Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Лекции по ФРиП на каз.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.03.2025
Размер:
345.09 Кб
Скачать

Тақырып 12. Инвестициялық компаниялар және қорлар

«Инвестиция» ұғымы кең мағынасында ел экономикасын қажетті қаражатпен қамтамасыз етудің тетігін білдіреді. Бұл мәселені шешу үшін тиісті қаржы институттары құрылады, оның ішінде инвестициялық қорларды бөліп көрсетуге болады.

Ол қаржы нарығында инвесторлардың мүддесін қорғау мақсатында және ақша қаражаттарды тартудың есебінен әрі осы ақша қаражаттарды әртараптандыруды ескере отырып бағалы қағаздарға кейін инвестициялаудың есебінен қатерді азайту мақсатында жұмыс істейді. Бұл қорлардың маңызы жоғары, өйткені, ол өз қолына түпкі есебінде өндірістің дамуына жұмсалатын ұсақ салымшылардың қаражатын шоғырланды­рады, сондай-ақ, бұл қорлар инвесторлар үшін ақшалай қаражат салымшының көздері болып табылады. Оны олар кәсіпорынның акциясына, облигациясына тікелей бағыттай алады, банк депозиттеріне салады және т.б.

Инвестициялық қор өзіндік акцияларды шығару әрі ашық орналастыру жолымен және тартылған қаражаттың есебіне бағалы қағаздардың инвестициялық портфелін қалыптастыру арқылы ақша қаражаттарды тарту бойынша қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаны білдіреді. Қазақстанда ол акционерлік қоғам формасында құрылады, кез келген заңды және жеке тұлға оның акционері бола алады.

Бұл қорлардың барлық қызметі әр түрлі бағалы қағаздарға инвестициялық салымдарды тартуға және тиісті табыс алу мақсатында портфелді қалыптастыруға негізделеді. Олар бұдан өзге қызмет түрлерімен айналыспайды.

Қор негізінен ұсақ, жеке инвесторлардың есебінен акция­ларды айналымға шығару арқылы ақша қаражаттарды тартады. Қор түскен қаражатқа кәсіпорындар мен банктердің бағалы қағаздарын сатып алады әрі өз салымшыларын акция бойынша белгілі бір табыспен қамтамасыз етеді.

Инвестициялық қор өз қызметінде нақты принциптерді басшалаққа алады:

  • инвестициялық салымдарды әртараптандыру;

  • бағалы қағаздармен аса қатерлі операцияларды жүзеге асыруға тыйым салу;

  • бағалы қағаздарды сатып алуда кәсіби тәсілдемені қолдану;

  • жеке инвесторға қарағанда мол қаржыға ие болу.

Инвестициялық қор өндіріспен және сауда-саттықпен айналыспайды (бағалы қағаздар мен қаржылық құралдардан өзге), кез келген кепілдік түрін бермейді, басқа инвестициялық қорлардың, сондай-ақ, кастодианның, тіркеушінің және бірлес­кен тұлғалардың эмиссиялық емес бағалы қағаздарын, акция­ларын сатып алмайды; 6 айдан көп болмайтын мерзімге банк­терден қарыз қаражатын тартады, бағалы қағаздармен кепілдікті мәмілелерді орындайды, қарызды кез келген тәсілмен береді, сонымен бірге, опциондық және фьючерстік шарт бойынша мәмі­лелерімен, маржа, «ықшамдап сату» бойынша мәмілелермен айналысады.

Инвестициялық қордың ұйымдық құрылымын былайша көрсетуге болады: акционерлердің жалпы жиналысы  бас­қарма  инвестициялық қордың басқарушысы.

Кез келген АҚ акционерлерінің жалпы жиналысының құзі­реттілігіндегі негізгі мәселелерден басқа инвестициялық қорда олар мынадай мәселелерді шешеді:

  • инвестициялық қордың тұрпатын қайта құру (өзгерту) туралы;

  • инвестициялық декларацияға өзгертулер мен толық­тыруларды енгізу туралы;

  • бағалы қағаздар портфелінің басқарушысымен, сондай-ақ, тіркеушілерімен және кастодиандармен келісім­шарт­қа отыру (бекіту) туралы.

