Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Лекция, семинар.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.04.2025
Размер:
271.83 Кб
Скачать

Сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. Ауызша сөйлеу мәдениеті дегенді қалай түсінесіңдер, оның жазба тілден қандай айырмашылыгы бар?

  2. Ауызша сөйлеу мәдениетіне дыбыс тілінің қандай қатынасы бар, оны қалай түсіндірер едіңдер? Орфоэпиялық дағдының ауызекі тілге әсері қандай, мысалдармен дәлелдеңдер.

  3. Тіл мәдениетін қалыпқа келтіру үшін қандай жагдайлар керек, оны әдеби нормага қалай жеткіземіз? Әдеби тіл дегеніміз не?

  4. Ақпарат құралдары: радио, теледидар тілдерінің дыбыстық ерекшелігі, ортага бейімделуі, көпшілік қауымды өздеріне тарта білетін қасиеттері неге байланысты? Оны қандай ғылыммен тікелей байланыстыруга болады?

  5. Әдеби тіл нормасы бай болса да оның сезімге, ой-санага әсер етпеуін қалай түсінеміз? Дауыс ырғағы, интонация, мимика, дикция сияқты ұгымдардың, ерекшеліктердің ауызша сөйлеу мәдениетіне қатысы бар ма, мысалдармен дәлелдеңдер.

  6. Ритмикалық топ деген не, ауызша сөйлеу мәдениетіне оның әсері туралы айт, шешендік сөздерден, поэзиялық шыгармалардан мысалдар келтіріп айтып көріңдер. Сөз бен сөз аралыгында кездесетін «элизия», «протеза», «редукция» құбылысына әдеби шыгармалардан мысалдар келтір, мәнеріне, дыбыстың ерекшелігіне көңіл бөл.

1-тапсырма: Түсіндірме сөздіктен сөйлеу тіліне тән ерекшеліктері бар 20 сөз алып, түсіндіріп көріңіздер. Ол сөздерді сөйлем құрау арқылы айтып орфоэпиялың нормаға сай қолдана біліңдер.

2-тапсырма: Төмендегі мәтіннен ауызекі тілге тән сөздерді көрсетіп, мағынасын түсіндіріңдер. Оны дыбыстық тілмен, сахналық тілмен айтып көріңдер.

Сырым мен молда

Сырым жол жүріп келе жатып, бір мешітке кез болып, намаз оқуға тұрады. Сырымның жеңінің ұзындығы етігімен бірдей екен. Мешітке кіріп намаз оқығанда жеңін түрмей, қолын жеңінен шығармай оқиды. Молда Сырымның мұнысына наразы болып:

  • Намаз оқығанда қолды жеңнен шығарып оқу керек, - деп ескертеді.

  • Қолды жеңнен шығармай оқудың қандай зияны бар? - дейді Сырым.

  • Қолыңды шығарып оқысаң, қолға нұр құйылады, алақаныңмен бет сипағанда нұр бетіңе тарайды, - дейді молда.

  • Ол нұр қайдан келеді? - дейді Сырым.

  • Көктен келеді, - дейді молда.

- Япыр-ау, молдеке, мен бұл шариғатыңызға түсіне алмадым. Сіздің айтуыңызша, жеті қат көктен, үш қабат мешіттің төбесінен түсіп тұрған нұр менің жалаң қабат шекпенімнің жеңінен өте алмас дейсіз бе? - депті сонда Сырым батыр.

Молда қысылып, жауап қайтара алмай қалыпты.

3-тапсырма: Сұрақтарға мақал-мәтелдермен жауап беріңдер:

- Бір елі ауызға неше елі қақпақ керек?

- Қызым, саған айтам. Бұны кім тыңдасын?

- Кімнің алдында ауызыңды тыйған дұрыс?

- Піл көтермегенді не көтереді? (осы сұрақтарды жалғастырыңдар).

Сөз қолдану мәдениеті мен жазу мәдениетінің байланысы, оған қойылатын талаптар

... Ел бастау қиын емес,

Қонатын жерден көл табылады.

