
- •1 Дипломатиялық қатынастар
- •6 Сыртқы қатынастардың мемлекеттік органдары
- •7 Дипломатиялық өкілділік және халықаралық ұйымдар жанындағы миссиялар
- •9 Дипломатиялық хаттама (протокол)
- •Мемлекеттік церемониялар
- •1) Қарсы алу және кездесу (кездесу өткізу)
- •2) Келіссөздер, сұхбаттасулар, құжаттарға қол қою.
- •7) Театрға, концертке бару.
- •8) Елді аралау.
- •9) Естелік сыйлықтар.
- •10 Қонақжайлық ережелері және дипломатиялық қабылдаулар
- •11 Дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер
- •12 Дипломатиялық кадрлар, олардың жеке басының қасиеттері мен өнері
- •13 Біріккен ұлттар ұйымының дипломатиялық қызметі
- •13.2 Бұұ дипломатиясы және оның ерекшеліктері
- •13.4 Бұұ аясындағы дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттер
- •Бас Ассамблея
- •14 Көпжақты дипломатия және қазіргі кездегі дипломатияның конференциалды формасы
- •15 Келіссөздер дипломатияның құралы ретінде
1 Дипломатиялық қатынастар
1.1 Дипломатия туралы жалпы түсінік
1.2 Дипломатиялық қатынастарды орнату тәртібі
1.3 Тұрақты дипломатиялық миссияларды ашу
1.4 Дипломаттар мен елшілерді қызметке тағайындау тәртібі. Агреман
1.5 Мемлекеттің тәуелсіздігін тану тәртібі және оның жолдары
1.6 Сенім грамотасын және кері шақыру грамотасын тапсыру тәртібі
1.7 Дипломатиялық қатынастардың болмау мәселесі және оның шешілу жолдары
1.8 Дипломатиялық қатынастардың бәсеңдеуі немесе қайшылықты сипат алуы
1.9 Дипломатиялық миссия қызметкерлерінің «персона нон грата» ретінде жариялануы және оның себептері
Дипломатия – мемлекеттің сыртқы саясаты мен стратегиясын жүзеге асыратын құралдардың, әдіс-тәсілдердің, механизмдердің, айла-амалдардың жиынтығы.
Дипломатия – әскери емес практикалық әдістердің жиынтығы. Сонымен қатар мемлекет және үкімет басшыларының, сыртқы істер министрлігінің, сыртқы істер ведомстволарының, шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктердің және халықаралық конференциядағы миссиялардың мемлекеттердің сыртқы саяси мақсаттары мен мүдделерін жүзеге асыру, мемлекеттің және шетелдердегі оның мекемелері мен азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы ресми қызметі.
Дипломатия түсінігімен келіссөздер жүргізу өнерін өзара байланыстырады. Дипломатияның негізгі мақсаты – мемлекетаралық және халықаралық дау-жанжалдардың алдын алу және реттеу, өзара тиімді компромистер мен шешімдерді табу, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету.
Мемлекеттер арасында дипломатиялық қатынастар олардың үкіметтері арасындағы кез келген сипаттағы достастық байланыстар негізінде орнатылады. Бірақ тұрақты дипломатиялық қатынастардың болуы тек дипломатиялық миссиялар ашылған жағдайда мойындалады. Олар өзара келісім бойынша және миссияға жүктелетін функцияларды өзара анықтау негізінде орнатылады. 1961 жылы қабылданған «дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында» белгіленген бұл функциялар төмендегідей:
1) бағыттаушы мемлекеттің атынан қабылдаушы мемлекетте өкілдік етуі;
2) халықаралық заңдар аясында бағыттаушы мемлекеттің және оның азаматтарының қабылдаушы мемлекеттегі мүдделерін қорғау;
3) қабылдаушы мемлекеттің үкіметімен келіссөздер жүргізу;
4) заңды жолдармен қабылдаушы мемлекеттегі жағдайлар мен оқиғалар туралы ақпарат жинап, ол туралы өз мемлекетіне хабарлау;
5) екі мемлекет арасындағы достастық пен ынтымақтастықты дамыту.
Дипломатиялық функциялардан бөлек дипломатиялық миссияның қызметкерлері консулдық міндеттерді де атқара алады.
Дипломатиялық миссияның ашылуына рұқсат берген мемлекет бірқатар маңызды міндеттерді атқаруы тиіс: ол шет елдік дипломатиялық миссиялардың дұрыс әрі жүйелі түрде жұмыс істеуі үшін оларға қолайлы жағдайды қалыптастырып, ерекше артықшылықтар беруі қажет. Сондай-ақ ол миссияның қызметкерлеріне өз функцияларын ешқандай кедергісіз және қауіп-қатерсіз атқаруы үшін оларға жекелей артықшылықтар мен жеке бас қауіпсіздігін беруі қажет.
Халықаралық құқыққа сәйкес жаңа мемлекетті танудың екі түрі бар:
1) де факто; 2) де юре.
1. Де факто тұрғысынан мойындау толық сипатқа ие емес. Белгілі бір мемлекеттің үкіметі жаңа пайда болған мемлекеттің өмір сүру фактiсiн мойындағанымен, онымен тікелей дипломатиялық қатынастарды орнатпайды. Алайда онымен іскерлік байланыстарды орнатуға барады. Мәселен, сауда-саттық.
2. Де юре немесе толық дипломатиялық тұрғыдан мойындау ең алдымен дипломатиялық қатынастарды орнатуды өзара келісім бойынша дипломатялық өкілдіктермен алмасуды, сауда, экономикалық, мәдени және өзге салалардағы өзара тиімді байланыстарды дамытуды білдіреді.
