3. Ғұндардың қазақ халқының этнос ретінде қалыптасуына әсері
Ғұндардың басты шаруашылығы мал өсiру, соның iшiнде жылқы және қой бағу. Оларда сонымен қатар отырықшылық пен егiн шаруашылығы да болған, қолөнерi де дамыған. Тұрмысқа қажеттi бұйымдарды металдан, тастан, ағаштан, сүйектен, мүйiзден, балшықтан жасаған. Керамика iсi өркендеген. Олар Қытай және т.б. елдермен сауда жүргiзген. Ғұндар 24 руға бөлiнген. Ел басында ақсақалдар кеңесi және халық жиналысы тұрған. Жылына үш рет олардың жиналыс-кеңесi өткiзiлген. Елдi көсемдер басқарған. Ғұндардың еңсесiн көтерiп, ел болуына ат салысқан Түмен, Мөде /Боғда/, Баләмiр, Жұлдыз, Қаратүн, Айбарыс, Оқтар, Әдiл /Аттила/, Теңiзек, Күнхан, Шамхан атты ерлердiң есiмi тарихтан белгiлi. Ғұндардың ең алдымен түрiк тайпалық одақтары, ал кейiннен олардан Арғын, Алшын, Үйсiн, Ұйғыр, Қыпшақ, Қырғыз, Оғыз, Қарлық сияқты рулық-тайпалармен ел-жұрттар тарап, тарихта өшпес iз қалдырған.
Ол қалай болды? Б.з.б. I ғасырда Солтүстiк ғұндардың құрамына кiрген көптеген түркi тiлдес тайпалардың бiр бөлiгi Орталық Азиядан Тянь-Шань арқылы өтiп, Қаңлы тайпалық бiрлестiгiмен көршi-қолаң отырды. Ғұндардың Қазақстанға өтуiнiң екiншi толқыны б.з. 2-ші ғасырдың бiрiншi жартысында орын алды. Бұл кезде Солтүстiк ғұндардың толып жатқан тайпалары Шығыс Қазақстан мен Жетiсуға қоныс аударып, VI ғасырға дейiн өмiр сүрген Юэбань мемлекетiн құрды. Ғұндардың бiрiктiрушi рөлiнiң арқасында сырттан келген тайпалармен байырғы тұрғындардың этникалық жақындасуы iске асты. Мұның өзi тайпалардың жаңа этникалық қауымдастығының қалыптасуына әкелдi және сол этникалық процестердiң бағыт-бағдарын айқындап отырды. Этномәдениеттiк жағдайда түркi тiлiнiң одан әрi дамып жайылған аймақтарда сол сияқты сыртқы моңғол түрiнiң белгiлi әсерi де көбейдi.
Сөйтiп, үйсiндер мен қаңлылардың моңғолоидтық нәсiлге өтуi басталды. Бұл процесс тарихи деректерге қарағанда б.з. I-V ғасырларын қамтиды, мұның өзi жергiлiктi жұрттың кескiн-кейпiне, оның тiлiне белгiлi дәрежеде әсер еткенi даусыз. Оның үстiне бұл тайпалық одақтардың қоныстарына жүргiзiлген археологиялық зерттеулер олардың әдет-ғұрып, салт-санасында, дiни-наным сенiмдерiнде бiрiн-бiрi қайталайтын ұқсастық қасиеттерiнiң барлығын байқатады. Олардың жұрттарынан табылып жүрген ыдыс-аяқ, құрал-сайман, төрт-түлiк үй жануарларының сүйектерi, егiн егуге қажеттi құралдар, қол диiрмендер т.б. өмiрге қажеттi бұйымдардың табылуы, олардың да бiр-бiрiне ұқсастығын, экономикалық жағынан бұлардың арасында ешбiр қайшылық жоқтығын дәлелдейдi.
Тіпті қазіргі қазақ руларының қатарындағы арғын руының «арғұн», яғни «арғы ғұн» деген мағынаны беретіндігін қазір айтып та жүр.
4. Ғұндар мен қазақтардың әлеуметтік құрылымдарының ұқсастықтары
Атақты Л.Гумилевтың «Хундар» атты кітабында ғұн руларының ішкі құрылысынан мынадай деректер келтірілген: «Ықылым заманнан ғұндардар рулардың шығу тегі еркек кіндікті азаматтан бастау алады, анадан олар ұрпақ тарады деп есептемейді. Ағасының артында қалған жесірін оның інісі әйел етіп алады. Ол ағасының жесіріне өзінің отбасындай қамқорлық жасайды. Бұл әдет-ғұрып рулық бірлестікті нығайтудың бірден-бір көзі әрі оны бұлжытпай орындайтын болған. Ал мұндай дәстүрді үзуге тырысқан жандар қатаң жазаланған.
Қазақтар «әмеңгерлік» деп аталатын дәстүрді қатал ұстанған. Мұны ғылыми тілде некенің «левират» деген түрі деп ажыратады. Бұл жөнінде Әз Тәукенің «Жеті жарғысында» былай делінген: «Егер жан-жақты бай, тұрмысты, ауқатты адам болса, бірнеше әйел алуға хақы бар, тек әр әйеліне енші бөліп, жеке ауыл етіп шығаруы керек».
