Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Оқулық_ДиКС.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
822.27 Кб
Скачать

13 Біріккен ұлттар ұйымының дипломатиялық қызметі

13.1 БҰҰ-ның құрылуы, мақсаттары және құрылымы

13.2 Бұұ дипломатиясы және оның ерекшеліктері

13.3 БҰҰ-ның бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы рөлі, превентивті дипломатия

13.4 Бұұ аясындағы дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер

13.5 БҰҰ-дағы дипломатиялық хаттама

13.6 БҰҰ-дағы ағалық рет

13.7 БҰҰ-ға мүше-мемлекеттер арасындағы ағалық рет

БҰҰ 1945 жылы 26 маусымда Сан-Франциско конференциясында 51 мемлекеттің оның жарғысына қол қоюы нәтижесінде құрылды. Жарғыда ұйымды құрушы мемлекеттердің түпкілікті мақсат-мүдделері көрініс тапты. Осылайша ауқымды өкілеттілікке ие қуатты ұйым дүниеге келді.

Бұдан бұрын Ялтадағы кездесу барысында Үлкен үштік БҰҰ-ны құру туралы жобаға өздерінің жетекшілігіне кепілдік беретін шарттарды енгізді. БҰҰ-ның алдындағы халықаралық универсалды ұйым - Ұлттар Лигасы бірауыздан шешім қабылдау принципі салдарынан қабілетсіз болып қалды. Жаңа универсалды ұйым ұлы державалардың директориясы, яғни вето құқығына ие Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері (АҚШ, КСРО, Біріккен Корольдік, Қытай және Франция) тарапынан басқарылады делінді. Бас Ассамблея демократияның халықаралық масштабта жүзеге асуының айқын көрінісі саналды. Онда тұрақты мүшелер өзара ынтымақтастық пен келісімді сақтай отырып, шектеулі билік өкілеттілігіне ие болады.

БҰҰ-ның ішкі құрылымы

Қауіпсіздік кеңесі

Тұрақты 5 мүшеден бөлек оған екі жылға сайланатын 10 тұрақты емес мүшелер де кіреді. 1946 жылы ол барлығы 11 мүшеден тұрды, ал 1966 жылдан кейін – 15 мүшеге жетті. Қауіпсіздік Кеңесі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мәселесінде шешуші рөлді ойнайды, мемлекеттерге белгілі бір міндеттерді жүктейтін резолюцияларды қабылдайды, сондай-ақ басым дауыспен белгілі дәржеде міндеттеу шешімдерін де қабылдай алады.

Бас Ассамблея

Орган барлық мүше-мемлекеттердің делегацияларынан тұрады (1946 жылы олардың саны 51 болды). Ол Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерін сайлайды және Ұйымға жаңа мүшелерді қабылдайды. Орган өте ауқымды өкілеттілікке ие. Бірақ ол тек «ұсыныстарды (recommandation)» қабылдау арқылы ғана іс-қимыл жасай алады. Өз кезегінде қабылданған ұсыныстарды мүше-мемлекеттердің басым бөлігі (үштен екісі) қолдап дауыс берген сәтте өз күшіне енеді. Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынысы бойынша Бас Ассамблея үйлестіруді жүзеге асыратын және маңызды саяси рөлді ойнай алатын Бас хатшыны тағайындайды (хатшылық Біріккен Ұлттар Ұйымының әкімшілік органы болып есептеледі). Кеңес-американ келісімі нәтижесінде бұл маңызды қызметке норвегиялық Тюргве Ли тағайындалды.

Отар территорияларды басқаруды бақылау үшін құрылған Қамқорлық кеңесі, Экономикалық және әлеуметтік кеңес, штаб-пәтері Гаагада орын тепкен Халықаралық сот секілді Біріккен Ұлттар Ұйымының өзге де органдары арнайы міндеттерді атқарады. БҰҰ-ның аясында Халықаралық валюта қоры, Халықаралық қайта құру және даму банкі, Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы, Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) секілді ондаған арнайы мекемелер қызмет етеді.

БҰҰ-ның Бас Хатшылары

Тюргве Ли (Норвегия) 1946 жылдың 2 ақпаны – 1952 жылдың 10 қарашасы.