Дипломатиялық хаттамада жаңа мемлекетті мойындаудың құжаттық рәсімделуінің келесі түрлері таралған: мемлекет және үкімет басшыларының мәлімдемелері, ноталар алмасу және т.б. Ноталардың өзі екіге бөлінеді: вербальды және вербальды емес. Мәселен, АҚШ-тың Кеңестік Ресейді де-юре түрінде мойындауы мен екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауы АҚШ президенті мен Кеңес Одағының Сыртқы істер жөніндегі халық комиссары арасында алмасқан нотада көрініс тапты.
АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ
КСРО СЫРТҚЫ ІСТЕР ХАЛЫҚ КОМИССАРЫ
М.М. ЛИТВИНОВКЕ НОТАСЫ
Ақ Үй, Вашингтон
16 қараша 1933 ж.
Құрметті Литвинов мырза,
Мен Сізге біздің өзара келіссөздер жүргізу нәтижесінде Құрама Штаттар Үкіметінің Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Үкіметімен толыққанды дипломатиялық қатынастарды орнату және Елшілермен алмасу туралы шешім қабылдағанын аса қуанышпен хабарлаймын.
Мен біздің халықтар арасында орнап отырған дипломатиялық қатынастар мәңгілікке толыққанды және достастық сипатта болатынына, бұдан былай біздің ұлттар өзара тиімділік пен бүкіл әлемдегі бейбітшілікті қорғау үшін ынтымақтасатынына кәміл сенемін.
Құрметті Литвинов мырзаға аса ілтипатпен
Франклин Д. Рузвельт
КСРО СЫРТҚЫ ІСТЕР ХАЛЫҚ КОМИССАРЫНЫҢ
АҚШ ПРЕЗИДЕНТІНЕ НОТАСЫ
Вашингтон
16 қараша 1933 ж.
Құрметті Президент мырза,
Мен Сізге Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Үкіметінің Құрама Штаттар Үкіметімен толыққанды дипломатиялық қатынастарды орнатуға және Елшілермен алмасуға аса қуанышты екенін хабарлағаныма шексіз бақыттымын.
Мен де біздің халықтар арасында орнап отырған дипломатиялық қатынастар мәңгілікке толыққанды және достастық сипатта болатынына, бұдан былай біздің ұлттар өзара тиімділік пен бүкіл әлемдегі бейбітшілікті қорғау үшін ынтымақтасатынына шексіз үміттенемін.
Құрметті Президент мырзаға аса ілтипатпен
Максим Литвинов
Кеңес Одағының Сыртқы істер жөніндегі
Халық комиссары
Кеңес Одағы мен Канада арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауы мен Москва мен Оттавада дипломатиялық өкілдіктердің ашылуы 1942 жылы 12 маусымда Лондонда Ұлыбританиядағы КСРО-ның Төтенше және Өкілетті Елшісі И.М. Майский мен Англиядағы Канаданың Жоғарғы Өкілі Мессей арасында жасалынған арнайы келісімде көрініс тапты.
КЕҢЕСТІК СОЦИАЛИСТІК РЕСПУБЛИКАЛАР ОДАҒЫ МЕН КАНАДА ҮКІМЕТІ АРАСЫНДАҒЫ КЕЛІСІМ
Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Үкіметі мен Канада Үкіметі төмендегілер бойынша келісті:
1. Екі үкімет тікелей дипломатиялық қатынастарды орнату мен өкілдермен алмасу туралы уағдаласты.
2. Бұл келісім қол қойғаннан кейін бірден өз күшіне енеді және ратификациялауды қажет етпейді.
3. Бұл келісім екі данада жасалынды, ағылшын және орыс тілдерінде. Екі мәтіннің күші бірдей.
Кеңестік Социалистік Англиядағы
Республикалар Одағының Канаданың
Төтенше және Жоғарғы Өкілі
Өкілетті Елшісі МЕССЕЙ
МАЙСКИЙ
Дипломатиялық практика мен тарихи тәжірибе дипломатиялық қатынастарды орнату мен елшілермен алмасу туралы келісімді құжаттық тұрғыдан ресімдеу болашақта қандай да бір түсініспеушіліктің туындауына жол бермейтінін көрсетеді.
Соңғы уақыттарда мемлекеттердің басым бөлігі ережеге сәйкес дипломатиялық өкілдіктерді ашуды елшіліктер деңгейінде реттейді. Бұл қағидадан үлкенді, кішілі мемлекеттердің егеменді теңдігін көрсетеді.
Мемлекеттердің арасындағы дипломатиялық қатынастардың үздіксіз дамуы уақыт өте келе бір-бірінің жерінде дипломатиялық өкілдіктерді ашу және елшілермен алмасу қажеттігін тудырды. Мәселен, XVI ғасырда Венеция мемлекеті Вена, Париж, Мадрид, Рим және өзге де жетекші еуропалық елдердің астаналарында өз дипломатиялық өкілдіктерін ашты. Ағылшын дипломаты Э. Сатоудың (1843-1929 жылдар) «Дипломатиялық практика бойынша нұсқаулық» ебегінде «елші» сөзі (французша – «ambassadeur», ағылшынша – «ambassador») бұрын «вассал», «жақтаушы» секілді түсініктен шыққандығы айтылады. XVI ғасырда түрлі тілдерге енген бұл сөз мемлекет басшыларының өкілдеріне, яғни елшілерге қатысты қолдана бастады.
