Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Лекция, семинар.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.04.2025
Размер:
271.83 Кб
Скачать

Сөз байлығы

Тіл байлығы - елдің елдігін, жұрттылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері.

Сөздік қоры мол, әдеби тілі жатық, өз ойын анық та көркем түрде жеткізе білетін адамды сөз байлығы мол, тілі оралымды, жан-жақты жетіліп, дамыған деп айтуымызға болады. Сөзді орынсыз қайталау тілдің коммуникативтік қызметін күрт төмендетеді, ойды дәлме-дәл, мазмұнды жеткізуге кедергі болады. Аз сөзбен көп мағына беру қағидаты бұзылады. Кейде белгілі бір мәтінде, не бір әдеби шығарманы оқып отырған кезде сол автордың сөздік қоры қаншалықты мол немесе қаншалықты кедей екенін түсініп отырамыз. Сөзді орынды қолдана білу жөнінде профессор Қ. Жұбанов былай дейді: «Қиюын тауып қаламасаң, байлауын тауып ұстатпасаң, сөз бөлшектері де сөгіліп кетеді. Ондай сөгіліп кеткен сөз - сөз болмай шығады немесе адамға арнап салған үйің құстың күркесі болып шыққандай, керекті сөз болмай, басқа бір сөз болып шығады».

Ой айқындығының қамқоршысы болғысы келген кісі сөзді саралап талғап, әдемі сөз оралымдарын дәл қолдана, жеткізе білуі керек. Кейбір зерттеушілер белгілі бір жазушының тілі жайында сөз қозғай қалса, «қаламгер тілге бай, халық тіл байлығын мейлінше мол пайдаланған» тәрізді тұжырымдарды жиі қолданатынын байқаймыз. Мұның барлығы да жалпылама түрде жай айтыла салған ойлар сияқты. Әйтсе де, әрбір жазушының қанша сөз қолданғанын, қандай тұлғалармен қаншалықты түрлендіре түскенін нақтылап, санап шыққан ешкім жоқ. Мұндайда болжаммен қорытынды жасаудан гөрі нақтылы дерекке табан тіреу тиімдірек екендігі белгілі. Мәселен, «Абай жолы» эпопеясының сөз шұрайы, тіл кестесі келісті, өрнекті сөз адамдарына мейлінше бай туынды екендігі әлдеқашан мәлім болған. Жазушы «Абай жолында» 16983 сөз қолданған. Орыс халқының белгілі ақыны А.С.Пушкин өз шығармашылығында 21197, В. Шекспир 15000 сөзді өз қажетіне жарата білген.

«Абай жолы» эпопеясында бір және екі рет қолданылған сөз саны 8698. Пушкин шығармаларындағы мұндай сөздердің саны 9301. Бұл - тіл байлығы деп аталатын коммуникативтік сапаның обьективті құбылысы екендігін көрсетеді. Бұл айтылған әңгімелерге қарағанда, тіл байлығы тек лексикамен ұштасып жатады деуге болмайды, тіл байлығы ана тілінің синтаксистік, морфологиялық жүйелерін де қамтиды. Тілдің морфологиялық, синтаксистік амал-тәсілдері, лексикалық қазынасы бір-бірімен астаса, ынтымақтаса, тіл табыса келіп, тіл байлығын құрайды.

Тілдегі сөздер аспан әлеміндегі жұлдыздар тәрізді. Жарығы бар, көмескісі бар, қас-қағым сәтте пайда болып, қас пен көздің арасында ғайып болатын келтелері де бар. Қазақ тіліндегі сөздердің саны қанша? Оның дәл санын ешкім айта алмайды. Ешбір тілде сөздің санын математикалық дәлдікпен айту мүмкін емес. Бірақ тіліміздегі сөздердің мыңдап, жүз мыңдап саналатыны белгілі. Оның үстіне кейбір сөздердің 20-30-дан астам мағынасы бар. Сөздің контекстегі мағынасын түп-түгел қамтыған сөздік лингвистика тарихында әлі жасала қойған жоқ. Кейде тілді теңіздей терең деу оның осындай сарқылмас байлығына байланысты айтылса керек. Тілімізде өлі де болса көпшілік қауымға бейтаныс мынадай сөздер кездеседі. Жеке айтыла қалар болса, оны әркім тура мағынасында түсінеді. Мысалы: Ақыр - малға шөп салатын орын, зәңгі - басқыш, баспалдақ; сыпыра - дастархан, еспекті - икемді, мазалырақ - аздап, жағабыз - дарынды, өнерлі; мәлік - балықтың мәлігі, жас өскіні.

