйым аясында қабылданған мемлекеттердің атауының әліпбилік ретімен айқындалады.
Тұрақты өкілділіктің персоналының мүшелеріне қатысты 1975 жылғы Вена конвенциясының 15-бабына сәйкес бағыттаушы мемлекет төмендегі жайттарды дер кезінде хабарлауы тиіс:
1. Өкілділіктің қызметкерлерін тағайындауы, қызметі, реті, дәрежесі, ағалық реті туралы.
2. Өкілділік персоналының және олардың отбасының мүшелерінің келуі мен толық кету туралы.
3. Өкілділік ғимаратының, оның қызметкерлерінің жеке резиденцияларының орналасқан жері туралы және т.б. Халықаралық құқыққа сәйкес өкілділіктің дипломатиялық, әкімшілік-техникалық персоналына негізгі дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер беріледі.
Қабылдаушы мемелекет мұндай өкілділіктерге өз функциясын дұрыс атқаруға қажетті барлық мүмкіндіктерді беруі тиіс, ал халықаралық ұйым тек оған осындай мүмкіндікті алуға қолдау көрсетіп қоймай, сонымен қатар өзі де осындай мүмкіндіктерді беруі қажет.
1975 жылғы Вена конвенциясының 40-бабына сәйкес өкілділік басшысының немесе оның дипломатиялық персоналының мүшелерінің функциясы төмендегі жағдайларға байланысты тоқтатылуы мүмкін.
1. Бағыттаушы мемлекеттің халықаралық ұйымға оларды тоқтату туралы жайтты хабарлаумен.
2. Егер өкілділік толық немесе уақытша кері шақырылса.
Аранайы миссия – бұл сипаты жағынан мемлекеттің атынан өкілділік ететін уақытша миссия ретінде қандай да бір мемлекеттің екінші мемлекетке белгілі мәселелерді бірігіп қарастыру немесе оған қатысты белгілі міндеттерді орындау үшін мемлекетке бағытталады. Келіссөздер жүгізу, құжаттарды тапсыру, ақпараттарды жеткізу немесе алмасу, маңызды мемлекеттік іс-шараларға қатысу және басқалар осындай міндеттердің қатарына кіреді.
1969 жылғы «Арнайы миссиялар туралы» конвенцияға сәйкес қандайда бір миссияны екі немесе одан да көп мемлекеттің, немесе екі және одан да көп мемлекеттердің мәселені қарастыру үшін арнайы миссияны бағыттауы мүмкін.
Басқа мемлекетке арнайы миссияны бағыттау алдын ала дипломатиялық немесе өзге каналдар арқылы қол жеткізілген келісімге сәйкес жүзеге асырылады. Арнайы миссиялардың функциялары бағыттаушы және қабылдаушы мемлекеттердің келісімі бойынша анықталады. Бұған қоса арнайы миссияны жіберу немесе қабылдау үшін дипломатиялық немесе консулдық қатынастардың болуы міндетті емес.
Бағыттаушы мемлекет өз талғамына сәйкес арнайы миссия мүшелерін тағайындайды. Бірақ алдын ала қабылдаушы мемлекетке арнайы миссияның саны және құрамы мүшелердің аты жөні және қызметі туралы ақпаратты жеткізуі тиіс. Алайда егер арнайы миссияның саны шамадан тыс болса немесе ол қабылдаушы мемлекеттегі жағдайларға сәйкес келмесе, қабылдаушы мемлекеттің үкіметі миссияны қабылдауға өз келісімін бермеуі мүмкін. Сонымен қатар қабылдаушы мемлекет бас тартудың (келіспеудің) себептерін түсіндірмей-ақ қандайда бір тұлғаның арнайы миссия мүшесі ретінде тағайындалуына рұқсат бермеуге құқұлы.
