Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
экология лекция.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.09 Mб
Скачать

3. Экология бөлімдері.

Экология зерттеу объектілерінің көлемі бойынша келесі негізгі бағыттарды зерттейді.

1.Аутэкология – даралар немесе особьтар экологиясы.

Аутэкология бір түрдің өкілінің (особьтың) қоршаған ортамен өзара қарым- қатынасын зерттейді. Басқаша айтқанда, осы организмге қоршаған орта факторларының әсерін және оларға осы особьтың табиғи реакцияларын зерттейді. Одан әрі зерттеулер тереңдетіліп, биохимиялық, биофизикалық, генетикалық сипат алады. Нәтижесінде жеке организмнің биоэкологиялық қасиеттері арқылы жалпы түрге, оның табиғатта алатын орнына, ролі мен маңызына, айнала қоршаған ортаның өзгерісі, тазалығы, ластану деңгейі, маусымдық өзгеруі мен адамның іс - әрекеті туралы практикалық маңызына жан – жақты сипаттама беріледі.

2. Демэкология - популяциялық экология.

Популяция дегеніміз белгілі ареал бөлігінде ұзақ уақыт тіршілік етіп, еркін будандаса алатын бір түр особьтарының жиынтығы.

Демэкология популяцияның қалыптасу жағдайларын, құрылымы мен динамикасын зертейді. Ол популяция санының өзгеруін, бұл құбылыстың себептерін зерттейді. Бір түрге жататын организмдердің топ құрып тіршілік ету ерекшіліктері, биоэкологиялық құрылымы (жас, жыныс, көбею, өлу, табиғаттағы санының, тығыздығы, таралуы, т.б.) табиғаттағы сан мөлшерінің реттелуі мен ауыл шаруашылығындағы маңызы туралы мәліметтер қарастырылады.

3.Эйдэокология – түр мен оның популияцияларын органикалық дүние дамуының жоғары деңгейі тұрғысында қарастырады. Өйткені, особь, популяция белгілі бір нақты түрдің өкілдері. Сондықтан эйдэоколгия, особь, популияция, түр, биоценоз – биогеоценоз (экожүйе) – биосфера деңгейіндегі қарым - қатынастар жүйесі бойынша зерттеулер жүргізеді.

4. Синэкология – қауымдастық немесе бірлестік экологиясы.

Қауымдастық дегеніміз белгілі ареалда мекендейтін, әртүрлі түрлерден құралған, тірі организмдер жиынтығы.

Синэкология организмдердің тіршілік жағдайларын, өзара және қоршаған ортамен қарым-қатынасын зерттейді. Синэкология экожүйелердің шекараларын салумен айналысады, сондықтан оны биогеоценологиялық экология деп те атайды. Организмдер бірлестіктерінің қалыптасуы, құрылымы, динамикасы, қарым - қатынастар, энергия және зат алмасу, сандық және сапалық өзгерістер, биоэкологиялық өнімділік пен бірлестіктердің тұрақтылығы туралы жан – жақты мәселелер қарастырылады.

Қазіргі уақытта экология ғылымының көптеген бағыттары бар:

1.Классикалық экология- биологиялық жүйелердің қоршаған ортамен байланыстарын зерттейді.

2. Ғаламдық экология- биосфераның бірлігін және тұтастығын зерттейді. Табиғат және табиғи іс - әрекетінен туындайтын биосфера шегіндегі, тіптен күн жүйесіндегі әлемдік өзгерістер мен құбылыстарды зерттейді. Мәселен, ядролық қауіп - қатер, экологиялық апаттар, әлемнің климаттық ауытқуы, жаппай қырып жоятын қарулар, қатерлі эпидемиялар, т.б. Осы бағыттағы ірі- ірі бүкіл әлемді (ғаламды) қамтитын проблемаларды қарастырады.

3.Қоғамдық экология – қоғам мен қоршаған орта жүйесіндегі байланыс пен тәуелділікті қарастырады.

4.Геоэкология - әртүрлі деңгейдегі геожүйелерді және оларға антропогенді өзгерістер әсерін зерттейді. Бұл бағыт экологиялық жүйелерді биосфералық деңгейде қарастырады. Құрлық пен дүниежүзілік мұхиттардағы экожүйелер, ондағы қарым - қатынастар пен байланыстар, географиялық ландшафтар бойынша экожүйелердің құрылымы, бірлестіктер тұрақтылығы, кеңістік пен уақытқа қатысты өзгеруі, экожүйенің өнімділігі, агро және антропогендік экожүйелер, олардың практикалық маңызы туралы зерттеулер жиынтығы.

5.Адам экологиясы – адамның табиғи мәнін, оның тіршілік ортасының денсаулығының экологиялық факторларын зерттейді. Ауыл, село, қала тұрғындары мен дүниежүзі халықтарының сандық және халықаралық қатынастарды үйлестіру, көпшілікке үздіксіз экологиялық білім мен тәрбие беру, экологиялық мәдениет, этика, моральдық жағынан парасаттандыру, адамдардың эколгиялық құқын қорғау және этноэкологиялық қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету жолдарын іздестіреді.

6.Қолданбалы экология – агрожүйе байланыстарын, қала экожүйесін, техносфераның қоршаған ортамен байланысын зерттейді.

7.Экологиялық мониторинг – бұл қоршаған орта жағдайын болжау, бағалау, талдау мен бақылау жүйесі.

8. Нооэкология – адам, табиғат, қоғам арасындағы адами, әлеуметтік, экономикалық және экологиялық жағдайларды, қарым - қатынастарды бір–бірімен үйлестіре зерттей отырып, одан туындайтын проблемаларды адамның парасатты ақыл – ойымен шешуді қамтамасыз етеді. Табиғат ресурстарын тиімді пайдаланудың ең жоғарғы дәрежедегі жаңа технологиясын жасау, планетада адамзат қауымын азық - түлік, энергия және шикізатпен қамтамасыз ету, халықтар мен ұлттар арасындағы достықты, ауызбірлікті қалыптастыру, этноэкология, экололгиялық білім мен тәрбие, мәдениет, мораль, құқық, т.б. Адам мен биосфера шегіндегі тұрақты дамудың адами жоспарларын жасап, оны жүзеге асырудың жолдарын іздестіреді.

Қазіргі кезде экологиядан көптеген пәндер қатары бөлінеді. Олар: популяциялық экология, географиялық экология, химиялық экология, өндірістік экология, өсімдік, жануар және адам экологиясы. Бұндай бағыттардың көптігіне қарамастан, олардың даралығының негізінде тірі организмдердің қоршаған ортамен арасындағы байланыс туралы биологиялық идеялар жатады. Сондықтан қазіргі экология – жан-жақты, күшті дамыған, біздің планетадағы барлық тұрғындар үшін практикалық маңызы үлкен, комплексті ғылым. Уақыт өте келе экологиялық заңдылықтар организмнің жиынтығы популяцияларға, бірлестіктерге экожүйелерге ақырында бүкіл тірі табиғатқа байланысты қолданыла бастады. Өткен ғасырдың 60 – 70 жылдарға дейін экология биология шегінде дамыды. Адам бұл жүйеде қарастырылмады, себебі оның қоршаған ортамен өзара қарым-қатынасы биологиялық емес әлеуметтік заңдылыққа бағынады. Шындығында адамның биосфера орынын екі жақта қарастыруға болады. Бірінші жағынан ол биологиялық түр ретінде планетаның экоқұрам бөлігі ретінде болады. Екінші жағынан биологиялық емес әлеуметтік мәдени қажеттіліктермен даму механизмі тән.

Экология ғылымы – келешектің ғылымы және адамзаттың пайда болуы осы ғылымның прогресіне тәуелді болуы мүмкін.

4. Экологиялық зерттеу әдістері.

Экологиялық ғылымның далалық, лабораториялық және эксперименттік зерттеу әдістері бар.

Далалық зерттеу әдісі – далалық жағдайда жүргізіледі. Зерттеу обьектілері – особь, популяция, түр және олардың табиғи бірлестіктері (биоценоз, биогеоценоз, экожүйе), т.б. болуы мүмкін. Далалық зертеулер белгілі бір түр, популяция, биоценоз, экожүйе, өзен-көлдер, т.б. обьектілердің жағдайы, сандық қатынасы немесе сапасы, ауытқулар мен өзгерістер, абиотикалық, биотикалық, антропогендік факторлардың әсері, уақыт пен кеңістікке қатысты олардың көбеюі, құрып кетуі, апаттардың болу себептері туралы жалпы мағлұматтар мен материалдар жинақталады. Материалдарды жинақтау жылдың барлық мезгілінде және бірнеше жылдар бойы жүргізіледі.

Лабораториялық зерттеу әдісінде – далалық материалдар лабораториялық жағдайда өңделеді. Дүниежүзілік стандартқа сай лабораториялар қазіргі заманғы – климекамералар, видеоаппаратуралар, оптикалық құралдар, аналитикалық таразылар, топографиялық құралдар, термостаттар, хромотограф, электронды микроскоптар, компьютерлік т.б. керекті құралдармен жабдықталуы тиіс.

Зерттеу обьектілері лабораториялық жағдайда эксперимент арқылы тексеріліп, бақылаулар, тәжірибелер жүргізіледі. Тірі табиғатта болып жатқан алуан түрлі процесті оқуда, эксперименталдық әдістер үлкен көмек көрсетеді. Лабораториялық тәжірибеде организмдерге әр түрлі жағдайда әсерін зерттейді, олардың берілген әсерін түсіндіреді. Табиғатта болып жатқан құбылысты тереңірек талқылауға болады, организмдердің жасанды жағдайда өмір сүру ортасымен қатынасын зерттеу. Бірақ экология лабораториялық ғылым болып табылмайды. Табиғатта тірі организмнің ортамен өзара байланысын толық зерттелетіні анық. Бірақ бұл оңай емес, әсіресе қарапайым ортаның өзін есепке алғанда қиын. Сондықтан экологияда табиғи бақылау және эксперименттер ең маңызды орын алады. Сонымен қатар экологтардың эксперименталдық тексеруінің мүмкінсіздігі байқалған фактілерді матеметика тіліне аударуға әкеледі. Осы құбылыстың табиғатын терең түсіну үшін, математикалық анализ (моделдеу) организдер мен ортаның қатынасының жиынтығын барлығынан бөліп көрсетеді. Әрине, яғни математикалық модель табиғаттағы құбылысты шамамен елестетінін ұмытуға болмайды.

Экологияда математикалық әдістер мен модельдеу жиі қолданылады. Соңғы жылдары биоэкологиялық зерттеулер мен құбылыстарды модельдеу, биоиндикация, экологиялық мониторинг қолданылып жүр.