Даг Хаммаршельд (Швеция) 1953 жылдың 31 наурызы – 1961 жылдың 18 қыркүйегі.

Ситху У Тан (Бирма) 1961 жылдың 3 қарашасы – 1971 жылдың 31 желтоқсаны.

Курт Вальдхайм (Австрия) 1972 жылдың 1 қаңтары – 1981 жылдың 31 желтоқсаны.

Хавьер Перес де Куэльяр (Перу) 1982 жылдың 1 қаңтары – 1991 жылдың 31 желтоқсаны.

Бутрос-Бутрос Гали (Египет) 1992 жылдың 1 қаңтары – 1997 жылдың 1 қаңтары.

Кофи Аннан (Гана) 1997 жылдың 1 қаңтары – 2007 жылдың 1 қаңтары.

Пан Ги Мун (Корея Республикасы) 2007 жылдан бері. Екінші мерзімге сайланды. Оның мерзімі 2017 жылы қаңтарда аяқталады.

БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес ұйым өз қызметінде келесі мақсатты көздейді:

- бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау;

- ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту;

- халықаралық мәселелерді шешуде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру мен адам құқығын құрметтеуді қолдау;

- осы мақсаттарға қол жеткізуде ұлттардың бірлесіп әрекет ететін орталығы болу.

БҰҰ дипломатиясындағы бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ең маңызды құралы бүгінгі күні ұйымның «бітімгершілік операциялары» мен жанжалдардың алдын алуға бағытталған «превентивті дипломатия» болып отыр. БҰҰ-ның бітімгершілік операциялары Ұйымның Жарғысына сәйкес Бас Ассамблеяның қабылдаған бірқатар резолюцияларына негізделеді. Дегенмен, БҰҰ Жарғысында мұндай сипаттағы операцияларды жүзеге асыру мәселесі қарастырылмаған. Осыған қарамастан Бас Ассамблея қандай да бір жанжалды реттеуге байлансты бітімгершілік миссияны жүзеге асыруды тұрақты түрде қарап отырады.

БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларын жүзеге асыру мыналарды білдіреді:

- Жанжалды зерттеу және табыстыру мақсатында жанжалдасушы тараптармен келіссөздер жүргізу;

- Қантөгісті тоқтату жөніндегі келісімнің орындалуын бақылап, тексеру;

- Гуманитарлық көмек көрсету;

- Заң мен тәртіптің қамтамасыз етілуін қадағалау;

- Жағдайға бақылау жасау.

Превентивті дипломатия БҰҰ-ның саясатындағы аса маңызды құрал болып табылады. Превентивті дипломатия - дегеніміз белгілі бір іс-шара жасалынғанға дейін немесе жанжалдың зорлық-зомбылық формасына ие болғанға дейін, олардың алдын алуға бағытталған дипломатиялық іс-әрекет. 1945 жылдан бері БҰҰ бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатында барлығы елуге жуық бітімгершілік операциясын жүргізген екен.

БҰҰ аясындағы дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер

Біріккен Ұлттар Ұйымының 1946 жылы 13 ақпанда қабылдаған «Артықшылықтар мен иммунитеттер туралы» Конвенциясының 5 бабында Ұйымның лауазымды тұлғаларының құқықтық мәртебесі бекітілген.

БҰҰ-ның Бас хатшысына және оның орынбасарына, сонымен қатар олардың отбасы мүшелеріне АҚШ үкіметі тарапынан елшілер мен олардың отбасы мүшелеріне берілетін дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер, жеңілдіктер беріледі. Өзге лауазымды тұлғалар келесі иммунитеттерді пайдаланады:

1) өз функциясын орындау барысында жасалынатын барлық ресми іс-әрекеттерге қатысты;

2) Ұйым оларға еңбектері үшін төлейтін айлықтары мен сыйақыларына салынатын барлық салық түрлерінен босатылады;

3) мемлекеттің барлық қызметтік міндеттерінен бостау;

4) шетелдіктердің келуіне қатысты барлық шарттардан бостау;

5) бірдей рангтегі дипломаттарға берілетін валютаға қатысты жеңілдіктерді иелену;

6) халықаралық дағдарыс немесе шиеленіс туындауына байланысты дипломаттарға берілетін репатрация бойынша жеңілдіктерді иеленеді;

7) тиісті елде өз қызметіне кіріскеннен кейін үй жиһаздары мен мүліктерін салықсыз енгізу құқығын иелену.