Егер мемлекеттердің арасында дипломатиялық қатынастар алғашқы рет орнатылса, елші (төтенше және өкілетті елші) келгенге дейін сол елге елшілік ғимаратын ашылуға және жұмысқа дайындау мақсатында бір топ дипломатиялық және әкімшілік-техникалық қызметкерлер аттандырылады. Солардың ішіндегі ең жоғарғы рангке ие дипломат өзімен бірге өз елінің сыртқы істер министрінің хатын алып келіп, оны сол елдің сыртқы істер министріне тапсырады. Бұл хатта аталған дипломатты Уақытша сенімді өкіл ретінде қабылдау туралы өтініш жасалынады. Елші келгенге дейін ол дипломатиялық өкілдіктің басшысы міндетін атқарады. Елшілік ғимаратын дайындау барысында Уақытша сенімді өкіл шетелдік дипломатиялық және әкімшілік-техникалық жұмысшылардың иммунитеттері мен артықшылықтарын реттейтін ережелермен, сондай-ақ кедендік ережелермен танысады.
Елшіліктің салтанатты түрде ресми ашылу туралы хабары сыртқы істер министрлігіне және өзге дипломатиялық өкілдіктерге циркулярлы нота арқылы хабарланады. Нотада елшіліктің мекен-жайы, жұмыс істеу күндері мен сағаттары, оның қызметкерлерінің телефондары көрсетіледі.
Төтенше және өкілетті елшіні дипломатиялық өкілдіктің басшысы ретінде тағайындағанға дейін қабылдаушы мемлекеттің қолдауын немесе келісімін алу қажет. Дипломатиялық практикада бұл процедураны агреман деп атайды.
Агреман (французша – agrement)– қабылдаушы тараптың белгілі бір тұлғаны дипломатиялық өкілдіктің басшысы ретінде тағайындауында қолдауға ие болу немесе келісімін алу процедурасы. Агреман елшілік арқылы қабылдаушы мемлекеттің сыртқы істер министрлігіне құпия түрде ауызша немесе жазбаша жеткізіледі. Онда үміткер туралы қысқаша мәліметтер беріледі. Үміткерді дипломатиялық өкілдіктің басшысы ретінде тағайындау қабылдаушы мемлекеттің құзырындағы мәселе. Егер қабылдаушы мемлекет үміткерді лайықсыз тұлға ретінде таныса, агреманды кері қайтарып, оны «персона нон грата» ретінде жариялайды. Мұндай жағдайда қабылдаушы мемлекеттің, яғни агреманды кері қайтару себептерін түсіндірмеуге құқы бар. Осындай жағдай орын алса үміткерді бағыттаушы мемлекет оның кандидатурасын қайтарып алуға міндетті.
Қабылдаушы мемлекет өз келісімін бергеннен кейін елші сол елге аттанады. Содан кейін өз қызметіне кіріспес бұрын елші өз мемлекетінің президенті атынан келіссөздер жүргізуге, келісімдер жасауға толық құзырлы екенін дәлелдеу үшін қабылдаушы мемлекеттің басшысына «сенім грамотасын» тапсырады.
Агреманды алғаннан кейін, елші қабылдаушы мемлекетке жол тартуға дайындалады. Жалпы қабылданған ережеге сәйкес ол ең алдымен өзі үшін «сенім грамотасын» және өзіне дейінгі елшіге «кері шақыру грамотасын» алады. Сенім грамотасы (французша – lettres de creance) мемлекет басшысының өкілі ретіндегі елшінің мәртебесін (статусын) ресми түрде куәландыратын құжат саналады.
Кейінгі орта ғасырлар мен жаңа заман кезеңінде сенім грамоталары тым көркем әрі айшықты етіп жазылатын. Онда мемлекет басшыларының (монархтар, императорлар т.б.) толық титулына, олардың атақтары мен иеліктеріне, яғни мемлекеттің құдіреттілігін көрсетуге ерекше мән берілетін. Қазіргі кезеңде сенім грамоталарының тілі нақты, қысқа да нұсқа. Дипломатиялық практикада грамоталардың ортақ құрылымы қалыптасты.
Сенім грамоталары ресми түрде елшіні бағыттап отырған мемлекет басшысының конституциялық атауынан басталады. Содан кейін қабылдаушы мемлекет басшысының толық титулы көрсетіледі. Негізгі мәтінде жаңа елшіні тағайындау арқылы екі ел арасындағы достастық пен ынтымақтастықты дамыту және тереңдету жөніндегі тілегі келтіріледі. Осыдан кейін елшінің толық аты-жөні беріліп, елшінің өз мемлекет басшысы мен үкіметінің атынан айтатын сөздер мен мәлімдемелерге сенім білдіру туралы өтініш айтылады. Құжаттың «сенім грамотасы» деген атауы осыдан келіп туындаған.
Осылайша миссия басшысы сенім грамотасын қабылдаушы мемлекеттің басшысына өз мемлекетінің атынан келіссөздер жүргізуге, келісімдер жасауға өкілетті екенін дәлелдеу үшін осы құжатты тапсырады. Басқаша сенім грамотасын «ұсыныс хаты» деп атайды. Сенім грамотасының үлгісі:
Кімге (мемлекет басшысының толық аты-жөні және титулы)
Мәртебелім,
Мен [толық аты-жөні], аса көрнекті азаматты [бағыттаушы мемлекеттің атауы] Аса Мәртебелімнің алдында менің атымнан өкілділік ету үшін Төтенше және Өкілетті Елші ретінде тағайындадым.
Ол біздің елдер арасындағы өзара мүдделерін жақсы түсінеді және менің біздің арамыздағы ұзақ мерзімге арналған достығымызды сақтау және нығайту туралы шынайы ниетімді бөліседі.
Менің елшінің жоғарғы беделі мен қабілетіне байланысты шексіз үмітім, маған оның өз міндетін Сіздің мүддеңізден толық шығатындай етіп орындайтындығы туралы сенімді ұялатады.