Күйеуі қайтыс болғаннан кейін жесір әйел қара жамылып, оның орнын бір жыл күткен. Бірақ шариғат бойынша жесір әйел күйеуін жүз күн аза тұтса борышы ақталды деп саналған. Бұл мерзім біткеннен кейін әмеңгерлік әңгімесі қозғалған.
Күйеуі өліп, жастайынан жесір қалған жас әйелді салт бойынша өлген күйеуінің туыс ағасына немесе інісіне қосу салты болған. «Ерден кетсе де, елден кетпес» деп, туыстары жесірге мұрагер-әмеңгер болып саналған.
Қазақтардың арасында болған А. Левшин «егер де бір бауыры қайтыс болған азамат отбасының басшысы болатын болса, онда ол қайтыс болған бауырының әйелдерінің арасынан жас біреуіне үйленуге құқылы болған» деп жазды. Бұл үйлену міндетті түрде жесір әйелдің келісімімен ғана жасалатын болған. Тағы бір айта кететін жайт, егер жесір әйел бұдан былай тұрмыс құрмаймын, өз өмірімді тек қана балаларымды бағып-қағуға, тәрбиелеуге арнаймын десе, оның айтқаны орындалатын болған. Ал егер жесір әйел өзі барған әулеттен басқа біреуге тұрмысқа шығамын деген ниет білдірген жағдайда, онда бұрынғы күйеуінің туыстарына оған үйленетін жаңа күйеу жігіт жағы қалың мал төлейтін болған. Мұндағы мәселе бұрынғы некеден туған балаларды жеткізу, яғни материалдық жағынан қамтамасыз ету мақсатынан туындаған.
Жесір әйелдің етегінен тартқан баласы болмай, әрі өлген күйеуінің әмеңгерлік ететін туысы болмаған жағдайда ғана төркініне кете алатын болған. Осыдан-ақ әмеңгерлік салтының жас ананың тауы шағылып, қамқорсыз қалған сәтінде оған жанына жалау болар ер азаматтың қамқорлығын сездіру болса, жас балалар әке мейірімін көрмей жалғызсырап өспесін деген ізгі ниет менмұндалап тұр емес пе?! Иә, әкеден айырылған жас балалар басқа жерге барып қорлық көрмеген, жалғыздық тартпаған.
Әмеңгерлік институты сол замандағы ана мен баланы қорғау институты деп айтуға толық негіз бар. Өйткені ешқандай алимент, жетімхана атаулы болмаған заманда жасөспірімдерді жеткізу, оларды тәрбиелеу және әйел баласының да ала жіптен аттап кетпеуі жан-жақты ойластырылған. Ең бастысы, әкеден айырылып, жетім қалған балалар басқаның қолына қарамай, өз бауырларының арасында жат болмай, жатырқамай өсуге мүмкіндік алған. Және осы дәстүрдің сонау ғұндардан бастап жалғасып келе жатқанының өзі де қазақтар мен ғұндардың этностық байланыстарын айқын көрсетеді.
Ғұндардың тағы бір қазақтармен ұқсастығы ол ақсақалдар кеңесі арқылы көптеген даулы мәселенің өз шешімін табуы. Бұл жағдай қазақ халқында әлі күнге дейін сақталып қалып отыр. Тіпті 90 жылдары ауылдарда ақсақалдар кеңесі қайта жаңғырғаны белгілі. Қазақ хандығында осы бір әлеуметтік құбылыс талай жанжалдарды реттеуге септігі тиіп отырған.
Қазақтардағы үш жүздiң пайда болуына ертедегi ел билеудiң әскери тәртiпке негiзделуiнiң де әсер етуi ықтимал. Осындай тәртіптің ғұн тайпаларында да болғандығын біздер тарихтан айқын білеміз. Қазақтың үш жүзi ешқашанда бiр-бiрiмен жауласып, өзара араздыққа барып көрмеген. Керiсiнше, олар қазаққа қауiп төнгенде, қазақ халқының тағдыры шешiлер сәтте хандары, батырлары, билерi, тағы да басқа беделдi адамдары арқылы бiр жерден табылып, мәселенi бiрiгiп шешiп отырған. Осыған қарап-ақ ғұндар мен қазақтардың арасындағы ұрпақ сабақтастығын анық байқаймыз.
Енді бір айғақты Л. Гумилев былай келтіреді: «Ғұндар адам қайтыс болғаннан кейін де өмір сүреді деп сенген. Ал көшпенді өмір соның бір бөлшегі деп есептелген. Сол себепті қайтыс болған адамды киізге орап жерлеген. Және олар Көк Тәңіріне сенген дейді.
Қазақтар тіпті қазірдің өзінде тәңіршіл келеді. Мұсылмандықта кездесе бермейтін әдет-ғұрыпты әлі күнге дейін қолданып келеміз. Және бабаларымыз мұсылмандыққа бой ұра бастағанға дейін осы аспандағы Тәңірге табынған. Алысқа бармай-ақ қазіргі Қазақстанның көк байрағы соның дәлелі деп тануымызға болады. Ендеше ғұндардың біздің ата-бабаларымыз екендігін осы бір кішкентай мысалдардан көруге болады.