БҰҰ-ның Бас хатшысы Ұйымның қандай да бір лауазымды тұлғасына иммунитетті беруден бас тарту құқығын иеленеді. Оның пікірінше мұндай иммунитеттер әділеттілікті орнатуға және тиісті тұлғаны жазаға тартуға кедергі келтірсе, кез келген тұлғаны осындай құқықтарынан айыра алады.

БҰҰ-ның «Артықшылықтар мен иммунитеттер туралы» Конвенциясының 22 бөлімінің, 6 бабында Ұйым аясында эксперттер ретінде уақытша жалданған тұлғалар иеленетін арнайы иммунитеттер қарастырылған. Олар сипаты төмендегідей:

1) жеке басын тұтқындау мен ұстауға, жеке багажын тұтқындауға байланысты иммунитетті иеленеді;

2) өз ресми қызметтерін орындау барысында жасалынтаны барлық әрекеттерге (оның жазғандары мен айтқандарын қоса есептегенде) қатысты иммунитетті иеленеді. Бұл иммунитетті олар өз миссияларын аяқтағаннан кейін де иелене береді;

3) қағаздар мен құжаттардың жеке бас қауіпсіздігі (қол сұғылмаушылығы);

4) БҰҰ-мен қарым-қатынастар жасаула шифрлерді, курьерлерді және мөр басылған вализаларды қолдану құқығы;

5) уақытша ресми іссапар (командировака) кезінде өзге шетелдік өкілдерге берілетін ақша және валюта мәселесіне байланысты жеңілдіктер;

6) дипломатиялық өкілдерге берілетін жеке багажға қатысты иммунитеттер мен жеңілдіктер.

БҰҰ-ның Бас хатшысы лауазымды тұлғалармен қатар, егер қажет деп тапса уақытша жалданған эксперттер мен мамандарға қатысты иммуниттер мен жеңілдіктерден бас тарта алады.

Құрама Штаттар үкіметі БҰҰ Хатшылығының қызметкерлеріне, Нью-Йорктегі БҰҰ-ның Орталық мекемелерінде жұмыс істейтін тұлғаларға дипломатиялық жеке куәліктерін бермейді. Ал Швейцария үкіметі Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бөлімдерінің қызметкерлеріне мұндай куәліктерді береді.

Іссапар (командировка) бабымен сыртқа шығатын Біріккен Ұлттар Ұйымының лауазымды тұлғаларды БҰҰ жолдама құжатпен қамтамасыз етеді. Бұл құжат БҰҰ-ның «Артықшылықтар мен иммунитеттер туралы» жалпы Конвенциясына қосылған елдерде жүріп-тұруға мүмкіндік береді. Арнайы мамандандырылған мекемелер өз лауазымды қызметкерлеріне жоолдама құжат бере алады. Бірақ келісім бойынша оларға БҰҰ-ның куәлігі де берілуі мүмкін.

Түрлі елдердің салық органдары қабылдаушы мемлекеттің азаматтарының тікелей салықтардан босаталуы мүмкіндігі туралы мойындайды. Алайда АҚШ үкіметі өз азаматтарын салық төлеуден босатпайды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының артықшылықтар мен иммунитеттер туралы Конвенциясы, сонымен қатар штаб-пәтерлер жөніндегі келісім-шарттар заңдық тәртіптегі қиындықтарды шешу процедурасын белгілейді. Конвенцияның 4 бабында Ұйымға мүше-мемлекеттердің өкілдерінің, ақпараттық агенттіктердің эксперттері мен жұмысшыларының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен өзге де барлық тұлғалардың Орталық мекемелерге кіру мен шығуы туралы құқықтарын көрсетеді. Алайда осындай иммунитеттерді өз жеке басына пайдалана отырып, зиян келтіруге әрекет жасайтын шетелдік азаматтардың қызметін қарсы АҚШ-тың қоғамдық тәртібі мен ұлттық қауіпсіздігін қорғауға байланысты іс-шаралар жасалынады. АҚШ үкіметі мұндай келеңсіз жағдайларға қарсы күресу үшін ауқымды полицейлік шаралар қабылдаған.

