Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Оқулық_ДиКС.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
822.27 Кб
Скачать

6 Сыртқы қатынастардың мемлекеттік органдары

6.1 Сыртқы қатынастар органдары туралы жалпы түсінік

6.2 Сыртқы қатынастар органдарының түрлері

6.3 Ішкі органдар

6.4 Шетелдерде орналасқан органдар

6.5 Жалпы құзырға ие органдар

6.6 Арнайы құзырға ие органдар

6.7 Сыртқы істер министрлігі

6.8 Сыртқы істер министрлігінің функциялары мен құрылымы

Сыртқы байланыстар органдары арқылы мемлекет өзге елдермен және халықаралық ұйымдармен саяси-экономикалық, құқықтық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты жүзеге асырады. Мемлекеттің сыртқы байланыс органдары ішкі және сыртқы болып екіге бөлінеді. Олардың құрылымы және өкілеттілік көлемі ішкі заңдық нормалармен қатар, халықаралық құқық тарапынан анықталады.

Өз кезегінде ішкі органдар 2 категориядан тұрады:

1) жалпы саяси (жалпы құзырға ие);

2) арнайы.

Біріншісіне мемлекет басшысын, жоғарғы заң шығару институтын, үкіметті жатқызуға болады. Арнайы органдар қатарына белгілі бір салаларда нақты белгіленген құзыр шеңберінде шетелдік субъектілермен сыртқы қарым қатынастарды жүзеге асыруға өкілетті министрліктер мен ведомствалар жатады (барлық министрліктер, кеден қызметі, миграциялық қызмет, ұлттық қауіпсіздік қызметі, шекара қызметі т.б.).

2002 жылы 7 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы заңына сәйкес дипломатиялық қызмет органдарының мәртебесін «Қазақстан Республикасының сыртқы саяси қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар дипломатиялық қызмет органдары» деп анықтаған.

Дипломатиялық қызметтiң бiрыңғай жүйесi Сыртқы iстер министрлiгi, оның ведомствалары, шет елдердегi мекемелер, сондай-ақ Сыртқы iстер министрлiгінiң қызметiн қамтамасыз ету үшiн құрылған ведомствалық ұйымдар, Сыртқы iстер министрлiгiнiң қарауындағы оқу орындары құрайды. Заң бойынша дипломатиялық қызметтiң бiрыңғай жүйесiн Сыртқы iстер министрлiгi басқарады.

Дипломатиялық қызмет органдарының мiндеттерi.

Дипломатиялық қызмет органдарына мынадай мiндеттер жүктеледi:

1) Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының тұжырымдамасы мен негізгi бағыттарын әзiрлеу және Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметiне тиiстi ұсыныстар беру;

2) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси және сыртқы экономикалық стратегиясы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi үшiн ұсыныстар әзiрлеу және Президенттiң халықаралық бастамаларын iске асыру;

3) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын iске асыру, Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық саясатын жүзеге асыруға және халықаралық беделiн нығайтуға жәрдемдесу;

4) Қазақстан Республикасының егемендiгiн, қауiпсiздiгiн, аумақтық тұтастығын және шекараларының мызғымастығын, оның басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынастардағы және халықаралық аренадағы саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерiн дипломатиялық құралдар мен әдiстер арқылы қорғауды қамтамасыз ету;

5) шет елдерде Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерiн қорғау;

6) Қазақстан Республикасының халықаралық бейбiтшiлiктi, ғаламдық және аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi күш-жiгерiн дипломатиялық құралдар мен әдiстер арқылы iске асыру;

7) Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен дипломатиялық және консулдық қарым-қатынастарын жүзеге асыру;

8) шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының сыртқы саяси және сыртқы экономикалық бiрыңғай бағытын және инвестициялық саясатын жүргiзудi қамтамасыз ету мақсатында басқа да орталық атқарушы органдардың халықаралық қызметiн үйлестiру;

9) әлемдегi саяси және әлеуметтiк-экономикалық жағдайға, шет мемлекеттердiң сыртқы және iшкi саясатына, халықаралық ұйымдардың қызметiне талдау жасау және орталық мемлекеттiк органдарды қажеттi ақпаратпен қамтамасыз ету.

