Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Оқулық_ДиКС.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
822.27 Кб
Скачать

14 Көпжақты дипломатия және қазіргі кездегі дипломатияның конференциалды формасы

14.1 Көпжақты дипломатия дипломатиялық тәжiрибенi дамытудың компонентi ретiндегі маңызы

14.2 Көпжақты ынтымақтастықтың ұйымдық формалары

14.3 Халықаралық конференция түсiнiгi

14.4 Халықаралық конференциялардың жұмыс тәртiбi

14.5 Конференциялардағы дипломатиялық жұмыстың түрлерi

14.6 Конференцияны өткізудің парктикасы мен процедурасы

14.7 Конференцияны басқару (үйлестіру)

14.8 Конференцияның дипломатиясы

Халықаралық келіссөздер ең алдымен ортақ келісімдерге қол жеткізудегі дипломатияның ерекше формасы саналады. Егер бұл екі жақты келісөздер сипатында өтсе, онда оған конференциялық сипат берудің қажеті жоқ. Жалпы алғанда, көпжақты келіссөздер ресми конференция деңгейінде өткізіледі. Мемлекетаралық қатынастардың және олардың арасындағы мәселелердің жаһандық сипат алуымен халықаралық және дипломатиялық конференцияларды өткізу дәстүрге айналды.

Конференцияның процедурасы мен практикасы, оны басқару, ұйымдастыру мен дипломатиясы мәселелерін жан-жақты зерттеуге Джон Кауфманның «Конференция дипломатиясы» еңбегі арналған. Конференцияларды өткізудің практикасы мен процедурасы ең алдымен мүмкіндігінше оң нәтижеге қол жеткізуге және конференцияның барлық қатысушыларының мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған жалпы қабылданған ережелерге қатысты.Ал конференцияның дипломатиясы өз еліне неғұрлым көп пайда алып келуге ұмтылып отырған нақты делегаттың білімі мен тәжірибесіне көңіл бөледі. Конференция сәтті аяқталуы үшін оның төрағасынан немесе президентінен жоғарғы дипломатиялық тәжірибе мен қабілеттілік талап етіледі. Ол конференцияның проктикасы мен процедурасын, сонымен қатар оны басқару өнерін жақсы білуі тиіс.

Халықаралық конференцияларды төмендегі қағидалар бойынша жіктеуге болды:

1. Екіжақты немесе көпжақты;

2. Бір немесе бірнеше мәселеге арналған;

3. Арнайы (ad hoc) немесе әдеттегі;

4. Тұрақты хатшылығы бар немесе онсыз.

Мақсаттарына сәйкес халықаралық конференцияларды төмендегідей жіктеуге болады:

1) бір немесе бірнеше мәселелерді ортақ талқылау мақсатындағы форум;

2) үкіметтерге немесе халықаралық ұйымдарға міндетті емес ұсыныстарды дайындау;

3) үкіметтер үшін міндетті шешімді шығару;

4) үкіметаралық ұйымның хатшылығының қызметін анықтайтын шешім шығару немесе нұсқауларды дайындау;

5) келісімдерді және өзге де ресми халықаралық құжаттарды талқылау және дайындау;

6) халықаралық деңгейде ақпарат алмасуды қамтамасыз ету, мәселен, БҰҰ-ның атомды бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі Конференциясы;

7) халықаралық бағдарламаларға ерікті түрде қаржы құюға қол жеткізу, мәселен, БҰҰ-ның босқындар істері жөніндегі комиссияға, Азық-түлікпен қамтамасыз етудің бүкіл әлемдік бағдарламасы және т.б.

Конференцияларды өткізудің практикасы мен процедурасы

Кез келген ресми конференция бірқатар жазбаша ережелер негізінде жұмыс істеуі тиіс. Олар қатысушылардың қызметін бағыттап, анықтайды, сонымен қатар, конференция төрағасы қандай да бір мәселеге байланысты күмән немесе келіспеушілік туындай қалса олардың көмегіне жүгінеді. Мұндай жазбаша ережелер бұдан бұрынғы сессияларда қабылдануы тиіс және кейінгі өтетін сессиялаарда оларды басшылыққа алуы қажет немесе жазбаша ереженің жаңа жобасы жаңа конференцияның қарауына және бекітілуіне берілуі қажет. Мұндай жағдайда ереже жоба түрінде алдын ала таратылады. Онда конференцияның өтетін уақыты және жері көрсетіледі.