Конвенцияның 5 бабында БҰҰ-ның Орталық мекемелерінің АҚШ үкіметімен келісімі нақты айқындалған. Онда Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы немесе арнайы мамандандырылған мекемелер жанындағы Вашингтонда аккредиттелінген дипломатиялық өкілдіктердің басшыларына Құрама Штаттар үкіметі беретін шексіз иммуниттерді пайдаланатын елші немесе өкілетті министр дәрежесіндегі басты тұрақты өкілдері мен дипломатиялық иммунитетті иелену құқығы тек БҰҰ-ны Бас хатшысы, АҚШ үкіметі және тиісті мүдделі үкімет арасында жасалынған келісім-шарт бойынша берілетін өкілдіктердің өзге де тұрақты мүшелері арасындағы айырмашылықтар көрсетіледі. Осының негізінде АҚШ үкіметі қандай да бір тұлғалардың дипломатиялық артықшылықтар мен иммуниттерді иелену құқығына қатысты белгілі бір талаптар мен шектеулерді орнату өкілеттілігін иеленеді. Осы шарттар негізінде олар АҚШ үкіметі жанында аккредиттелінген дипломаттарға берілетін артықшылықтар мен иммунитеттерді иеленуге толық құқылы.

Конвенцияның 5 бабына сәйкес кейбір ескертпелермен немесе алдын ала уағдаластыққа сәйкес дипломатиялық агенттердің артықшылықтары мен иммунитеттері АҚШ-та өкілділігі жоқ, бірақ американ үкіметінің жанында аккредиттелінген мындай мемлекеттердің өкілдеріне беріледі:

1) елші немесе өкілетті министр дәрежесіндегі барлық бас тұрақты өкілдерге;

2) тиісті деңгейде ерекше тізімге енгізілген өкілдіктің тұрақты мүшелеріне;

3) үкіметтердің елші немесе өкілетті министрі дәрежесінде арнайы мамандандырылған мекемелерге жұмысқа тағайындаған басты тұрақты өкілдерге немесе тұлғаларға;

4) тиісті деңгейде ерекше тізімге енгізілген арнайы мамандандырылған мекемелердің өзге де тұрақты өкілдеріне немесе олардың өкілдіктерінің тұрақты мүшелеріне.

Конвенцияның 6 және 7 баптарында БҰҰ-ның штаб-пәтеріннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне қатысты полицейлік іс-шаралар туралы егжей-тегжейлі айтылған. 8 бапта АҚШ үкіметі мен Ұйым арасында орын алған келіспеушіліктер мен дауларды реттеуге байланысты әдістер туралы айтылған. 9 бапта БҰҰ-ның Орталық мекемелерін басқа жақа ауыстыруға байланысты туындаған проблемаларға арналған.

Америка Құрама Штаттарымен штаб-пәтер бойынша жасалынған келісім-шартта американ үкіметі мойындамаған өкілге немесе мүше-мемлекеттің миссия персоналына қатысты мәселе ерекше ескертпемен айтылады. Осындай жағдайда АҚШ үкіметі берілген артықшылықтар мен иммунитеттерді БҰҰ-ның Орталық мекемелері, резиденциялары және кеңселерімен, егер олар Орталық мекемелерден тыс ауданда тұрса, онда осы аудан мен резиденция немесе жұмыс орны арасындағы жол шеңберінде, егер олар ресми іссапармен жүрсе, онда бағытталған ақырғы пункті немесе кейін қайту пунктімен шектеуге құқылы. Демек мұндай өкілдер немесе тұлғалар тек БҰҰ-ның мекемелері, мекемелері арасында жол жүру, ресми іссапар кезінде барып-қайтатын бағыт аясында ғана осындай артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдалана алады.

Штаб-пәтер бойынша Швейцариямен арада жасалынған келісім бұдан әлдеқайда жұмсақ болып келеді. Халықаралық ұйымдардың орналасуы Швейцария Конфедерациясы үшін де, Женева қаласы үшін үйреншікті нәрсе болып кеткендіктен, онда осы бағыттағы саяси дәстүрлер мен әкімшілік практика өз тамырын тереңге жайған.