Қол бастау қиын емес –

Шабатын жерден ел табылады.

Шаршы топта сөз бастаудан

Қиынды көргенім жоқ...

Бұқар жырау

Сөз өнерінің қиын екендігі, өнер атаулының ең биігі екендігін, Бұқар жыраудың осы бір сөзінен-ақ аңғаруға болады. Қазақ халқы өз ұрпақтарының тіліне, сөйлеу мәнеріне ерекше көңіл бөліп, сөздік қорының молайып отыруына, әдемі сөз саптауларына, өз ойларын еркін айтуларына мән беріп отырған. Оны көп алысқа бармай-ақ, XI ғасырда адамзаттың мәдениеті мен әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан Шығыстың алып тұлғаларының бірі Кей-Қабус «Кабуснаме» атты ғылыми-әдеби шығармасының «Өнердің абзалдығы, қадір-құрметі және өнегелі болуы туралы» бөлімінде:

«Барлық өнерден сөз өнері жақсы екенін білген жөн. Адамзаттың ең абзал қасиетінің бірі – сөз сөйлей білу. Бұл жағдайды жете түсін де, жақсы сөйлей білуге үйрен: сыпайы, анық сөйлеуді әдет қылғайсың, өйткені қандай сөзді айтуды әдеттенсең, тіл соны айтады. Сөзді өз орнымен сөйле. Орынсыз айтылған сөз жақсы болса да жаман көрінеді. Орынсыз айтылған артық сөз опық жегізеді. Егер сөйлеген сөзіңнен бір нәрсенің пайдалы иісі сезіліп тұрмаса, ондай сөздің айтылмағаны жақсы.

«...Сөз бір шарап сияқты, одан басың ауруы да, жазылуы да мүмкін депті білімдарлар. Біреу сенен бір нәрсені сұрамаса, жауап бермегейсің, ал сұрай қалса, турасын айт. Босқа кететін жел сөзден сақтан», - деген даналық сөзі бізге өнеге ретінде сөздің адам өміріндегі құдіретін паш еткендей (Кабуснаме).

Бұл тіл мәдениетінің адам баласына қажетті өнердің ең биігі, балқаймағы, шынары екендігін дәлелдейді. Шынында да, қазақ халқы қай заманда да аталы сөзді қастерлеген «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Өнер алды – қызыл тіл» деп құрметтеумен қатар оған күшті талап та қоя білген.

«Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын» деп түсінген. «Алтын» сөзі әрі қысқа, әрі нұсқа болумен қатар, аз сөзбен көп мағына беру. Ата-бабаларымыз көп сөзді ұнатпаған, оны «көмір» деп қана қоймаған, мынадай синонимдерімен беріп, жаратпаған ішкі ойларын дәл жеткізген. Мысалы: «езбе» (езбелеу), «балпыл» (балпылдау), «былшыл» (былшылдау), «мылжың» (мылжыңдау), «оттау» т.с.с.

Халқымыздың ғасырлар бойы сақтап бізге жеткізген сөз мұрасын толық меңгеру, оны өз орнымен пайдалану – баршаның міндеті.

Кім болса да, өз пікірін дәлелдеу үшін сөзге, сөйлемге байланысты қажетті сөз тіркестерін терең меңгеріп, күнделікті өмірде қолдана білулері керек.

Сөзді өз орнымен қолдану – білімділіктің белгісі. Солай болса тұрса да, сараң сөйлейтін, өз ойын еркін жеткізе алмайтын, былапыттап сөйлейтіндер ұстаздар арасында да кездесіп қалады.

Мысалы: Мінбеде сөйлеп тұрған бір шешен С. Торайғыровтың поэзиясына былай баға береді:

«Сонымен, Сұлтанмахмұттың лирикасы поэма сияқты ұзақ болып келсе, поэмалары сюжетсіз болып, бірақ лирикалы болып, әлеуметтік лирика болып келеді».

Мұнда бір сөйлемнің құрамында «болып» етістігі төрт рет, «лирикасы болып» деген тіркестер үш рет қайталанған.

