
- •Фразеология. Фразеологизмдердің шығу көздері
- •Астана 2012 Мазмұны
- •I бөлім. Фразеология
- •Фразелогизмдердің екі мағыналылығы
- •II бөлім. Фразеологизмдердің түрлері
- •2.1. Фразеологиялық тұтастық.
- •2.2. Фразеологиялық бірлік.
- •2.3. Фразеологиялық тіркес.
- •2.4. Фразеологиялық сөйлемше.
- •III бөлім. Фразеологизмдердің пайда болу негіздері.
2.4. Фразеологиялық сөйлемше.
Оған құрамы мен қолданылуы тұрақты, біртұтас бейнелі мағынасы ерікті сөздердің тіркесуінен жасалатын, құрылысы сөйлемге ұқсас фразеологизмдер жатады. Бұлардың фразеологиялық сипаты сөйлеу үстінде қалыптаспай, даяр, орнықты қалпында қолданылатындығына. ал сөйлемше деп аталуы құрылымы жағынан сөйлемге ұқсастығына байланысты. Мысалы: су сепкендей басылды деген фразеологиялық сөйлемше су сепкендей, сепкендей басылды деген екі еркін тіркестен, күле кіріп, күңіріне шықты – екі еркін тіркестен, құланның қасынуына, мылтықтың басуы – екі еркін тіркестен құралып, сөйлем түрінде айтылып тұр. Бұлардың тұрақты тіркестік мағынасында біртұтастық бар: су сепкендей басылды «лезде тынышталды», күле кіріп күңіріне шықты «арам ниетті, екі жүзді», құланның қасынуына мылтықтың басуы «орайы келді, сәті түсті» дегенді білдіреді.
Фразеологиялық сөйлемшелерге жай сөйлем түрінде қалыптасқан: Алланың салғанын көрді, ана сүті аузынан арылмаған, сырдың суы сирағынан келмейді, көкірегі қарс айырылды, кісі бетіне қарай алмады, су аяғы құрдымға кетті, тұла бойы түршікті, үш қайнаса сорпасы қосылмайды, іштен шыққан шұбар жылан, төбесі көкке екі елі жетпеді т.б.; ауыз әдебиетінде кездесетін: қара қазан, сры баланың қамы; темір етік теңгедей, темір таяқ тебендей (болғанша), тебінгіден тер жауып, қабырғадан қан жауып; қарға жүнді қаттасым, үйрек жүнді оттасым т.б.; даяр қалпында қолданылатын қосар тіркестер: арқа еті арша, борбай еті борша; аспанды алақандай, жерді тебінгідей (етті); аттыға жол, ауыздыға сөз бермеді; ауырдың үстімен, жеңілдің астымен; қаққанда қанын, соққанда сөлін шығарды; қанаттыға қақтырмай, түмсықтыға шоқыттырмай т.б. фразеологиялық сөйлемшелер жатады.
Фразеологиялық сөйлемшелердің кейберулері құрмалас сөйлем іспеттес. Мысалы: үн жоқ, түн жоқ; айрандай аптап. күбідей күптеп; апысы кіріп, күпісі шықты; әй дер әже жоқ, қой деп қожа жоқ; ақай жоқ, тоқай жоқ т.б.
Жоғарыда келтірілген фразеологиялық сөйлемшелерде құрамының тұрақтылығы, мағына тұтастығы, бейнелілік, қолданудағы тиянақтылығы сияқты фразеологизмдерге тән жалпы қасиеттер белгілі мөлшерде сақталып отырады. Фразеологизмдердің басқа түрлерінен айырмашылығы құрылымының сөйлемге ұқсастығында.
Кесте
Тар мағынада |
Кең мағынада |
Фразеологиялық тұтастықтар (идиомалар, фразеологиялық түйдектер) Фразеологиялық бірліктер Фразеологиялық тіркестер Фразеологиялық сөйлемшелер |
Қос сөздер Қосар тіркестер (параллель фразеологизмдер) Коммуникативтік тіркестер Номинативтік (атауыштық) тіркестер Мақал-мәтелдер Қанатты сөздер Жаңылтпаштар Жұмбақтар Көркем мәтін үзінділері Фольклорлық тұрақты сөз үлгілері Сәлемдесу жоралғылары |
III бөлім. Фразеологизмдердің пайда болу негіздері.