1946 жылы 19 тамызда Швейцарияның Федералды кеңесі мен БҰҰ-ның Бас хатшысы арасында жасалынған Конвенция қалыптасқан дәстүрлердің рухына сәйкес келді. Оған сәйкес түрлі иммунитеттермен (ғимараттар мен мұрағаттардың қол сұғылмаушылығы, валюталарға қатысты жеңілдіктер, тікелей және жанама салықтардан босатылу, байланыс құралдарына қатысты жеңілдіктер т.с.с.) қатар БҰҰ-ның юрисдикциясына байланысты заңдық мәртебесі мен иммунитеттері мойындалды.

Бұдан бөлек арнайы формада (келісім-шарт, атқарушы шарт), немесе Швейцарияның Федералды кеңесі мен Женевада орналасқан БҰҰ-ның арнайы мамандандырылған мекемелері арасындағы хат алмасу негізінде келісім-шарттар жасалынды. Олар 1955 жылы Федералды кеңес екі заң қабылдағаннан кейін кодификацияланды. Кейбір ерекше ескерпелер негізінде оларға сәйкес БҰҰ жүйесіне кірмейтін үкіметаралық ұйымдарға жеңілдіктер мен артықшылықтар беру мәселесі қарастырылған.

БҰҰ-дағы дипломатиялық хаттама

БҰҰ-ның жарты ғасырдан астам тарихында дипломатиялық қызмет пен дипломатиялық хаттаманың белгілі дәстүрлері қалыптасты. Әсіресе жоғарғы мәртебелі шетелдік меймандарды қабылдаудағы дәстүрлердің маңызы зор. Ұйымның хаттамалық қызметкерлері Нью-Йоркке БҰҰ-ға мүше-мемлекеттердің тұрақты өкілдерінің келуіне байланысты барлық хаттамалық мәселелермен айналысады. Атап айтсақ, құжаттарды тіркеу, жеке куәліктерін беру, иммунитеттер және артықшылықтармен қамтамасыз ету, БҰҰ-дағы шетелдік миссиялар мен АҚШ өкілділігі арасында делдалдық жасау, БҰҰ Бас хатшысының іс-шараларын хаттамалық тұрғыдан қамтамасыз ету т.с.с.

БҰҰ Хаттамасының ең маңызды функцияларына мыналар жатады: Ұйым қатарына жаңа мүшені қабылдауды рәсімдеу; мемлекеттік туларды көтеру; жоғарғы мәртебелі қонақтарды күту, кездесу; жаңа тұрақты өкілге өкілеттіктерді тапсыруды ұйымдастыру; Бас Ассамблеяның мәжіліс залына елдердің делегацияларын орналастыру.

Мемлекет басшысының, үкімет басшысының, сыртқы істер министрінің іс-сапар бағдарламасын миссия басшысымен талапқа сәйкес келістіріп алғаннан кейін, БҰҰ Бас хатшысының бекітуіне беріледі. Мемлекет және үкімет басшысын әуежайдағы ұшақ алдында БҰҰ Бас хатшысының атынан Хаттама бөлімінің бастығы күтіп алады. Кездесуге қонақ елдің БҰҰ-дағы өкілі мен АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің хаттама бөлімінің өкілі қатысады.

БҰҰ штаб-пәтерінде мемлекет басшысын Бас хатшы күтіп алады. Осы салтанатты жағдайға орайластырылып БҰҰ-ның қауіпсіздік қызметінің өкілдерінен құралған құрметті қарауыл сап түзейді, қонақ елдің мемлекеттік туы мен БҰҰ-ның туы көтеріледі. Жоғарғы мәртебелі мейман Бас хатшының ертіп жүруімен сұхбаттасу үшін Бас хатшының кабинетіне немесе конференц-залға көтеріледі. Мемлекет басшысының құрметіне таңғы ас беріледі. Оған БҰҰ-ның лауазымды қызметкерлері, БҰҰ-ның мүше-мемлекеттерінің тұрақты өкілдері, өзге де ресми тұлғалар қатысады. Іс-сапар барысында мемлекет басшысының Бас хатшымен кездесуі әдетте ғимараттың 38 қабатындағы кабинетте өтеді. Пікір-талас барысында мемлекет басшысы күн тәртібіндегі сөйлейтін тұлғалардың тізіміне қарамастан бірінші сөйлеуге құқылы.

БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына келген Сыртқы істер министрлерін әуежайда Бас хатшының жеке өкілі күтіп алады.

БҰҰ-ның мүше-елдерінің тұрақты өкілдері Нью-Йоркке келгеннен кейін хаттама қызметінің басшысына жолығады. Сұхбат барысында өкілеттіліктің дұрыс рәсімделуі мен оларды Бас хатшыға тапсырудың ұсақ-түйектері талқыланып, анықталады. Белгіленген күні тұрақты өкіл БҰҰ ғимаратына келеді. Оны кіре берісте хаттама қызметінің басшысы күтіп алып, конферен-залға алып жүреді. Бас хатшы өкілеттілікті қабылдап, тұрақты өкілмен амандасып, сұхбаттасуға шақырады. Қысқа сұхбаттасудан кейін шампан бокалы беріледі.

БҰҰ қатарына жаңа мүше қабылданған кезде ғимарат алдында мемлекеттік туы салтанатты түрде көтеріледі. БҰҰ-ға мүше-мемлекеттердің тулары ағылшын әліпбиі бойынша ғимарт жақтан қарағанда оңнан солға қарай қатар-қатар орналасады. Тулар азанда көтеріледі және ымырт болған кезде түсіріледі.

Делегацияларды БҰҰ Бас Ассамблеясының мәжіліс залына жеребе бойынша оналастырылады. Ол жыл сайын Бас Ассамблеяның сессиясы қарсаңында өткізіледі және мәжілістің басынан соңына дейін әрекет етеді. Делегацияларды орналастыру жеребе бойынша бірінші болу бұйырған мемлекттен басталады. Бұған қоса дипломатиялық дәрежелері бірдейлер өз қызметіне кірісу уақытына қарай орналасады.

Делегация басшыларының дәрежесі бірдей болмаса да, олардың құқықтары бірдей болады және оларға бірдей құрмет көрсетіледі. Шетелдік делегацияның мүшелеріне дипломатиялық иммунитеттер мен артықшылықтар, жеке бас қауіпсіздігі, құжаттардың, жүктің, багаждың қол сұқпаушылығы, байланыс құралдарын пайдалану құқығы, шетелдік дипломаттарға берілетін өзге де жеңілдіктер беріледі.

БҰҰ-дағы ағалық рет

Әрбір мемлекет өз мүддесін және халықаралық практиканы, сыпайылықты ескере келе өз дипломатиялық хаттамасын жасайды. Дәл сол секілді Біріккен Ұлттар Ұйымы жалпы әлемдік мәжіліс орны ретінде мүше-мемлекеттердің абыройы мен мүддесіне еш қайшы келмейтін, барлық өкілдердің көңілінен шығатын ұйымның хаттамалық ережесін дайындауға және анықтауға айрықша көңіл бөледі. Халықаралық деңгейде мүше-мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың арасындағы ағалық рет мәселесіне қатысты қандай да бір ресми келісім-шарт жасалынбағандықтан, Біріккен Ұлттар Ұйымының Хаттамалық қызметіне қолдану барысында аса жұмсақтық пен сақтықты талап ететін ұйымның ерекше жүйесін дайындауға және кодификациялауға тура келді. Төменде қазір кең көлемде қолданылып жүрген практика туралы көрсетіледі. БҰҰ-ның аясында оның түрлі бөлімшелері, арнайы мамандандырылған мекемелері мен Хатшылық арасында жалпыға бірдей иерархиясы жасалынып, бір ізге түсірілген. Нью-Йорктегі БҰҰ-ның арнайы мамандандырылған мекемелерінің ағалық ретінің хронологиялық тәртібі өзгертілген және қазіргі уақытта ағалық реттің төмендегідей тәртібі қолданылады:

1. Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ);

2. Біріккен Ұлттардың азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы;

3. Ағартушылық, ғылым және мәдениет мәселелері бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО);

4. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы;

5. Халықаралық қайта құру және даму банкі;

6. Халықаралық қаржы корпорациясы;

7. Халықаралық даму ассоциациясы;

8. Халықаралық валюта қоры;

9. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы;

10. Бүкіләлемдік пошта одағы;

11. Халықаралық электрбайланыс одағы;

12. Бүкүләлемдік метеорологиялық ұйымы;

13. Үкіметаралық теңіз кеңесші ұйымы.