Бұл – тіл мәдениетін бұзушылық. Тиянақты бір ой, нақты шешім бұл сөйлемде атымен жоқ. Міне, осындай мысалдарға қарап отырсақ, қазіргі таңдағы ең бір зәру, көкейтесті мәселе тіл мәселесі болып отырғандығын көруге болады.

Қазір жеке ел болып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей кезеңде қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды. Қазір де қазақ тілін дамытуға толық мүмкіндік бар.

Сондықтан ауызекі тілде сөздерді орынды қолданумен қатар, дұрыс жазу талабына, жазу мәдениетіне де көңіл бөлінеді. Яғни орфографиялық нормадан ауытқуға, оны өз бетімізше өзгертіп жазуға болмайды.

Өйткені емле ережелері заңды түрде бекітіледі, жалпыға ортақ емле ережелерін сақтау, оны грамматикада қолдана білу – бәріміздің міндетіміз.

Қазір қазақ тілінің лексикасы молайды, оның сөздік құрамына интернационалдық, ғылыми-техникалық жаңа терминдер енді. Кейінгі кезде пайда болған аң-құс, жан-жануар, өсімдік атаулары, шаруашылық, тұрмыс, мәдениет, өнер, спорт салаларына байланысты құрал-жабдық, ұғым атаулары және екінші сыңары «аралық», «тану», «сымақ» сөздерімен келген атаулар бірге жазылады. Мысалы: Көзқарас, сутегі, сүтқоректілер, түйеқарын, жанкүйер, көрермен, оқырман, ауданаралық, қоғамтану, тәнтану, дүниетану, т.б. сөздер бірге жазылып, бір жүйеге түсті.

Тіркес құрамындағы жеке сөздер естілуінше жазылмай, негізгі тұлғалары сақталып жазылады. Мысалы: Ала ат (алат емес), бара алмаймын (баралмаймын емес), қара көлеңке (қарагөлеңке емес), көк орамал (көгорамал емес), барып па екен (барыппекен емес).

Жалпы алғанда заңды түрде қабылданған ережені іске асырып, дұрыс сақтағанда ғана орфографиялық нормасын қалыптастыра аламыз.

Нағыз мәдениеттің ту етері - тіл, ол жалпы адамзаттың мұратымен астасып жатқанымен, тұп тамыры міндетті түрде белгілі бір әлеуметтік этникалық ортадан бастау алады.

Сондықтан да өз тарихына, ұлттық дәстүріне, туған жеріне, туған тіліне қамқор көзбен қарап, қадірлей білген сана-сезімі жоғары адам ғана мәдениетті болып есептеледі.

Әсерлі сөйлеу, ойлау, тыңдау мәдениетімен бірге, жазу мәдениетін меңгеру – негізгі шарттың бірі. Ол үшін стильдік элементтерден ажыратып қолдану керектігі, сөздердің, сөйлем мүшелерінің орналасу заңдылығын сақтау, орфографиялық, синтаксистік норманы білу, қазақ тілінің табиғи қалпын сақтап, үндестік заңы бойынша жазу т.б. заңдылықтарды тиянақты меңгеруді талап етеді. Жазу мәдениетіндегі сауаттылық, әдетте емле (орфография) тыныс белгілерінің (пунктуация) дұрыс қолданылуына қарап белгіленеді.

Ауызекі тілдегі берілген ойды қағазға түсіру үшін әрбір тыныс белгілерін өз орнына қоя білу керек.

Тыныс белгілері дұрыс қойылған сөйлемді оқу да, ұғынуда жеңіл. Керісінше, тыныс белгілерін қате қою кейде сөйлемнің мағынасын бұзады, мағынасы бұзылған сөйлем айтайын деген ойды білдіре алмайды.

