«Кім оларды қабыл алса, оны тозаққа лақтырады»
Кім оларға бағынса, оларға бойұсынса, растаса, көмек берсе олар оны тозаққа лақтырады. Енді кім оларға бағынбаса, қарсы күресіп қайшы келсе, олар оған зиян жеткізе алмайды. Аллаһ Тағала Құранда: «Күдіксіз Менің тура жолым осы. Енді соған еріңдер. Басқа жолға түспеңдер, сонда сендерді Аллаһтың жолынан айырады. Сендерге осыларды Аллаһ нұсқады. Сақтанарсыңдар» - дейді. Анғам: 153 аят.
Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уа сәлләм) бұл аяттың мағынасын айқындап берген. Түзу бір сызық сызып: «Бұл Аллаһтың жолы» - деді. Сосын оңынан, солынан бірнеше сызықтар сызды да: «Бұл жолдардың әрбірінде адамдарды оған шақыратын шайтан бар,» - деді. (Имам Ахмад риуаяты.)
Бұл хадис адасқан үгітшілерді, олардың бағыт-бағдарлары мен мақсаттарын бізге толық суреттеп береді. Әлбетте тура жолға қарама-қайшы келгеннің әрбірі тозаққа жетелейтін жол.
Кім тура жолды тастаса, әлбетте ол тозаққа қарай бет алады. Тіпті оның назарында ол дамушы, ілгерлеуші, өркендеуші болса да.
«Ей, Аллаһтың елшісі, бізге оларды сипаттап бер,- дедім.»
Осы атақты сахабадан қойылған ғажайып сұрақтарды қара. Пайғамбарымызды (саллалаһу алейһи уа сәлләм) тоқтатып алып, сұрай бастады. Аллаһтың елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) егежей-тегежейлі кеңінен, айқындап жауап беруде.
«Ия, біздің туыстарымыздан болған қауым. Әрі біздің тілімізде сөйлейді- деді.»
Осы ең қиын бәле! Олар бізге желімше жабысып алған, әрі өз жамағатымыздан, өз елімізден. Ал, егер шет елдерден болса, іс оңайлаған болар еді. Бірақ жұмыстың мүшкілі пәленшенің баласы, пәленшенің баласы, кейде «мен ғалыммын», «ғылыми куәліктерім бар», - деп әрбір жетістіктерін айтуы мүмкін және өз туысымыздан, біздің тілде сөйлейді, біз сияқты арап. Тіпті олар жазғанда, сөйлегенде, лекция оқығанда, көркем әдеби тілді мықты меңгерген, шешен болуы мүмкін. Осы істерді біздің тілімізде, яғни Исламның тілімен сөйлейді.
Аллаһ Тағала Құранда: «Олар сөйлесе, сөздерін тыңдайсың» - дейді.Мұнафиқун: 4
Олар сөзге шебер, тыңдаушыны баурап алады, әрі көркем сөзге мықты болғандықтан адамдар оларды құлақ асып тыңдайды. Ибн Омардан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) : «Расында шешендікте бір сиқыр түрі бар», - деген. Бухари
Ең сорақысы өзіміздің тілде сөйлеуі, егер шетел тілінде немесе парсы тілінде сөйлегенде, оларға құлақ асылмайтын еді. Әдеби көркем тіл мен шешендік сөздерді қолдану арқылы адамдардың көңілін өздеріне аудартады, міне нағыз бүлік-осы.
Хузайфа :
— Ей Аллаһтың елшісі сол нәрсе маған жетіп келсе, не айтар едіңіз? -деп сұрады.
Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уа сәлләм) :
— Мұсылман жамағатын, әрі имамын бекем ұстасын, – деп жауап берді.
Бұл тұста жамандықтар мен фитна, бет бұру, құлдырау, кәпірлерге ілесу, Исламнан және оның үкімдерімен жүруден алыстау көбейген сәтте, мұсылманға не істеу керектігін баяндаған. Мұсылман оларға алданып қалмайды, керісінше мұсылман жамағатымен бірге болып, оны бекем ұстайды. Ой-пікірде, сенімде, үгіт-насихатында олардан тысқары қалып жекеленбейді. Олардың сөздеріне, жасама қылықтарына алданбайды, керісінше олардың ұстанған істеріне қарайды. Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Үмметім адасушылыққа бірікпейді» - деген. Ибн Мажжа Тирмизи риуаятында: «Жамағатты лазым тұтыңдар, шынында Аллаһтың қолы жамағаттың үстінде»-дейді.
