Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
грам.тапсырмалар.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.04.2025
Размер:
158.72 Кб
Скачать

1. Жалпы мәліметтер

«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының заңында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» - деп атап көрсетілген. Сонымен бірге, Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы екендігі де анық жазылған. Сондықтан Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға, барша азаматтардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларын дамытуға міндетті. Осы ретте Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрілігінің қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесін әзірлеуі мен қолданысқа енгізуі халықаралық тіл білімін бағалаудың танымал TOEFL, IELTS, DALF/DELF, DSH, CELI, TÖMER, ТРКИ және т.б жүйелерінің қағидаттарына негізделген. Аталған жүйелердің тестілеу үрдістерінің өз ерекшеліктері болғанымен, мақсаты ортақ – ол тіл қолданушының коммуникативтік құзыреттілік деңгейін анықтау.

Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ тіл қолданушының тілді меңгеру деңгейін сатылы түрде анықтауға бағытталған, және екі түрлі арнамен беріледі: бірі ҚАЗТЕСТ жүйесі қазақ тілін шет тілі ретінде меңгеруді бағалау болса, екіншісі ҚАЗТЕСТ жүйесі қазақ тілін екінші тіл ретінде меңгеру деңгейлерін анықтау. ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы азаматтардың қазақ тілін меңгеруін 5 деңгей бойынша бағалауға болады. Олар: қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары және жоғары деңгейлер. Әрбір деңгейдің еуропалық стандартқа сәйкес өзіндік талаптары анықталған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 11 қыркүйегіндегі № 835 қаулысымен мақұлданған «ҚАЗТЕСТ жүйесін енгізу мен дамытудың тұжырымдамасына» сәйкес Қазақстан Республикасында азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ бойынша тіл меңгерудің деңгейлерін анықтаудың өлшеу құралдары қалыптастырылуда. Білім сапасын бағалаудың тестілеу түрі әлемде кең қолданылатын болғандықтан, тіл меңгеру деңгейін бағалауда сөйлеу әрекеттерінің түрлері: тыңдалым, оқылым, жазылым және лексика-грамматикалық құрылымдар бойынша тест тапсырмалары қалыптастырылған. Тест тапсырмаларының мазмұны әрбір деңгейдің жағдаяттарына байланысты анықталған тақырыптар мен тест тапсырмаларын қалыптастырудың спецификациясы негізінде коммуникативтік қабілеттіліктерді анықтауға бағытталған.

Тіл қолданушылардың тілді пайдалану кезінде, өз қорытынды-пайымдауларын, сөз тапқырлығын, ойын анық, толық жеткізу, сұхбаттасу, ойын жазбаша білдіру барысында тілді қолдану ерекшелігі грамматика арқылы жүзеге асатындығы белгілі. Сондықтан тіл меңгеруде лексикалық және грамматикалық минимумдардың маңызы зор. Лексикалық минимумдар негізінде грамматикалық минимумдар әзірленеді. Минимумдарды әзірлеуде жүйенің деңгейлер бойынша айырмашылығы мен ерекшеліктері сақталынады.

«Грамматика» сөзі «grammatik» грек тілінен аударғанда «оқу мен жазудың икемділігі» мағынасын білдіреді. Грамматика дегеніміз – сөйлеу бөліктерін дұрыс құрастырудың заңдылықтарын, тілдің грамматикалық құрылымын зерттейтін тіл білімінің тарауы. Грамматикалық дағдыны қалыптастыруда коммуникативтік құзыреттілік негіздері ашылады.

Тіл білімі ғылымында тілдік тұлғаны қалыптастыру үшін қазақ тілін меңгеру әрекетінің тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым, лексика-грамматика түрлері пайдаланылады. Грамматикалық минимумдар ҚАЗТЕСТ жүйесінің осы бөліктерінің тест тапсырмаларын сапалы әзірлеу үшін нормативтік құжат болса, тіл қолданушыларға әрбір деңгейдің жағдаяттарына сәйкес сөйлей білуге, жаза білуге арналған тілдің грамматикалық құрылымын қамтитын минималды қоры болып табылады.

Азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауда ҚАЗТЕСТ жүйесі өзінің функциясын тиімді атқаруы үшін грамматикалық минимумдардың өзектілігі ерекше орын алады. Грамматикалық минимум әр деңгей бойынша тілдік жағдаяттарға қатысты тіл қолданушылардың сөздер мен сөз үлгілерін сұрыптап, сөз тіркестерін дұрыс байланыстыра білу, лексикалық, грамматикалық минимумды дұрыс қолдана отырып, байланыстырып сөйлей білу дағдыларын қалыптастыруға арналады.