Тыныс белгілерін белгілі бір ережеге сүйеніп қоймаса, сауаттылық саналы меңгерілмейді. Тыныс белгілері негізінен сөйлемнің құрылысына негізделіп қойылады. Мысалы: үтірдің бірыңғай мүшелерді бөліп көрсетуі. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ - бес дұшпанды білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой - бес асыл іс көнсеңіз». (Абай)

Сызықшаның бастауышты басқа мүшелерден айыра білу үшін қойылуы: Әр адамның бағасына бір ғана өлшеуіш бар: ол - өнімді адал еңбек. (С. М.)

Мен - көмір де, сен - темір, ерітуге келгенмін. (Қазыбек)

Сөзді дұрыс қолдану мен жазу мәдениеті әрқашан да бір-бірімен тығыз байланысты, яғни бір нәрсенің екі жағы сияқты, оны бір-бірінен бөліп алып қарауға болмайды.

Сондықтан да ішкі ой дүниемізге байланысты қандай сөзді қолдансақ та оны сауатты жаза білуіміз керек. Ол үшін мынадай принциптерді білудің маңызы өте зор:

  1. Грамматикалық принцип – тыныс белгілерді грамматикалық ережелерге сүйеніп қою.

  2. Мағыналық принцип – сөйлемнің тыныс белгілерін синтаксистік категориялар мен синтаксистік тұлғалардың мағынасына негіздей қою.

  3. Интонациялық принцип – сөйлемнің тыныс белгілерін синтаксистік категориялар мен синтаксистік тұлғалардың сазына, нақышына келтіріп айтылуына және естілуіне қарай қою.

Бұл принцип, біріншіден, тыныс белгілерін дұрыс қою арқылы ой-өрісті кеңейтеді, екіншіден, тілдің ішкі заңдылықтарын тереңірек түсінуге мүмкіндік жасайды, үшіншіден, әдеби тілдік нормаға сай сөйлей білуге баулиды.

Ауызекі тілде нақты сөз өрнектері ым-ишара, мәнерлі қимыл қозғалыстар адамның жан дүниесіне әсер етсе, ал жазба түрде ойды оқырманға дәл жеткізу үшін әрбір сөз, әрбір тыныс белгі өз орнында келіп, ой мен сезімге бірдей дөп тиіп жатуы қажет, басы артық сөздердің болмағаны дұрыс.

Мысалы: «Мен – көмір де, сен – темір, ерітуге келгенмін» деген Қазыбектің сөзіне бір оқушы былайша ой толғайды:

«Қазыбектің баяндауында зәулім ойлылық бар, қол жетпес асқар таудың қаһарлы шыңдары көрінеді, терең сезімі бар, онда халық күші қазандай қайнайды. Шешеннің сөзінде қара дауыл қаптап келе жатқандай, дауылдың арты нөсер жаңбырға айналар, одан суық ызғар сезіледі, бәрі-бәрі жинала келе, халық күші тасқынға айналар, ал тасқын жапандағы барлық тастарды домалатып әкетер, қазақ жеріне жиналып қалған өктем күшті жуып-шаяр, тазарар, ақталар, содан әрі босаған жер қайта гүлденер, жасарар, жаңа хош исі аңқыр, өрісі кеңір, кең даласында еркін көшіп-қонар, қауіп-қатерді ұмытар, халық сонда бір еркін демалар!»

Міне, оқушының сөз саптауынан тілдік қорының бай екендігін, әдеби тілді еркін меңгеріп, өз орнымен қолдана білетіндігін байқап отырмыз.

Қысқасы, тілдегі сөздердің қыр-сыры көп. Оларды бір-бірімен тіркестіріп, тілдің көркемдегіш құралдарының сан алуан тәсілдерін қолдансаңыз, неше түрлі мағынаға ие болып, сан қилы өң береді. Сондықтан ойды дұрыс құрып, сөз мағынасын жете түсіну керек. Сөз саралай білу, сөзді жазу мәдениетінде дұрыс қолдану да сауаттылықтың белгісі.

Жазу – белгілі бір ойды, бүгінгі тарихты ертеңгі ұрпаққа жеткізу құралы. Жазу – аса пәрменді мәдени мұра. Яғни, сөз қолдана білудің де, жазба тілдің де маңызы ерекше.