
Мемлекеттік рәміздер тарихынан
Әр халықтың тарихына, салт-дәстүріне, мәдениетіне байланысты рәміздері болады. Қазақстанның да өз рәміздері бар. 1992 жылы 4 маусымда ресми рәміздеріміз туралы заң қабылданды.Оларды егеменді елдің әрбір азаматы құрметтеуге және мақтаныш етуге тиісті. Біздің мемлекетіміздің рәміздері – Ту, Елтаңба, Әнұран. Олардың әрқайсының мәні, өз орны, тарихы бар.
Мемлекеттік ту Республика Президентінің сарайына, Парламенті, үкіметтің, министрліктердің ғимаратына ілінеді. Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінің ғимараттарына тұрақты орнатылады. Бұлардан басқа ту ұлттық мерекелер кезінде көтеріледі. Тудың авторы – Ш. Ниязбеков.
Мемлекеттік елтаңба мөрге, металл ақшаға, мемлекеттік ғимараттарға салынады. Қазақстан Республикасының азаматы екендігін айқындайтын төлқұжатта да елтаңба бар. Елтаңбаның авторлары – сәулетшілер: Ж.М.Мәлібеков, Ш.Ы.Уәлихан.
Мемлекеттік әнұранды салтанатты жиналыстар мен мәжілістерде орындайды. Қазақстан Республикасының әнұраны көпшілік алдында орындалған кезде, қатысушылар әнұранды тұрып тыңдайды.
Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ елімізде тұрып жатқан кез-келген адам Қазақстан Республикасының туын, әнұранын және елтаңбасын құрмет тұтуға міндетті.
3
Елтаңба
Қазақ халқы көптеген күткен тәуелсіздікке қол жеткізді. Егемен мемлекет болды. Мемлекеттік елтаңбамыздың авторлары – Ж.Мәлібеков пен Ш. Уәлиханов. Елтаңбамыздың негізі – шаңырақ. Ол елтаңбаның жүрегі. Шаңырақ мемлекеттің түп-негізі – отбасының бейнесі. Шаңырақ – күн шеңбері. Шаңырақтың айналасындағы уықтарды тұлпардың қанаты қоршап тұр. Қанатты тұлпар – қазақ поэзиясындағы кең тараған бейне. Елтаңбаның жоғарғы жағындағы бесбұрышты жұлдыз оның тәжі іспетті. Әрбір адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар.
Ту
Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің бірі – Мемлекеттік Ту. Оның авторы – суретші Ш. Ниязбеков. Мемлекеттік туымыз бірыңғай көгілдір түсті. Бұл түс төбедегі бұлтсыз ашық аспанды елестетеді. Бұлтсыз ашық аспан әрқашан да бейбітшіліктің, тыныштық пен жақсылықтың нышаны. Көк түсті таңдауы – Қазақстан халқының бірлік, ынтымақ жолына адалдығын білдіреді. Нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты бейнелейді. Күн – қозғалыс, даму, өсіп-өркендеудің, өмірдің бейнесі. Қанатын жайған құс – бар нәрсенің бастауындай, билік, айбындықтың белгісі. Күннің астындағы қалықтаған қыран елдің еркіндік сүйгіш асқақ рухын білдіреді. Және қазақ халқының жан дүниесінің кеңдігін жария етіп тұрғандай. Ағаш сабына бекітілген тұстағы тік жолақ ұлттық оюлармен өрнектелген. Күн, қыран, ою-өрнек – алтын түсті.
Әнұран
Әрбір егемен елдің мемлекеттік рәміздері болатыны белгілі. Олардың әрқайсысының орны ерекше. Дегенмен, мемлекеттік әнұранның адамға берер әсерінің орны ерекше. Әнұран мәтініндегі елшіл, отаншыл мазмұн – әрбір азаматтың өз еліне деген сүйіспеншілігі мен құрметін еселейді. Ал әуелеген әуен кеудемізді шаттыққа толтырады. Әсіресе, мемлекет басшысының шетелдік әріптестерімен ресми кездесулерінде, халықаралық шараларда, әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстарда жеңіске жеткен елдің құрметіне орындалған әнұранның әсері керемет. Мұнда еліңе деген мақтаныш сезімі жүрегіңді тербейді.
2006 жылы 7 қаңтарда Қазақстан Республикасының жаңа Мемлекеттік Әнұраны қабылданды. Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының әнұраны деп жарияланды. Кезінде Жұмекен Нәжімеденов жазған ән мәтініне елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен кейбір түзетулер енгізілді. Елбасының ұсынысы бойынша біріншіден, әнұранның мәтінінде ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрініс тапты. Екіншіден, мәтінде асыл мұрамыз – еліміздің кең байтақтығы, үшіншіден, жер мен ел байлығы біздің ұрпақтарымыздың болашағына айқын жол ашатыны көрініс тапқан. Ең бастысы – тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі – ел бірлігі баса айтылған.