
- •Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру
- •Балалардың жас ерекшелік мүмкіндігіне сипаттама
- •Ересектер тобының (5 жастан 6 жасқа дейін) базистік оқу жоспары
- •«Денсаулық» білім беру саласыНың базалық мазмұны
- •Дене шынықтыру
- •Жалпы дамыту жаттығулары
- •Спорттық жаттығулар
- •Спорттық ойындар элементі
- •Өзіндік қозғалыс іс-әрекетінің белсенділігін арттыру
- •Валеология
- •Сауықтыру және шынықтыру жұмыстары
- •Мәдени-гигиеналық дағдылар
- •«Қатынас» білім беру саласының базалық мазмұны
- •Тіл дамыту
- •Көркем әдебиет
- •Сауат ашу және жазу негіздері
- •«Таным» білім беру саласының базалық мазмұны
- •Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру
- •Құрастыру
- •Экология
- •Қоршаған ортамен танысу
- •«Шығармашылық» білім беру саласының базалық мазмұны
- •Сурет салу
- •Затқа қарап сурет салу
- •Сәндік сурет салу
- •Сюжетті сурет салу
- •Балаларды өнермен таныстыру
- •Жапсыру
- •Заттық жапсыру
- •Сәндік жапсыру
- •Сюжетті жапсыру
- •Мүсіндеу
- •Заттық мүсіндеу
- •Сәндік мүсіндеу
- •Сюжетті мүсіндеу
- •Музыка тыңдау
- •Ән айту
- •Музыкалық-ырғақты қозғалыстар
- •Балаларға арналған музыкалық аспаптарда ойнау
- •«Әлеуметтік орта» білім беру саласының базалық мазмұны
- •Экология
- •Үлкендермен және құрдастармен өзара қатынасы
- •Табиғаттағы адамгершілік мінез-құлық қағидалары жөніндегі ұғымдар
- •Қоршаған ортамен таныстыру
- •Өзін-өзі ұстау мәдени дағдылары
- •Үлкендермен және құрдастарымен өзара қатынасы
- •Адамгершілік қағидасы туралы түсініктер
- •Көркем әдебиет
- •Өзін-өзі ұстау мәдениетінің дағдылары
- •Үлкендермен және құрдастарымен өзара қатынасы
- •Адамгершілік қағидалары туралы түсінік
- •Cюжеттік-рөлдік ойындар
- •Драмалау ойындары
- •Музыкалық драмалау ойындары
- •Құрылыс материалдарымен ойындар
- •Қимылды ойындар
- •Дидактикалық ойындар
- •Өзіне-өзі қызмет көрсету
- •Тұрмыстық-шаруашылық еңбек
- •Табиғаттағы еңбек
- •Мерекелер және ойын-сауықтар
- •Қолданылған әдебиеттер
- •Қимылды ойындар тізімінің үлгісі
- •Ұсынылатын көркем әдебиет шығармалары Оқу мен мазмұндауға арналған шығармалар
- •Қазақстан, Ресей және тмд елдері жазушыларының әңгімелері
- •Әңгімелеуге арналған шығармалар
- •Жаттауға арналған шығармалар
- •Сурет салу сабағының тақырып үлгісі
- •Жапсыру сабағына арналған тақырыптар үлгісі
- •Мүсіндеу сабағына арналған тақырыптар үлгісі
- •Балаларды өнермен таныстыру
- •Музыкаға ұсынылған репертуарлар Музыка тыңдау
- •Ән салу
- •Музыкалық-ырғақтық қимылдар
- •Балалар музыкалық аспаптарында ойнау
- •Музыкалық – дидактикалық ойын
- •Мазмұны
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
«МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БАЛАЛЫҚ ШАҚ»
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ
«БІЗ МЕКТЕПКЕ БАРАМЫЗ»
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ЕРЕСЕК ЖАСТАҒЫ
(5 жастан 6 жасқа дейінгі)
БАЛАЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУ МЕН ОҚЫТУ
БАҒДАРЛАМАCЫ
Астана — 2009
«Біз мектепке барамыз» мектепке дейінгі ересек жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқыту бағдарламасы.- Астана, 2009. - 106 б.
