
Адамгершілік - асыл қасиет
Адам жанының рухани тазалығы –ең басты міндет болып табылады. Қоғамдағы жеке адамдар арасындағы бауырмалдық, сыпайылық, әдептіліктің бәрі де адамгершіліктің белгісі.
Адамдарды қызметіне, жағдайына, киіміне, сырт көрінісіне қарап бағалау дұрыс емес. Қызмет те, орта да, киім де уақытқа байланысты өзгеретін нәрсе. Өзгермейтін тек жан сұлулығы мен жүрек жылуы болуға тиіс.
Адамның адамгершілік қасиеті - әрқашан биіктен ізеттілікпен көріну. Мәселен, ер адамдар әйелдерге,жасы кішілер өзінен үлкенге құрмет көрсету керек. Сау адамдар кемтар, ауру адамдарға жол беріп, ізет көрсетеді. Адамгершілік адамның жүріс-тұрысы мен отырысынан да көрініп тұрады.
Ата-ананы құрметтеу адамгершілік қасиеттің ең негізгісі болып табылады. Адамдармен үнемі жылы сөйлесіп, амандасып тұру жақсы қасиет.
Адамгершілік қасиеттерімізге кір келтірмейік.
Үлгілі отбасы
Отбасы – әр адамның алтын ұясы. Отбасы ұрпақтарға ұлттық дәстүрлерді қалыптастыруда маңызды орын алады. Отбасында ер адам – басты тұлға. Әйел оның серігі, көмекшісі. Сондықтан да үйдегі бар істі ер адам басқарып отыруға тиіс. Әйел адамның жұмысы – бала тәрбиелеу, отбасын тамақтандыру, үйді таза ұстау. Балалар да жас кезінен отбасы жұмыстарына икемделуі керек. Отбасын қаржымен қамтамасыз ету – ер адамның міндеті. Әйел адамның жұмыс істемегені дұрыс, себебі бала тәрбиесіне көп уақыт қажет болады. Отбасының ауызбірлігі, ынтымағы әйелге де, ер адамға да байланысты. Балалар жас кезінен үлкендерді сыйлап, олардың айтқандарын есте сақтап, орындап отыруға тиіс.
Біздің отбасымыз өте үлкен. Себебі қазақ халқында үйде баланың көп болуын, олардың қасында атасы мен әжесі отырғанды жақсы ырымға санайтын әдет бар. Мен жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін шаңырақ көтердім. Таңдаған жарым ибалы, көркіне ақылы сай адам. Біз-бірімізді сыйлаймыз. Сондықтан қазір тату-тәтті тұрамыз, төрт баламыз бар. Әкем мен шешем – оқытушылар, атам мен әжем – зейнеткерлер. Бірақ немерелерін тәрбиелеу сол үлкен кісілердің мойнында. Үлкен адамдар тәрбиелеген бала кішіпейіл, адамға жақын болатын секілді. Күнде кешкісін атасы мен әжесі шөберелеріне ертегі айтып береді.
Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Отбасының реніші де үй ішінде шешіледі. Балалар әке-шешені сыйлап, олардың ақыл-кеңестерін тыңдап отырады. Барлық іс ақылдасып отырып істеледі. Сондықтан да «Отбасы – шағын мемлекет» деген сөз орынды айтылған.
Демалыс, мереке күндері барлығымыздың басымыз құралып, мәре-сәре болып қаламыз. Биыл інімді үйлендірмекпіз. Әке-шешем құдалыққа дайындық жасап жатыр. Амандық болса, біздің шағын мемлекет үлкейетін шығар.