
Сыныптан тыс жұмыстардың негізгі түрлері
Оқушыларға біліммен тәрбие беруде сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстар мектептегі оқу – тәрбие үрдісінің бір бөлігі болып табылады. Олардың түрлері өте көп. Тәрбие сағаттары, ертеңгіліктер, әңгімелер, байқаулар, сайыстар, жарыстар т. б. Бұл сыныптан тыс жұмыстардың мақсаты оқушыларды жан-жақты жетілдіру, халықтың дәстүрлерге деген құрмет сезімін дамыту және халық педагогикасы арқылы бойларында адамгершілкке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру. Оқыту мен тәрбиелеудің біртұтастығын, сонымен қатар баланың шығармашылық қабілетін шыңдауда, соған барар жолда адамгершілік – эстетикалық құндылықтардың маңыздылығын айқындауға апарар жол көп. Солардың негізгісі ретінде бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қиял қабілеттерін, адамзаттық ізгі қасиеттерін, эстетикалық сезімін және өзін қоршаған орта өміріндегі әсемдік пен сұлулықты сезініп, бойына сіңіре білуге тәрбиелеуде ауыз әдебиеті жанрлары орасан зор рөл атқарады. Балаларды адамгершілікке, әдемілікке тәрбиелеуде көркем шығарманың маңызы зор. Балалардың ой-санасын дамытуға, мінез құлқын қалыптастыруға, дүниетанымын кеңейтуге көркем әдебиет шығармаларындағы кейіпкерлердің өмірі мен іс әрекеттері үлкен әсер етеді. Әсіресе, бастауыш сыныптың балалары өздерінің жас шамаларына қарай ертегі, аңыз әңгімелерді, батылар туралы шығармаларды сүйсініп оқиды. Сынып оқушылары кітапханамен тығыз байланыста. Сыныптан тыс оқуды белсенді ұйымдастырушы және оны басқарушы да мұғалім болуға тиіс. Сондықтан мұғалім өз оқушыларының кітапқа деген ынтасын үнемі арттыруымен бірге, олардың қандай кітап оқуға тиіс екендіктеріне де бағыт беріп отырады. Балалар бастауыш сыныпты бітіргенде, совет ақын-жазушыларының белгілі шығармаларымен таныс болулары қажет екенін де үнемі есептеп отырады.
Сыныптан тыс оқу жұмысын балалар мектепке келген кезден бастаған жөн. Өйткені сауат ашу кезінде оқушылардың ақыл-ойын, тілін дамыту жұмыстары балаларға түрлі түсті суретті кітапшаларды көрсету арқылы дауыстап, мәнерлеп оқи отырып жүргізіледі.
Екінші сыныптан бастап мұғалім балаларға мектеп кітапханасынан алған кітаптарды бере бастайды. Оларға кітапты дұрыс ұстап, күте білудің ережелерін үйретеді: кітапты газетпен не қағазбен тыстап қою, оқыған кезде кітап беттерін бүктемеу, кітап беттерін су немесе кір қолмен ұстап парақтамау т.б. Мұғалім бұл ережелерді анық етіп жазып, сыныпқа іліп қояды.
Сыныптан тыс оқу оқушылардың кітапты өзгерістерінен оқи алу дағдыларын арттыруымен бірге, «Ана тілі» оқулықтарындағы шығармалардың мазмұны мен көркемдік ерекшеліктерін түсінуге көмектеседі. Балалар оқыған шығармаларындағы негізгі ойды аңғара білуге, сол оқиғаға өзінің қалай қарайтынын айтып, кейіпкерлердің әрекетіне баға бере білуге талаптануы қажет.
Сыныптағы оқу сабақтарында оқушылар көркем тілмен жазылған шығармалардан басқа тарих, табиғаттану т.б. пәндерінен мағлұмат беретін материалдармен танысады. Осындай, сыныпта алған ұғым сыныптан тыс оқу кезінде нығая, жетіле түседі.
Сыныптан тыс сабақтарында мұғалім балалардың қандай кітаптарды оқығандарын біліп отырумен қатар, алдағы уақытта не туралы оқығылары келетінін де есепке алуы қажет.