Дипломатиялық қызмет органдарының негiзгi функциялары.

Дипломатиялық қызмет органдарына мыналар жүктеледi:

1) шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының атынан өкiлдiк ету;

2) Қазақстан Республикасы халықаралық саясатының стратегиясын iске асыру;

3) келiссөздер жүргiзудi және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасуды ұйымдастыру;

4) халықаралық шарттарды жасасу, орындау, қолданылуын тоқтата тұру және күшiн жою туралы ұсыныстар дайындау, оларды Қазақстан Республикасы Президентiнiң немесе Yкiметiнiң қарауына белгiленген тәртiппен енгiзу;

5) Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастары мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне, Парламентiне және Yкiметiне белгiленген тәртiппен ұсыныстар мен ұсынымдар жасау;

6) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдардың, конференциялардың, кеңестердiң, форумдардың қызметiне қатысуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастық мүшесi ретiнде ғаламдық және аймақтық проблемаларды шешудегi рөлiн арттыруға жәрдемдесу;

7) Қазақстан Республикасының су ресурстары мен қоршаған ортаны халықаралық қорғау және ұтымды пайдалану, Дүниежүзiлiк мұхит ресурстарын игеру, ғарыш кеңiстiгiн зерттеу саласындағы мүдделерiн қамтамасыз етуге қатысу;

8) Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, оның қорғанысы мен ұлттық қауiпсiздiгiн, құқық тәртiбiн қорғауды қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен сауда-экономикалық, қаржы, ғылыми және ғылыми-техникалық, мәдени, сондай-ақ өзге де байланыстарын дамыту мен кеңейту жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеуге қатысу;

9) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың орындалуын жалпы қадағалау мен бақылауды жүзеге асыру;

10) Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастар саласындағы заңдарын жетiлдiру, оны Қазақстан Республикасының халықаралық құқықтық мiндеттемелерiне сай келтiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;

11) Қазақстан Республикасының мемлекетiшiлiк және халықаралық iс-шараларын протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету;

12) Қазақстан Республикасының аумағында мемлекетiшiлiк және халықаралық iс-шараларды өткiзу кезiнде Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының Мемлекеттiк протоколды сақтауын бақылауды жүзеге асыру;

13) дипломатиялық және консулдық артықшылықтар мен иммунитеттердiң сақталуын бақылауды жүзеге асыру;

14) Қазақстан Республикасының басқа елдермен парламентаралық байланыстарын жүзеге асыруға жәрдемдесу;

15) Қазақстан Республикасының аумағында және шет елдерде халықаралық-құқықтық нормалармен және Қазақстан Республикасының заңдарымен регламенттелетiн консулдық функцияларды жүзеге асыру;

16) шет елдерде тұратын отандастармен байланыстарды және қарым-қатынастарды дамытуға жәрдемдесу;

17) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тiркеудiң, есепке алудың және сақтаудың бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;

18) Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдiк дипломатиялық және соларға теңестiрiлген өкiлдiктердiң және консулдық мекемелердiң жұмыс iстеуiне жәрдемдесу, өз құзыретi шегiнде оларға қызмет көрсететiн ұйымдардың қызметiн бақылауды жүзеге асыру;

19) аштыққа және артта қалушылыққа, халықаралық терроризмге, дiни және саяси экстремизмге, ұйымдасқан қылмысқа және есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсас заттардың, прекурсорлардың және қару-жарақтың заңсыз айналымына қарсы күрес жөнiндегi, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар зардаптарын жою жөніндегі халықаралық акцияларға өз құзыреті шегiнде қатысу;

20) шет елдерде Қазақстан Республикасының сыртқы және iшкi саясаты, елдiң әлеуметтiк-экономикалық, мәдени және рухани өмiрi туралы ақпарат таратуға жәрдемдесу;

21) Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттардың депозитарийi функцияларын жүзеге асыру;

22) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының транзиттiк-көлiктiк әлеуетiн тиiмдi пайдалануға жәрдемдесу және энергетика мен мұнай-газ салаларында Қазақстан Республикасының әлемдiк қауымдастықпен ынтымақтастығы жөнiндегi бiрыңғай мемлекеттiк саясатты қалыптастыруға және жүргiзуге қатысу;

23) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарымен және өзге де ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау;

24) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарын, бұқаралық ақпарат құралдарын Қазақстан Республикасының халықаралық жағдайы мен сыртқы саясаты туралы хабардар ету;

25) инвестициялық ахуалдың жақсаруына жәрдемдесу және халықаралық нарықта Қазақстан Республикасының жағымды бейнесiн қалыптастыру;

26) мемлекеттiк бағдарламаларды, басым жобаларды iске асыру үшiн тiкелей қаржы ресурстарын, соның iшiнде халықаралық экономикалық және қаржы ұйымдары тарапынан берiлетiн заемдар мен гранттар есебiнен тартуға қатысу;

27) қазақстандық тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң халықаралық нарыққа шығуына жәрдемдесу;

28) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

Жалпы қабылданған нормаларға сәйкес халықаралық келіссөздер мен кездесулерде жеке дара шешім қабылдау өз ұлттық мүдделерін басшылыққа ала отырып, келісімге қол қою өкілеттілігі мемлекет және үкімет басшысына, сыртқы істер министріне берілген.

Мемлекет басшысы халықаралық сахнада мемлекеттің бүкіл сыртқы саяси органдар жүйесіне жетекшілік етеді. Конституцияға сәйкес Президент халықаралық сахнада өз елінің, халқының атынан өкілділік етеді. Сондықтан өз елінің ең жоғарғы өкілі ретінде Ел басы халықаралық құқық субъектілерінің кез келген өкілімен келіссөздер жүргізуге, кез келген мәселе бойынша келісімдер жасауға, соғыс жариялауға (егер конституция бойынша оған мұндай өкілеттілік берілсе), өзге елдерге дипломатиялық өкілдерді тағайындауға, оларды қызметінен босатуға, жоғарғы дипломатиялық рангтерді беруге, шетелдік дипломатиялық өкілдерден сенім және кері шақыру грамоталарын қабылдауға құқылы. Халықаралық келісімдерге қол қоюда, келіссөздер жүргізуде және өзге де халықаралық актілерді жасауда мемлекет басшысына ешқандай өкілеттілік қажет емес. Дегенмен, мемелекет басшысының өкілеттілігі қандай да бір елде қабылданған конституциялық жүйеге тікелей тәуелді. Мемлекет басшысы шексіз өкілеттілікке президенттік республикаларда ие болады. Конституцияға сәйкес Президент төмендегідей өкілеттілікке ие:

1. мемлекеттің сыртқы саяси бағыттарын анықтап, оған жетекшілік жасайды;

2. өз мемлекетінің атынан халықаралық қатынастарда өкілділік етеді;

3. келіссөздер жүргізеді және халықаралық келісімдерге қол қояды;

4. ратификациялық грамоталарға қол қояды;

5. шетелдік дипломатиялық өкілдерден сенім және кері шақыру грамотасын қабылдайды;

6. шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар жанында дипломатиялық өкілдерді қызметке тағайындайды және кері қайтарады.

Мемлекет Басшысының сыртқы саяси қызметін кең өкілеттікке ие Президент Әкімшілігі қамтамасыз етеді. Оның ішінде: мемлекет Басшысының Қазақстан Республикасының сыртқы саяси стратегиясын құруына қатысу, Республика Президентінің халықаралық ынталарын жүзеге асыру мен елдің ұлттық мәселелерін ескере отырып әлемдік қауымдастықта орнын анықтауға қатысу; сыртқы саяси мәселелерге байланысты ұсыныстар жасау, сонымен қатар халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастыққа байланысты ұсыныстар жасау, Қазақстан Республикасының әлемдік экономикаға интеграциясы; Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттерінің орындалуына қатысу және т.б. Президент Әкімшілігінің міндеттері: мемлекет басшысының қызметін ақпараттық-талдау материалдарымен қаматамасыз етуін жүзеге асыру, ішкі және сыртқы саясаттың, әлеуметтік-экономикалық жағдайға талдау жасау, мемлекеттегі, сонымен қатар, шетелдердегі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың дамуына болжау жасау.

Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлігіне Сыртқы саясат орталығы жатады. Орталықтың қызметін бақылап, бағыттап отыратын, мемлекет Басшысының халықаралық қызметін қамтамасыз ететін - Президент көмекшісі. Оның негізгі қызметтері бұл - сыртқы саясат саласында Президентті ақпаратпен қаматамсыз ету және сыртқы істер министірлігінен және де басқа деректер бойынша ақпарат негізінде халықаралық байланыстарды қамтамасыз ету; Қазақстан Республикасының шетелдермен саяси, сауда-экономикалық, инвистициялық саласында және ынтымақтастықтың тағы басқа түрлеріндегі мемлекет саясатын жетілдіруге байланысты ұсыныстар дайындау; Қазақстан Республикасы Президентінің шетелдерге ресми түрде баруын ұйымдастыруына қатысу және т.б.

Жоғарғы заң шығару органы мемлекеттің сыртқы саяси органы ретінде қарастырылмайды, өйткені ол мемлекеттің атынан халықаралық қатынастарда өкілділік ете алмайды, алайда, парламент мемлекеттің сыртқы саясатында маңызды рөл ойнайды. Өйткені, көптеген мемлекеттерде парламентке халықаралық келісімдерді ратификациялау немесе денонсациялау құқығы берілген.

Ратификация – халықаралық келісімдерді бекіту және мақұлдау процедурасы.

Денонсация – халықаралық келісімдердің күшін жою, одан бас тарту процедурасы.

Пролонгация – бұрын жасалынған келісімнің күшін, мерзімін ұзарту.

Осылайша, парламент үкімет пен мемлекет басшысы жүргізіп отырған сыртқы саяси курсқа қолдау көрсетуі мүмкін немесе оған күмән келтіріп, оны өзгертуді талап етуі ықтимал. Бұған қоса парламент, тиісті заңдарды қабылдау арқылы мемлекеттің сыртқы саясатына ықпал ете алады. Парламентаралық қатынастар мемлекетаралық қатынастардың дамуына оң ықпал ете алады.

Халықаралық мәселелерге байланысты парламенттің өкілеттілігі Конституция тарапынан анықталады. Ол қарулы күштердің бір бөлігін мемлекет территориясынан тыс жерлерлерде пайдалану мәселесін шешеді.

Үкімет. Мемлекеттік басқарудың жоғарғы органы ретінде үкімет мемлекеттің халықаралық байланыстарына жалпы жектекшілік етеді. Үкімет мемлекеттің сыртқы сасатын жүзеге асырады, халықаралық келісімдер жасайды, халықаралық конференцияларға делегация жібереді, шетелдік үкіметтермен келіссөздер жүргізеді.

Үкімет басшысы мемлекет басшысы секілді арнайы өкілеттіліксіз жеке дара өзге мемлекеттермен кез келген мәселеге байланысты келіссөздер жүргізуге және кез келген мәселе бойынша халықаралық келісімдерге қол қоюға толық құқылы. Үкімет кез келген сыртқы саяси мәселеге байланысты мәлімдемелер жасай алады, сонымен қатар, басқа мемлекеттердің үкіметтеріне ноталар жіберіп, жолдаулар жасай алады. Конституцияға сәйкес үкімет мемлекеттің сыртқы саясатын жүзеге асыру бағытында іс-шаралар жасайды, мемлекеттің, шетелдердің және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен байланыстар орнатады, өкілділік жасайды, өз өкілеттілігінің шеңберінде халықаралық келісімдер жасайды, мемлекеттің халықаралық келісімдерге сәйкес міндеттерінің орындалуын қадағалайды, мемлекеттің мүдделерін шетелдердегі өз азаматтарының құқықтарын қорғайды және өзге де функцияларды атқарады.

Көптеген мемлекеттерде жұмыс жасайтын Конституциялық кеңестің қызметінде сыртқы саясат мәселелері айрықша рөл ойнайды. Еліміздің Конституциялық кеңесі елдің жоғарғы мемлекеттік органы ретінде халықаралық мәселелерді де қарастырады. Парламенттің қабылдаған және Президенттің қол қойған заңының (сыртқы саяси және сыртқы экономикалық қызмет мәселелері бойынша) еліміздің Конституциясына сәйкестігі мәселесін қарастырады. Сонымен қатар, Конституциялық кеңес «Конституцияға сәйкес Республиканың халықаралық келісімдерін ратификациялауға дейін де қарастырады». «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылған заңдар мен халықаралық келісімдерге қол қойылмай, жүзеге асырылмайды, яғни ратификацияланбайды».

