
На сортировку / 2102172 / Alii_aleumettanu_srs
.docxКіріспе
Тұлға, отбасы, топ, қауымдастық ‑ әлеуметтік құрылымның адами материалдары. Алайда адамдар қоғамда жай механикалық түрде біріге салмайды, белгілі бір жағдайда, белгілі бір қажеттілікпен ұйымдасады, біреуі басқарушылық функция атқарса, екіншісі – басқарылады, біреуі ой еңбегімен айналысса, екіншісі дене еңбегімен айналысады және т.б. Сөйтіп бірін бірі толықтырып, белгілі әлеуметтік бірлікті (единица) құрап, ұйым деген атқа ие болып әлеуметтік құрылымның маңызды элементіне айналады. Ұйым түсінігінің әртүрлі мәні бар, бірақ негізінен үш мағынада қолданылады. Біріншіден, ұйым деп белгілі әлеуметтік функция атқаратын мекемені атаймыз. Мысалы, мемлекеттік, саяси, қоғамдық, өндірістік, ауылшаруашылық, мәдени және т.б. Екіншіден, ұйым деп құрылымның элементтерінің тәртіптелу деңгейі, объектінің ішкі құрылымын айтамыз. Бұл мағынада объектінің жоғары немесе төмен ұйымдасқандығы туралы айтады. Барлық әлеуметтік объектілердің өзінің ұйымы бар, яғни өзін құрайтын элементтердің байланыстары бар. Үшіншіден, ұйым деп бір нәрсені ұйымдастыруға, әлеуметтік объектілер қызметін үйлестіруге бағытталған адамның қызметі түсіндіріледі. Бұл мағынада митингілерді, демонстрацияларды, спорттық кештерді және т.б. ұйымдастыруды айтады. Бұл анықтамалардың барлығы кез келген әлеуметтік жүйенің әртүрлі аспектілерін, атап айтқанда, оның объективтілігін, құрылымдық күрделілігін және жеке ұйымдардың, сондай‑ақ бүкіл қоғамның қызмет етуін қолдауға бағытталған мақсатты іс‑әрекетті береді. Сонымен әлеуметтік ұйымдар - әлеуметтік жүйенің маңызды элементтері ретінде қоғам мүшелері үшін әлеуметтік мәнді қатынастарды тәртіпке, ретке келтірудің, тиянақтаудың, оларды міндетті етудің негізінде қалыптасады. Әлеуметтік ұйымдар дегеніміз белгілі бір әлеуметтік топтар мен индивидтердің мүддесін білдіріп, оны қорғайтын, алдына қойған әлеуметтік мақсатқа жету үшін ерікті түрде мүшелікке кірген, оған материалдық көмек көрсететін, мүшелерінің арасында еңбек бөлінісі жүзеге асқан, төменнен жоғарыға дейін тұрақты ұйымдық құрылымы бар, өзін-өзі басқаратын азаматтардың бірлестігі. Ұйымның барынша қарапайым анықтамасы ‑ бұл екі немесе одан көп индивидтер іс-әрекеттерінің саналы үйлестірілген жүйесі. Бұл анықтамада ұйымның екі маңызды сипаттамасы бар: әлеуметтік ортақтық, бірлік (әлеуметтік қауым белгілі мүшелері бар ұйымнан тұрады) және қауымдастықтың мақсатты қызметі. Әлеуметтік ұйымдар арқылы миллиондаған адамдар өзін-өзі басқаруға белсенді қатысып, өмір мектебінен өтеді. Ұйымдық құрылымның негізгі өзегі билік ‑ басқару қатынастары болып табылады. Сондықтан бұл құрылымда басқарушы блок (басшы немесе тиісті функцияларымен, штатымен басшылар) және орындаушылар блогы болады. Әлеуметтік ұйымның ең жоғары формасы мемлекет болып табылады. Ұйымдар әкімшілік, қоғамдық және формалды және формалды емес типтерге бөлінеді. Әкімшілік ұйымдар құрылымдарының қатаң және жоғары деңгейімен, директивті бекітілген мақсаттарымен ерекшеленеді. Қоғамдық ұйымдар адамдардың ерікті бірлестіктері болып саналады. Бұлардың басқаларға қарағанда демократиялылығы басымдау болады. Ал формалды ұйымдар – бұл функциялары, құқықтары және міндеттері қатаң белгілеген қоғамның әкімшілік негізі болып табылады. Неформалды ұйымдар кездейсоқ құрылған екі түрлі болады. Біріншісі мақсаттары айқын емес кездейсоқ құрылған адамдар жиыны да, екіншісі мақсаттары айқын, барлық талаптар мен орындаушылық тәртіппен ерекшеленген қылмыскерлердің болмаса діни ұйымдары.