Бастауыш мектептердегі сыныптан тыс оқудың мазмұны мен ұйымдастыруы жолы жөнінде жаңа программаның жобасында былай делінген: «Сыныптан тыс оқудың мақсаты: баланың сыныптан тыс оқуы арқылы барлық пәннен алған білімін тереңдете түсу, кітаптан өзіне қажетті материалды, кітапханадан керекті кітапты іздеп тауып алуға көмектесу; өз бетімен жұмыс істеу дағдысын нығайта түсу; оқуға, білімге ынтасын, құштарлығын арттыра түсу; баланың эстетикалық және дүние тану құмарлығын арттыру.
Сыныптан тыс жүргізілетін оқуды ұйымдастырудың ең негізгі принціпі – оның сыныпта жүргізілетін оқумен тығыз байланыста болуы. Оқушының сыныптан тыс оқитын кітаптары сыныпта өтілетін сабақтардың жалғасы түрінде ұсынылады. Оны мұғалім күнделікті оқу, табиғат тану, сурет, ән, еңбек т.б. сабақтарында және оқу бойынша жүргізілетін қорытынды сабақтарда сұрап, сыныпта оқығандарына байланыстырып отырады...».
Сөйтіп, сыныпта оқу сабағы жақсы ұйымдастырылса, онда көп мәселелер жөнінде әңгімеленсе, балаларды мұғалім осы мәселелер жайында тағы да біле түсуге қызықтыра алса, сыныптан тыс оқу сабағы да нәтижелі өтеді. Оқушыларға қандай кітаптарды оқу керектігі, олардың тізімі беріледі. Мысалы, сыныпта М.Әлімбаевтің «Ұқыпты бала» және «Ұқыпсыз бала» өлеңдері оқылды делік, оның жалғасы ретінде «Ұқыпты оқушы» өленің оқытуға болады. Немесе «Совет Армиясы» бөліміндегі Т.Бигилдиновтың «Қаһарлы күндерде» әңгімесін оқығаннан кейін, сөз жоқ, оқушылар Совет Одағының Батыры атағын екі рет алған, ұшқыш Т.Бигилдиновтың балалық шағы жөнінде білгілері келеді. Ол үшін мұғалім С.Бақбергеновтың «Талғат» атты кітабынан үзінді беруіне болады.
Сыныпта оқушылар жазушының бір шығармасынан үзінді оқыса, сол шығарманы толықтыра оқу сыныптан тыс оқуда іске асырылады. Кейде белгілі ақын-жазушылармен балаларды толырақ таныстыра түсу мақсатында оның сыныпта оқылғаннан басқа шығармаларымен сыныптан тыс таныстыруға болады. Мысалы, Ы.Алтынсаринның «Әдептілік» әңгімесін оқығаннан кейін, оның «Баланың айласы», «Аурудан аянған күштірек», «Өтіріктің залалы» т.б. әңгімелері сыныптан тыс оқуға беріледі.
Кейбір жекелеген шығармаларды сыныптан тыс оқу сабағында да талдауға болады. Онда талданатын шығармалардың тәрбиелік жағы күшті болуы қажет.
Оқушылардың кітап оқуға қаншалықты ынталы және бейім екендіктерін білу үшін мұғалім олардың әрқайсысымен оқыған кітаптары жөнінде жеке әңгімелеседі; салған суреттерін, жазып алғандарын қарап, – бүкіл деректермен жеке танысады. Осыдан кейін мұғалім балаларды бір жақтылықтан сақтандыру мақсатымен, оларды басқа тақырыптарға қызықтыру жолдарын іздестіреді.
Балаларға сыныптан тыс оқуға арналған тартымды кітаптарды іріктеп немесе жаңадан шығып жатқан шығармалардың ішінен іріктеп ұсынады, әдемі суреттермен безендірілген кітап жаймаларын, түрлі әдеби ойындар ұйымдастырады т.б.
Сыныптан тыс оқылуға тиісті кітаптардың тізімі бір тоқсанға арналып әр тоқсан сайын ұсынылып отырады. Балалардың оқуға ынтасын арттыру мақсатымен мұғалім ұсынып отырған кітаптарының ішінен кейбір оқиғаларды бастап, «одан әрі не болатынын осы кітапты оқып білесіңдер» деп аяқтайды. Кейде кітаптың сыртындағы немесе ішіндегі кейбір әдемі суреттерді көрсету арқылы да қызықтыруға болады. Ал енді бір жағдайларда шығарманың, кітаптың атын, авторын ғана айтып, оның осылайша неге аталғанын білуді тапсыруға болады.