Қордың атқарушы органына басқарма жатады. Басқар­маның заңда қарастырылған құзіреттілігінен өзге де өз құзіре­т­тілігі болады, мысалы, ол бұқаралық ақпарат құралдарында басқарушының қызмет нәтижесін және қордың қызметі мен қаржылық жағдайына қатысты нәтижелерді ұдайы жариялап отырады. Басқарманың мүшелері лауазымды тұлғалардың, осы қорды басқаратын басқарушының, брокердің функцияларымен айналыспайды (тыйым салынған).

Инвестициялық қордың басқарушысы – бағалы қағаздардың портфелін басқару бойынша кәсіби қызметті орындайтын әрі инвестициялық қормен бекітілген келісімшарттың негізінде әрекет ететін заңды тұлға. Мұндағы міндетті шарт – тиісті лицен­зияның болуы. Басқарушы бағалы қағаздардың портфелін басқару жөніндегі келісім-шартты бір мезгілде бір немесе бірнеше инвес­тициялық қормен бекіте алады, алайда, бұл арада инвестициялық декларацияның мазмұны әр түрлі болуы керек.

Инвестициялық қордың қызметі Қазақстан Республикасы­ның қолданыстағы заңдары жиі бұрмаланған жағдайда, басқа­рушының лицензиясы қайтарылып алынған жағдайда және қорлар өзіндік акцияларды өзара сатып алуға қабілетсіз болғанда тоқтатылады.

Қазақстан Республикасының заңдары инвестициялық қорлар­дың белгілі бір тұрпаттарын анықтап береді.

Екі негізгі тұрпаты бөліп көрсетіледі: өзара қор және инвестициялық компания.

Өзара қор барлық тілек білдіруші инвесторлардың қаража­тын тартатын және өздері айналысқа шығарған акцияны өз акцио­нерлерінен сатып алуға міндеттеме қабылдаған ашық инвес­тициялық қор болып табылады. Олар қосымша эмиссияны жүзеге асыру қажет болған жағдайда жалпы акционерлер жиналысының шешімінсіз акцияны шектеусіз мөлшерде шығара алады. Ол (өзара қор) артықшылықты акцияны шығармайды. Сонымен қатар, өзара қор былайша сипатталады: оның акциялары ұйым­дастырылмаған нарықта айналысқа түседі, акцияға бағаны күн сайын белгілеп отыру міндеттемесі заңмен анықталған.

Инвестициялық компания – бұл осы қордың құрылтай­шылары және акционерлері болып табылатын бір немесе бір­неше заңды және жеке тұлғалардың қаражатын тартатын жабық инвестициялық қор. Өз акционерлерінің айналысқа шығарған акцияларын сатып алуға міндетті болмайды, ал, оның жарғылық капиталы жалпы акционерлер жиналысының шешімінсіз қосым­ша акцияларды шығару арқылы көбейтілмейді немесе акциялар­дың бір бөлігін өтеу арқылы кемітілмейді. Инвести­циялық компанияның акциялары қор биржаларында айналысқа түседі. Компанияның күн сайын акция бағасын белгілейтін міндетте­месі болмайды, артықшылықты акцияның шығаруға құқы бар.

Үлестік (шартты) және акционерлік (корпорация­лық) инвестициялық қорлары бөліп көрсетіледі.

Үлестік инвестициялық қор (шартты) мыналарға бөлінеді:

  • ашық – пайды 2 аптада ең аз дегенде 1 мәрте сатып алады;

  • жабық – жарнашының (пайщик) пайда (үлесті) сатып алуға құқысы болмайды;

  • интервалды – пайды жылына ең аз дегенде 1 мәрте сатып алуы керек.

Оның жарғылық капиталы құрылтайшылардың (үлескер­лердің) салым қаражатының үлестерінен құралады. Оның басқа қызмет түрлерін атқаруға құқысы болмайды, құн­ды қағаздар ұйымдастырылған нарықта түспейді.

Сонымен қатар, акционерлік қор жарғылық қорды акция­ларды айналысқа шығару жолымен қалыптастырады.