Президент үшін өздерінің концептуалды ұсыныстарын Қауіпсіздік Кеңесі сияқты құрылым дайындайды. Қазақстан Республикасының Қауіпісіздік Кеңесі, ел Конституциясы бойынша Президент бастамасымен құрылған консултациялық-кеңесші орган. Конституциялық Кеңес - елде ұлттық қауіпсіздікті және қорғаныс қабілетін, мемелекеттік егемендік, тәуелсіздік пен территориялық тұтастықты, мемлекеттегі әлеуметтік-саяси тұрақтылықты сақтауға, конституциялық заңдарды және азамат бостандығын қорғауға көмектеседі. Конституциялық Кеңес мәжіліс кворумын қаматамасыз етуге қажет барлық мүшелердің дауыстарымен Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері қабылданады.

Сыртқы істер министрлігі. Сыртқы істер министрлігі мемлекеттің сыртқы қатынастары бойынша орталықтандырылған органы ретінде өзге мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен және халықаралық құқықтың басқа да субъектілермен қарым-қатынас жасауда мемлекеттің күнделікті сыртқы саяси қызметін жүзеге асыруда жауапты институт.

Оның міндеттері мен жекелей жауапкершілігі, өкілеттілік көлемі, құзыры әр мемлекетте қалыптасқан жүйеге тәуелді. Сыртқы істер министрлігі іс жүзінде әлемнің барлық мемлекеттерінде қызмет етеді. Бірақ олардың атаулары әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы, АҚШ-та мемлекеттік департамент, Швейцарияда саяси департамент, Ливияда Сыртқы байланыстар бойынша халықтық бюро, Аргентинада сыртқы қатынастар және культ министрлігі, Ұлыбританияда Форин оффис, Францияда Кe д’Oрсэ. Титулдар: АҚШ-та мемлекеттік хатшы, Ұлыбританияда сыртқы істер және достастық істері бойынша мемлекеттік хатшы.

Сыртқы істер министрлігінің негізгі функциялары:

1. Өз елінің халықаралық сахнадағы өзге мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы саяси-экономикалық, құқықтық және өзге де мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету;

2. Шет мемлекеттегі өз азаматтары мен заңдық тұлғаларының мүдделері мен құқықтарын қорғау;

3. Шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ресми байланыстарды жүзеге асыру;

4. Өзге елдердегі өз дипломатиялық және консулдық өкілдіктерінің жұмысына жетекшілік ету;

5. Өз елінің территориясында орналасқан шетелдік дипломатиялық және консулдық өкілдіктерімен ресми байланыстарды жүргізу;

6. Халықаралық ұйымдардың және конференциялардың жұмыстарына қатысу;

7. Шет мемлекеттермен келіссөздер жүргізу;

8. Үкіметтің нұсқауы бойынша халықаралық келісімдерді дайындау және жасау;

9. Халықаралық жағдайға шет мемлекеттегі ішкі саяси-экономикалық ахуалға талдау жасау;

10. Өз үкіметін мемлекеттен тыс жерлерде орын алып жатқан ооқиғалардан ақпаратпен қамтамасыз ету;

11. Өз үкіметіне сыртқы саяси іс-шараларды жүргізуге байланысты ұсыныстар жасау.

Сыртқы істер ведомствасы өз функцияларын атқару барысында өз үкіметінің атынан әрекет жасайды. Сондықтан, сыртқы істер министрлігінің жасаған мәлімдемелері, ноталары, ұсыныстары және өзге де актілері құқықтық тұрғыдан үкіметтің атынан жасалынған іс-әрекет ретінде қарастырылады.

Сыртқы істер министрлігінің құрылымы оның атқаратын функцияларына байланысты болып келеді.