Рецензенттер:
Б. Ердембеков, ф.ғ.д., СМПИ психологиялық-педагогикалық факультетінің деканы
С. Нұрсейітова, Семей қаласы, № 9 «Айгөлек» балабақшасының меңгерушісі
Авторлық ұжым: Т.А. Дрыгина, Г.Г. Корчевская, Н.Л. Татаурова, И.А. Тирская, С.И. Шелипова
Бағдарлама 5-6 жастағы балалардың тұлғалық дамуын қамтамасыз етіп және оны мектепте оқуға дайындауға бағытталған білім берудің базистік мазмұнын анықтайды. Бағдарламада бала дамуының негізгі заңдылықтары мен оның психикалық, физиологиялық өсуіне жағдай жасау мәселелері қарастырылған.
Бағдарламаның мазмұны мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың жеке жас ерекшелік қабілетінің ашылуына жағдай жасап, жалпыадамдық және ұлттық құндылықтарға негізделген баланың жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін білім жүйесін қалыптастыру, әлеуметтік ортада жағымды қатынас жасауға қабілетті шығармашыл тұлғаны тәрбиелеуге негізделген оқыту мен тәрбиелеу мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған.
Бағдарламаның мазмұны бір-бірімен тығыз байланысты, әрқайсысы өзіндік бөлімдерден тұратын, белгілі бір мақсат көздейтін негізгі білім беру салаларының жұмысын іске асыру мәселелерін көздейді.
Мектепке дейінгі білім беру жүйесінің қызметкерлеріне, педагогикалық ЖОО мен колледждердің стденттеріне ұсынылады.
ББК
ISBN
© «Мектепке дейінгі балалық шақ»
Республикалық орталық, 2009
ТҮСІНІК ХАТ
Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі ұлттық даму стратегиясымен тығыз байланысты мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып табылады. Бала — біздің болашағымыз. Олай болса, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту баланың ғана емес, еліміздің де жарқын болашағының кепілі. Ол – үздіксіз білім берудің алғашқы деңгейі. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың негізгі мақсаты – баланың жеке басының қалыптасуы мен дамуы болып отыр.
Еліміздің 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшуіне байланысты жаңа мемлекеттік стандартты енгізу, мектепке дейінгі ұйымдардың педагогикалық үдерістерін жаңа бағдарламалармен, оны жүргізудің тиімді әдістерімен қамтамасыз ету қажеттілігі туды. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ересек жастағы балаларды (5-6 жас) тәрбиелеу мен оқыту бағдарламаларын дайындау — уақыт сұранысына айналды. Ұсынылып отырған «Біз мектепке барамыз» бағдарламасы мектепке дейінгі 5-6 жастағы балаларды тәрбиелеу мен дамытудың психологиялық-педагогикалық және мазмұндық аспектілерін ашады және негізгі құзіреттіліктерді қалыптастырудың міндеттерін жүзеге асырады.
Бағдарламаның мазмұны баланың жеке жас ерекшелігінің мүмкіншіліктерін ашуға, бала тұлғасын жан-жақты дамытуға, жалпыадамдық, ұлттық құндылықтарға негізделген білім жүйесін қалыптастыруға, әлеуметтік ортада оң қатынастарға қабілетті шығармашыл тұлғаны дайындауға бағытталған мектепке дейінгі ересек жас балаларын тәрбиелеу мен оқытудың мақсаттарын шешуді көздейді.