Қазақ тіліндегі фразеологизмдер шығу тегі жағынан көне түркі дәуірімен де, орта түркі заманындағы қыпшақ қауымымен де, қыпшақ қауымынан бөлініп қазақтың өз алдына халық, одан соң ұят болып дамыған дәуірімен де байланысты. Сол дәуірлердің бәрі де фразеологизмдердің қалыптасуында өз ізін қалдырғаны даусыз. Сонымен берге дайын қалпында қабылданып, қолданысқа түскен кірме фразеологизмдер де баршылық.
Фразеологизмдердің шығу тегі, қалыптасу жайы теориялық тұрғыда осылай болғанымен, жоғарыда айтылған дәуірлердің әрқайсысына тән фразеологизмдер жүйесі қандай, олар ары қарай қалай дамыды деген мәселелер түркітануда әлі ашылған жоқ. Бұл мәселелерді шешу үшін, кқне түркі жазба ескерткіштеріндегі, ортағасырлық жазба мұралардағы, қыпшақ тобына кіретін тілдердегі, сонан соң қазақы фразеологизмдер сараланып зерттелуі қажет. Қазіргі кезде тек жекелеген фразеологимдердің қай дәуірден екені жайында ғылыми болжам, пікірлер болмаса, кең көлемде зерттеулер жоқ. Сол себепті фразеологизмдердің шығу тегі, пайда болу негіздері жайында неғұрлым жалпы тұжырымдар жасауға тура келеді.
Көптеген фразеологизмдердің шыққан тегінде тура мағынасы бар еркін тіркестер жатыр. Әртүрлі жағдайға байланысты туған еркін тіркестер жатыр. Әртүрлі жағдайға байланысты туған еркін тіркестер үнемі тура мағынасында емес, ауыспалы, бейнелі, жинакты мағынаны білдіріп, келе-келе фразеологизмдерге айналған. Мұндай фразеологизмдер еркін тіркестердің мағына жағынан жаңғырып-жаңаруынан туған екінші қатардағы туындылар деп аталады. Мысалы, бір нәрседен ығыр болды, мезі болды деген мағынадағы ер қашты фразеологизмі көп мініліп жауыр болған жылқының арқасына ер саларды қашқалақтағанында айтылатын ер қашты деген жай тіркестен шыққан деуге болады. Ер жетті, азамат болды мағынасындағы ат жалын тартып мінді фразеологизмі жас адам өз бетімен атқа міне алады деген мағынадағы еркін тіркестен туған деуге болады. Этнографиялық тұсау кесу фразеологизмі қазір салтанатты жағдайда өтілетін презентация орнына жұмсалып рәсімдік сипат алды: қол қусырды, тайға таңба басқандай, мойнына су кетті, қолға алды, дем салды, дем берді, дауыс айтты, дақ салды, көріп кел, күл шашты, күлім көз, күн еңкейді, күні бітті, аяғы-аяғына жұқпайды, құстай ұшты, суыт жүрді, жау тигендей, айдап салды, ат құрғатпады т.б.
Фразеологизмдердің пайда болуына халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілік өміріндегі әртүрлі жағдай себеп болған. Олары бірнеше салаға бөліп қарауға болады.
Бірқатар фразеологизмнің пайда болуына халық өміріндегі әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері себеп болған. Мысалы, қазақ салтында жасы үлкенді сыйлауға ерекше мін беріледі. Халық менталитетінің осы ерекшелігі мына сияқты фразеологимдерден: жасы үлкен, кәрі құлақ, сақалын сыйлау, сақалды басымен т.б., мына сияқты мақал-мәтелдерден: бұрынғы кісісі, бүгінгінің кішісі; атаның құны, ананың сүті; анаға баланың алалығы жоқ; атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді; ата балаға сыншы; атадан ұл туса игі еді, ата жолын қуса игі еді; үлкен бастар, кіші қостар; өзіңді көрген өлсе де, атаңды көрген өлмесін; жас- кәрінің көзі, кәрі – жастың тезі; ата бәйтерек, бала жапырақ; кәрінің бары игі; кәрі келсе асқа, жігіт келсе іске; сексенде сегіз байлық, сегіз жарлылық; аулыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең; атасыз үй – батасыз, анасыз үй – панасыз т.б. көрінеді.