Инвесторлық қордың акционерлік формасының артықшы­лығы мынада: нарықта пайға қарағанда акцияны сату оңай, қордың акционері жай АҚ-тағы секілді акцияны сатып алуды талап ете алады. Акционерлік инвестициялық қордың негізгі сипаттамасы мынада: ол басқа қызмет түрлерін жүзеге асыр­майды және жай акциядан өзге қаржылық аспаптарды шығар­майды. Қордың бағалы қағаздары ұйымдастырылған на­рықта айналысқа түспейді, жарғылық қор акциялардан құра­лады.

Қордың инвестициялық стратегиясы сипатына қарай шарт­ты түрде мына санаттарға бөлінуі мүмкін:

1. Бағамдарының тәуекелі шектеулі бағалы қағаздарға капи­талды инвестициялаушы.

2. Бағалы қағаздар бағамының тәуекелі шектеулі жоғары болған жағдайда табыстың өсіміне бағдарланушы.

3. Қаржылық активтерді диверсификациялаушы.

4. Ақша нарығының проценттік мөлшермесін капитал­дандыруға маманданушы.

Бірінші санатқа көбінесе жергілікті атқарушы орган­дарының мемлекеттік инвестициясын және тәуекелі төмен бағалы қағаздарға жатқызылған мемлекеттік емес облигацияларды сатып алатын ұжымдық инвестиция мекемесі жатады.

Екінші топқа ұзақ мерзімді инвестицияларды жүзеге асыра­тын қорлар кіреді. Олар акцияның базасында пайда болған бағалы қағаздарды, айырбасталатын облигацияны және акцияны сатып алады. Мұндай компанияның клиенттеріне қатері жоғары болатынына қарамастан өз акцияларының ең аз дегенде бір бөлігін орналастыруға келісімін берген тұлғалар жатады.

Үшіншісіне әр түрлі бағалы қағаздарға ұзақ мерзімді қара­жат салымдарын диверсификациялайтын қорлар жатады, өйткені бұл капиталдан айырылып қалудың қатерін азайтатын сенімді әдіс болып табылады. Мұндай инвестициялық страте­гияны жүргізу үшін үлкен капиталға ие болу керек.

Төртінші топ ақша нарығының процент мөлшермесін капи­талдандыруға маманданған қорларды қамтиды. Олар өте қысқа мерзімді инвестицияларды жүзеге асырады, тіпті бір күндік мәмілелермен де айналысады. Сол себепті де капиталдан айы­рылып қалудың қатері аз болады. Портфелдік инвестиция­ның құрылымы мен мұндай инвестициялық қорлардың клиен­турасы әр қилы – банк депозиті бойынша табыспен салыс­тырғанды өз ақшаларына ең жоғары процентті алғысы келетін жеке тұлғалар мен фирмалар.

Әрбір елдегі инвестициялық қорлардың қызметі қор нары­ғының ерекшеліктеріне қарай әр түрлі болады. Көптеген елдердің портфелдік инвестициясының құрамында акциялар емес, облига­циялар мен қысқа мерзімді бағалы қағаздар басымдылықтарға ие.

Нарықтық экономикасы дамыған мемлекеттерде көбінесе акция, мемлекеттік облигация, қысқа мерзімді бағалы қағаздар және т.б. секілді акцияның белгілі бір тұрпаттарын басқаратын маманданған инвестициялық қорлар көптеп кездеседі. Мысалы, ипотека қоры, корпорация облигациясының қоры, ұзақ мерзімді муниципалдық бағалы қағаздар қоры, қаражатын кәсіпорын акциясына салатын өсім қоры, опциондық табыс қоры кездеседі. Өздерінің бағалы қағаздар портфелінің тұрақтылығын қамта­масыз ету үшін олар эмитенттің бағалы қағаздарына салым ақшаны аз салады немесе шектейді. Қатердің деңгейін осылай­ша азайтады. Өнеркәсіп компаниясының акциясына қаражат салынар кезде оның салалық әртараптандыруы (жан-жақтылы­ғы) жүзеге асырылады