Қазақ халқының ұлттық тәрбие берудегі тиімді құралының бірі –ертегі. Ертегілердің мазмұнында халықтың тұрмыс тіршілігі әдет – ғұрыптарымен дәстүрлері, бақыт жолындағы, адамдардың өзара қарым – қатынастары еңбексүйгіштігі, халқына,отанға туып өскен туған жер, табиғатқа деген сүйіспеншіліктері бейнеленеді.
Халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтықпен кісіліктің символы, үлгісі ретінде санаған. Батырлық ерлік деген ұрпақтан - ұрпаққа ата – дәстүрі болып қала бермек. Өткенін білмеген онан тәлім – тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі - тұрлаусыз. Біздің халық батыр халық – деген болатын. Рухани қасиеттердің бірі – ерлік болса, ол тәрбиеден бастау алады . Әр халық өзінің ержүрек батырларын, олардың елін, жерін қорғаған батыл істерін мақтан етіп, үлгі өнеге қылған, себебі елін бүкіл әлемге танытатын сол халықтың батырлары. Сыныптан тыс шаралардың бірі – «Ел қорғаған – ер едім» атты сахналық қойылым. Мұнда халқын, елін қорғаған жерін жауға бермей, ұлан байтақ өлкесін жаудан сақтаған Махамбет батырдың ерлігін дәріптеп құрметтей білуге үйретуіміз керек. Махамбет өзінің алғырлығын, тапқырлығын, тайсалмас өткірлігін, асқан батылдығын өз өлеңдері арқылы анық аңғартты. Махамбеттей ұлы адамдардың рухы ұрпақтарды, жалпы ұлтты тәрбиелейді.
Қазақ халқының асыл мұрасы ертеден келе жатқан күрделі саласының бірі шешендік сөздер, билер сөзі. Шешендік өнерден ертеден ел өмірінде ғасылар бойы қолданылған салт – дәстүрімізді білеміз. Халқымыз ертеден от тілді, орақ ауызды ақындарды құрметтеп және шешендік өнерді балалар тәрбиесіне арнаған. Шешен билердің халық жадына мәңгі сақталып келген дана ойлары , сара жолдары тәлім – тәрбиенің негізі.
Ұлттық ойындар – халықтық мол қазына. Баланың әдепті, көргенді, қарапайым, қайырымды болып өсуі қоршаған ортасына сонымен бірге, сыныптан тыс уақытта ойнаған ойынның тәрбиелік мәніне байланысты болады. Ұлттық ойындарды ертеңгіліктерде, кештерде пайдалануға болады. Соның бірі ана тілі сабағына арналған ертеңгілікте жұмбақ, мақал - мәтел, жаңылтпаш ойын әдістері оқушыларды тез және дұрыс сөйлеуге үйретеді. Жұмбақ- халықтың өте сүйіп ойнайтын ойындарының бірі. Оқушылар бұл ойынға белсене қатынасады. Сыныптан тыс шаралар кезінде өткізілетін ойын –сауықтар баланың көңілін көтеріп қана қоймай, ақыл –ойының, қиялының, зейінінің, сөйлеу тілі мен ойлауының дамуына бірден –бір себепші болған. Сондай шаралардың бірі сыныптағы шығармашылықпен айналысып жүрген балалардың арасындағы «Жұмбақ айтысы» ойынын айта алар едім. Ұлттық ойындар кештер мен ертеңгіліктердің мазмұнын кеңейтіп, байыта түседі.
Қорыта келе халықтық педагогиканың құндылығы сол – халық қазынасының озығын ақылды да әдепті, жан - жақты жетілген, адамгершілігі мол азамат тәрбиелеуде таптырмас тәрбие құралы ретінде пайдалансақ қателеспейтініміз анық.
Ұлттық дәстүрді, әдет – ғұрыпты, халықтық тәлімді жанданту үшін сыныптан тыс шаралар ұйымдастыру барысында дәстүрлі және жаңа жұмыс түрлерін пайдалану. Олар: ойын саяхат, сайыс, ертеңгілік, пікірталас, кештер, кездесулер тағы сол сияқты.