Мен Сізге оны ұсына отырып, Сізден оны аса ілтипатпен қабылдауды және оның менің атымнан жасайтын кез келген мәлімдемесіне сенім білдіруге өтінемін.
Аса құрметпен,
[мемлекет басшысының қолы]
Мемлекет басшысының атынан
[сыртқы істер министрінің қолы]
[Орны] [Күні]
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ПРЕЗИДЕНТІ Н.Ә. НАЗАРБАЕВ
АСА МӘРТЕБЕЛІ
ФРАНЦУЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Ф. МИТТЕРАН МЫРЗАҒА
Мәртебелім,
Біздің халықтарымыздың арасындағы ынтымақтастықты нығайту саясатын басшылыққа ала келе және Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы достастық қатынастарды дамытуға ниет білдіре отырып, мен СІЗДІҢ қарамағыңызға азамат ____________________________________ өзімнің Төтенше және Өкілетті Елші ретінде аккредиттациялау жөнінде шешім қабылдадым.
Азамат ____________________________________ осы грамота негізінде аккредитациялау арқылы, СІЗДЕН, АСА МӘРТЕБЕЛІМ оны ілтипатпен қабылдауды және оның менің атымнан және Қазақстан Республикасы Үкіметі атынан СІЗГЕ жасайтын кез келген мәлімдемесіне сенім білдіруге өтінемін.
Президенттің жеке қолы
Куәландырды
Астана, Ақ Орда Қазақстан Республикасының
«____» ____________ 1992 ж. Сыртқы Істер Министрі
Британ Достастығында монарх ондаған мемлекеттердің суверенді басшысы болғандықтан, мүше-мемлекеттер арасында миссия басшыларымен алмасқан кезде премьер-министрлер бір-біріне ұсыныс хаттарын жолдайды.
Дипломатиялық практикада қалыптасқан дәстүрге сәйкес мемлекет басшысының қайтыс болуы немесе қызметінің тоқтатуы жағдайында барлық дипломатиялық миссия басшыларының сенім грамоталары өз күшінен айырылады. Сонымен қатар осы мемлекет басшысының өз елшілеріне берген сенім грамоталарының да күші жойылады. Екі жағдайда да оларды қайта тапсыруға (жаңа мемлекет басшысына) тура келеді. Дегенмен, мұндай талап Дания, Швеция және Голландия секілді мемлекеттерде қолданылмайды.
Елші өз қызметіне тағайындалған кезде ол сенім грамотасымен бірге, өзіне дейінгі елшіге арнап кері шақыру грамотасында алып барады. Кері шақыру грамотасы (французша – lettres de rappel) қандай да бір мемлекеттің өз дипломатиялық өкілін кері шақыруын білдіретін құжат. Сенім грамоталары секілді, кері шақыру грамоталарына да мемлекет басшысы қол қойып, сыртқы істер министрінің қолымен куәландірлады және ол қабылдаушы мемлкеттің басшысына жолданады. Онда дипломатиялық өкілді кері шақыру туралы факті айтылады және оның екі ел арасындағы байланыстардың дамуы мен өркендеуіне үлес қосқандығына үміт артылады.
Қазіргі дипломатиялық практикада кейін қайтып бара жатқан дипломатиялық өкілдің қабылдаушы мемлекеттің басшысына кері шақыру грамотасын өзі тапсыру айтарлықтай сирек кездеседі. Ережеге сәйкес, оны жаңа тағайындалған елші өзінің сенім грамотасымен бірге тапсырады.
Іс жүзінде «жіберу» немесе «босату» грамоталарын бағыттау практикасы да жойылды. Сыртқы формасы жағынан олардың кері шақыру грамотасынан еш айырмашылығы жоқ. Босату немесе жіберу грамоталарында дипломатиялық өкілді «босату» немесе «жіберу» туралы өтініш жасалынады. Босату грамоталары дипломатиялық жолмен жіберіледі және жауапты қажет етпейді. Төменде кері шақыру грамотасының үлгісі беріледі:
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ПРЕЗИДЕНТІ Н.Ә. НАЗАРБАЕВ
АСА МӘРТЕБЕЛІ
ФРАНЦУЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Ф. МИТТЕРАН МЫРЗАҒА
Мәртебелім,
Мен азамат ____________________________________ Қазақстан Республикасының Француз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елші қызметінен кері шақыру арқылы басқа қызметке тағайындау жөнінде шешім қабылдадым.
Азамат ____________________________________ Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы достастық байланыстардың сақталуына өз септігін тигізді деген сеніммен, Сізден, Аса мәртебелім оның кері шақыру грамотасын қабылдауды өтінемін.
Президенттің жеке қолы
Куәландырды
Астана, Ақ Орда Қазақстан Республикасының
«____» ____________ 1995 ж. Сыртқы Істер Министрі
Шетелдік дипломатиялық миссия басшысының елге келуі аса маңызды оқиға. Бұрынғы заманда оған әр елде қабылданған түрлі ритуалдар мен салттарды орындауға тура келетін. Қабылдаушы мемлекетте елшіге деген құрмет ең алдымен оны бағыттап отырған мемлекет басшысының халықаралық саясаттағы жеке беделі мен құдіреттілігіне тәуелді болатын. Алайда дипломатиялық өнердің үздіксіз дамуы арқасында XVII-XVIII ғасырларда мемлекеттердің егемендігі теңдігі мен тәуелсіздігі идеясына негізделген озық дипломатиялық церемониал қалыптасты. Енді мемлекет басшылары шетелдік елшілерге құрмет көрсете отырып, өз беделімен қатар өз мемлекетінің беделін ойлады.