Негізгі міндеттері:
- бала бойында маңызды, шешуші құзыреттіліктерді қалыптастыруға мүмкіндік туғызатын қолайлы пәндік-даму ортасын құру;
- тәжірибелік, танымдық, шығармашылық іскерлігі мен басқа да бала әрекеті түрлерін қалыптастыру;
- ұлтжандылық пен халқымыздың мәдени-тарихи дәстүрлері негізінде тәрбиелеу арқылы бала бойына жалпыадамдық, мәдени және адамгершілік құндылықтарды дарыту;
- полиэтникалық және полимәдени мегаполисте ұлтаралық қатынастардың үйлесімділігін сақтауға негіз болатын ұлтаралық қатынас мәдениеті негіздерін қалыптастыру;
- баланы дүниежүзілік және жалпыұлттық құндылықтар рухында тәрбиелеу мақсатында отбасы мен мектепке дейінгі ұйымның бірлескен мүмкіншіліктерін пайдалану;
- әр баланың тұлғалық қасиеті және оны ауыспалы өмір жағдайында әрі қарай сәтті дамыту мақсатында өзін-өзі тану, өз ойын еркін білдіру және оны іске асыру дағдыларын жетілдіру;
- салауатты өмір салты негіздерін қалыптастыру мақсатында баланың толыққанды физиологиялық дамуын қамтамасыз ету үшін қолайлы кеңістік құру;
- әр баланың интеллектуалдық қабілеттері мен шығармашылық әлеуетін дамыту;
- мектепте білім алуға жан-жақты дайындау.
Мектепке дейінгі 5-6 жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқытуды ұйымдастыру мынадай негізгі педагогикалық ұстанымдарға сүйенеді:
- мәдени сәйкестілік ұстанымы – аймақтық, ұлттық және әлемдік мәдени құндылықтарды пайдалану арқылы балалар ұйымының жұмысын мәдени орталық қатынас жасау арқылы ұйымдастыру;
- тәрбиелей отырып оқыту – баланың нақты ақыл-ойы мен тәжірибелік әрекетін іске асыра отырып, оның бойына ұйымшылдық, тәртіптілік, ұқыптылық, жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру;
- жас ерекшелігі мен жеке ерекшеліктеріне байланысты қатынас жасау – балалардың жасы мен субъективті тәжірибесіне сәйкес тақырып мазмұны мен жұмыс тәсілдерін таңдау;
- жүйелілік – оқу материалын таңдау мен оны дұрыс жеткізу, оқыту мен тәрбиелеу мазмұнын байыту;
- түйсіну мен белсенділік ұстанымы – балалардың оқу материалын дұрыс түсінуі, қабылдауы мен ақыл-ойының, танымдық үдерісінің даму мәселелерін қарастырады;
- қызметтік қатынас ұстанымы – оқыту мен тәрбиелеу үдерісін бала әрекетін ұйымдастырудың түрлері мен формаларына танымдық компоненттерді кірістіре отырып жүргізуді көздейді;
- адамгершілік ұстанымы – педагогтің бала пікірімен санасып, оның сезімі мен көңіл күйін ескеріп, өзіне тең құқылы серіктес ретінде қабылдай отырып, бойына жоғары адами құндылықтар – отаншылдық, туған жерге деген махаббат сезімін дарыту;
- көрнекілік ұстанымы – оқытудың эмоционалдық және көрнекілік технологияларын үйлесімді қолдану арқылы қоршаған әлемді қабылдау мен тануға мүмкіншілік туғызу;
- креативтілік ұстанымы – мектепке дейінгі балалардың бойында бұрын қалыптасқан дағдыларын өзіндік іс-әрекет жағдайларында қолдану мүмкіндіктерін арттыру арқылы шығармашылыққа тәрбиелеу. Сол арқылы қалыптан тыс міндеттер мен проблемалық жағдайлардың шешімін өздігінен таба білу қажеттіліктерін қолдап, одан әрі жетілдіруге ынталандыру.
Мектепке дейінгі ересек жастағы баланы тәрбиелеу мен дамытудың қорытынды нәтижесі - үлкендермен және құрдастарымен қалыпты қарым-қатынаста бола алатын, негізгі құзыреттілікті және дене тәрбиесі, салауатты өмір салты негіздерін меңгерген, мектепте оқуға дайын тұлғаны қалыптастыру болып табылады.
Бағдарлама бес білім беру саласын қамтиды және мектепте білім алуға бағытталған баланың әлеуеттік мүмкіндігін ашуды көздейді.
Әр саланың мазмұны төмендегідей құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағытталған:
- денсаулық сақтау;
- коммуникативтік-тілдік;
- танымдық;
- шығармашылық;
- әлеуметтік.
Бағдарламаның мазмұнын іске асыру – белгілі бір мақсатқа бағытталған, бір-бірімен тығыз байланысты дербес бөлімдерден тұратын білім беру салаларының жұмысын жүргізу болып табылады.