Әлеуметтанушылар арасында әлеуметтік институт терминін түсіндіруде бірыңғай пікір жоқ. Дегенмен мынандай анықтамалар ұсынуға болады. Әлеуметтік институт - бұл адамдардың мүдделерін қанағаттандыру мақсатында пайда болған, белгілі бір әлеуметтік мәні бар функцияларды атқаратын, әлеуметтік әрекеттестіктің тарихи қалыптасқан, нығайған, өзін-өзі тұрақты жаңартып отыратын, әлеуметтік жүйеде тығыз байланысқан, әлеуметтік нормалар мен ережелер, әлеуметтік рөлдер мен мәртебелер негізінде мақсатқа бірге қол жеткізетін адамдардың ұйымдасқан бірлестігінің түрі. Әлеуметтік институт – бұл ең бірінші әлеуметтік құрылымның өмір сүруін қамтамасыз ететін әлдеқалай дәстүр, қоғамдық өмірдің уставы (жарғысы), адамдардың қызмет істейтін бірлестіктер және оларды ұжымдарға мақсатты біріктіретін ұйымдастырушы күш. Әлеуметтік институт ‑ бұл адамдардың біріккен тірлігінің тарихи қалыптасқан тұрақты ұйымы, іс‑әрекеті мен өзара әрекеті, олардың қызметінің әртүрлі саласын, мінез‑құлқын реттеуші және оларды әлеуметтік рөлдер мен мәртебелер жүйесіне жинақтаушы тұрақты ережелер, нормалар мен тәртіптер (установки) кешені. Әлеуметтік институт – бұл дәстүрлер, нормалар және құндылықтарға негізделген адамдардың ұжымдық тірлігінің түрі, адамдарды ортақ мақсатқа жетуге күш‑жігерін ұйыстыратын ұйымның ерекше формасы. Қоғамдық өмірдің экономикалық, саяси, құқықтық, адамгершілік, сондай-ақ адамдардың өмір сүруінің әлеуметтік ережелері мен мінез-құлқының нормаларын бойына сіңірген қоғамдық қызмет пен әлеуметтік қатынастардың белгілі ұйымы. Әлеуметтік құрылым мен әлеуметтік қызмет соншалықты әр алуан болса, әлеуеттік институт та шексіз. Мысалы, отбасы институты, дін институты, білім, өнер, ғылым, мәдениет институты, өндіріс, банк, несие, рента, сауда институты және т.б. болып кете береді. Яғни адамдардың мінез‑құлқын, іс‑әрекетін сипаттайтын кез келген тұрақты әлеуметтік құрылым әлеуметтік институт бола алады.
«Әлеуметтік институт» ұғымы қоғамдық байланыстарды стандарттау, реттеу, заңдастыруды сипаттайды. Ал сол стандарттау, реттеу, заңдастыру процесін «институттану» дейді. Ол заңдастырылған немесе заңдастырылмаған ережелер, принциптер, нормалар мен бағдарларды құрайды. Бұлар адамдардың әрқилы қызметтерін, әркелкі іс-әрекеттерін бір әлеуметтік рольдер мен статустар жүйесіне, іс-әрекеттер жүйесіне ұйымдастыру үшін керек.
Батыс социологтарының тұжырымдауынша (Липсет, Блау, Ланберг т.б.), әлеуметтік институттар адамдардың, бұқараның тіршілікте қайталанып тұратын іс-әрекеті мен қызметін, дәстүрі мен дағдыларын, мінез-қылық нормаларын саналы түрде реттеп, тұрақтандырады, жаңартып отырады.