Қазіргі кезеңде шетелдік елшіні күтіп алу, құрмет көрсету мәселесіне қатысты ортақ қағида қалыптасқан. Әуежайда немесе вокзалда елшіні Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хаттама қызметінің бастығы, Уақытша сенімді өкілімен бірге елшіліктің басқа да қызметкерлері қарсы алады. Кейбір елдерде елшіні қарсы алуға осы елде аккредитацияланған шетелдік елшілердің де қатысу дәстүрі қалыптасқан. Ұшақтың (вагонның) мінбесінде уақытша сенімді өкіл елшіні Мемлекеттік хаттама қызметінің бастығына таныстырады, өз кезегінде ол елшімен амандасып, әуежайдың (вокзалдың) құрметті қонақтарға арналған салонына алып жүреді. Уақытша сенімді өкіл елшіні елшілік қызметкерлерімен және оны қарсы алуға келген өзге елшілерге таныстырады.
Егер елші автокөлікпен келсе, онда ресми кездесу ұйымдастырылмайды. Елшілік Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хаттама қызметіне елшінің келу фактісін растап, оның бірінші кездесуі мәселесін шешеді. Мұндай жағдайда бірқатар мемлекеттерде қалыптасқан дәстүрге сәйкес Мемлекеттік хаттама қызметінің бастығы өзі бірінші болып жаңа елшінің резиденциясына бармайды.
Қалыптасқан тарихи және дипломатиялық практикаға сәйкес шетелдік елші сенім грамотасын тапсыра отырып қабылдаушы мемлекеттің басшысымен алғаш рет ресми байланысқа түседі. Осы аса маңызды сәтті пайдалана отырып елші мемлекет басшысына өз елінің басшысының ыстық сәлемі мен игі тілектерін жеткізеді. Елшінің мемлекет басшысымен алғашқы кездесуінің тарихи маңызы аса зор. Сондықтан барлық мемлекеттерде сенім грамоталарын тапсыру церемониясына тыңғылықты аса байыппен дайындалады, ал дипломатиялық хаттама орнатылған және қалыптасқан тәртіпті мүлтіксіз орындауға барынша тырысады. Одан шамалы болсын ауытқу елшіге және оны бағыттап отырған мемлекет басшысына құрметтің жоқ екенін білдіруі әбден ықтимал.
Дипломатиялық хаттаманың өзге де нормаларына қарағанда сенім грамоталарын тапсыру тәртібі мен дәстүрі көптеген елдерде ұзақ жылдар бойы еш өзгеріссіз, бұзылмай сақталып келеді. Тіпті қандай да бір өзгеріс немесе жаңалық енгізілсе, онда бұл жағдай осы дипломатиялық акцияның церемониалды сипатына нұқсан тигізбеуі тиіс. Мәселен, қазіргі кезеңде көптеген елдерде елшілер сенім грамоталарын тапсыру сәтінде бұрынғы кездерге қарағанда мәтінді оқымайды. Негізінен мемлекет басшысының елшімен қысқа уақытты сұхбатын ұйымдастыруға айрықша назар аударылады. Мұндай сұхбат сипаты жағынан дипломатиялық хаттаманың шеңберінен тыс болғанымен, елшінің болашақ қызметіне жарқын сипат береді.
Сенім грамоталарын тапсыру дүниежүзі елдерінің басым бөлігінде ортақ сипатқа ие. Қабылдаушы мемлекетке келген елші Сыртқы істер министрлігінің Хаттама қызметіне бірінші болып келеді. Онда елшіні сенім грамоталарын тапсыру тәртібімен таныстырады. Сұхбаттың соңында елші сыртқы істер министрімен кездесуге жәрдем беруді өтінеді. Елшінің министрмен кездесудің күні мен сағаты туралы ақпаратты елшілікке телефон арқылы хабарланады. Министрдің нұсқауы бойынша елшіні Сыртқы істер министрінің орынбасары да қабылдауы мүмкін.
Министрмен немесе оның орынбасарымен елші сенім грамотасы мен кері шақыру грамотасының көшірмесін береді. Жасалынған өтінішке сәйкес министр сенім грамотасын тапсыру церемониясында мемлекет басшысымен кездесуді ұйымдастыру туралы уәдесін береді.
Елшілердің сенім грамоталарын тапсыру әрқашан салтанатты жағдайда өтеді. Негізінен елшілер сенім грамоталарын мемлекет басшыларының (президент, премьер-министр, монарх, король т.с.с.) резиденциясында тапсырады. Оны тапсырудың күні мен уақыты туралы Мемлекет хаттама қызметі шетелдік елшіге алдын-ала хабарлайды. Тиісінше ол осы церемонияға қатысатын елшіліктің дипломатиялық персоналар мүшелерінің тізімін жібереді.
Белгіленген уақытта елші дипломатиялық қыметкелердің (4 адамнан артық болмауы тиіс), сондай-ақ қабылдаушы елдің Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хаттама қызметі басшысының ертіп жүруімен церемония басталмастан 5-7 минут бұрын мемлекет басшысының резиденциясына келеді.
Осы церемониядағы шетелдіктер үшін салтанатты, ұлттық киімді немесе қара түсті костюмді кию рұқсат етіледі. Қабылдаушы елдің Сыртқы істер министрлігің қызметкерлеріне қара костюм және ақ көйлек кию қажет.
Ғимаратқа кіре берісте елшіге салтанатты киімдегі комендант сәлем беріп, оның және Мемлекеттік хаттама қызметінің басшысының ертіп жүруімен елші ішке кіреді. Осы сәтте Мемлекеттің хаттама қызметінің бастығы елшіні церемонияға қатысатын Сыртқы істер министрлігінің тиісті Департаментінің бастығымен таныстырады.