Күн тәртібі

Конференцияның күн тәртібіне әдетте қаралстырылу ретіне қарай талқыланатын мәселелер енгізіледі. Жоба немесе алдын ала белгіленген күн тәртібі негізінен комиссия мүшелерінің немесе конференция хатшылығының тарапынан дайындалады. Қатысушылар талқылануға ұсынылған мәселелермен толық танысуы үшін күн тәртібі мәселелері конференция басталғанға дейін таратылуы қажет. Осылайша, күн тәртібіне енгізілетін мәселелер алдын ала конференция хатшылығына немесе комиссия мүшелеріне бағытталуы тиіс. Өз кезегінде олар күн тәртібіндегі мәселелерді өңдеп, қатысушыларды хабардар етуге үлгеруі тиіс. Кейбір конференциялардың аясында (мәселен, БҰҰ-ның Бас ассамблеясы) күн тәртібіндегі жекелей пункттерді түсіндіретін түсіндіру меморандумы мідетті түрде таратылады.

Делегациялар құрамы

Делегацияның құрамын анықтау барысында процедуралардың ережелері басшылыққа алынады. БҰҰ өкілдерді (бестен аспайтын) немесе балама өкілдерді (бестен аспайтын) және осындай құрамдағы қажетті кеңесшілер мен эксперттерді мойындайды.

Сенім грамоталары

Сенім грамотасы – бұл қандай да бір тұлғаның конференцияға қатысуға өкілетті екендігін куәләндыратын құжат. Ережеге сәйкес арнайы комиссия грамотаның шынайылығы мен түпнұсқалығын тексеріп, оның нәтижесін пленарлы мәжілісте баяндайды. Сенім грамоталары тиісті мемлекеттік органдар тарапынан беріледі және конференцияларды өткізу процедурасының ережелеріне сәйкес келуі қажет. Толыққанды өкілеттілік нақты жағдайларда талап етіледі. Мәселен, қандай да бір келісімнің мәтініне қол қою кезінде.

Бақылаушылар

Бақылаушыларды конференцияға жіберу және олардың статусы ең алдымен конференция процедурасының ережесіне тәуелді. Алайда, Қандай жағдай болмасын олар дауыс беру құқығын иеленбейді. Дегенмен, БҰҰ Бас ассамблеясында бақылаушылар мәселені талқылауға қатыстырылуы мүмкін, ал Қауіпсіздік кеңесінде әдеттегі процедура басшылыққа алынады.

Ресми және жұмыс тілдері

Ресми тілдер деп мәтіндер мен резолюциялар жарияланатын, пікір-таластар ұйымдастырылатын тілдерді айтады. Жұмыс тілдері пікір-таластарда және конфренцияға қатысушылардың тілінен немесе тіліне аударған кезде қолданылады.

Жариялылық және ашықтылық

Конференциялар негізгі үш категориядан тұрады:

1. Қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары үшін толық ашық;

2. Толық жабық. Қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары тиісті ақпаратты конференция қатысушалары қабылдаған коммюнике арқылы ғана біле алады.

3. Қатысушыларының саны шектеулі конференциялар. Қоғам мен журналистер болып жатқан жағдайлар туралы ақпаратты қатысушылардан, яғни олардың өткізген баспасөз-конференцияларынан, телеинтервьюлерінен немесе өзге де жолдармен алады.

Хаттамалық жазбалар

Кез келген конференцияға қойылатын негізгі талаптардың бірі – шешімдердің қабылдануы немесе қабылданбауы деген мәселеге қатысты толық ашықтылықтың болуы. Осы мақсатта конференцияны өткізу мен қол жеткізілген келісімдер бойынша хаттамалық жазбалары түпнұсқасында сақталынады. Ал конференцияға қатысушылар олардың дұрыстығын растауы қажет. Бұл жазбалар негізгі үш категорияға бөлінеді:

1. Стенографиялық есеп (қолдан немесе аудижазбаға жазылған);

2. Арнайы баяндамашының бақылауымен әдетте хатшылық дайындайтын қорытынды есеп;

3. келісімдер мен резолюциялар мәтіні.