Сыртқы істер министрлігін министр басқарады. Оның негізгі міндеті өз мемлекетінің сыртқы сясатын жүзеге асыру және оның халықаралық істеріне жетекшілік ету. Ол өз міндеттерін орынбасарларының (вице-министрлер), министрліктің тұрақты құрамының, шетелдердегі өз миссияларының, сонымен қатар, өз мемлекетінің территориясында орналасқан шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің көмегімен жүзеге асырады.

Министрлікті Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Министр басқарады.

Министрдің оның ұсынысы бойынша және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасарлары, оның ішінде бір бірінші орынбасары болады.

Министр Министрліктің жұмысына басшылық жасайды және Министрлікке жүктелген міндеттерді орындау мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін жеке жауаптылықта болады.

Министрдің өкілеттіктері:

1) өз құзыреті шегінде шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынаста Қазақстан Республикасын білдіреді;

2) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Министрлікті білдіреді;

3) өзінің орынбасарлары мен Министрліктің құрылымдық бөлімшелері басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді;

4) еңбек қатынастарының мәселелері Министрдің құзыретіне жатқызылған дипломатиялық қызмет персоналын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

5) еңбек қатынастарының мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған персоналды, сондай-ақ жауапты хатшыны қоспағанда, заңнамада белгіленген тәртіппен дипломатиялық қызмет персоналын көтермелейді және тәртіптік жаза қолданады;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын жауапты хатшы Министрлік аппаратын басқарады.

Үкіметтің, Министрдің орнынан түсуі жауапты хатшының өкілеттіктерін тоқтатуға әкеп соқпайды. Жауапты хатшы Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне және Министрге есеп береді.

Жауапты хатшының өкілеттіктері:

1) Министр қалыптастыратын саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді, Министрдің актілері мен тапсырмаларын орындайды;

2) Министрлік аппаратына басшылық етеді: оның бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

3) Министрлік қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдастыру-құқықтық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етеді;

4) Министрмен келісілген соң Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Министрліктің штаттық саны шегінде Министрліктің, ведомствоның құрылымын және штаттық санын бекітеді;

5) Министрмен келіскеннен кейін Министрліктің құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;

6) Министрліктің тәртіптік, аттестациялық және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады, орындаушылық және еңбек тәртібін, кадр қызметі мен құжат айналымын ұйымдастыруды бақылайды;

7) Министрліктің қызметін қамтамасыз ету мақсатында және өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін мемлекеттік сатып алулар өткізуді ұйымдастырады;

8) Министрмен келісілген соң Министрліктің департаменттері және басқармаларының басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

9) ведомство басшысы тағайындау үшін ұсынатын ведомство басшысының орынбасарын Министрдің тағайындауын келіседі;

10) Министрдің келісім бойынша Министрліктің қызметкерлерін іссапарға жіберу, демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемақылар төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;

11) еңбек қатынастарының мәселелері Министрдің және басқа да жоғары тұрған мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған персоналды қоспағанда, Министрдің келісімі бойынша дипломатиялық қызмет персоналының тәртіптік жауапкершілік мәселелерін шешеді;

12) Министрліктің Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Министр бекітетін стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын әзірлеуді қамтамасыз етеді;

13) Министрліктің жыл сайынғы жұмыс жоспарын және Министрліктің қызметінің нәтижелері туралы жыл сайынғы есепті әзірлеуді қамтамасыз етеді және Министрге бекітуге ұсынады;

14) Министрліктің бюджеттік өтінімін дайындауды, бюджеттік өтінімді Республикалық бюджеттік комиссиясының қарауына енгізетін Министрге ұсынуды, сондай-ақ бюджет процесінің өзге де рәсімдерін орындауды қамтамасыз етеді;

15) Министрдің келісімінен кейін Министрлікті қаржыландыру жоспарларын және қаржылық есептілігін әзірлеуді қамтамасыз етеді және бекітеді;

16) мемлекеттік қызмет көрсетудің регламенттері мен стандарттарын әзірлеуді ұйымдастырады;

17) Министрліктің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді ұйымдастырады;

18) Министрлікке келісуге түскен нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша қорытындылар дайындауды ұйымдастырады;

19) өз өкілеттіктері шегінде мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара қатынастарда Министрлікті білдіреді;

20) еңбек қатынастарының жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жататын персоналды қоспағанда, Министрліктің персоналын лауазымдарға тағайындайды және босатады;

21) Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жауапты хатшыға жүктеген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Сыртқы істер министрлігінің құрылымы.