Мемлекет басшысына елшінің келгендігі туралы хабарланғаннан кейін Мемлекеттік хаттама қызметінің бастығы елшіні және онымен бірге еріп жүрген елшілік қызметкерлерін, сонымен қатар басқа да ресми тұлғаларды Бас залға өтуге шақырады. Бірінші қатарда жүретін елшінің оң жағында тиісті территориялық Департаменттің бастығы, сол жағында Мемлекеттің хаттама қызметінің бастығы болады. Мемлекет басшысына 1-2 қадам жетпей топ тоқтайды. Мемлекеттік хаттама қызмет бастығы елшіні мемлекет басшысына таныстырады. Елші оған ілтипат білдіріп салемдеседі. Мемлекет басшысы оған жауап ретінде елшіге амандасады.
Елші бірқатар сәлемдеме сөздерін айтады және оны қабылдаушы елдің ресми тіліне аударғаннан кейін мемлекет басшысына сенім грамотасын және өзінің алдындағы елшінің кері шақыру грамотасын тапсырады. Бұдан кейін мемлекет басшысы да қысқаша сөз сөйлейді және ол да елшінің тіліне аударылады. Осыдан соң елші мемлекет басшысына келіп қол алысады.
Мемлекет хаттама қызмет бастығы елшіні Сыртқы істер министрінің орынбасарымен таныстырады, өз кезегінде елші мемлекет басшысын цeремонияға қатысқан елшілік қызметкерлерімен таныстырады.
Сенім грамотасын тапсыру церемониясы толығымен фото және видео пленкаға түсіріледі.
Мемлекет басшысы елшіні қысқа сұхбаттасуға шақырады. Сұхбатқа Сыртқы істер министрінің орынбасары, аудармашы және елшінің тілегі бойынша елшілік қызметкерлерінің бірі қатысады. Церемонияға қатысқан қалған тұлғалар Бас залдан шығып, сұхбаттың аяқталуын күтеді. Содан кейін барлығы Бас залға қайта оралып, ресми суретке түседі. Осыдан соң елші мемлекет басшысымен, Сыртқы істер министрінің орынбасарымен қоштасып, Мемлекеттік хаттама қызметінің дипломатиялық қызметкерлерінің ертіп жүруімен мемлекет басшысының резиденциясынан кетеді.
Ережеге сәйкес осы күні өзге шетелдердің елшілері де сенім грамоталарын тапсырады. Бұл бағыттағы тәртіп қандай да бір өзгеріссіз сақталуда.
Бірнеше күннен кейін Мемлекеттік хаттама қызметі елшіге және церемонияға қатысқан елшілік қызметкерлеріне естелік суреттерін жолдайды.
Елшілікке оралғаннан кейін ережеге сәйкес елші «шампан бокалы» типіндегі қабылдау өткізеді. Оған церемонияға қатысқан қабылдаушы мемлекеттің Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, елшілік қызметкерлері қатысады.
Осы күні елші өзге шетелдік дипломатиялық өкілдіктер басшыларына өзінің сенім грамотасын тапсырғанын және өз міндетіне кіріскенін хабарлайтын жеке ноталар жолдайды.
Сенім грамоталарын қайта тапсыру егер елде мемлекеттік құрылыс өзгерсе немесе оны қабылдаған мемлекет басшысы қайтыс болса немесе өз қызметін тоқтатса, яғни жаңа басшы келсе орын алуы мүмкін. Осы жағдайда жаңа басшы елдегі шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшыларынан жаңа сенім грамотасын тапсыруды талап етуі ықтимал. Мұндай жағдайда грамоталарды қайта тапсыру фактісі мемлекеттегі өзгерістерді мойындау және жаңа билікпен толыққанды дипломатиялық қатынастарды дамытуға деген ниетті көрсетеді. Мәселен, 1971 жылы 19 сәуірде Сьерра-Леонені республика етіп жариялаған жаңа президент Сиака Стивенс дәл осылай жасады. Сьерра-Леонедегі барлық шетелдік дипломатиялық миссия басшыларына сенім грамоталарын қайта тапсыруға тура келді. Сонымен қатар, шетелдердегі Сьерра-Леоненің елшілері де қайтадан сенім грамоталарын тапсырды.
Сенім грамоталарын қайта тапсыру әдетте анағұрлым қарапайым формада өтеді.
Сенім грамоталарын тапсыру церемониалы көптеген елдерде әлі де болса оның қатысушыларынан арнайы киім кию талабын қояды. Англия мен Швецияда елші және онымен бірге еріп жүретін дипломаттар фрак киеді. Африка елінің өкілдері негізінен осы жағдайға байланысты аса салтанатты ұлттық киім киюді жөн санайды.
Елшінің миссиясының аяқталуы және оның қабылдаушы мемлекеттен кетуі бірқатар хаттамалық іс-шараларды өткізумен байланысты. Елші өзінің кету уақытын белгілеп, бұл туралы сыртқы істер министрлігі мен дипломатиялық корпустың дуайеніне хабарлайды. Ол мұндай хабарды өзінің орнын басатын елшіге агреманды беру фактісі мәлім болғаннан кейін таратады.
Кейбір елдерде елші белгіленген тұлғаларға (мемлекет басшысы, үкімет басшысы, сыртқы істер министрі, өзге де ресми тұлғалар) қоштасу мақсатымен бас сұғу дәстүрі қалыптасқан. Кейбір мемлекеттерде кейін қайтып бара жатқан елші қоштасу үшін кіретін тұлғалардың тізімін өзі жасайды. Тізімді жасау барысында елші қабылдаушы елде қызмет ету кезінде мемлекеттік және үкіметтік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен орнатқан байланыстардың сипаты мен ауқымын ескереді. Бұл тізімді елші Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хаттама қызметіне жолдап, осы кездесулерді ұйымдастыруда көмек беруді өтінеді.