Қоғам — әлеуметтік институттардың біртұтас жүйесі. Әлеуметтік институттардың әрқайсысы өзінің функцияларын, міндеттерін атқара отырып, қоғамның қалыпты тіршілігі мен дамуын қамтамасыз етеді. Қоғамдағы орнына, атқаратын міндеттеріне, қызметінің сипатына қарай оларды ғалымдар бірнеше топқа біріктіре отырып қарастырады. Айталық, бірінші топта — экономикалық институттар. Олар ұлттық және трансұлттық корпорациялар, қоғамдық өндірісті, шикізат өнімдерін өңдеуші барлық зауыт, фабрикалар, экономикалық бірлестіктер, шағын және орта кәсіпорындар мен шаруашылықтар, индустрия және ауыл шаруашылығында қызмет көрсетуші субъектілер, шару шаруашылықтары, экономика институттарын өзара байланыстырушы жүйелер, банктер т.б. Әлеуметтік қызметтері — өндіріс жиынтығын қамтамасыз ете отырып, қоғамдық байлықты жасау және оны бөлу, экономиканы қоғамның басқа салаларымен үйлестіру. Сонымен қатар заң талаптарымен санаспай, табысы үкімет назарынан тыс қалып жатқан көлеңкелі экономиканың да қоғамда орын алып келе жатқанын ескеру қажет.
Екінші топта — қоғамның саяси ұйымы: мемлекет (заң шығарушы, атқарушы және соттық билік жүйесі); саяси партиялар (әлеуметтің әркелкі топтары мен қабаттарының мүдделерін бейнелей отырып, бұл мәселелердің мемлкеттің қатынасуымен шешілуін қамтамасыз ету, оған бақылау жасау және бұл істерге тікелей ат салысу, қоғамдық сана мәселері); мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдар (халық және оның әркелкі әлеуметтік топтарының өмірлік мүдделерін бейнелеу, шешу немесе оны мемлекет алдына қою, мемлекетпен бірлесе отырып іске асыру). Саяси ұйымның аталған үш элементтерінің (институттарының) қызметтері — қоғамның өркениет жолымен басқарылуын, дамуын қамтамасыз ету және өркениетті даму идеологиясын, стратегиясын жасау, құндылықтарын нақтылау негізінде әлеуметтік ұйымдастыру. Әрине, жеке тұлға да басқару субъектісі. Ол ешбір ұйымға, партияға енбей-ақ, өзінің ғылыми, жасампаздық, мамандық еңбектері арқылы, ақпарат құралдарын пайдалану, сайлау құқын адал пайдалану т.б. жолдармен басқару, бағдарлау ісіне өз үлесін қоса алады. Сайлаудың демократиялық мүмкіндігін өзі мен халық таңдырын сеніп тапсыратын тұлғаларды дұрыс таңдауға саналы түрде пайдалану оның қоғам игілігіне тікелей қосқан үлесі деуге болады.
Келесі топта — әлеуметтендіру институттары: отбасы, балабақша, мектеп т.б. білім мекемелері, арнайы мәдени қызмет көрсету институттары (театр, әдебиет пен өнер, бұқаралық ақпарат құралдары, музей, кітапхана т.б.). Міндетті қызметтері — жас ұрпақты қоғам мен әлеуметтік уақыт талабына сай жан-жақты тәрбиелеу, әлеумет мәдениетін, денсаулығын, интеллектуалдық рухани байлығын, азаматтық тіршілігін қамтамасыз ету. Төртінші топта — әлеуметтік бақылау институттары: сот жүйесі; ішкі қоғамдық тәртіпті, елдің қауіпсіздігін сақтау, ел іргесін қорғау органдары жүйесі және заңды бұзғандарды түзету мекемелері. Бұлардың қызметінің негізі — заң, Ата заң рухында даярланған заңдық — нормативтік құжаттар. Әрине, заңды оны қорғаушылардың өзі бұзса, өте өкінішті.
Сөйтіп, аталған әлеуметтік институттар өзінің тиісті қызметтерін барынша тиімді атқарса, қоғамның жоғары дамыған өкениетті әлеуметтік кеңістік екеніне еш күмән болмайды.
Қызметін атқаруға дәрменсіз әлеуметтік институт «дисфункцияға» (тиісті қызметін атқара алмауы) шалдығады. Оны реттеудің екі жолы бар. Біріншісі — оның қызметі ел үшін әлі қажетті болса, онда оны рефомалау. Құлаққа жиі естілетін «реформалау» ұғымының негізгі мәні де осында. Мекеме (ұйым) жұмысын қазігі сұранысқа сәйкестендіріп реттеу (мәселе кадрда ма, нормативтік құжаттарда ма, әлде дұыс басқаылмай ма, соны нақтылау арқылы), қажетті жолға салу. Екіншісі — қызмет етуге дәрменсіз, түзетуге келмейтін мекеме ретінде оның ісін тоқтату. Кей жағдайда өз уақытында қажетті болған, жаңа кезеңде қажеттілігі қалмаған институттар да енді өз қызметін тоқтатады.
Кез келген әлеуметтік институттың пайда болып, қалыпты қызмет етуінің, яғни институттануының және қызметінің тиімді және дұрыс орындалуы мына факторларға байланысты:
-
бұл мекеменің (ұйымның) қызметіне қоғамдық сұраныстың болуы;
-
мекеменің (ұйымның) заңдық, нормативтік негіздері мен мақсат, міндеттерін дұрыс анықтаған құжаттардың болуы және реттелуі;
-
әлеуметтік институттың функцияларын орындаушы маманданған кадрладың жеткіліктігі және олардың біліктілігі;
-
мекеме немесе ұйым алдына қойылған функцияларды атқаруды қамтамасыз ете алатын матеиалдық базаның болуы.
Істі атқарушы адамдар осы институт қызметі идеясын және міндеттерін өзінің ісі деп қабылдап, оны ішкі түсінігіне және қажеттілігіне айналдырған жағдайда ғана олар барлық күш-жігерімен еңбек етеді. Ал шын ниетімен емес, тек роль атқарушы адамдар да (тіпті осы істің маманы бола тұра), өмірлік тәжірибеде кездесіп тұратын құбылыс. Бұлар «қызметі» арқылы өздері қызмет етіп жүрген әлеуметтік институттардың қоғамдық міндеттерін дұрыс атқаруына нұқсан келтірері сөзсіз.
Социологтар "институт” ұғымын құқықтанушылардан бай әлеуметтік мазмұнмен толықтырып алған. Ол базалық социологиялық категориялардың бірі болып табылады, теориялық тұжырымдамаларды құру мен шынайы қоғамдағы әлеуметтік қатынастарды талдауда оны айналып өту мүмкін емес.
Ағылшын социологі Г.Спенсер "әлеуметтік институт” терминін алғаш ұсынған адам. Кез келген мекеме (әлеуметтік институт) әлеуметтік әрекеттердің орнықты құрылымы ретінде қалыптасады. Ол институттар қоғам өмірін реттеу мен жайластыру және адамдардың мінез-құлқына ықпал ету ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өткен. Ол әлеуметтік институттардың алты түрін сипаттап, талдаған: өнеркәсіптік, кәсіподақтық, саяси, әдет-ғұрыптық, шіркеулік, үй.
Латын тілінен іnstіtutum - орнату, жайластыру деп тәржімаланады. "Институция” термині орнату, қоғамда қалыптасқан әдет-ғұрып, тәртіп дегенді білдіреді. "Институт” ұғымы әдет-ғұрыптар мен тәртіптердің заң немесе мекеме түрінде бекітілуін білдіреді. Әлеуметтік институт әлеуметтік жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін қоғамдық байланыстар мен қатынастардың кез келген тәртіптелуі, ресмиленуі дегенді білдіреді.
Әлеуметтік құрылғы ретінде институт адам қызметінің әр түрлі салаларын реттейтін ресми және бейресми ережелердің, принциптердің, нормалардың, ұстанымдардың орнықты кешенін білдіреді. Олардың негізінде топтар мен адамдардың қарым-қатынас жасау жүйесіндегі орнын, функцияларын, мінез-құлқын анықтайтын әлеуметтік рөлдер мен мәртебелер жүйесі ұйымдастырылады.
Әлеуметтік институттың жеке адамнан гөрі жоғары сипаты, өзіндік аса қатаң құрылымы бар, жүйелілік сапасы болады. Құндылықтар, үлгілер және нормалар жүйе ретінде жеке адамдардың қандай да бір әлеуметтік қауымдастық шеңберіндегі міндетті мінез-құлықтарын реттеп отырады.
Әлеуметтік институт деп көбінесе адамдардың бірлескен қызметінің тарихи қалыптасқан орнықты нысандарын айтады. Институттардың негізігі мақсаты - жеке адамдардың, топтардың және жалпы қоғамның іргелі қажеттіліктерін қанағаттандыру. Олардың сәтті қызмет атқаруы адамдар қауымдастығының өмірін сақтауға мүмкіндік береді, оларды топтар мен қоғамға біріктіреді, олардың өмірін тұрақты етеді. Дәл осы әлеуметтік институттар ұйымдардағы бірлескен корпоративтік қызметті үйлестіреді, әлеуметтік қатынастар сипатын анықтайды және оларды сақтап отырады.
