
- •Тақырып 1. Қаржы нарығының инфрақұрылымы және оның құрамдас элементтері.
- •Тақырып 2. Ақша нарығы және оның қаржылық құралдары
- •Тақырып 3. Депозиттік нарықтың қызмет ету ерекшеліктері
- •Тақырып 4. Несие нарығы, оның мәні және мазмұны
- •Тақырып 5. Валюта нарығы және валюталық операциялар
- •Тақырып 6. Бағалы қағаздар нарығы, оның функциялары және құрылымы.
- •Тақырып 7. Сақтандыру нарығы
- •Тақырып 8. Зейнетақы нарығы
- •Тақырып 9. Қаржылық делдалдылық және қаржылық делдалдар
- •Тақырып 10. Қаржы нарығындағы коммерциялық банктер қызметі
- •Пассивті операциялар өзіндік қаражаттың, тартылған қаражаттың және эмиссияланған қаражаттың есебінен банк ресурстарын қалыптастырумен байланысты болады.
- •Тақырып 11. Зейнетақы нарығының қаржылық институттары
- •Тақырып 12. Инвестициялық компаниялар және қорлар
- •Тақырып 13. Сақтандыру компаниялары және қорлары
- •Тақырып 14. Арнайы мамандандырылған қаржы-несиелік институттар
- •Тақырып 15. Қазақстанның қаржы нарығын
Тақырып 6. Бағалы қағаздар нарығы, оның функциялары және құрылымы.
Бағалы қағаздар нарығын оны шығару бойынша және оның (бағалы қағаздар нарығының) қатысушылары арасындағы бағалы қағаздардың айналасы бойынша экономикалық қатынастардың жиынтығы ретінде анықтауға болады. Бұл тұрғыдан алғанда ол кез келген басқа тауар нарығының анықтамасынан ерекшеленбейді. Зерттелетін нарық объектісін жеке-дара салыстырғанда ғана айырмашылық пайда болады. Бағалы қағаздар нарығының номенклатурасы қандай да бір жеке тауар нарығына емес, тұтас тауар нарығына сәйкес келеді әрі кез келген елдің қаржы нарығының құрамдық бөлігі болып табылады. Бағалы қағаздар нарығының негізін тауар нарығы, ақша және ақшалай капитал құрайды.
Бұл нарық түрлерінің жіктелімі бағалы қағаз түрлерінің жіктеліміне ұқсайды және былайша ажыратылады:
халықаралық және ұлттық бағалы қағаздар нарығы;
ұлттық және аймақтық (аумақтық) нарықтар;
нақты бағалы қағаз түрлерінің нарықтары (акция, облигация және т.б.);
мемлекеттік және корпорациялық (мемлекеттік емес) бағалы қағаздар нарығы;
бастапқы және туынды бағалы қағаздар нарығы.
Бағалы қағаздар нарығының функциясын шартты түрде екі топқа бөлуге болады: жалпы нарықтық және өзіндік ерекшелігі бар функция. Функцияның бірінші тобына мыналарды жатқызуға болады:
коммерциялық – осы нарықтағы операциялардан пайда алу функциясы;
мақсатты – нарықтық бағаны қалыптастыратын процесті, олардың ұдайы қозғалысын және т.б. қамтамасыз етеді.
ақпараттық – яғни, нарық өз қатысушыларына сауда объектілері мен оның қатысушылары туралы нарықтық ақпараттарды жеткізеді;
реттеуші, ондағы нарық сауда және оған қатысудың ережесін, қатысушылардың арасындағы дау-таласты шешудің тәртібін жасайтын болса, артықшылықтарды, бақылау органын немесе басқару органын және т.б. белгілейді.
Өзіндік ерекшелігі бар бағалы қағаздар нарығының функциясына мыналарды жатқызуға болады:
қайта бөліну;
баға және қаржы тәуекелдіктерін сақтандыратын функция.
Қайта бөлну функциясы үш қосалқы функцияға бөлінеді:
нарық қызметінің салаларына ақша қаражаттарды қайта бөлу;
ең алдымен халықтың жинақ ақшаларын өнімсіз формадан өнімді формаға ауыстыру;
инфляциялық емес негізде, яғни айналысқа қосымша ақшалай қаражатты шығармай мемлекеттік бюджет тапшылығын қаржыландыру.
Ал, баға және қаржы тәуекелдіктерін сақтандырушы функцияға немесе хеджирлеуге келетін болсақ, ол туынды бағалы қағаздар фьючерлік және опциондық келісім-шарттар пайда болғаннан кейін қолданысқа ене бастады.