Суданда қабылданған ережеге сәйкес шетелдік елші елден біржолата кетпес бұрын міндетті түрде мемлекет басшысына қоштасу үшін бас сұғуы қажет. Заир (қазіргі Конго) елшісі президенттің қабылдауын күтпей кетуге мәжбүр болғанда, оның орнына келген келесі елшіден президент сенім грамотасын қабылдаудан бас тартты. Мәселе Италияға жіберілген бұрынғы елші Суданға қайта оралып, президентке қоштасу үшін кездескеннен кейін ғана реттелді.
Елшінің біржолата кетуіне орай сыртқы істер министрі немесе оның орынбасары азанғы немесе түскі ас береді. Сыртқы істер министрінің атынан елшіге естелік сыйлық беріледі.
Елден біржолата кетпес бұрын ережеге сәйкес елші қоштасу қабылдауын ұйымдастырады. Оған қабылдаушы мемлекеттің ресми өкілдері мен дипломатиялық корпус мүшелері шақырылады. Кететін күні елші сыртқы істер министрінің атына жеке нотаны (немесе сыртқы істер министрлігінің атына вербальды нота) жолдап, онда өзінің кетуі және уақытша сенімді өкілді тағайындағаны туралы айтылады. Елшіні әуежайға (вокзалға) Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хаттама қызметінің бастығы, елшілік қызметкерлері шығарып салады. Бұл іс-шараға кей кездерде өзге де шетелдік елшілер қатысады.
Егер елші елден автокөлікпен кетсе, онда Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хаттама қызметінің бастығы оның резиденциясына кіріп, қоштаса алмайды. Алайда бұл норма міндетті емес.
Дипломатиялық миссия басшысының азаматтық мәселесі Қабылданған нормаға сәйкес миссияның басшысы бағыттаушы мемлекеттің азаматы болуы тиіс. Бірақ, мұндай талап оның жұбайына (күйеуіне) қойылмайды. Көп жағдайда дипломаттар шетелдік азаматтармен некеге тұра алады. Бірақ бұған ерекше рұқсат қажет және бұл жағдай дипломаттың қызметіне қауіп төндірмеуі тиіс, кедергі келтірмеуі қажет. Алайда араб елдерінде дипломаттар шет елдік азаматтармен некеге тұра алмайды. Алайда кейбір жағдайларда мемлекет басшысы дипломаттарға шығу тегі араб болып табылатын өзге елдің азаматтарымен некеге тұруға ресми рұқсат береді.
Дипломатиялық миссия мүшелерінің азаматтық мәселелері. Негізінен дипломатиялық миссияның мүшелері бағыттаушы мемлекеттің азаматы болуы тиіс. Алайда шетелдік дипломатиялық миссияларда қабылдаушы мемлекеттің азаматтары да жұмыс істей алады. Мұндай жағдайда қабылдаушы тараптың айрықша келісімін алу қажет және қабылдаушы тарап оларды кез келген сәтте кері шақырып алуға құқы бар. Мұндай дипломаттар шектеулі иммунитет пен артықшылықтарды иеленеді.
Бірнеше елдерде аккредитациялау мәселелері. Миссияның басшысы, егер қабылдаушы тараптар қарсы болмаса, бірнеше елде аккредитацияланады. Ал дипломатиялық құрамының мүшелері тағайындалады.
Халықаралық ұйымдар жанында аккредитациялау. Миссияның басшысы немесе дипломатиялық құрамның кез келген мүшесі кез келген халықаралық ұйымда өз елінің атынан өкілдік ете алады. Мұндай жағдайда олар өздері қызмет ететін қабылдаушы мемлекеттің билігіне осы мәселе туралы хабарламауға құқылы.
Дипломатиялық миссияның орналасуы. Негізінен дипломатиялық миссия мемлекеттің астанасында орналасады. Миссияның бір бөлігін құрайтын қосымша офистер қабылдаушы мемлекеттің ерекше рұқсатын алу арқылы елдің басқа аймақтарында орналаса алады.
Миссияның ауқымы мен көлемі. Дипломатиялық миссияның көлемі тараптардың өзара келісімі бойынша анықталады. Егер бағыттаушы мемлекет миссия мүшелерінің санын шамадан тыс асырып жіберетін болса, қабылдаушы мемлекет оны қысқарту туралы талабын қоя алады.
«Персона нон грата» немесе лайықсыз тұлға ретінде жариялау. Кез келген мемлекет кез келген уақытта миссия басшысын және оның дипломатиялық құрамының мүшелерін лайықсыз тұлға ретінде жариялауға және бұл туралы бағыттаушы мемлекеттің үкіметіне хабардар етуге құқылы. Мұндай жағдайда дипломаттың функциясы тоқтатылып, бағыттаушы мемлекет оны кері қайтарып алуы қажет. Егер бағыттаушы мемлекеттің үкіметі мұндай қадам жасауға асықпайтын болса, қабылдаушы мемлекет оны дипломатиялық миссияның мүшесі ретінде мойындаудан бас тартады. «Персона нон грата» ретінде жариялау дипломат келгенге дейін немесе келгеннен кейін де жасалынуы мүмкін. Қабылдаушы мемлекет шетелдік дипломатиялық миссиялардың қызметкерлерін «персона нон грата» ретінде жариялаудың себептерін түсіндіруге міндетті емес.
