
- •3.Аралас экономикада мемлекет атқаратын функциялар.
- •4.Мемлекеттік реттеудің объектілері мен субъектілері.
- •36.Индикативтік жоспарлаудың мәні және ерекшеліктері.
- •7.Мемлекеттік басқару мен реттеудің бірлігі мен айырмашылықтары.
- •9. Экономикалық өсу теориялары және моделдері.
- •10.Экономикалық өсудің интенсивті типін мемлекеттік реттеу.
- •11.Мемлекеттік экономикалық саясаттың мәні.
- •12.Мемлекеттік экономикалық саясаттың мақсаттары.
- •14. Монетарлық экономикалық саясат.
- •19.Инновациялық сфераны мемлекеттік қолдау.
- •21.Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеудің бағыттары,әдістері,нақты механизмдері
- •30.Аумақтық дамуды мемлекеттік реттеу.
11.Мемлекеттік экономикалық саясаттың мәні.
Экономиканы мемлекеттік реттеуде биліктің жүргізіп отырған экономикалық саясаты маңызды рөл атқарады. экономикалық саясат – бұл мемлекет, ел үкіметі жүргізетін экономикалық іс-әрекеттердің басты желісі, экономикалық үдерістерге қажетті бағыт берудегі мемлекет қолданатын шаралар жиынтығы. Экономикалық саясатта үкімет жүзеге асырып жатқан курс (бағдар) өзінің тікелей көрінісін табады. Өзінің мәні бойынша экономикалық саясат елдің, мемлекеттің, халықтың мақсаттары мен міндеттерін айқындап, күнделікті тәжірибеде іске асыруы қажет. Сонымен бірге, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық ұстанымдарын практика жүзінде дәлелдейтін үкімет болғандықтан мемлекеттік экономикалық саясатта үкіметтің өзінің көзқарастары айқындалады. Азаматтардың экономикалық саясатқа әсері, олардың үкіметке әсері дәрежесімен шамалас келеді.
Экономикалық саясат мемлекеттік ішкі және сыртқы саясатпен, мемлекеттік идеологиямен, әскери саясатпен тығыз байланыста мемлекеттің саяси доктринасын сипаттайды. Сонымен бірге ол мемлекеттік саясат жүргізудің экономикалық алғышарттарын, экономикалық базисін құруға мүмкіндіктер туындатуы тиіс. Елдегі саяси күштер, партиялар, қозғалыстар мемлекеттің экономикалық курсына, экономикалық саясатқа едәуір әсер ете алады.
Экономикалық саясат заңдар, президенттік жарлықтар, үкімет қаулылары және басқа да нормативтік актілер, мемлекеттік бағдарламалар, ағымдағы шешімдер арқылы жүзеге асады.
Мемлекеттік экономикалық саясат жүргізудің нақты құралдарына, ең алдымен салықтар, мемлекеттік шығындар, трансферттер сияқты фискалдық саясат тетіктері жатады.
Фискалдық құралдар көмегімен мемлекет көздеген мақсатқа және оны атқару шараларына сәйкес ақша ағындарының көлемі мен бағытын өзгертуге мүмкіндік алады.
Фискалдық құралдармен қатар экономикалық саясаттың ақша-кредиттік құралдары да едәуір рөл атқарады. Олардың қатарында ақшаның жалпы массасы және оған қол жетімділік, қарыз пайызының қойылымдары (ұлттық банктің есептік қойылымы, резервтеу нормасы, басқа да орталықтандырылған нормативтер) бар.
Сыртқы сауда және сыртқы экономикалық саясатта мемлекет экспорттық-импорттық тарифтерді, кедендік баждарды, тауарлар мен капиталды әкелу мен әкетуге квоталарды қолданады.
Толықтай алғанда мемлекеттің экономикалық саясат түрлеріне фискалдық (қаржылық-бюджеттік), монетарлық (ақша-кредиттік), сыртқы экономикалық іс-әрекеттер жатады.