«Денсаулық» білім беру саласында балалардың денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтының ережелерін саналы түрде сақтауын қалыптастыруға, бала ағзасы мен маңызды қозғалыс дағдыларының функционалды мүмкіндіктерін жетілдіруге бағытталған педагогикалық жұмыстардың шарттары мен мазмұны, міндеттері белгіленген.
«Қатынас» білім беру саласында байланыстырып сөйлеуін, мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың тілдік әрекетке жеке қабілеттерін, мазмұнды диалог пен монолог құра білу іскерлігін, сауат ашу және жазуды меңгеруге дайындау мақсатында тілдік шығармашылығын көрсетуге бағытталған жұмыстардың мазмұны мен міндеттері қарастырылады.
«Таным» білім беру саласында баланың қоршаған ортада бағдарын кеңейтіп, толықтыру, салыстыру, талдау, жалпылау, байқау, үлгілеу, қарапайым іздеу әрекеттерін меңгеру, табиғатты қорғау тәсілдерін меңгеруі, түрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған педагогикалық жұмыстардың міндеттерін, мазмұны мен шарттарын айқындап көрсетеді.
«Шығармашылық» білім беру саласында баланың әлемге деген эстетикалық қатынасы мен ұлттық, классикалық және заманауи көркем құралдарының дамуымен бірге қалыптасуы қарастырылады. Балалар шығармашылығы мен әрекеттерін біріктіру арқылы балалардың көркемдік қабілеттерін қалыптастырады.
«Әлеуметтік» білім беру саласында - әлеуметтендіруді қоғамдық қатынастар жүйесіне енуге қажетті балалардың әлеуметтік-мәдени тәжірибелерінің дамуы ретінде қарастырып, еңбек және білім-білік дағдыларын, қағидалар, құндылықтар, салт-дәстүрлер, ережелер, тұлғаның әлеуметтік қасиеттерін қалыптастыру мәселелері қарастырылады.
Сонымен қатар, бұл сала кіріктірілген сипатта жұмыс атқарып, төрт білім беру саласының мазмұнын іске асырады. Балалардың әрекеттерін түрлендіруді ұйымдастыру негізінде олардың үлкендермен, құрбыларымен қарым-қатынас жасауда қарапайым өзін-өзі бақылау мен реттеу дағдыларын қалыптастырады.
Бағдарламада балалардың мәдени дағдылары, білімділігі, тұлғаның әлеуметтік қасиеттерінің дамуы және бірлесіп жұмыс жасау, қоршаған ортаға қамқорлық, бәсекелестік және ынталылық, дербестік пен тәуелсіздік, әлеуметтік ортаға бейімделушілік, ашықтық, икемділік сияқты мінез-құлық негіздерінің төселуіне ерекше көңіл бөлінген.
Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру
Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру барысында жүргізілетін ойындар мен сабақтар балаларды дербестікке тәрбиелеуге негізделеді. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің түрлеріндегі режимдік кезеңінің үдерісінде үлкендермен, құрдастарымен мәдениетті қарым-қатынас жасауға әдеттендіру әрі қарай жалғаса береді.
Баланың денсаулығын нығайтуға, дене және ақыл-ой қызметінің жұмысын жақсартуға, жүйке жүйесін сақтауға бағытталған іс-шараларды балалар шаршап-шалдықпайтындай, жарақаттанып қалмайтындай, жалықпайтындай етіп ұйымдастыру керек. Сонымен қатар, осы кезеңде күн тәртібін сақтауды қамтамасыз ететін шаралар кешенін жүргізу, жеке бас гигиенасын сақтау, қоғамдық орында өзін-өзі ұстау тәртібі мен өз-өзіне қызмет жасау дағдыларын меңгерту өте маңызды.
Әртүрлі қозғалыс түрлеріне жаттықтыра отырып, балалардың оны түсініп, дұрыс, дәл орындауын қадағалау керек. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін арнайы ережелері бар қозғалыс ойындары ойнатылады.
