Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
экология лекция.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.09 Mб
Скачать

2. Қоршаған ортаның экологиялық факторлары.

Экологиялық факторлар - тірі организмдерге олардың дербес дамуының бір ғана кезеңінде болса да тікелей немесе жанама әсер ете алатын, ортаның кез-келген әрі қарай бөлшектелмейтін элементі. Табиғи ортада жүретін процестерге қозғаушы күш ретінде ыкпалын тигізетін күштерді немесе жағдайларды фактор деп атайды. Табиғи жағдайда организм көптеген факторлардың ықпалына ұшырап отырады. Тіршілік иелері бейімделу реакцияларымен жауап қайыратын (бейімделу қабілеттерінен тысқарыда өлім факторы болады) кез келген орта жағдайының ішкі және сыртқы күшін экологиялық фактор дейді. Экологиялық факторлар организмдегі және экожүйелердегі процестердің жылдамдығы мен бағытын реттеп отырады. Табиғатта экологиялық факторлар жиынтық күйінде әсер етеді. Организмдер болса факторлардың әсеріне әр түрлі реакция береді. Мәселен, ащы суда тіршілік ететін организмдер үшін тұз және минералды заттар шешуші роль атқарса, ал тұщы организмдер үшін қажеті шамалы.

Шөл-шөлейт жерлердегі өсімдіктер үшін жоғарғы температура, ылғалдың аздығы қолайлы фактор болса, ал орман өсімдіктеріне бұл қолайсыз ортаның факторлары болып табылады. Міне осы жағдайлар мен факторлар оларға организмдердің бейімделуі ұзақ жылдар бойы қалыптасқан тарихи дамудың жемісі деп білеміз. Нәтижесінде өсімдіктер мен жануарлардың түбегейлі қалыптасқан географиялық белдемдері айқындалады.

Экологиялық факторлардың мынандай критерийлерін ерекше атап өту қажет:

1. Ортаның қарастырып отырған элементінің одан әрі бөлшектенбеуі. Мысалы, су қоймасының тереңдігін немесе тіршілік ету орнының теңіз деңгейінен биіктігін экологиялық фактор ретінде қарастыруға болмайды, себебі тереңдік суды мекендеуші организмдерге тікелей емес, қысымның артуы, жарықталудың кемуі, температураның төмендеуі, еріген оттегінің азаюы, су тұздылығының жоғарылауы, т.б. арқылы әсер етеді; биіктіктің әсері температураның, атмосфералық қысымның төмендеуі арқылы жүзеге асырылады. Шын мәнінде температура, жарық, тұздылық және т.т. тірі организмдерге тікелей әсер етуші сыртқы ортаның экологиялық факторлары ретінде білінеді.

2. Экологиялық фактордың әсері тікелей емес, аралық буындар арқылы берілуі мүмкін, яғни бұндай жағдайда ол көптеген себеп-салдарлық байланыстар арқылы ықпал көрсетеді. Экологиялық факторлардың аралық буындар арқылы ықпал етуінің мысалын құс базарынан көруге болады.

Құс базарларында құстар орасан көп шоғырланады. Бұнда басты рольді биогендік заттар атқарады; құстардың саңғырығы суға түседі; судағы органиканы бактериялар минералдандырады, соған байланысты осы жерлерде балдырлар шоғырланады. Бұл өз кезегінде планктондық организмдердің, негізінен шаян тәрізділердің концентрациясының артуына әкеліп соғады. Соңғылармен балықтар қоректенеді, ал олармен базарды мекендеуші құстар қоректенеді. Демек бұл жерде құс саңғырығы экологиялық фактор ретінде көрінеді.

Экологиялық факторлар табиғаты жағынан қаншалық әр алуан болмасын, олардың әсерінің нәтижелері экологиялық тұрғыдан салыстыруға келеді, өйткені әрқашанда организмдердің тіршілік әрекетінің өзгерісі арқылы білінеді, ал бұл ақырында популяция санының өзгеруіне әкеліп соғады. Осы тәуелділікті талдау, оның төмендегідей заңдылықтарын атап көрсетуге мүмкіндік береді:

1. Фактордың белгілі бір мәндерінде организмдердің тіршілік етуі үшін ең қолайлы жағдай туады, бұл жағдайлар оптималды жағдайлар деп аталады.

2. Фактордың мөлшері оптималдық жағдайдан неғұрлым көбірек ауытқыса, дара организмдердің тіршілік әрекеті де соғұрлым нашарлай түседі, осыған байланысты қалыпты тіршілік ету аймағы айқындалады.

3. Фактор мөлшерінің дара организмдер қалыпты тіршілік ете алатын аралығы төзімділік шектері деп аталады; төзімділіктің төменгі және жоғарғы шектері ажыратылады.

Сонымен, қоршаған орта факторлары 3 топқа бөлінеді:

1) Абиотикалық факторлар – өлі табиғаттың әсері (климат, температура, ылғалдылық, жарық және т.б.

2) Биотикалық факторлар – тірі организмдердің әсері.

3) Антропогенді факторлар – адамның әртүрлі іс-әрекетінің әсерлері.

а) абиотикалық факторларға тiрi организмдерге тiкелей немесе жанама түрде әсерiн тигiзетiн бейорганикалық табиғаттың құбылыстары мен құрамды (тiршiлiксiз) бөлiктерi жатады. Ортаның абиотикалық факторлары Жердегi тiршiлiктiң тұрақтылық шегiн анықтайды, олардың табиғаты физикалық-химиялыққа жатады.