Сонымен қатар, жағымсыз тұлға ретінде әкімшілік және техникалық қызметтің мүшелері де танылуы мүмкін. Дипломатты «персона нон грата» ретінде жариялаудың екі негізгі себебі бар:
1) дипломаттың жеке қабілетсіздігінен туындаған себеп (қоғамдағы қылмыстық іс-әрекет т.с.с.);
2) дипломатиялық иммунитетті өз жеке мүддесіне пайдалана отырып, қабылдаушы мемлекеттің қауіпсіздігі мен өзге мүдделеріне қатер төндіру. Сонымен қатар, белгілі бір мемлекетті мұндай қадамға өш алу ниеті де итермелеуі мүмкін. Мәселен өз дипломатын «персона нон грата» деп жариялаған мемлекеттен өш алу мақсатында.
Дипломатиялық қатынастардың бәсеңдеуі немесе қайшылықты сипат алуы. Белгілі бір мемлекетте дипломатиялық өкілдіктің болмауы мынадай әдістермен шешілуі мүмкін:
1) сол мемлекетте тұрақты дипломатиялық миссиясы бар өзге мемлекетке өтініш жасау. Егер қабылдаушы мемлекет бұған қарсы болмайтын болса, тұрақты дипломатиялық өкілділігі бар ел өзге мемлекеттің атынан өкілдік ете алады;
2) басқа мемлекеттегі миссия басшысын өзге мемлекетке шақыру, аккредиттеу;
3) жоғарғы ресми лауазымы бар (мысалы, сыртқы істер министрлігінің тұрақты хатшысы) тұлғаны бірнеше мемлекетте аккредиттеу. Бірақ оның тұрғылықты жері өз мемлекетінің астанасы болып қала береді.
Кейбір жағдайда дипломатиялық миссиялар мемлекеттер арасындағы келісім бойынша кері шақыртылады. Мысалы, екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастық деңгейінің төмендігі, экономикалық жағынан тиімсіздігі, дипломатиялық қатынастарды біржолата үзуге деген ұмтылыс. Дипломатиялық миссиялар кері шақыртылып, дипломатиялық қатынастар тоқтатылған жағдайдың өзінде екі мемлекеттің арасындағы шынайы қатынастар өз жалғасын табуы мүмкін. Дипломатиялық қатынастардың үзілуі консулдық қатынастардың үзілуін білдірмейді. Тіпті соғысқан жағдайдың өзінде де мемлекеттер бір-бірінің территориясындағы шетелдік мекемелер мен оның қызметкерлерінің мүдделерін, құқықтарын қорғауы қажет.
Мемлекеттердің түрлі себептермен дипломатиялық қатынастарды мүлде үзіп, тоқтатып немесе уақытша тоқтатып жатқанын халықаралық протокол тәжірибесінен көреміз. Әдетте соғыс салдарынан немесе өзге де төтенше жағдайлар (әскери агрессия, әскери бүлік, мемлекеттік төңкеріс т.б.) салдарынан орын алып жататын дипломатиялық қатынастардың үзілуі ережеге сәйкес мемлекеттердің арасындағы барлық байланыстардың толық тоқтатылуын, дипломатиялық өкілдердің кері шақырылуын, дипломатиялық және өзге де өкілдіктердің жабылуын білдіреді. Бұл туралы ресми түрде үкіметтің, сыртқы істер министрінің мәлімдемесі немесе басқа формада баспасөзде хабарланады. Үкіметті осындай қадамға баруға мәжбүр еткен себептер түсіндіріледі.
Бірақ бірқатар уақыт өткен соң мемлекеттер дипломатиялық қатынастарды қайта қалпына келтіруі мүмкін. Дипломатиялық қатынастардың қайта қалпына келтірілуі ережеге сәйкес келіссөздер арқылы және тиісті құжаттармен алмасу жолымен жүзеге асырылады. 1969 жылы Піл Сүйегі Жағалауы (Кот д’Ивуар) Кеңес Одағымен дипломатиялық қатынастарды үзу туралы шешім қабылдады. Біраз уақыт өткеннен кейін Кот д’Ивуар үкіметі дипломатиялық қатынастарды қайта қалпына келтіруге ниет білдірді. Швейцарияның Женева қаласында екі елдің өкілетті өкілдері арасында өткен келіссөздер нәтижесінде келесі коммюнике қабылданды:
КЕҢЕСТІК СОЦИАЛИСТІК РЕСПУБЛИКАЛАР ОДАҒЫ МЕН КОТ д’ИВУАР РЕСПУБЛИКАСЫ АРАСЫНДАҒЫ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖӨНІНДЕГІ БІРІККЕН КОММЮНИКЕ
Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Үкіметі мен Кот д’Ивуар Үкіметі екі халық арасындағы достастық байланыстар мен ынтымақтастықты дамыту тілегін басшылыққа ала отырып, мүмкін қысқа мерзімге екі елдің астанасында елшіліктердің қызметін қайта жаңғырту туралы шешім қабылдады.
Студенттердің өзін-өзі бақылау сұрақтары:
1. Дипломатия туралы жалпы түсінік?
2. Дипломатиялық қатынастарды орнату тәртібі?
3. Тұрақты дипломатиялық миссияларды ашу?
4. Дипломаттар мен елшілерді қызметке тағайындау тәртібі?
5. Мемлекеттің тәуелсіздігін тану тәртібі және оның жолдары?
6. Сенім грамотасын және кері шақыру грамотасын тапсыру тәртібі?
7. Дипломатиялық қатынастардың болмау мәселесі және оның шешілу жолдары?
8. Дипломатиялық қатынастардың бәсеңдеуі немесе қайшылықты сипат алуы?
9. Дипломатиялық миссия қызметкерлерінің «персона нон грата» ретінде жариялануы және оның себептері?