Бағалы қағаздар нарығындағы сауда тәсілдерінің ұстанымы тұрғысынан мыналарды бөліп көрсету қажет:
алғашқы және қайталамалы;
ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған;
биржалық және биржадан тыс;
дәстүрлі және компьютерлендірілген;
кассалық және мерзімді нарықтар.
Бағалы қағаздар нарығы сауда-саттық және өсімқорлық операцияларының іс-тәжірибесімен байланысты пайда болды. Олар алғашқы бағалы қағаздар – вексельдер мен коносаменттердің пайда болуына себепкер болды. Ал, олар одан ары мемлекеттің эмиссиялық қызметі мен акционерлік қоғамдардың пайда болуымен байланысты дамыды. Капиталдың бағалы қағаздарға кең ауқымды инвестициялануы XIX ғасырдың ортасында басталды. Бұл уақыт аралағында бағалы қағаздардың нарығы айтарлықтай дамыған болатын. Оның қатысушы топтары да анықталып үлгерді. Оның алғашқы қатысушылары – банк иелері мен жеке трейдерлер ретінде алға шыққан жеке тұлғалар, содан кейінгісі заңды тұлғалар. Бүгінгі таңда бір мезгілде эмитент және трейдер болып табылатын бағалы қағаздар нарығының қатысушыларын бірнеше негізгі топқа бөлуге болады.
1. Жоғары имиджі бар мемлекет, муниципалиттер, аса ірі ұлттық және халықаралық компаниялар. Олардың бағалы қағаздарды шығаруы және оны жүзеге асыруы көп қиындық тудырмайды: оларды әрдайым үлкен мөлшерде қабылдай беруге болады. Бұл мемлекеттік және муниципалдық бағалы қағаздар жоғары табысты әрдайым қамтамасыз ете бермейді, алайда олардың сенімділік деңгейі жоғары. Сол себепті де халықтың кейбір бөлігі (зейнеткерлер, жалғыз бастылар, асыраушысынан айрылған немесе қамқоршысы жоқ отбасылар және т.б.) қатерге бастарын тікпей-ақ, өз қаражаттарын осындай қағаздарға салуды жөн көреді.
2. Бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асыратын қаржылық институттары (коммерциялық және инвестициялық банктер, сақтандыру қоғамдары, зейнетақы қорлары және т.б.). Олардың көбісі әр түрлі инвесторлардың (заңды және жеке тұлғалардың) қаражатын біріктіреді және олардың қаражатын табыс түсіретін бағалы қағаздарға салудың мүмкіндіктерін іздестіреді. Олар акцияның бақылау пакеттерін иеленуге ұмтылады немесе тәукелдіктен қашып, өз капиталдарын экономиканың әр түрлі салаларына орналастырады.
3. Жеке инвесторлар – жеке тұлғалар, оның ішінде, венчурлық бизнестегі шағын кәсіпорындардың иелері.
4. Бағалы қағаздар нарығның кәсіби қатысушылары. Олар қажетті ақпараттармен қамтамасыз етілсе, бұл олардың бағалы қағаздармен операцияларды жүргізуін оңайлатады. Бір немесе бірнеше қызмет түрлерімен айналысу құқығына тиісті лицензия алуы үшін қаржы нарығының кәсіби қатысушыларына бірқатар талаптар қойылады:
заңды тұлғалар штатына тиісті қызметпен айналысу құқығына біліктілік куәлігі бар мамандар қажет болған жағдайда қойылатын біліктілік талабы. Бұл талап қалыптасқан әлемдік іс-тәжірибеден алынып отыр. Нарықтық экономикасы дамыған барлық елдерде арнайы білімі бар тұлғалар ғана қаржы нарығында клиенттермен жұмыс істеуге жіберілді;
бағалы қағаздар нарығының кез келген кәсіби қатысушысы заңға сәйкес ұйымдастырушылық-құқықтық формада акционерлік қоғамға тіркелетін жағдайда оның ұйымдастырушылық-құқықтық формасына қойылатын талап;
қаржылық талап – бұл кәсіби қатысушының өзіндік капиталының жеткілікті болу деңгейі. Таза өзіндік капитал – бұл кәсіпорын активтері минус оның міндеттемелері. Жарғылық капитал – заңды тұлғаның құрылтайшыларды немесе акционерлерді қатыстыру арқылы істі ұйымдастыру үшін салым ақша ретінде тартатын қаражаты. Өкілетті органдар жарғылық капиталдың емес, өзіндік капиталдың жеткілікті болу деңгейін белгілейді.