Жамағат — мұсылмандардың бірігуімен әрі басшыларына бойұсынуларымен ғана болады, онсыз жамағат болмайды. Басшы — ел оны тыңдаса және оған бойұсынса ғана басшы болады. Сол үшін Аллаһ Тағала айтады: «Ей, иман келтіргендер! Аллаһқа бойұсынып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бойұсыныңдар…». Ниса: 59 Және айтады: «Қашан оларға аманшылықтан немесе қауіп-қатерден хабар келсе, олар оны жайып жібереді. Егер олар оны, Пайғамбарға не өздерінің әмір иелеріне ұсынса, олардан оның мән-жайын білер еді. Егер сендерге Аллаһтың кеңшілігі, мейірімі болмаса еді, шайтанға ермегендерің өте аз болар еді». Ниса: 83
Міне осында фитналардан құтылуға себеп болатын істерге дәлел бар. Ол, мұсылман жамағатын және басшысын бекем ұстау. Бұл — Аллаһтың рұқсатымен фитнадан құтылатын жол. Ал кім жекеленсе, адасқан үгітшілерге ерсе, әлбетте ол құрдымға кетушілермен бірге құриды. Мұсылман жамағатын бекем ұстану әрі басшыға бойұсыну — Аллаһтың рұқсатымен фитналардан аман қалуға кепілдік береді.
Аллаһ Тағала айтады: «Ал біреу, өзіне тура жол айқындалғаннан кейін Пайғамбарға қарсы шықса, сондай-ақ мүміндердің жолынан басқа жол іздесе, оны бұрылған жағына бұрамыз да, тозаққа саламыз. Ол нендей жаман орын». Ниса: 115
Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уа сәлләм) : «Сендерге жамағатты ұстану міндет, расында Аллаһ Тағаланың қолы жамағаттың үстінде, кім жамағаттан жекеленсе, тозақта жекеленеді» - деді. Тирмизи Тағы бір хадисінде: «Аллаһ Тағаладан тақуалық қылуға, тіпті сендерге құл әмірлік етсе де, оған құлақ салып, бойұсынуға өсиет етемін,. Шынында сендерден кім өмір сүретін болса, көптеген қайшылықтарды көреді. Сендерге менің сүннетімді және менен кейінгі тура жолға бастаушы халифалардың жолын ұстануларың міндет болады» - деді. Абу Дауд, Тирмизи, Ибн Мәжжә
Фитна мен жамандықтан өзін құтқаруды қалаған адам, мұсылман жамағаты мен басшысынан жекеленіп, шеттенбеуі керек. Керісінше олармен бірге сабыр қылуы, Аллаһтан жеңілдік келгенше, қандай қиындық болса да шыдай білуі керек. Міне фитнадан құтылу жолы — осы. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) : «Мұсылман жамағатын әрі имамын берік ұста» - деген.
—Егер олардың жамағаты және басшысы болмаса ше? – дедім.
Бұл ұлы сахаба Аллаһтың елшісінен (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үмметке өте пайдалы болған сұрақтарды алып келіп, әрі оны Аллаһтың елшісінен түсіндіріп беруін сұрауда .
Сонда ол (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын):
— Сол ағымдардың барлығынан ұзақ бол,- деді.
Міне осында Пайғамбарымыз (саллалаһу алейһи уа сәлләм) алып келген жолға, алдыңғы өткен ізгілердің жолына, соңдай-ақ мұсылман жамағатына қарсы келген топтарды тастауға дәлел бар.
Егер мұсылман жамағаты жоғалса, ол не істейді?
Жәһәннәм есігіне шақырушы адасқан ағымдардан ұзақ болады. Егер мұсылман жамағатын тапсаң солармен бірге бол, ал егер таппасаң жалғыз бол. Жалғыз өзің қалсаң да хаққа берік бол.
Сол үшін: «Хақ үстінде болған адам жалғыз болса да, ол жамағат болады. Жамағат көпшілікпен емес, хақта болған адаммен болады» - делінген.
— Талдың түбіріне тісіңмен жармассаң да, сен сол жағдайда болып, тіпті саған өлім жеткенге дейін, сол ағымдардың барлығынан ұзақ бол,- деді.
Мұнда амалдар соңына байланысты екендігіне дәлел бар. Расында кім фитналардан ұзақ болып, хақты берік ұстаса, басқа түскен сынақтарға сабыр қылған жағдайда өлсе, ол жәннәт иелерінен. Шынында кімге өлім келгенде, ол өзгеріп, ауытқып адасқандарға ерсе, әлбетте ол тозақ иелерінен болады. Бұдан Аллаһтың өзі сақтасын, өйткені одан басқа ешкімде күш-құдірет жоқ!
Міне осы, үмметтің жолына көлденең болған қатерлерді баяндаған ұлы хадис төңірегіндегі бір ауыз сөз. Онда мұсылманға фитна кездерінде міндет болатын істер баяндалған. Демек, мұсылман жамағатын, басшысын, ілгері өткен ізгілердің жолдарын берік ұстану керек. Міне осы — құтылар жол.
Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Аллаһқа тән. Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) , оның отбасына, әрі барша сахабаларға Аллаһтың игілігі және сәлемі болсын!
********