Балалардың күнделікті өмір тұрмысын ұйымдастыру барысында өсіп келе жатқан балалардың дербестігінің, өзінің және құрбыларының өзін-өзі ұстау қабілеттерінің артқандығын сезіне білуі, яғни үлкендер жағынан қамқорлыққа мұқтаждығының азайғандығын ескеру қажет. Киініп-шешіну, тамақтану, жуыну уақытының қысқаруы есебінен бала еңбегі мен ойынына, қимыл-қозғалыс қызметін дамытуға, өз бетінше көркемдік шығармашылықпен айналысуға бөлінетін уақыт мөлшері артады. Осыған орай ересек топта ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінің түрлерін жүргізу уақытының көлемі артып, берілетін бағдарламалық материалдар күрделене түседі. Күрделі мазмұнды материалдарды меңгерту барысындағы ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті (сауат ашу, математика, тіл дамыту) күннің бірінші жартысында жүргізіледі. Себебі, бала бұл уақытта мейлінше сергек, әрі белсенді болады. Оқу материалын балаға ойын арқылы жеткізіп, оны жалықтырып алмас үшін дер кезінде сергіту жаттығуларын жасату керек. Сонымен қатар, баланың жас ерекшелігіне сай, тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану керек.
Баланың эстетикалық танымын дамыту мақсатында көркем шығармашылық әрекеттерді (драмалық ойындар, әртүрлі көріністерді сахналау, бейнелеу өнері) түрлендіріп ұйымдастыру қажет.
Оқу мен ойын әрекеттерін де баланы жалықтырмайтындай тартымды, мейлінше түрлендіріп ұйымдастырған жөн. Өйткені осы әрекеттер арқылы бала жаңа ұғымдармен танысады, өзіне таныс емес заттардың қызметі мен оларды қолдану тәсілдерін меңгереді. Сондықтан да тәрбиешінің алдында баланың шығармашылығын, дербестігін, ерік-жігерін шыңдауға бағытталған түрлі ойындарды ұйымдастырып, оны дұрыс, тиімді тәсілдермен жүргізу міндеті тұр.
Ересектер тобынан бала үстел ойындарын ойнау, түрлі суреттерді қарап, суретті ойындардағы тапсырмаларды орындау, құрастыру мен мүсіндеу сияқты келешек оқушыға қажетті әрекет түрлерімен айналысуға деген қызығушылықпен шығуы қажет.
Бала әрекетінің жүйелі даму үлгісін көрсететін, бағдарлау мен әрекет кеңістігін ашатын, вариативтілігімен және баланың тікелей қатысуымен ерекшеленетін дамытушы орта құру — оқыту мен тәрбиелеу үдерісінде өте маңызды рөл атқарады.
Пәндік дамыту ортасы балалардың бір-бірімен, үлкендермен қарым-қатынасын дамытуға бейімделіп жасалады. Сондықтан ол балалардың физиологиялық, әлеуметтік, эстетикалық және танымдық дамуын қамтамасыз етуге қолайлы, әрі ыңғайлы болуы қажет.
Топта еңбек әрекетінің әр түрін жүргізуге қолайлы жағдай жасалуы керек. Еңбек әрекеті арқылы баланың өз-өзіне қызмет ету дағдылары қалыптасады. Осы мақсатта әр түрлі еңбек әрекеттерін ұйымдастыруға болады. Мәселен, шаруашылық-тұрмыстық еңбек пен табиғат аясындағы еңбек түрлерін жеке және ұжымдық тапсырмалар мен кезекшілік түрінде ұйымдастырған жөн. Еңбек ету барысында балалардың жұмысын мадақтап отыру арқылы оны жігерлендіріп, еңбек етуге қызығушылығын арттырып отыру қажет.
Балаларды дамыту мен тәрбиелеуде нәтижеге жету үшін педагог пен ата-аналардың бірлесіп жұмыс жасауы маңызды рөл атқарады. Тәрбиеші балаға қатысты мәселелерді бірігіп шешу мақсатында ата-аналармен ынтымақтастық қатынас орнатып, оларды топтың өмірі мен қызметін ұйымдастыруға белсенді қатыстырып отыруы керек.
5-6 ЖАСТАҒЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМА