
2. Сыныптан тыс жұмыстарын ұйымдастырудың
жолдары
Бүгінгі ғаламдану процесінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен өзінің бет-бейнесін, ізгі дәстүрлерін сақтау жолындағы күрес – ұлттық сананы сақтау күресі.
Ұлттық тәрбие деп жеке тұлғаның ұлттық сана сезімі мен мінез-құлқының ана тілін, ата тарихын, төл мәдениетін және ұлттық салт-дәстүрлерді меңгеруі негізінде қалыптасуын айтамыз.
Ұлттық мәдени құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық мәдени құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар.
Қазақ халқының осындай дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық рухани және материалдық құндылықтары туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігіне, келешек ұрпақты, ел-жұртқа ие болар азаматтарды тәрбиелеуге неге қолданбасқа?
Қайсібір халықтың немесе ұлттар мен ұлыстардың жаратылыстан алатын өз тарихы мен орны бар. Қазақ халқының тарихында айрықша атауға тұратын қасиетті жердің бірі – Қазалы. Қазалы топырағы тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өлке. Өлкеміздің қай түкпіріне барсаңыз да алдыңыздан мойнын көкке созып тұрған мұнаралар, сырын қойнына тығып бүк түсіп жатқан бұзылған қорғандар мен ескі қалалардың орнын кездестіресіз. Бұлардың бәрі де кезінде мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамы арқылы есепке алынған, кейбірі қайта жөндеуден өткізілген. Аудандағы ескерткіштердің жалпы саны жүзден асады. Бабалардың көзіндей атам заманнан бүгінгі күнге дейін жеткен сол ескерткіштердің әрқайсысының өз тарихы бар.
Қазалы жерінен шыққан небір даналар мен батырлар туралы аңыздар да көп. Солардың бірі – елін басқыншы жаулардан қорғап, халқына қорған болған Жанқожа батырдың есімі ел есінде, ел жүрегінде ерекше орын алады. Бабамызға арнап тұрғызылған ескерткіш – қазірде Қазалыдағы сәні бөлек сәулеттердің ең шоқтығы.
Осындай тарихи-мәдени ескерткіштерді сыныптан тыс тәрбие жұмысында пайдалану арқылы оқушыларға ұлттық тәрбие берудің маңызы зор.
Жанқожа батыр кесенесі 1992 жылы бой көтерді. Осы ескерткішті сыныптан тыс тәрбие жұмыстарында оқушыларға ұлттық тәрбие беруде былай жүргізуге болады.
Жеке
Топтық
Ұжымдық
Енді осыны сынып сағатында пайдаланудың жолдарын қарастырайық. Сынып сағатын өткізуде дайындық жұмыстарының да маңызы ерекше. Онда оқушылардың жауапкершілігі мен ынтасы артады, сезімін тәрбиелеуге ықпалын тигізеді.
«Жанқожа батыр кесенесі» жайлы сынып сағатын өткізерде, алдымен тәрбие сағатының тақырып жоспары айтылады. Оқушыларға кесене жайлы материалдар, суреттер дайындауға тапсырма беріледі. Бұл кезде мұғалім әр оқушының ерекшелігі мен бейімін есепке алады. Материалдар жинау барысында мұғалім оларға бағыт-бағдар сілтеп отырады. Бұл жерде тапсырма алған оқушылар өз бетінше ізденіс жұмыстарын жүргізеді. Мұндай істе оқушы мынадай жұмыстарды атқарады:
Басылымдар мен кітаптардағы деректерді жүйелеп жинастырады.
Өздігінен жұмыс істеу қабілеті ұшталады, сенімі күшейеді.
Қызығушылығы оянады. Белсенділігі артады.
Жауапкершілігі күшейеді.
Тәрбие сағатын өткізуге дайындықтың өзінде де оқушыларды тәрбиелеу жүреді. Бұл жеке тұлғаның қалыптасып, дамуында тәрбиенің үздіксіз жүретіндігін көрсетеді. Тәрбие сағатына оқушылар күшімен Жанқожа батыр кесенесінің суреті, Ж.Айдарбекұлының «Жанқожа батыр» дастанынан үзінділер дайындалады. Тәрбие сағатының кіріспе бөлімінде Жанқожа батыр кесенесінің тарихы айтылады. Оқушыларға кесене туралы толық мәліметтер беріледі. Алғаш кесене тұрғызу туралы ұсынысты жасаған – Е. Көшербаев.
Тәрбие сағатының негізгі бөлімінде оқушылар топтық және ұжымдық дәрежеде жұмыс жасайды. Мәселен, бір оқушы батырдың өмірі туралы, екінші оқушы жасаған ерліктері туралы, үшіншісі батыр туралы жазылған зерттеу, мақалалар туралы кеңінен әңгімелейді. Бұл жерде тарихи хронологиялық кезең қатаң сақталынады. Тұлғаның тарихтағы алар орнына сипаттама беріледі.
Тарихи-мәдени ескерткіштерді сыныптан тыс тәрбие жұмысында пайдаланылғанда оқушылар мынадай мәселелерді біледі:
1. Кесененің қай кезеңде, қандай тарихи тұлғаға арналып тұрғызылғанын біледі.
2. Кесененің салыну әдісіне көңіл бөлінеді.
3. Тарихи тұлғаның еңбегін зерделейді.
Осының барлығы оқушылардың тарихи танымын қалыптастырып, оларға ұлттық тәрбие беруде маңызды орын алады.
Енді сол ескерткіштерді қастерлі, қасиетті мұра ретінде, оны дәріптеуге, бағалауға оқушыларды тәрбиелеуге өріс ашу қажет. Мәселен, алдын ала жасалған экскурсия маршруты бойынша тарихи ескерткіштің орнын, салыну кезеңін зерттеп біледі. Бұл жерде уақыт пен ұрпақтар сабақтастығына баса назар аударамыз.
Тарихи ескерткіштерді оқып-танудың қандай жолдары бар? Әрине, олар туралы сынып сағаттарында, тарихи конференцияларда, танымдық ойындарда кеңінен айтуға болады.
Ал айтылған нәрсенің, өтілген іс – шараның баланың санасынан өшірмей, көкейінде күмбірлетіп тұру үшін не істеу керек?
«Тәрбие құралы – сөз» – деп ақиық ақын Олжас Сүлейменов айтқандай асыл қазынамыздың қасиетін ұрпағымызға ұғындырсақ, еліміздің ертеңі, қонар тұғыры биік болатыны айқын. Оқушылармен тәрбие жұмысын жүргізуде мына істің де берері бар деп ойлаймын. Бұл ретте «Сынып күнделігін» жасаған дұрыс. Ол күнделік оқу жылы бойы жүргізіледі. Оған сынып өмірі мен оқу жылындағы оқиғалар жазылады. Ал енді сынып өміріндегі оқиғалардың оқушылардың ұзақ уақыт есте сақтауын және қызықты болуын ұйымдастырушы әрине сынып жетекшісі.
Қызықтырудың бірден бір жолы – оқушылармен саяхатқа, экскурсияға шығу. Ол үшін алдымен тиянақты жоспар жасалуы керек.
Тарихи мәдени ескерткіштерді тәрбие сағатынан өзге үйірме жұмыстарында да пайдалануға болады. Үйірменің күнтізбелік жоспарына Қазалыдағы сәулет өнері ескерткіштерінің тарихын, оларды сақтап-қорғау жайынан көкейтесті тақырыптарды енгізудің маңызы зор. Үйірме жұмысында да осы тақырыптарды өткізу түрінде пікірталасты пайдалану оқушылардың өздігінен ізденуіне, көзқарасын дәлелдеуге, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге үйретеді.
Мектеп мұғалімдерінің ең үлкен міндеттерінің бірі – таным мен рухты ұрпақтар санасына құя білу. Бұл жұмыс әрине жүйелі түрде жасалуы тиіс. Тарихи кесенелер тарихын, сәулет өнерінің сырларына жетелеу арқылы бала көкірегін имандылық нұрымен сәулелендіреміз. Оқушылар мұражайда және тарихи орындарда алған әсерлерін күнделікке түсіріп отырады. Сондай-ақ түрлі басылымдардан осы ескерткіштер жайында материалдар жинайды. Кесенелер маңында суретке түседі, бұдан фотоалъбом жасалады. Балалардың алған әсерлерінен, жинаған деректерінен арнайы қабырға газеті шығарылады. Қорытындысында оқу жылы бойындағы сынып өміріндегі елеулі оқиғалар «Сынып жылнамасына» жазылады. Мұндай іс-шаралардың әлеуметтік – мәдени салада да берері мол. Өйткені, оқушылардың танымы кеңейіп ұлағатты тәрбие алады. Әлгі саяхаттардан жиналған деректерді мектеп мұражайына да жинақтауға болады. Мұндай істерде ұстаз әр оқушының қасиетін, қабілетін танып біліп оларды нәтижелі іске жұмылдыра алады. Сонымен, тарихи-мәдени ескерткіштердің оқушыларға тәрбие берудегі орны:
Ежелгі тарихи ескерткіштерді, киелі орындарды білу арқылы оқушыларда тарихи таным қалыптасады. Тарихи танымға – өз ұлтының әдет-ғұрыпын, салт-дәстүрін, ән мен күйін, елге қасиетті тұлғаларды, дала аңыздарын білу жатады.
Тарихи таным оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа отан сүйгіштікке тәрбиелейді.
Қазақ жеріндегі тарихи ескерткіштерді білу, оның тұрғызылуы себебін және тұрғызған адамдарды білу оқушыларға өз халқымен, өз Отанымен мақтануға және биік рухта тәрбиеленуге көмектеседі.
Информатиканы оқыту әдістемесіндегі өзекті мәселелердің бірі - сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру болып табылады. Олай дейтін себебім, оқушылардың шығармашылық қызметінің дамуы көбінесе сыныптан тыс жұмыстар барысында жүзеге асады.
XXI ғасыр ақпарат ғасыры болғандықтан мектепте, арнаулы оқу орындарында оқытылатын информатика пәнінің орны ерекше және оны сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру барысында жүзеге асады. Сабақтан тыс жүмыс оқу жұмысын толықтырып, материалды оқушыға терең түсіндіруге, шығармашылық қабілеттерін дамыту барысында ұйымдастырылады. Оқушылардың информатика пәніне қызығушылығын арттыру, ой-өрісін және танымдық қабілетін дамыту, шығармашылыққа баулу, өз ойын еркін жеткізе білу және өткенді шапшаң еске түсіру дағдыларын қалыптастыру мақсатында сыныптан тыс өтілетін сайыстардың маңызы зор.
Сыныптан тыс жұмыс ұғымы өте кең. Ол мазмұны, бағыты, әдісі, тағайындалуы, формасы мен жолдары жағынан білімділікті қажет етеді. Мысалы, үйірмелер отырысы, қосымша сабақтар, мерекелік шаралар мен кештер өткізу осы сыныптан тыс жұмыстарға жатады. Бірақ кей жағдайларда оқушы белсенділігі мен басқаруында болады.
Түрлі формадағы сыныптан тыс жұмыстар оқушының күнделікті сабақта байқала бермейтін жеке қабілеттері мен мүмкіндіктерін ашады. Сыныптан тыс жұмыстың әртүрлі болуы оқушының өзіне сенімділігін, өзін дұрыс бақылауын қалыптастырады, сонымен қатар әртүрлі жұмыстар окушының іс-тәжірибесі мен дағдысын, адам қызметінің әртүрлілігі туралы білімі мен біліктілігін арттырады. Бұл жұмыстарда оқушылар бір-бірімен барлық жағынан қарым-қатынаста болады. Әртүрлі сыныптан тыс жүмыстарда оқушылар өзінің жаңа қабілеттерін ашып қана қоймай, ұжымдасып жұмыс істеуге үйренеді.
Сыныптан тыс жұмыстарды оқушылардың белгілі бір уақыт ішінде алған білімдерін тәжірибелерін ескере отырып ұйымдастыру қажет.
Сыныптан тыс жұмыстардың түрлері:
информатика кеші;
ғылыми жұмыстар;
информатикадан викториналар;
іскерлік ойындар;
информатикадан диспуттар;
клубтық қызметтер;
байқау;
көрмелер;
үйірме;
сөзжұмбақтар кұру;
олимпиадалар;
пәндік апталықтар, декадалар, айлықтар;
танымжорықтар (саяхаттар, экскурсия);
Информатикадан факультатив сабақтарының негізгі мақсаты - оқушылардың білімдерін тереңдету кеңейту, пәнге деген оқушының қызығушылығын, қабілетін дамыту, информатикамен өз бетінше жұмыстар атқаруға талғамдары мен қызығушылықтарын ояту, шығармашылықтары мен белсенділіктерін тәрбиелеу мен дамыту болып табылады.
Информатика пәні бойынша сабақтан тыс жұмыстарды зерттеуге арналған еңбектер өте аз, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Бұл мәселе оқушылардың түрліше ойлау, шығармашылық қабілеттерін дамытуда маңызды рөл атқарады. Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытатын информатика пәнінен ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру әдістемесін жасау информатиканы окыту әдістемесі теориясындағы негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін информатиканы оқыту үдерісінен тыс оқу жұмыстары ұйымдастырылуы тиіс. Информатика пәнінен өткізілетін оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмысының мазмұны мен өткізілу формасын оқытушылар қадағалауы тиіс. Егер информатикадан ұйымдастырылған ғылыми-зерттеу жұмыстарын өткізу әдістемесі оқу үдерісіне енгізілсе, қоғамдағы және табиғаттағы үдерістерді зерттеу элементтері мен ғылыми көзқарасы қалыптасып, информатика пәніне деген қызығушылығы артады; оқушының оқу мүмкіндігі мен қажеттілігі, оқуға мүдделілігі толық іске асырылуы негізінде тұлғалық даму мүмкіндігі пайда болады; өзіндік шығармашылық ойлау жүйесі қалыптасып, білім деңгейі жоғарылайды.
Информатика пәнінен оқушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына бейімдеу ақыл-ойды сатылап қалыптастыру теориясына сай жүргізілген жағдайда оқушылардың стандарт талаптарын қанағаттандыратын оқу жұмысына қол жеткізуге болады. Қазіргі қоғамды ақпараттандыру жағдайында оқушының жеке тұлғалығын қарастырып, ақпараттық қоғамда өмір сүруіне, сонымен қатар, оның ақпарат ағымында дұрыс бағдар жасап, тиімді шешім табуына қажет жаңа ақпараттық технологияларды таңдап алу және оларды қолдану қабілеттілігін қалыптастыруда информатика пәнінің маңызы зор.
Информатика және оның қолданулары бойынша жүргізілетін факультативтік курстар және программалау тілдерінен факультативтік курстар ұйымдастырудың орны ерекше және информатика пәнінен оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру қажет. Оқушылардың информатикадан алған теориялық білімдері мен біліктерін тексеру мақсатында - сыныптан тыс жұмыстарды, сайыс сабақтарын көп дайындау керек.
Сыныптан тыс жұмыс - бұл оқытушылар мен оқушылардың сыныптан тыс уақыттағы әртүрлі «іс-әрекеттері мен іс-шараларын» ұйымдастыру болып табылады. Тәрбие жұмысының негізгі бөлігі болып сыныптан тыс жұмыстар - баланың өмірге қажетті әлеуметтік ортадағы тәжірибесі мен қоғамдық құндылықтарды қабылдауын қалыптастырады.