Діни ұғымға, ескі түсінікке, киелі сандарға байланысты туған фразеологизмдер. Мысалы: жетінен құдайы, жортқанда жолдасың қызыр болсын, құдайға ақсарбас айтты, Зеңгібаба, Шекшеката, Шопаната, Ойсылқара, кедейдің жеті қаңтаруы бар, жеті басты айдаһар, жеті қазына, қырықжеті, жұт жеті ағайынды, бата қылды, бата берді, аруақ атсын! Құдайдан қайтсын! Тәңір жарылқасын! зәмзам суы, пірге қол тапсырды, дін мұсылман, жазмыштан озмыш жоқ, қылкөпір, иманы жолдас болсын! т.б.
Бірсыпыра фразеологизм жаугершілік заманға байланысты туған. Мысалы: аттың жалы, түйенің қомы; құба қалмақ заманы; ата жаумен алысты: ат басына күн туды; қырық сан қалмақ; он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт; ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама т.б.
Бірқатар фразеологизм ел ішіндегі дау-дамайды (жер дауы, жесір дауы т.б.) билік жолымен шешуге байланысты туған. Мысалы: ант берді, ант ішті, жан берді, атым құрысын, көрсем көзім шықсын, естісем құлағым керең болсын, құдай біледі, алла сақтасын, нан ұстайын, жан алып, жан берді, ара ағайын, апшысын қуырды т.б.
Адамның әртүрлі қасиетіне байланысты фразеологизмдер туған. Мысалы, мінезге байланысты: аузын ашса, көмекейі көрінеді; терісі кең, табаны жаудан таймаған, жүрегінің түгі бар, қолынан мөрі тамған, қолы ашық, біреудің ала жібін аттамағанғ, судан тұнық, сүттен ақ; қыз мінезді, тойған қозыдай, мұрнын тескен тайлақтай, құлқынның құлы, аузымен орақ орған, жүз құбылды, жүз тоқтатты, күбідей ісінді, сумаң қақты, сұғанақ көз, табанының бүрі жоқ, аузын құр шөппен сүртеді, шықбермес Шығайбай, іштарлық жасады, аузының ебі бар, жүзіктің көзінен өтеді, нар тәуекел, жаутаң қатты т.б.
Жалқаулыққа байланысты: ас ішіп, аяқ босатар; кежегесі кейін тартады, көк жалқау, қазан үстінен күн көрді, мойны жар бермеді, шөп басын сындырмады, омалып отырды, тұяғы қимылдамады, қол қусырып қарап отырады, әзір асқа тік қасық, ай қарап жүреді т.б.
Көшпелі заманда халықтың тіршілік көзі – төрт түлік мал атауларының қатысымен фразеологизмдер аз тумаған. Мысалы, жылқыға байланысты: ат құлағы көрінбейді, ат құйрыған кесісті, ат салысты, ат сауырын берді, ат-тонын ала қашты, ат сабылтты, ат қосты, ауыз жармаған құнан; қойдан қоңыр, жылқыдан торы; жылқылы бай, су жорға, төкпе жорға, от орнындай тұяқты, ат болар тай саяққа үйір, бесті айғырдай азынап, құлын салды, үйірге түсті, бүйірінен жарады, ішін тартты, қаншырдай қатып жарады т.б.
Түйеге байланысты: бір күн бие, бір күн түйе; жел мая, ботасы өлген інгендей, түйенің танығаны – жапырақ, түйе бас қылды, түйенің жарты етіндей, қуырдақтың әкесін түйе сойғанда көресің, ақ түйенің қарны жарылған күн т.б.
Қой - ешкімен байланысты: марқа қозы, бағлан қозы, сырбаз қозы, егіз қозыдай, екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды. қошқар салды, серкесіз қой болмас, ешкі еті жел т.б.
Сиыр малына байланысты: сиырдың сүті тілінде, сиыр алсаң, танып ал, танымасаң тарлан ал; сиыр сипағанды білмейді, өгіз аяң, оқыра тигір, өгіздей өкірді, өгізге туған күн бұзауға да туады т.б.
Уақыт, мезгіл өлшемдеріне байланысты фразеологизмдер жасалған. Мысалы: қас қағымда, қас пен көздің арасында, кірпік қаққанша, екінті мен ақшамның арасында т.б.
Қашықтық, жақындық, кеңістік мөлшеріне байланысты: айшылық жер, көзкөрім жер, иек астында, таяқ тастам жер, су аяғы құрдым, оқ жетер жер, ит өлген жер т.б.