Әрбір институт:
- белгілі бір қызмет аясын;
- белгіленген құқықтар мен міндеттер негізінде қоғамдық, ұйымдық немесе басқару функцияларын орындауға өкілетті адамдар тобын;
- ресми тұлғалар арасындағы қарым-қатынастың ұйымдық нормалары мен принциптерін;
- қойылған міндеттерді шешуге қажетті материалдық құралдарды (қоғамдық ғимараттар, құрал-жабдықтар және т.б.) қамтиды.
Мысалы, әділет органдары (юстиция) әлеуметтік институт ретінде құқықтық қатынастар мен оларды реттеу саласын білдіреді. Оған жататындар белгілі бір адамдар тобы (прокурорлар, соттар, адвокаттар); қабылданған ресми заңдар мен басқа да заңнамалық актілер, сондай-ақ құқықтық өкілетті тұлғалардың мінез-құлықтарының бейресми стандартталған үлгілері (соттың, прокурордың, адвокаттың және т.б. рөлдері); мекемелер (прокуратуралар, соттар, тұтқындау орындары және т.б.) және әділетті қаржыландыруға арналған ел бюджетінен бөлінетін қаражат.
Қоғамдық байланыстар мен қарым-қатынастарды тәртіпке келтіру, ресмилендіру және стандарттау процесі институционалдандыру деп аталады. Қоғамның белгілі бір байланыстардың әлеуметтік ұйымдастыруға қажеттілігін ұғынуы барысында сол қажеттілікті қанағаттандыра алатын әлеуметтік нормалар, ережелер, мәртебелер мен рөлдер бекиді. Әлеуметтік институттың қызмет атқаруына жәрдемдесетін жалпы мақсаттар, топтар және ұйымдар қалыптасады, институттың барлық мүшелерін қамтитын нормалар мен санкцияларды қолдану ресімдері, мәртебелер мен рөлдер жүйелері құрылады.
Неғұрлым маңызды қажеттіліктерді қамтамасыз ететін әлеуметтік институттардың бес негізгі түрі бар:
- бала туу, өсуі (отбасы және неке институты);
- қауіпсіздік және әлеуметтік тәртіп (саяси институттар, мемлекет);
- тұрмыстық құрал-жабдықтар өндіру (экономикалық институттар, өндіріс);
- білімді беру, өскелең ұрпақты әлеуметтендіру, кадрлар даярлау (білім беру, ғылыми және мәдени институттар);
- рухани мәселелер, тіршілік мағынасын шешетін қажеттіліктер (дін институты)
Қорытынды
Қорыта айтқанда, аталған алғышарттарға сай жаңа әлеуметтік институт пайда болып, бой көтеріп, адамдар мен қоғам игілігіне тиімді қызмет атақара бастаса, оның институттану процесі аяқталады деуге болады. Бүкіл даярлық жолы мен істің басталу барысын «әлеуметтік институт» процесі яғни «институттану»дейді. Әлеуметтік институттар алғашқы қауымдық қоғамнан қазіргі заманға дейінгі кез келген қоғамда болған. Оларсыз қоғам өзін құрайтын адамдарға қатысты өзінің негізгі функцияларын - біріктіру, қорғау, қамтамасыз ету, тұлғаны әлеуметтендіру, рухани және мәдени даму, т.б. орындай алмас еді.
Адамдардың әлеуметтік өзара байланыстары мен қарым-қатынастары мінез-құлықтың жалпы ережелері мен қоғамдық мүддеге және жеке адамдардың мүддесіне қол жеткізудің қалыптасқан, рұқсат етілген тәсілдерінің негізінде құрылады. Ең алғашқы институттардың бірі жыныстық қатынастарды, қандас туыстар мен тайпаластар арасындағы қолдау көрсету мен өзара көмектесуді реттеген, мәдени сабақтастықты, әлеуметтік тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа беру нормаларын баянды еткен отбасы және неке институты болып табылады.
Қолданылған әдебиеттер
1. Аитов Н.А. Социология негіздері . Алматы, 1997.
2. Андрушенко В.П., Горлач Н.И. Социология: наука об обществе. Харьков,
1996.
3. Антонов А.И., Медков В.М. Социология семьи. М., 1996.
4. Базарханова И.Л. Семья — основа всех основ. //Мысль, 1994.
5. Елизаров А.Н. Ценностные ориентации неблагополучных семей.
//Социологические исследования. 1995. №4.