Министрлік әдетте, түрлі бөлімдерден, басқармалардан және департаменттерден тұрады. Олардың бірінші түрі – оперативті-дипломатиялық, территориялық бөлімдер. Олардың әр қайсысы нақты мемлекетпен немесе аймақпен айналысады. Екінші түрі – оперативті-дипломатиялық, функционалды бөлімдер, басқармалар, департаменттер. Олардың қызметі нақты бір елмен немесе аймақпен шектелмей, бүкіл әлемді қамтиды. Олар нақты мәселелермен айналысады. Мысалы, құқықтық, тарихи-құжаттық, халықаралық ұйымдар, консулдық, мемлекеттік хаттама, ақпарат және баспасөз т.б. Үшінші түрі - әкімшілік-техникалық бөлімдер мен басқармалар. Бұлар шаруашылық, әкімшілік және қаржы мәселелерімен айналысады.

Министрліктің негізгі бөлімдері мен департаменттері.

1. саяси бөлім – негізінен аймақтық мәселелермен айналысады. Мысалы, Латын Америкасы, Еуропа, Таяу Шығыс, Шығыс Азия, Солтүстік Америка, Орта-Шығыс, Оңтүстік Азия, ТМД, Австралия және т.б.;

2. Біріккен Ұлттар Ұйымы бөлімі;

3. Басқа да халықаралық және аймақтық ұйымдар бөлімі;

4. Келісім-шарт бөлімі;

5. Құқықтық бөлім – барлық халықаралық құжаттармен және халықаралық құқық мәселелерімен айналысады. Сонымен қатар, ол сыртқы және ішкі мәселелер бойынша кеңестер бере алады;

6. Хаттама (протокол) бөлімі – артықшылықтар, иммунитеттер және рәсімділік мәселелер бойынша шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшыларымен қарым-қатынасқа, сондай-ақ конференциялар мен халықаралық кездесулер ұйымдастыруға, шетелдік меймандарды қабылдауға тікелей жауапты;

7. Сауда және экономикалық қатынастар бөлімі;

8. Мәдени қатынастар бөлімі;

9. Қарусыздану мәселесі бойынша бөлімі;

10. Баспасөз, бұқаралық ақпарат құралдары және ақпарат бөлімі;

11. Ғылыми бөлім;

12. Кадрлар бөлімі;

13. Қамтамасыз ету бөлімі;

14. Консулдық қатынастар бөлімі;

15. Әкімшілік, коммуникация және қауіпсіздік бөлімі;

16. Мұрағаттар және кітапхана бөлімі.

Мемлекеттің шетелдерде орналасқан сыртқы қатынастар органдары екі топтан тұрады:

1. тұрақты;

2. уақытша.

Біріншісіне, дипломатиялық өкілдіктер консулдық мекемелер, сауда өкілдіктері және халықаралық ұйымдар жанындағы миссиялар жатады. Екіншісіне, халықаралық конференциялардағы, кеңестердегі, конгресстердегі, саммиттердегі мемлекеттің делегациялары, сонымен қатар, арнайы миссиялар жатады.

Студенттердің өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Сыртқы қатынастар органдары туралы жалпы түсінік?

2. Сыртқы қатынастар органдарының түрлері?

3. Сыртқы қатынастардың мемлекеттің ішіндегі органдар?

4. Шетелдерде орналасқан органдар?

5. Жалпы құзырға ие органдар?

6. Мемлекет басшысының сыртқы саяси функциялары мен өкілеттіктері?

7. Үкімет басшысының сыртқы саяси функциялары мен өкілеттіктері?

8. Сыртқы істер министрінің сыртқы саяси функциялары мен өкілеттіктері?

9. Заң шығару органының сыртқы саяси функциялары мен өкілеттіктері?

10. Сыртқы істер министрлігінің маңызы?

11. Сыртқы істер министрлігінің функциялары мен құрылымы?

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]