Жалпы қабылданған ережеге сәйкес конференцияға қатысушылар қабылданған құжаттың мазмұндық жағын жетілдіру үшін оған шағын ғана өзгерістер енгізуге құқылы.

Қатысушылардың құқығы

Қатысушылардың құқығы мен олардың іс-қимылының шектеулі сипаты әдетте процедуралық ережеде алдын-ала белгіленеді. Егер конференция төрағасы қанағаттанарлық нәтижеге қол жеткізу үшін және конференцияның дұрыс жұмыс істеуі үшін қажет деп тапса, онда оған өзгерістер енгізе алады. Әдетте бұл ережеге мыналар кіреді:

1. Әр мәселе талқыланған кезде бір мәрте сөз сөйлеу құқығы;

2. Қарсылық білдіру құқығы (егер қатысушылардың бірінің сөйлеген сөзі мен пікірі орынсыз немесе намысқа тию деп бағаланса);

3. Процедуралық ұсыныс жасау құқығы (бұл мәжіліс өткізудің әдісі ретінде қарастырылады және конференция төрағасы оны міндетті түрде дауысқа салуы қажет);

4. Қандай да бір қатысушының сөйлеген сөзі мен пікіріне жауап беру құқығы.

Ұсыныстар жасау және шешім қабылдау

Конференцияда шешім әдетте қатысушылардың бірінің немесе бірнешеуінің қарауына берілген жазбаша ұсыныстар арқылы қабылданады. Ұсыныстар резолюция жобасы ретінде қарастырылады. БҰҰ-да ол негізінен преамбула және жұмыс бөлігі формасына ие болады. Жалпы қабылданған ереже бойынша жалпы қарау мен талқылауға түсіндіру меморандумы берілуі қажет.

Резолюция жобасына енгізілетін өзгертулер мен шағын өзгертулер (олар кейін қайтарылуы да мүмкін) дауыс беруге дейін берілуі мүмкін. Дауыс беруге ең алдымен шағын өзгертулер, содан кейін ғана өзгертулер берілуі қажет. Өзгертулер құжаттың негізгі мазмұнына қайшы келмеуі тиіс. Олардың негізінде құжат жобасының белгілі бір бөлігін толықтыруға, алып тастауға немесе қайта қарауға болады. Осы мәселеге қатысты шешім қабылдаудың себептерін қатысушылардың бірі оған дауыс беру кезеңінде ауызша түсіндіре алады.

Дауыс берудегі кворум және басымдылықты талап ету

Дауыс беру әдетте қатысушылардың басым бөлігінің дауыс беруі (яғни қатысушылардың жартысынан көбі) негізінде жүргізіледі. Кейбір жағдайларда (әсіресе, маңызды мәселелерді талқылау барысында) процедура ережесіне сәйкес қатысушылардың үштен екісінің дауысы қажет немесе шешім басым көпшілікке ие болу арқылы қабылданады.

Конференцияларда әр мемлекет әдетте бір дауысты иеленеді. Алайда Халықаралық еңбек ұйымы, Халықаралық валюта қоры секілді ұйымдарда (олардың процедураларының ережелері бойынша) қандай да бір елдің ұйымның жарғылық капиталына қатысу деңгейіне немесе қаржылай жарна құюының ауқымына негізделген дауыс беру ережесі қабылданған.

Процедура ережесі аясында екі түрлі кворум қабылданған:

1. Қатысулары дауыс беруге қажетті мүшелердің немесе қатысушылардың ең төменгі (минималды) саны;

2. Келіссөздерді бастауға қажетті мүшелердің немесе қатысушылардың ең төменгі (минималды) саны;

БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде дауыс беру қатысушылардың екі категориясы бойынша жүзеге асырылады: тұрақты және тұрақты емес мүшелер. Әр мемлекет бір дауыстан иеленетін Бас Ассамблеяда егер қандай да бір мәселеге байланысты дауыс теңдей екіге дауыстар екіге айырылса, онда дауыс беру 48 сағат ішінде өтуі тиіс келесі мәжіліске ауыстырылады, ал егер дауыс беру тағыда алдындағыдай қайталанатын болса, онда шешім қабылданбайды. Дегенмен, бұл процедура лауазымды тұлғаларды сайлауда қолданылмайды.