3. Фразеологизмдердің бірқатары басқа тілдерден ауысқан кірме фразеологизмдер. Олар бірнеше жолмен енген. Бірінші, қазақ тіліне аударылмай, даяр қалпында өзгеріссіз қабылданған фразеологизмдер. Бұған дінді уағыздайтын, діншіл адамдар жиі қолданылатын, діни йдебиеттердегі негізінен араб тілінен енген фразеологизмдерді жатқызуға болады. Мысалы: алла табарәка уа тағала – жарылқаушы және ұлы тәңірі, алла тағала – құдіреті күшті алла, әмәнтү биллаһи – аллаға иман келтіру, кәмалат ғәммәзат – толық кәмілетті.
Екінші, қазақ тілінің дыбыс заңдылықтарына бейімделіп, даяр қалпында қабылданған кірме фразеологизмдер. Бұған негізінен парсы тілінен енген фразеологизмдік қос сөздерді жатқызуға болады. Мысалы: жар-дос (йар-дуст), жар-жар (йар-йар), жекпе-жек (йәк-йәбак), лек-лек (ләк-ләк) т.б. Мұндай фразеологизмдердің бірқатары парсы, қазақ сөздерінің қолдауы арқылы жасалған. Мысалы: майда – шүйде (п. мәйда), жай-жапсар (п. джай), кемпір-шал (п. кәмпир), жора жолдас (п. джора), кем-кетік (п. кәм), мат қылау (п. мат жеңу, ұту), мама бие (сүтті бие) т.б.
Үшінші, басқа тілдерден калька жолымен аудару арқылы жасалған фразеологизмдер. Басқа тіл фразеологизмдерін тұтас қалпында аудармай, құрамындағы сөздерін сөзбе-сөз аудару арқылы жасалған фразеологизмдерді фразеологиялық калькалар дейміз. Мысалы, орыс тілінен калька жолымен аударылған фраезологизмдер: Қазал алаң (Красная площадь), шара қолдану (принимать меры), балық та емес, ет те емес (ни рыба, ни мясо), балықшы балықшыны алыстан көреді (рыбак рыбака видит из далека), ағылшын тұзы (английская соль), мәселені қабырғасынан қою (поставить вопрос ребром), Варфоломей түні (варфоломейская ночь) т.б.
Төртінші, шетелдік фразеологизмдердің құрамындағы сөздерді сөзбе-сөз емес, жарым-жартылай аудару арқылы жасалған фразеологизмдер. Бұлар жартылай фразеологиялық калькалар деп аталады. Мысалы, бармағын тістеп қалу (кусать себе палец), рөлді меңгеру (войти в роль), бәрі ойдағыдай (все в порядке), қайыр хош! (всего хорошего!) т.б.
4. Көрнекті тұлғалардың қанатты сөздерінен шыққан фразеологизмдер. Мысалы, Абайдағы жүрек сөзімен байланысты: ыстық жүрек, жас жүрек, ынталы жүрек, ет жүрек, асау жүрек т.б., одан басқа көңілдің жаулауы, өнер шашу, тіл ұстарту т.б. қазақ фразеологиялысының қорын молайтатын тіл бірліктері болып табылады. Фразеологизмдік сипаты бар осындай қанатты сөздер басқа да данагой адамдардан аз қалмаған.
Қорытынды.
Сонымен, бұл ғылыми жұмыста фразология мен фразеологизмдерді зерттедік. Жұмысты орындау барысында фразеологияның нендей ғылым саласы екенін анықтап, оның негізгі зерттеу объектісі фразеологизмдер болып табылатынын анықтадық. Сонымен бірге, фразеологизмдердің неше топқа бөлінетінін, қалай жіктелетінін, оның қандай маңызды рөл атқаратынын анықтадық. Бұрын қарапайым мектепте өтетін тақырыптардан тыс ашулар жасап, фразеологизмдердің кең және тар мағынада қолданылатынын білуге болады.
Фразеологизмдердің қайдан шыққанын зерттеп, оның әр түрлі тұжырымдары бар екенін айқындадық. Дегенмен де тіл білімінің бұл саласы әлі де зерттелу үстінде. Себебі бұл мәселе жете зерттеуді, нақтылауды қажет етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
Қалиев Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. /А. «Сөздік-словарь» баспасы -2006/
Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. /А. – 1977/
Авакова Р.Ә. Фразеология теориясы. /А. – 2009/
Айғабылұлы А. Лексикология. Қазақ тілінің лексикологиясы.
Қоңыратбаева Ж. XX ғасыр басындағы қазақ прозасы тіліндегі фразеологизмдер.
http://kk.wikipedia.org