Шындығында, көркем сөз зергерінің қаламына ілінгенше мұндай сөздердің талайымызға бейтаныс болғандығы рас. «Теңіз суының тұзы көбейген сайын балықтың ұрығы - уылдырығы мен жас ұрпағы мәлігіне бірден-бір қырғын апат» (Ғ.М.).

Әдеби тіл мүддесіне аса қажет, бірақ жеткілікті тіл аясынан шыға алмай немесе бір мағынада ғана жұмсалып жүрген сөздер қаншама?! Сондай сөздердің бірі - «қарындас». «Қарындас» сөзінің осы күнгі әдеби және актив мағынасы - ер адамның жасы кіші әйел жынысты туысқаны және ер адамға байланысты айтылғандағы жасы кіші әйелдің атауы. Бұл сөздің түпкі көне түркі жазба нұсқаларында көрсетілген мағынасы «туысқан адам, бір жұрттың адамы». Қазақ тілінде де бұл сөз бұрын жалпы «туысқандар, руластар, аға-інілер» деген ұғымда кеңірек қолданылған. Мысалы, Асанқайғының: Ол күнде қарындастан қайырым кетер, - дегенінде де, Шалкиіздің: Жайыңды білген қарындас. Ол қарындас әлі жолдас, - дегенінде де бұл сөз әйел жынысты адам туралы емес, жалпы туысқан жақын туралы айтылған.

Махамбеттің:

Тар қолтықтан оқ тисе,

Тарыққанда қайрылар

Қарындасым менде жоқ, - дегенінде ол әйел жынысты жақын туысын емес, өзінің соңына еретін, өзіне демеу болатын жақынды, руластарды айтып отыр, яғни өзі бастаған көтеріліс ісі үшін «жолы жіңішке» әйел туыстарының емес, өзінің қостайтын қалың ағайын-туыстарын іздеп отыр. Абай да бұл сөзді бірнеше рет жалпы ағайын, туыс рулас, тіпті ұлттас мәнінде қолданады: Қарындас қара жерге шыға алмай жүр (Абай 1, 34). Осы қуанышы бәрі де қазақ қарындастың ортасында» (Абай VІ, 180).

«Қарындас» сөзінің осы көне мағынасын қазіргі жазушыларымыз ертеректе өткен тарихи оқиғаларды суреттеген шығармаларында, эпостық негізде жазылған пьесаларында пайдаланады. Мысалы: М.Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыланды» драмасында, «Еңлік-Кебектегі» билер айтысында, Т.Ахтановтың «Ант» драмасында «қарындас» сөзі «ағайын, туысқан, бір рудың адамы» деген ұғымда орынды қолданылған.

Тілдің лексикалық байлығы тек атауыш сөздермен шектелмейді. Ана тіліміздегі сөздердің енді бір қатары халықтың таным-білігі, зерттеуі, ой қорытуына байланысты пайда болған. Ондай сөздердің номинативтік ерекшелігінен гөрі ұғымдық қасиеті басым болады. «Мал » сөзінің ұғымы - жылқы, сиыр, қой, ешкі т.б. атауларды қамтитыны белгілі. Кейбір деректерге қарағанда, қазақтың мал шаруашылығы екі түрге бөлінген: біреуі - ақ мал (жылқы), екіншісі - қара мал, яғни, қыста қораға қамайтын мал деген ұғымдарды білдірген. Күйіс малы «қара мал» деп аталса, қыста қорада бағылмай, далада жайылатын жылқы баласы «ақ мал» делінген. Ал «аяқты мал» деп - түліктің тебіндеп жайылатын түрін айтады. Оған: жылқы, қой, ешкі жатады.

«Жылқы» сөзі - төрт түліктің бір түрінің атауы. Шаруа адамы жалпы қыл құйрықты «жылқы» деп атағанымен, олардың қадір-қасиетін ажыратып отырған. Жылқыны алдымен «қазанат» және «жабы» деп үлкен екі топқа бөлген. «Қазанатқа» - бәйге аттары, жаугершілікте мінетін аттар жатқызылып, олар өлең-жырларда «сәйгүлік, арғымақ, тұлпар, қазмойын» деп дәріптеліп отырған.

Мысалы:

Арғымақтан туған қазанат,

Шабуыл салса нанғысыз,

Қазанаттан туған қазмойын,

Күніне көз көрініп жер шалғысыз» (М.Ө).

Ал «жабы» сөзі нашар, жарамсыз жылқы деген сөздердің орнына жұмсалады. Бірақ бұлай деу - жабыны қазанатпен салыстырғанда қолданатын бағалау.

Әйтпесе, жабы - еті, сүті мол нағыз шаруа малы. Жылқы малына байланысты «керік», «керен» деген сөздер батырлар жырында жиі кездеседі. «Керик» сөзі қырғыз эпостарында да кездеседі. Бұл - носорогтың атауы. Қазақ тілінде де «керік» - носорог.

Керік сияқты айбарлы жануар аузын ашқанда соншама қорқынышты болатындығы мәлім. «Керік» сөзі эпостарда «ат, батырдың, палуанның мінген аты» деген мағынада қолданылады.

Мысалы:

Сол уақытта бір палуан,

Келе жатыр ұмтылып,

Аяғын жерге сүйретіп,

Мінген керкін үйретіп...

(«Алпамыс батыр» жырынан).

Бұл жердегі «керік» - «ат» сөзінің синонимі, бірақ жағымсыз кейіпкерге байланысты айтылады. Сонда керік мінген қалмақтың ханы, нышаны болып келеді. Соған қарағанда, «керік» деп жалпы атты емес, бойы аласа деген сияқты жылқының белгілі бір тұқымын атаса керек.

Сөз байлығының бір саласы - жер-су атаулары (топонимдер) мен кісі есімдері (антропонимдер).

Жер-су атауларында көптеген ашылмаған сыр, шешілмеген жұмбақтар болады. Өзен-су, қыр-қырат атаулары жердің табиғи көрінісіне, жаратылыс ыңғайына, жан-жануарларына қарай да атала беретіндігі белгілі. Мысалы: Қарағанды, Мойылды, Шілікті, Аршалы топонимдері сол жердің қазба байлығы мен өсімдік атауларына байланысты болса (фауна), Текелі, Жыланды, Арқарлы атаулары осы жерді мекендеген жабайы аңдар мен мақұлықтардың көптігіне байланысты болса керек.

Батыс Қазақстан облысында «Жайық», «Қалдығайты» деп аталатын өзен атаулары бар. «Жайық» сөзінің төркіні жөнінде пікір жазғандар оны «жайылған», «жайылыңқы», «жайлану», «жайласу» дегендермен салыстырады. «Жайықпен» тұлғалас сөзді қазіргі кездегі Алтай төңірегін мекендеген халықтардың тілінен табуымызға болады. Алтай төңірегіндегі «йайық» қалпында айтылатын сөз қазақтар түсінігіндегі «су тасу, сел, тасқын» дегендермен сәйкес. «Тасқын» мағынасын беретін сөз чуваш тілінде өте ықшам қалыпта - «Яю» болып айтылады. Дәл осы мағыналы сөз сәл ғана дыбыстық өзгерістермен тува тілінде - «дажыл» түрінде кездеседі.

«Қалдығайты» - Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының жерін басып өтетін өзен. «Қалдығайты» өзені атауының шыққан төркінін монғол тіліндегі «бұлан» мағынасын беретін «хандгай» сөзімен ұштастыра қарау лазым. Бұл жерде қазақ тіліне ежелден жат «х» дыбысын «қ» алмастырса, монғол тіліндегі «н» дыбысы орнына жергілікті тұрғындар «л» дыбысын қолданған. Ал «д» мен «г» дыбыстары ортасына қысаң «ы»-ның қыстырылуымен «г»-ның «ғ»-ға ауысуы да қазақ тіліндегі заңдылықтан шет кетпеген. Осыдан келіп, «қалды-ғайты пайда болып, дөл қазақша мағынасы - «бұланды» дегенді аңғартады. Бұған қарағанда, өте ерте заманда өзен бойын бұландар жайласа керек. Дәл осындай жолмен пайда болған Қазақстан жерінде «Қандағатай», «Қандағайты» деп аталатын таулар да бар. Бұлардың да пайда болуына «бұғы» мағынасындағы «хандгай» сөзі негіз болған.

Ана тіліміздегі сөздердің тағы бір ерекше тобы бар. Бұл топқа жататын сөздер халықтың байырғы өткен өміріне, салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр, билік жүргізу, т.б. әрқилы қоғамдық қатынастарға байланысты. Зерттеушілер кейбір археологиялық деректер арқылы қоғамдық институттардың принциптері мен заңдарын ашады. Ал, тарихта археологиялық деректен үнсіз қалған тұста ше? Онда сөздер сөйлейді. Сондай сөз тізбектерінің бірі - «тәу ету, тауап қылу».

«Алпамыс батыр» жырында Байбөрі байдың қуанышын:

Тілекті алма берді деп,

Бабаларым келді деп,

Тәу етті барып айналып, -деп суреттейді.

Мағынасы «бас иді, тағзым етті». Бұл тіркес о баста ислам дінін қабылдағанға дейінгі көзқарасқа байланысты пайда болған. М.Әуезов «Қара Қыпшақ Қобыланды» пьесасында екі-үш жерінде «Ай көргендей тәу еткен» деген сияқты фразаларды қолданған.

«Тәу ету» нақтылы бір нәрсеге (малға, айға) бас июде айтылады. Қазақ тілінде «тәу ету» деген сөз тізбектерімен қатар «тауап ету» фразасы да бар. «Тауап ету» тіркесі көбінесе «қағбаны тауап ету» түрінде кездеседі. «Қағба» -Меккедегі діни орталықтың, яғни құлшылық үйінің аты. Оның бір қабырғасына аспанға ілініп тұрған атақты қара тас қойылған Меккеге барушылардың барлығы осы тасқа қолдарын тигізбей кетпейтін болған.

«Тауап» - араб тілінде «бір нәрсені айналу» дегенді білдіреді. «Қағбаны тауап ету» - мешітті айналып жүру, яғни Меккеге барғандықтың белгісі. Кейбір ескі жырларда «тәу ету» мен «тауап ету» тіркестерінің арасында ұқсастығы мен мағынасы жағынан «бас ию» мәнінде жұмсауға себепкер болатын мынандай жолдарды кездестіруге болады. Мысалы: XIX ғасырдағы Нұрым жыраудың «Әтембетке айтқаны» деген толғауында:

Сондықтан сізге келгенім,

Қағбаға тауап еткендей,

Иіліп сәлем бергенім, - дейді.

Мұнда жырау «тауап ету» дегенді «бас ию - иіліп сәлем берумен» шендестіреді. Сонымен қатар, тілімізде «қыналы» деген сөз бар. Қырғыз тілдерінің оңтүстік говорында «қына» сөзінің мағынасы - аттың құйрығына тағатын әшекейлі бұйымның атын білдіреді. Мысалы: Жиенбет жыраудың бір өлеңінде кездесетін: «Қыналы бозға мінген ер, қыз қалмақты құшқан ер» деген жолдардағы «қыналы» сөзі осындай ұғымға байланысты айтылса керек. Сәндікті, барлықты, байлықты білдіру үшін астына мінген атының жал-құйрығын әшекейлеу дәстүрі бар.

Ал, Бұқар жырауда кездесетін: «Он саусағы қыналы, омырауы жұпарлы» дегендегі «қына» сөзі бұдан басқа. Мағынасы - «жіңішке салалы» дегенге саяды.

Қазақ тіліндегі «қынай бел» - «жіңішке талма бел, құмырсқа бел » деген мағынаны білдіретін фразеологизм. Сол сияқты «қыналы саусақта», «жіңішке, тартқан сымдай саусақ» болуы әбден ықтимал. Бұл - дәстүрлі, бейнелі тіркес, сондықтан тіркес ішіндегі жеке сөздердің мағынасы көмескіленіп, бұл күнде еркін тіркес құрамайтын сөзге айналған деуге болады.