Дауыстарды санау мынадай әдістер арқылы жүзеге асырылады:

1. Қол көтеру арқылы;

2. Тізім арқылы;

3. Орнынан тұру немесе түймені басу арқылы;

4. Құпия дауыс беру немесе пошта арқылы дауыс беру негізінде.

Консенсус арқылы ұсыныстарды айқындау

Консенсус – латыншадан «consensus» – келісім, бірауыздан қолдау деген мағына береді. Ол ең алдымен дауыс бермей-ақ, түрлі позицияларды өзара табыстыру немесе келістіру арқылы шешім қабылдау процудрасын білдіреді. Қабылданған ережеге сәйкес әр жекелей ұсынысқа байланысты дауыс берудің қажеті жоқ (мәселен, конференцияны түскі асқа байланысты уақытша үзуге байланысты). Барлық қатысушылардың ашығуына байланысты төраға үзіліс жасау туралы ұсыныс жасайды. Бұл шешім резолюцияны қабылдамай-ақ дауыстардың консенсусына негізделеді. Ол төрағаның резолюцияны қабылдауға уақытты бөлудің қажеті жоқ деген ұсынысына негізделіп, көбіне процедуралық шешімдерге қатысты қолданылады.

Дауыстардың консенсусы жағдайында резолюция қабылдау негізінен ресми шешімдер категориясына жатқызылады. Ол ағымдағы және қайшылықты емес мәселелерді, сонымен қатар қатысушылардың азғантай бөлігі қарсы болған сұрақтарды (бірақ ашық дауыс беруге келгенде оз позицияларын жарияламауды жөн көреді) қарастыру барысында қолданылады. Консенсус термині «бір ауыздан қолдау» түсінігінің синонимі ретінде түрлі үкіметаралық ұйымдарда кеңінен қолданылуда. Оған сәйкес барлық делегаттар ұсынысты толық бекіткенге дейін өз көзқарастарын білдіре алғады және олар резолюция жобасын толық қолдамауы да ықтимал. Алайда барлық делегаттар оның дұрыстығына күмән келтірмеуді жөн көреді.

Шағын комитеттер және жұмысшы топтар

Мәселелердің түрлі аспектілерін қарастырып, содан кейін барлық есептерді бір пленарлы мәжілісте талқылау үшін конференциялар шағын комитеттер мен жұмысшы топтарына бөлінуі мүмкін. Шағын комитеттер және жұмысшы топтар арнайы мәселелер бойынша ұсыныстар жасаудың нәтижелі құралы бола алады. Егер конференциялар айтарлықтай ұзақ уақытта жиналатын болса, онда олар сессиялар арасында жұмыстарды үздіксіз жүргізудің құралы ретінде қарастырылады.

Лауазымды тұлғаларды сайлау

Президент, вице-президенттер және тиісті жағдайларда арнайы баяндамашы өз қызметіне сайлау арқылы (көптеген конференцияларда қабылданған жалпы норма) немесе ротациялық принципке сәйкес (мәселен, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасының ауысуына байланысты) кіріседі. Ad hoc конференцияларда конференцияны өткізуші елдің өкілі әдетте уақытша төраға міндетін атқарады.

Мәжіліс, хаттама, ағалық рет

Екіжақты конференцияларда негізінен әдеттегі дипломатиялық хаттама жүргізілді. Көпжақты конференцияларда ағалық рет елдердің алфавиттік тәртібіне (не ағылшын немесе француз тілдері негізінде) сәйкес жүзеге асырылады. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында ағалық рет алфавиттік тәртіп бойынша бір сессиядан екіншісіне өткен уақытта өзгеріп отырады.

Конференцияны басқару, төрағалық етуші тұлғалардың рөлі

Конференция төрағасы мен футболдағы реферидің рөлдері арасында ұқсастықтар бар. Екеуіне де іс жүзінде бірдей міндет жүктелген, яғни неғұрлым көп пайда табуды көздейтін кәсіби ойыншылардың амалдар мен әдіс-тәсілдерді қолдануына бақылау жасау. Төраға ақылға қонымды белгілі уақыттың шеңберінде ойынның ережеге сәйкес жүріп жатқанына және ақтық шешім барлық қатысушылардың мүдделеріне жауап беретініне кепілдік беруі керек. Оның қолында ережелер жазылған кітап болады (процедуралар ережесі). Алайда егер төрағаның өзінің барлық тәжірибесі мен дипломатиялық қабілетін қолдана отырып барлық қатысушыларды өз шешімдеріне бағындырып, қабылдаттыра алмаса, олардың мүдделеріне жауап беретініне көндіре алмаса теоректикалық тұрғыдан жетекші саналатын оның өкілеттілігі маңызынан айырылып, пайдасыз болып қалады. Конференция төрағасына да, футбол рефериіне де әділ болу, ережені білу, көрегенділік, жағдай мен уақытты сезіну, сабырлық пен ұстамдылық қасиеттері қажет.