Кәсіби қатысушыға өз қаражатын сеніп тапсырған инвестор өз активінің барлық қатерден сақталатынына сенімді болады. Инвесторды кәсіби қатысушының мәселелері толғандырмайды. Сондықтан да соңғысының өзіндік капиталы инвестормен есеп айырысуына жеткілікті болуы қажет, содан кейін ғана өз уәдесінде тұрмаған контрагенттермен, банктермен және т.б. байланысты туындаған проблемаларын өзі шешеді.
Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық бағалы қағаздар мынадай санаттарға бөлінеді:
Негізгі бағалы қағаз. Олардың негізінде қандай да бір активке, әдетте, тауарларға, ақшаға, капиталға, мүліктік әр түрлі ресурстарға және т.б. мүліктік құқық жатады.
Туынды бағалы қағаз – бұл қандай да бір базиске арналған бағалы қағаз: базистік активтер бағаларына, проценттік мөлшермелерге, индекстерге арналған. Базистік активтерге тауарлар (мұнай, алтын, астық және т.б.), негізгі бағалы қағаздар (акциялар, облигациялар және т.б.) жатады. Туынды бағалы қағаздарға мыналар жатады: фьючерстік шарттар (тауарлық, валюталық, проценттік, индекстік және т.б.), варранттар, құқық және еркін айналыста болатын оциондар.
Үлестік бағалы қағаз кәсіпорын таратылғанда өз иесінің мүліктің бір бөлігіне ие болу құқығын бекітіп береді, өз иесіне жарғылық капиталды құруға қатыстыратын мүмкіндік береді, пайданың бір бөлігін алуға және кәсіпорынды басқаруға қатысуына құқық береді. Үлестік бағалы қағаздарға барлық акциялардың түрлері, инвестициялық пайлар жатады.
Борыштық бағалы қағаз қарыз иелері мен эмитенттері арасындағы қарыз қатынасын бейнелейді. Олар оны сатып алу міндетін және белгілі бір процент төлеу міндетін өз мойындарына алады. Борыштық бағалы қағаздың үлгілеріне облигацияларды, ипотекалық куәліктерді, қазынашылық міндеттемелерді, ҚР Ұлттық банктің ноталарын жатқызуға болады.
Бағалы қағаздардың меншік құқығын жүзеге асыратын формалар бойынша мыналар бөліп көрсетіледі:
Атаулы бағалы қағаз олардың барлық иелеріне сәйкестендіруді қарастырады. Иелері туралы ақпарат тізілімінде болады, ал осы бағалы қағаздармен бекітілген меншік құқығының басқаға өтуі оларды сәйкестендіруді қажет етеді.
Ордерлік бағалы қағаздар, ол бойынша құқық бағалы қағазда аталған тұлғаға тиесілі болады және осы құнды қағазда табыстау жазуын индоссаментті орындау жолымен беріледі. Оның үлгілеріне векселдер, ипотекалық куәлік жатады.
Ұсынылмалы бағалы қағаз – осы қағазбен куәландырылған құқық оны ұсынатын адамға тиесілі болады. Осы бағалы қағазға бекітіліп берілген құқықты жүзеге асыру үшін аталмыш бағалы қағазды ұсынса жетіп жатыр.
Құжаттандырылған – қағазбен тасымалдаушыға эмитенттеледі.
Құжаттандырылмаған – шотқа жазу жолымен эмитенттеледі.
Нарықтық бағалы қағаз – бағамдық айырмашылық ретінде одан табыс алуға мүмкіндік береді.
Инвестициялық бағалы қағаз – дивидендтер, купондар, проценттер түрінде осы бағалы қағаз бойынша ағымдағы табысты алу мақсатында ұзақ мерзімге сатып алынады.
Қайтарылымды бағалы қағаз – мерзімнен бұрын өтелуі мүмкін.
Қайтарылымсыз – айналыс мерзімі біткенше айналыстан алынбайтын бағалы қағаз.
Қазақстан Республикасының заңына сәйкес бағалы қағаздың мынадай түрлері айналысқа түседі:
мемлекеттік бағалы қағаздар;
акциялар;
облигациялар;
коносаменттер;
ипотекалық куәліктер;
туынды бағалы қағаздар;
жай қоймалық куәлік;
қосарлы қоймалық куәлік (қоймалық + кепілдікті куәлік);
ҚР-дағы айналысқа жіберілген шетелдік эмитенттің құнды қағазы;
Заң актілерімен белгіленген тәртіпте құнды қағаздардың қатарына жатқызылған басқа да құжаттар.