Ал, әлеуметтік, құрылымдық, инвестициялық, институционалдық, аймақтық, аграрлық, ғылыми-техникалық, салықтық, банктік, бағалық, антимонополиялық, экологиялық, сыртқы экономикалық саясат мемлекеттік экономикалық саясаттың құрамдас бөліктері болып табылады.
12.Мемлекеттік экономикалық саясаттың мақсаттары.
Мемлекеттің мақсаттары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы деңгейіне, тарихи-ұлттық дәстүрлерге тәуелді. Әрбір елдің өзіне тән басымдықтары, мемлекеттік даму талғамдары болады. Бұлар үкіметтің ұстанымын, қоғамдық пікірді, үстемдік құрушы сана-сезімді айқындайды.
Рыноктық қатынастар орнаған елдерде мемлекеттік экономикалық саясаттың негізгі мақсаты рыноктың өзі шешуге қабілетсіз, яғни рыноктық механизмге «бағынбайтын» міндеттерді атқару деп санайтын пікірлер баршылық. Мұндай ұстаным жағдайында мемлекеттік экономикалық саясаттың мақсаттары мемлекеттік реттеу мақсаттарымен ұштасады.
Экономикасы жоғарылау үстіндегі немесе жоғарылау күтілетін жағдайда экономикалық саясат мақсаттары экономикалық өсу мақсаттарымен жалғасады. Әлеуметтік бағдарланған рыноктық экономикасы бар елдер үшін алдыңғы қатарға мемлекеттік экономикалық саясаттың әлеуметтік мақсаттары шығады. Мұндай мақсаттар көбінесе экономикалық мақсаттармен қиюласады. Мемлекеттік саясаттың әлеуметтік мақсаттарының алға шығуы және олардың экономикалық мақсаттармен байланыста болуы АҚШ, Германия, Швеция сияқты елдерге тән.
Мемлекеттік экономикалық саясаттың ең көп тараған әлеуметтік мақсаттарына экономикалық еркіндік пен экономикалық әділеттілік жатады. Экономикалық еркіндікті экономикалық, кәсіпкерлік қызметтің формалары мен түрлерін таңдау еркіндігі, өз қаражатыңды бөлу мен пайдалану тәуелсіздігі деп түсінген абзал. Экономикалық әділеттілік мақсаты барша халыққа адалдық, мейірімділік тұрғысынан қарау, олардың мүдделері мен мүмкіндіктерін ескеру, олардың тіршілікте өздерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін толық пайдалануына бірдей жағдай жасау деп қарастырған ләзім. Мемлекеттік экономикалық саясаттың анығырақ және нақты мақсатына халықты әлеуметтік қорғау мәселесі жатады. Әлеуметтік қорғау – бұл мемлекеттің азаматтарды экономикалық тәуекелдерден қорғап, әрбір адамды минималды игіліктермен қамтамасыз етуде болса керек. Мемлекет өз азаматтарын жұмыссыздықтан қорғауға, қарттарға, мүгедектерге, көпбалалы отбасыларына көмектесуге, бақытсыз оқиғалардың салдарын жеңілдетуге міндетті.
Мемлекеттік экономикалық саясаттың әмбебап мақсаты бүкіл ұлттық шаруашылық көлемінде әлеуметтік-экономикалық тиімділіктің жоғары деңгейіне жету болып табылады.
Мемлекеттік экономикалық саясаттың тағы бір жиынтық мақсаты, «жалпыэкономикалық тепе-теңдік» деген атаумен белгілі. Жалпыэкономикалық тепе-теңдік – бұл сиқырлы төртбұрыш деп аталатын бағалар тұрақтылығы, жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі, салыстырмалы экономикалық өсу, сыртқы сауда операцияларының теңгерімділігі (баланстылығы) болып табылады.
13.Фискалдық экономикалық саясат.