Төрағаның функциялары екі категориядан тұрады: процедуралық және негізгі.

І. Процедуралық функциялар

а) Конференцияны ашу, жабу және олардың арасында үзілістер жариялау;

ә) Өкілдерді мінбеге (трибуна) шақыру;

б) Ережеге сәйкес, егер қажет болса немесе талап етілсе сөз сөйлеулерді уақыт бойынша шектеу;

в) Конференцияның ережесі мен процедурасын сақтау мәселесіне байланысты шешім қабылдау;

г) Қатысушыларды орынсыз ескертпелерді жасамауға шақыру;

д) Конференция жұмысының әдеттегі режимде өтуін қамтамасыз ету.

ІІ. Негізгі функциялар

а) Қатысушылар төрағаның қарауына беретін (мәселен, елді немесе жаңа комиссия мүшесін таңдау) арнайы функцияларды беру;

ә) Конференцияның мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік беретін делдал рөлін атқару.

Өз кезегінде бұл функциялар мынадай формаларға ие болуы мүмкін:

1. Бейресми талқылаулар мен пірік-таластарға қажетті уақыт бөлу;

2. Төраға қатыспайтын бейресми пірік-таластарды ұйымдастыруға мұрындық болу;

3. Тығырықты жағдайдан жол табу мақсатында түрлі өкілдер арасында пірік-таластар ұйымдастыру;

4. Егер төраға барлығы үшін тығырықты жағдайдан шығудың қанағаттанарлық жолын тапса, жекелей өкілдер арасында пікір-таластардың өтуіне қолғабыс жасау.

Құрамына айтарлықтай ауқымды қатысушыларды (мемлекеттер) енгізген ұйымдардың халықаралық қатынастарға ықпалының артуы ең алдымен төраға үшін неғұрлым белсенді рөл ойнау қажеттілігі мен мүмкіндігін беруді қажет етіп отыр. Делегаттар өздерін немесе өкілділік ететін елді жарнамалау үшін емес, ортақ шешімді табу мақсатында жиналады. Олардың барлығы қандай да бір тараптың мүддесін қанағаттандыра бермегенімен, жалпы ұйым мен оның барық мүшелері үшін дұрыс шешімді шығаруға тырысады. Делегаттар позитивті дипломатияны қолдануға әрекет етеді, ал төраға осы мақсаттарды біле отырып, резолюция жобаларын барлығының қарауына беруде үлкен мүмкіндікті иеленеді және «электронды редактордың» арқасында ақтық нұсқасы жасалынғанға дейін түзетілген бірқатар жобаларды қарауына мүмкіндік туады.

Хатшылық

Хатшылық конференцияға әкімшілік тұрғыдан қолдау көрсетеді. Ол тек төраға мен қатысушыларға жәрдемдесіп қана қоймай, сонымен бірге конференцияны дайындап, жабады. Егер хатшылық тұрақты болса, онда ол сессиялар арасында әкімшілік функцияларды атқарады және жетекші органның әдеттегі немесе арнайы директивасына сәйкес іс-әрекет жасап, атқарушы рөлде ойнай алады.

Өткізілетін орны белгілі болған конференцияның басталуына дейін хатшылық төмендегі міндеттерді атқаруы тиіс:

1. Шақыртуларды тарату;

2. Хаттамаларды дайындау;

3. Қабылдау;

4. Көлікпен қамтамасыз ету;

5. Жергілікті билікпен байланысты қамтамасыз ету;

6. Конференц-залды микрофонмен, қажетті деген қаламдармен, кофеге арналған кеселермен қамтамасыз ету;

7. Күн тәртібін және өзге де ілеспе құжаттарды, конференция процедурасының ережесін дайындау және тарату.