Хатшылыққа қатысты мынадай ереже қолданылады: Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысының орны хаттамада мұқият қаралады. Өйткені БҰҰ-ның бүкіл әлем бойынша жоғарғы мәртебесі мен беделі оған өзіне ерекше назар аударуды және айрықша құқықтар беруді талап етуге мүмікіндік береді. Осыған орай басты мәртебелі мейман ретінде қарастырылады, тиісінше оған хаттаманың шеңберінен тыс шығатын құрметтер көрсетіледі. Бұған ешкім де ренжімеуі де, наразы болмауы да керек.

Тұрақты өкілдермен салыстырғанда бірінші орын ешбір мәселесіз Бас хатшыға беріледі. Әдетте БҰҰ-ның Бас хатшысына премьер-министрге көрсетілетін құрмет пен сыйластық көрсетіледі. Алайда кейбір үкіметтер мемлекет басшыларын қабылдау кезінде көрсетілетін қосымша құрметті Бас хатшыға көрсету дәстүрін қалыптастырған.

Ереже бойынша әуежайда Бас хатшыны не премьер-министр, немесе оның орынбасары, егер мемлекет басшысы үкімет басшысының функциясын атқарса өзі, сыртқы істер министрі және сыртқы істер министрігінің хаттама қызметінің бастығы күтіп алады. Бас хатшыны күтіп алуға кей кездерде БҰҰ-ға мүше-мемлекеттердің дипломатиялық корпусының мүшелері, сонымен қатар қабылдап отырған мемлекеттің территориясында орналасқан БҰҰ-ның арнайы мамандандырылған мекемелерінің филиалдарының жоғарғы лауазымды тұлғалары да қатысады.

БҰҰ-ның Хатшылығының лауазымды тұлғаларына қатысты келесі ереже қолданылады. Бас хатшыдан кейін оның орынбасарлары мен ағалық рет бойынша үлкен қызметкерлер орналасады. Арнайы мамандандырылған мекемелердің Бас директорлары мен Бас хатшылары БҰҰ-ның Бас хатшысының орынбасарларының алдында жүреді.

Бірдей мәртебедегі лауазымды тұлғалар негізінен ағалыққа байланысты бірдей құқықты иеленеді. Алайда дәрежелері бірдей болғанына қарамастан Хатшылықтың лауазымды тұлғалары арнайы мамандандырылған мекемелердің лауазымды тұлғаларына қарағанда ағалық реті жоғары болады.

Ресми негізде шақырылатын немесе міндетті түрде әр тұлғаның жеке дәрежесін назарға алынатын қабылдауларда ағалық рет бойынша мәртебелі меймандар ағалық ретпен былайша орналасады:

1. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы;

2. Арнайы мамандандырылған мекемелердің Бас директорлары;

3. БҰҰ Бас хатшысының орынбасарлары мен олармен дәрежесі бірдей жоғары лауазымды тұлғалар аты-жөні бойынша әліпбилік ретпен;

4. Біріккен Ұлттар Ұйымының, Ұйым органдарының және арнайы мамандандырылған мекемелерінің лауазымды қызметкерлері дәрежелеріне сәйкес орналасады.

БҰҰ-ға мүше-мемлекеттер арасындағы ағалық рет

Халықаралық құқықта және БҰҰ-ның Жарғысы бойынша ең басты қағида ретінде мемлекеттердің теңдігі белгіленген. Оларға сәйкес барлық мемлекеттер күш-қуаты мен мүмкіндіктеріне қарамастан тәуелсіздікке ие және тең болып есептелінеді. Егер мемлекттердің өкілдерінің дәрежесі бірдей және бірдей функцияларды орындайтын болса, онда олар өз елдерінің әліпбилік атауы бойынша рет-ретімен орналасады. Бұл әліпбилік тәртіп Бас Ассамблея өз жұмысын бастаған уақытта әр жыл сайын өзгеріп отырады. Тұрақты өкілдіктер мүшелері де әліпбилік тәртіп бойынша орналасады. Егер өкілділік басшысы қандай да бір себептермен мәжіліске қатыса алмаса немесе іссапармен басқа жақа кетсе, оның орнын уақытша басқан тұлға бұл туралы өз уақытында тиісті орындарға хабарламаса, онда оған Уақытша сенімді өкіл ретінде ерекше орын берілмейді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының жұмысын Ассамблея мүшелері, Қауіпсіздік Кеңесі мен комиссиялар тікелей жүзеге асырады. Мүше-мемлекеттердің өкілдерінің арасындағы ағалық рет мына жағдайдарға байланысты өзгереді: Ұйымның ресми мәжілісіне; делегацияның жекелей мүшелерін орналастыруға; Хатшылықтың лауазымды тұлғалары т.с.с.