Арнайы миссия бағыттаушы мемелекеттің бір немесе бірнеше өкілінен тұрады. Олардың арасынан тағайындалған миссия басшысына миссияның мақсаты мен деңгейіне сәйкес мемлекет басшысы, үкімет басшысы немесе сыртқы істер министрі қол қойған тиісті өкілеттіліктер беріледі. Арнайы миссия құрамына дипломатиялық, әкімшілік-техникалық және қызмет көрсетуші персонал мүшелері кіре алады. Егер тұрақты дипломатиялық өкілділіктің немесе консулдық мекеменің мүшелері арнайы миссия құрамына енгізілсе, онда олар 1969 жылғы конвенцияға сәйкес берілген артықшылықтар мен иммунитеттерден бөлек, дипломатиялық өкілділіктің немесе консулдық мекеменің мүшесі ретінде өздерінің артықшылықтары мен иммунитеттерін сақтап қалады. Қабылдаушы мемлекеттің азаматы осы мемлекеттің келісімін алу арқылы арнайы миссияның құрамына енгізілуі мүмкін, бірақ қабылдаушы мемлекет кез келген уақытта оның күшін жоюға құқұлы.
Бағыттаушы мемлекеттің арнайы миссиясы қабылдаушы мемлекетпен арадағы ресми байланыстарды осы елдің сыртқы істер министрлігі немесе өзге органдармен жүргізеді. Мұндай органдар төмендегі ақпараттармен дер кезінде қамтамасыз етілуі тиіс:
Арнайы миссияның құрамы немесе кейін болатын кез келген өзгерістер туралы.
1. Миссия мүшелерінің келуі және толық кетуі, олардың миссиядағы функцияларының аяқталуы туралы.
2. Миссия мүшелерінің жанындағы кез келген тұлғаның келуі және толық кетуі туралы.
3. Миссия мүшесі немесе жеке қызмет көрсетуші персонал ретінде жалдаған қабылдаушы мемлекетте тұратын тұлғаны жұмысқа қабылдау немесе жұмыстан шығару туралы.
4. Арнайы миссияның басшысын тағайындау туралы.
5. Арнайы миссия орналасқан ғимараттың және жеке қауіпсіздікке ие жеке мекемелердің орналасқан жері туралы.
Қабылдаушы мемлекет арнайы миссияның сипаты мен міндетін ескере келе, оған өз функцияларын дұрыс арқаруға қажетті мүмкіндіктерді беруі тиіс. Алайда 1969 жылғы конвенцияның 12-бабына сәйкес қабылдаушы мемлекет кез келген уақытта, өз шешімінің себептерін түсіндірместен бағыттаушы мемлекеттің үкіметін арнайы миссия мүшелерінің немесе олардың бірінің персона нон грата немесе лайықсыз тұлға ретінде жариялағандығын хабарлайды. Мұндай жағдайда бағыттаушы мемлекет оны кері шақыруға және миссиядағы функциясын тоқтатуға міндетті. Жалпы қабылданған ережеге сәйкес қандай да бір тұлға қабылдаушы мемлекетке келгенге дейін ақ персона нон грата ретінде жариялануы ықтимал. Арнайы миссияның функциялары оның қабылдаушы мемлекеттің сыртқы істер министрлігімен немесе өзге органдармен ресми байланыстарды орнатудан басталады.
Арнайы миссия қызметін тоқтатуға негіз болатын себептер:
1. Тараптардың өзара келісімі бойынша.
2. Арнайы миссияның өз міндетін толық атқаруы.
3. Арнайы миссия қызметі мерзімінің аяқталуы.
4. Бағыттаушы мемлекеттің екінші тарапқа арнайы миссияның қызметін тоқтату және кейін шақыру туралы хабарлауы.
Дегенмен, бағыттаушы мемлекет пен қабылдаушы мемлекет арасындағы дипломатиялық және консулдық қатнастардың үзілуі, осы сәтте жұмыс істеп жатқан арнайы миссиялардың қызметінің тоқтауына алып келе бермейді.
Студенттердің өзін-өзі бақылау сұрақтары:
1. Дипломатиялық өкілділік туралы жалпы түсінік және оның анықтамасы?
2. Дипломатиялық өкілділіктің басшысы және оның өкілеттілігі?
3. Дипломатиялық өкілділік персоналы және оның негізгі категориялары?
4. Дипломатиялық өкілділіктің негізгі функциялары?
5. Дипломатиялық өкілділіктің қызметін тоқтау себептері?
6. Дипломатиялық өкілділіктің әкімшілігі?
7. Дипломатиялық өкілділіктің коммерциялық және экономикалық бөлімдері?
8. Консулдық бөлім, баспасөз және ақпарат бөлімдері?
9. Дипломатиялық қызметкерлер және атташе мамандар?
10. Халықаралық ұйымдар жаныныдағы тұрақты миссиялар?
11. Арнайы және уақытша миссиялар?