Конференцияны өткізу барысында хатшылық барлық әкімшілік жұмыстарды орындайды. Атап айтсақ, аудармашылармен қамтамасыз ету, төрағаның немесе процедура ережесі тарапынан анықталған мөлшерде есептер мен мәжілістердің хаттамаларын дайындау. Құжаттардың басым бөлігі, әсіресе резолюциялар жобалары мен өзге де шешімдер қатысушылардың қолында болуы қажет. Осыған орай машинисткалардың қызмет бүкіл жұмыс күні бойы ұйымдастыру талабы қойылады. Конференция аяқталған соң тазалықты қамтамасыз етуден бөлек, хатшылыққа негізгі екі міндет жүктеледі: 1. Қатысушылар шағын қателіктерді, орфоргафия мен грамматикадағы олқылықтарды түзетуге мүмкіндік алуы үшін есептерді (конференция хаттамаларын) жариялау. Олар бастапқы кезде жоба формасында шығарылады; 2. Конференцияда қабылданған түрлі шешімдерді орындау.

Негізінен хатшылық басшысы конференция өткізудің процедуралық ережелерінде белгіленген функцияларды орындайды. Бұл функцияларға тұрақты есеп беру, шығындардың тізімін жасау және хатшылықтың қызметкерлеріне қатысты өзге де міндеттер енгізілуі мүмкін.

Конференция дипломатиясы

Ортақ мәселелерді талқылау және барлық қатысушылар үшін тиімді шешімді іздестіру конференцияның негізгі мақсаты саналады. Бұл процесс негізінен дипломатияның дәстүрлі әдістерінің көмегімен жүзеге асырылады. Алайда көпжақты диплрматияның шапшаң дамуы алдымен Ұлттар Лигасының, содан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылуына, өз кезегінде ол халықаралық ұйымдардың, конференциялар мен комиссиялардың санының өсуіне алып келді, сонымен қатар дәстүрлі дипломатияға қосымша сипат беріп, яғни оған топпен дауыс беру феноменін енгізді. Сан мен бірлік қуатты күшке айналатындықтан және дауыс беруге құқы бар көптеген мемлекеттерде қажетті деген барлық мәселелерді зерттеуге мамандардың тапшы болуына орай қандай да бір топтың мүддесі көбіне жекелей ұлттық мүддеге қайшы келе бермейді. Оның үстіне ұлттық мүдделер айтарлықтай мығым болған жерде белгілі бір топтың мүддесі үстемдік етеді. Топпен дауыс беру жүйесі лауазымды тұлғаларды сайлауды алдын ала дайындаған кезде және қайшылықтарды тудырмайтын мәселелер бойынша ақпараттармен алмасу кезінде пайдалы болуы мүмкін. Осындай топтардың негізгі типтері мынадай болады: саяси және мәдени, экономикалық, аймақтық, экономикалық келісімдер арқылы өзара байланысты мемлекеттер.

Қазіргі кезеңде жетекші топтар ретінде төмендегілерді атасақ болады:

1. Африкалық топ;

2. Азиялық топ;

3. Еуропалық топ;

4. Араб елдерінің тобы;

5. 77 тобы (Африка, Латын Америкасы мен Азияның дамушы елдері, бүгінгі күні олардың саны жүзден асады);

6. Латын Американдық топ.

Сонымен қатар қазіргі кезеңде қандай да бір мәселе бойынша ортақ мүддені қорғау мақсатында ұйымдастырылатын арнайы топтар белсенді қызмет етуде. Мысалы, теңіз конференцияларын өткізу барысында біртұтас саяси және аймақтық топтың мүшелері белгілі бір мәселе төңірегіне топтасқан арнайы топтармен түрлі проблемалар бойынша қайшылыққа түсуі мүмкін.

Студенттердің өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. Көпжақты дипломатия дипломатиялық тәжiрибенi дамытудың компонентi ретiндегі маңызы?

2. Көпжақты ынтымақтастықтың ұйымдық формалары?

3. Халықаралық конференция түсiнiгi?

4. Халықаралық конференциялардың жұмыс тәртiбi?

5. Конференциялардағы дипломатиялық жұмыстың түрлерi?

6. Конференцияны өткізудің парктикасы мен процедурасы?

7. Конференцияны басқару (үйлестіру)?

8. Конференцияның дипломатиясы?