Акция оны (акцияны) ұстаушының (акционердің) акционерлік қоғамға түскен пайданың бір бөлігін дивиденттер түрінде алу құқығын, оның істерін және мүліктің бір бөлігін акционерлік қоғам таратылғаннан кейін қалатын басқаруға қатысу құқығын куәләндыратын бағалы қағаз болып табылады.
Акция – акционерлік қоғамның капиталына қатысуға мүмкіндік беретін бағалы қағаз. Оны мемлекеттік органдар емес, тек акционерлік қоғамдар ғана шығарады. Бұл арада корпорациялар қалыптастыратын капитал корпорация таратылғанда қарыз капиталы ретіндегі (оның ішінде облигация ретіндегі) міндеттемелер төленбегеннен кейін екінші кезекте орны толтырылатын өзіндік капиталдың құрамдық бөлігі болып табылады. Акционерлер өздері салған акция сомасының мөлшерінде ғана қоғам міндеттемелеріне жауап береді. Сондықтан эмитент банкротқа ұшыраған жағдайда акцияға инвестицияланған ақшаны қайтарып алудың кепілдігі болмайды.
Акцияларды былайша жіктеуге болады:
1. акция бір акционерден екіншісіне берілетін тәсілі бойынша мыналарға бөлінеді:
атаулы;
ұсынбалы.
Атаулы акция – оның (атаулы акцияның) иелері міндетті түрде акционерлердің тізіліміне тіркеледі.
Ұсынушының акциясы акционерлердің тізіміне тіркелмейді. Әдетте, АҚ олардың иелерін білмейді. Бұл акцияның нақты иесі ғана акционердің меншік құқығын растай алады.
2. Табысты алудың құқығына қарай:
жай;
артықшылықты.
Бұлардың арасындағы негізгі айырмашылық мынада: артықшылықты акциялар бойынша дивиденттер АҚ-ның таза табысының мөлшеріне қарамастан әрдайым төленеді. Қоғам таратылған жағдайда артықшылықты акция ұстаушылар басқа акционерлерге қарағанда өздеріне тиесіліні алдымен алады, алайда номинал құнының орнын олардың акциялары толтыратын дивиденттерді толық алмайды. Сондай-ақ, компания таратылғанда да артықшылықты акция ұстаушыларының мүдделері несие берушілердің талаптары қанағаттандырылғаннан кейін ескеріледі, алайда жай акция ұстаушыларының талаптары қанағаттандырылмастан бұрын ескеріледі.
Өз кезегінде артықшылықты акцияларды мыналарға жіктеуге болады:
кумулятивті – егер дивиденттер уақытылы төленбесе, онда олар жинақталып, кейін толық көлемде төленуі мүмкін;
қайтымды басқа акцияларға қарағанда олар өздеріне тән мерзімсіздік секілді өзгешелігіне қайшы келетін эмитенттермен өтелуі мүмкін;
айырбасталымды – осы эмитенттің жай акцияларының белгілі бір көлеміне айырбасталуы мүмкін;
дауыс құқығы бар және ең аз шамадағы нақты дивиденттердің мөлшеріне ие акциялар;
дауыс құқығы болмайтын, ең аз шамадағы дивиденттердің нақты мөлшеріне ие акциялар; бұл арада олар дивиденттерге қатысты артықшылықты құқықтарға ие болады және оларға қоғам таратылғаннан кейін қалған мүліктің бір бөлігін алуына мүмкіндік тудыратын артықшылықты құқық беріледі. Егер дивиденд бұрынғы акция бойынша 3 айдың ішінде төленбесе, онда бұл акцияның иесіне АҚ-ты қайта құруға және таратуға, акционерлердің құқығын шектейтін Жарғыға өзгерістер енгізуге қатысты мәселелерді шешуде дауыс құқығы беріледі.
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес акционерлік қоғам құжаттандырылған формада атаулы акцияны ғана шығара алады. Ал, артықшылықты акцияларға келсек, Қазақстанда оның екі түрі бар: дауыс құқығы болмайтын, ең аз шамадағы дивиденттердің нақты мөлшеріне ие акциялар және дауыс құқығы бар, ең аз шамадағы дивиденттердің нақты мөлшеріне ие акциялар.
Облигация – бұл оны, номинал құны немесе басқадай мүліктік эквивалентті шығаратын тұлғадан осыларды өз иесінің алу құқығын куәландыратын бағалы қағаз. Облигация, сонымен бірге, өз иесіне оған тіркелген номинал құнынан немесе басқадай мүліктік құқықтан процентті алуына мүмкіндік береді.