Абиотикалық факторлар климаттық, эдафиялық, гидрологиялық болып бөлiнедi. Мысалы: климаттық факторлар жердiң бетiне күн энергиясының келу ерекшелiктерiнен, ауа массаларының айналысынан, жылу мен ылғалдың теңдестiгiнен, атмосфералық қысымның динамикасынан және басқа да метеорологиялық элементтерден тұратын факторларды айтады (ауаның ылғалдылығы, жауын-шашын мөлшері, ауаның температурасы, жарық мөлшері, күн мен түннің ұзақтығы, желдің әсері, ауа қысымы, ауа құрамы);

Эдафикалық фактор - топырақтың әсері (химиялық құрамы, физикалық және химиялық ерекшеліктері);

Гидрологиялық факторлар (судың тұнықтылығы, күн сәулесінің түсуі, құрамы, қысымы, ластануы т.б.) жер бедерінің әсері.

ә) биотикалық факторлар ағзалардың тіршілік әрекетіне байланысты бір-біріне тигізетін сан алуан әсерлері жатады. Биотикалық факторларға тірі организмдердің ортаға тікелей не аралық ықпалын тигізетін факторлар тобы жатады. Биотикалық факторлар дегеніміз бір организм тіршілігінің екінші организм тіршілігіне, сондай-ақ өлі мекен ортасына тигізетін әсер ықпалының жиынтығы. Биоталық факторларға зоогенді (жануарлар әсері), фитогенді (өсімдіктер әсері), микробогенді (микроорганизмдердің әсері) факторлар жатады. Мысалы, кейбір өсімдіктер (фитонцидтер) газ тәрізді (ұшпа) заттар бөліп шығарады, ол микроорганизмдерге (бактериялар, саңырауқұлақтар) жойғыш әсер етуімен қатар табиғи ортаны сауықтырады және тұрақтандырады. Ал неше түрлі вирустар мен микроорганизмдер өсімдіктердің жұқпалы ауруларын кең таратады.

Организмдер арасындағы қарым-қатынас өте күрделі және алуан түрлі, оларды шартты түрде тікелей және жанамаға бөлуге болады. Тікелей байланыс қоректену жолымен анықталады, өзінің тіршілігіне энергияны кейбір жануарлар өсімдіктерді немесе басқа жануарларды жеу арқылы алады. Өз кезегінде олармен басқалар қоректенеді.

Жанамалық қарым-қатынаста бір организмдер екіншілерге орта түзушілік рөлді атқарады. Мысалы, ормандарға жергілікті және әлемдік ортатүзуші функция тән, олар топырақты және суды қорғап отырады. Сонымен қатар, ормандағы ағаштардың морфологиясына байланысты пайда болатын ерекше микроклимат тікелей арнайы орман жануарларының, шөп өсімдіктерінің, мүктің өсіп-дамуына жағдай туғызып отырады. Су қоймаларында және суағарда өсетін өсімдіктер ортаға өте қажет абиоталық фактор -оттектің негізгі көзі болып саналады.

Тірі организмдер топырақтың түзілуі мен қызметінде маңызды роль атқарады. Оларға бірінші кезекте жасыл өсімдіктерді жатқызуға болады, олар топырақтан қоректі химиялық заттарды алып өздерінің өлген тканьдерімен қайтарып отырады. Өсімдіктер топырақтың төменгі қабатындағы элементтерді беткі қабатқа жылжып отыруға, былайша айтқанда биологиялық миграцияға жағдай туғызады.

б) антропогенді факторларды биотикалық факторлар қатарына жатқызып келген болатын. Бірақ соңғы кездегі адамның іс-әрекетінің табиғатқа қарқынды, әрі жан-жақты ықпал етуіне байланысты ол жеке қарастырылады.

Антропогендік факторлар дегеніміз - айнала қоршаған ортаға тигізетін адам баласы іс-әректінің тікелей немесе жанама әсері. Адам баласы өзінің материалдық игілігі үшін табиғат байлықтарын игеруге мәжбүр болады. Нәтижесінде, ірі кешендер, өнеркәсіп, зауыт, кен байыту, автокөліктер , ауыл шаруашылығы салалары дами түседі. Ал олардан зияны әр-түрлі газдар, қалдықтар, лас сулар, химиялық зиянды қосынды заттар айнала қоршаған ортаға түседі. Зиянды заттардың көпшілігі табиғатта айналымға түспей, жинақталып бүкіл тіршілікке кері әсерін тигізе бастайды. Яғни, атмосфера ауасының ластануы, су айналысының бұзылуы, жердің құнарсыздануы, қуаңшылық, өзен-көлдердің тартылуы, өсімдіктер мен жануарлардың сиреп немесе құрып кетуі, адам баласының денсаулығының бұзылуы және жалпы биосфера шегіндегі бұрын-соңды болмаған климаттың өзгеру құбылыстары үдей түседі. Соңғы жылдары антропогендік факторлардың табиғи ортаға және жалпы биосфераға әсері айқын біліне бастады. Осыған орай, адам баласының іс-әрекеті бақылауға алынып табиғат тепе-теңдігінің бұзылмауына жол бермеу жолдары ғаламдық мәселелер деңгейінде қарастырылуда.