Бұл органдардың әрқайсысында мүше-мемлекеттердің өкілдеріне қатысты хаттама өзгеріп отырады. Үстел басына отырғызу негізінде өткізілетін қабылдауларда немесе жекелей сипаттағы қабылдауларда әр мейманның жеке дәрежесі, сондай-ақ БҰҰ-дағы ресми мәртебесі ескеріледі. Қандай да бір делегацияның өкілдері немесе мүшелері отырғызу негізіндегі қабылдауға бірмезетте бір немесе бірнеше мемлекеттердің өкілдерімен бірге шақырылған кезде елдердің ағылшын әліпбиі бойынша атауына байланысты үстел басына жайғасады. Ағалық реттің мұндай тәртібі рет-ретімен екінші, үшінші, содан кейін төртінші өкілдерге қатысты да қолданылады. Мұндай әр тұлғаның жеке дәрежесі олардың лауазымына байланысты ескеріледі.

Тұрақты өкілдіктер мен тұрақты миссиялар хаттамалық жағынан келгенде айтарлықтай проблеманы тудырады. Араларында елші дәрежесін иеленетін бірнеше тұлға болуы мүмкін миссиялардың сандық құрамы мен олардың персоналының мәртебесі аккредиттелінген дипломатиялық корпуспен байланысты проблемаға қарағанда әлдеқайда күрделі болып келеді.

Тұрақты өкілдіктердің басшылары егер ресми церемонияларға қатысатын болса, онда бірінші категорияны құрады және өздері өкілдік ететін елдердің ағылшын әліпбиі бойынша атауына байланысты рет-ретімен орналасады. Содан кейін БҰҰ-ның хаттамалық ережесіне сәйкес елшілерге теңестірілген БҰҰ Бас хатшысының орынбасарлары орналасады.

Көптеген тұрақты өкілдіктерде кеңесші функциясын атқаратын елші дәрежесіндегі тұлғалар жеткілікті. БҰҰ Бас хатшысының орынбасарлары олардың алдындағы орындарға орналасады. Кездесудің сипатына байланысты елші дәрежесін иеленбейтін делегация басшылары өзге делегациялардың құрамындағы екінші немесе үшінші елшілердің алдындағы орындарға жайғаспауы да мүмкін. Қабылдауды ұйымдастырушы тарап дипломаттарға қатысты хаттамалық қателіктер жіберіп алмас үшін алдын ала анықтама жасап, жобаны аса тыңғылықты дайындауы қажет. БҰҰ-ның жанында аккредиттелінген тұрақты дипломатиялық өкілдіктер осы ұйыммен қатынастарда шетелдік миссиялар ретінде қарастырылатындықтан, олардың мүшелері халықаралық сыпайлыққа сәйкес өздерімен бірдей дәрежеге ие Хатшылықтың лауазымды тұлғаларынан биік тұрады.

Осы негізде жалпы қабылданған халықаралық сыпайылық ережесіне сәйкес бірдей дәрежені иеленгеніне қарамастан, Хатшылықтың лауазымды тұлғаларына қарағанда дипломаттарға құрмет көрсетуге айрықша мән беріледі.

Студенттердің өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1. БҰҰ-ның құрылуы, мақсаттары және құрылымы?

2. БҰҰ дипломатиясы және оның ерекшеліктері?

3. БҰҰ-ның бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы рөлі?

4. БҰҰ-ның превентивті дипломатиясының мәні?

5. БҰҰ аясындағы дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер?

6. БҰҰ-дағы дипломатиялық хаттама?

7. БҰҰ-дағы ағалық рет?

8. БҰҰ-ға мүше-мемлекеттер арасындағы ағалық рет?

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]