Фискалдық саясаттың қызметі мемлекеттік қазына (фиска) элементтерін қамтиды. Ол тікелей мемлекеттік бюджетпен, салықтармен, мемлекеттің ақшалай табыстары мен шығыстарына байланысты. Рыноктық экономика жағдайында бұл мемлекеттік экономикалық саясаттың діңгегі болып табылады. Фискалдық саясат қаржылық саясаттың бюджеттік, салықтық, табыстар мен шығыстар сияқты ірі түрлері мен формаларын біріктіреді.
Фискалдық саясат мемлекетке қажетті ақша қаражаттарын жинақтау, бөлу, көзделген шараға жұмсау іс-әрекеттерін жүзеге асырады.
Фискалдық саясаттың ең маңызды міндеттерінің бірі экономикалық саясат мақсаттарын атқаруды көздейтін орталықтандырылған мемлекеттік ақша қорларының бастауларын, оларды қалыптастыру тәсілдерін іздестіру болып табылады.
Фискалдық саясат құралдарын мемлекет жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсынысқа әсер ету үшін, дағдарысқа қарсы шаралар қолдану үшін пайдаланылады.
Макроэкономикалық қаржы-бюджеттік саясатты елдегі жалпы экономикалық жағдайға байланысты екі басты желіні ерекшелеуге болады. Оларға фискалдық саясаттың шектеулі және кеңейтілген сипаттары жатады.
Экономикалық дүмпу, жедел экономикалық өсу кезеңінде фискалдық саясат өсу параметрлерін белгілі бір шектерде ұстап тұру үшін шектеуші сипат алады. Ал, экономикалық дағдарыс, экономикалық белсенділіктің баяулауы кезеңінде фискалдық саясат кеңейтілген сипат алады, яғни экономиканы «қыздыруға», өндірісті кеңейтуге, құлдыраудан жоғарылауға бағыт ұстайды.
Экономикалық циклдың қарама-қарсы фазаларына сәйкес бұл екі курстың арасында тұрақтандырушы фискалдық саясат деп аталатын үшінші курс әрекет етеді.
Тұрақтандыру саясаты – бұл жалпы ішкі өнім көлемін қалыптасқан жағдайға сәйкес деңгейге жақындату мақсатындағы мемлекеттің қаржы ағындары мен ақша айналымын реттеу іс-әрекеттері болып табылады. Тұрақтандыру саясаты – экономиканың азды-көпті орнықтылығы жағдайына сай келетін фискалдық саясаттың типтік формасының көрінісі. Ол, бір жағынан тұрақсыз дағдарыстық жағдайдың алдын алады және екінші жағынан макроэкономикалық көрсеткіштерді оңтайландыруға жақындатып, қалыптасқан экономикалық ситуацияны жақсартуға көмектеседі.
Заңнамалық актілерге ықтимал тұрақсыздықтың алдын алатын нормативтерді түгелдей кіргізу қолдан келмейтін мәселе. Сондықтан көмекке мемлекеттік органдардың оперативті реттеуі, сәйкессіздіктерге ағымдағы жауап қатуы, дискрециялық (ерекше өкілеттік) саясат құралдары келуі қажет.
Дискрециялық фискалдық саясат – бұл қосымша қабылданатын немесе тұрақты қолданыстағы ережелер мен нормаларды өзгертетін мемлекеттік оперативті қаржылық шаралар жиынтығы. Автопилот ұшақты басқара алмаған кезде ұшқыштың штурвалды өз қолына алатыны сияқты, үкімет те бұрын қабылданған заңдардың тұрақтылықты ұстап тұруға күші жетпеген жағдайда дискрециялық саясатты қолға алады.
Дискрециялық фискалдық саясатты жүзеге асыру әдістеріне қоғамдық жұмыстар, материалдық жәрдем, салық қойылымдарын өзгерту сияқты әдістер жатады.
Сонымен, фискалдық саясат мемлекеттік экономикалық саясаттың ең қуатты бағыты ретінде, қаржыландырудың, бюджеттеудің, салық салудың әртүрлі құралдарын тиімді қолданады.