
Кіріспе
Мао Цзэдун' (қытайша: 毛泽东; дәстүрлі қытайша: 毛澤東; Пінйін: Máo Zédōng); 1893 жылғы желтоқсанның 26-сы — 1976 жылғы қыркүйектің 9-ы — Қытайдың әскери және саяси жетекшісі. Оның бастауымен Қытай Коммунистік партиясы (ҚКП) басшысы Қытай Азамат соғысының кезінде Гоминдаң (国民党) партиясының үстінен жеңіске жетіп, 1949 жылы Қытай Халық Республикасы жариланғаннан 1976 жылы қайтыс болғанға дейін оның жоғарғы жетекшісі болды. Ұлы пролетарлық мәдени революция жетекшісі.
Ұлы пролетарлық мәдени революция (Wuchan Jieji Wenhua Da Geming) 1966-1976ж аралығындағы он жылдық кезеңді қамтыған Қытай тарихындағы оқиға. Бұл кезең әлеуметтік баспалдақтың төменгі деңгейіндегі жұмысшылар мен студенттердің тәртіпсіздік әрекеттерімен және елдің партиялық басшылығындағы хаоспен сипатталды. Революцияның басталуына қорытынды ықпалды саяси оппозициялық көзқарастармен күрес шеңберінде және мемлекеттік идеология ретінде ҚКП басшылығындағы өз жақтастарының көзқарастарын (маоизм) орнықтыру үшін ҚКП төрағасы Мао Цзедун жасады.
Саясатқа келген жолы
Мао Цзедун 1893 жылғы желтоқсанның 26-сында Һунан өлкесінің Сяңтан аймағындағы (湘潭縣) Шаушан ауылында біршама әлді шаруа отбасында дүниеге келген. Оның ата-бабалары Һунанға Миң дәулетінің заманында Жияңси өлкесінен қоныс аударып, сонда шаруалар ретінде тұрақтап қалған болатын. Оның әкесінің аты — Мау Женшең, ол шаруа болатын. Оның анасы — Уен Чимей будда дінін қатты ұстанатын кісі болған. Отбасы ауқатты отбасы болғандықтан, оның әкесі оны мектепке және Чаңшадағы келесі басқыш мектебіне жіберуге жағдайы көтерді.
1911 жылғы төңкерістің кезінде Мау Һунан өлкесінің төңкерісшілердің жағында соғысқан қосынына қатардағы жауынгер болып қабылданды. Циң дәулеті тақтан түсірілгеннен кейін Мау әскерді тастап, оқуын жалғастырды.
1918 жылы Һунанның өлкелік бірінші мектебін бітіргеннен кейін 1919 жылдың 4-ші мамыр қозғалысының кезінде Мау өзінің мектеп ұстазы және болашақ қайын атасы Яң Чаңжимен бірге Бейжиңге сапар шекті.
Профессор Яң Бейжің университетінде ұстаздық қызмет атқаратын. Яңның қолдауымен Мау университеттің кітапханасына кітапханашы болып орналасты, онда ол Ли Дажаомен танысып, оның қол астында жұмыс істей бастады. Мау Бейжің университетіне жарым-жартылай уақыт оқитын студент ретінде түсіп, Чен Дусю, Һу Ши, Цян Сюантоң секілді атақты ғалымдардан лекция тыңдап, семинарларына қатысты. Бейжіңде жүрген кезінде ол барынша көп кітап оқуға күш салып, коммунизм ілімімен танысты. Сол кездері ол өзімен бірге оқитын Яң Кайхуейге үйленді, ол профессор Яңның қызы болатын. Маудың өзі бұл некені ешқашан мойындаған емес. 1930 жылғы қазан айында Гоминдаң Яң Кайхуейді ұлымен бірге қолға түсірді. Жасы 8-дегі Анійңді олар туыстарына жіберіп, оның анасы Яң Кайхуейді өлтірді.
Бұл кезде Мау Һе Зыжен деген Жияңси өлкесінде туған 17 жасар қызбен бірге тұрып жүрген болатын.
Мау Францияға оқуға бару туралы ұсынысты қабылдамады, себебі оның ойынша Қытайдың алдында тұрған қиындықтарды тек Қытайдың ішінде жүріп қана шешуге болатын еді. Өз замандастарынан бір айырмашылығы, Мау тағы Қытайдың басым бөлігін құрайтын шаруа қауымын зерттеуге зор көңіл бөле бастады.
1921 жылғы шілденің 23-інде 27-жасар Мау Шаңһайда өткен Қытай Коммунистік партиясының ұлттық съезінің бірінші отырысына қатысты. Екі жылдан кейін үшінші съездің кезінде партияның Орталық комитетінің бес комиссарының бірі болып сайланды. Сол 1923 жылдың аяқ жағында Мау ҚКП Орталық комитетінің және Гоминдаң Орталық комитетінің тапсыруымен Һунанда Гоминдаң партиясының жергілікті ұйымын ұйымдастыру үшін Һунанға қайта оралды. 1924 жылы ол Гоминдаңның бірінші ұлттық конференциясына делегат болып барып, сонда Орталық комитеттің балама атқарушысы болып сайланды. 1924 жылы ол Гоминдаңның Шаңһай ұйымының атқарушысы және ұйымдастыру бөлімінің хатшысы болып таңайындалды.
Біраз уақыт бойы Мау ҚКП төңкеріс үшін маңызды қала деп қарастырған Шаңһайда қала берді. Бірақ ол қалада кәсіподақ ұйымдарын құру жағынан коммунистік партияның алдында қиындықтар пайда болды. Оның үстіне өзінің ұлтшыл одақтасы Гоминдаң партиясымен қарым-қатынастары да оңтайлы болып қалыптаса қоймады. Коммунистік партияның қаржысы да азайып, төңкерістен көңілі қалған Мау Шаошанға қайтып кетті. Бірақ 1925 жылғы Шаңһай мен Гауңжоудағы толқулардан кейін Маудың революцияға деген қызығуы қайтадан жандана бастады. Ол қайтадан саяси күреспен айналыса бастауды ұйғарып, Гоминдаң партиясының негізі болып табылатын Гуаңдоңға барып, Гоминдаңның екінші съезіне дайындық жұмыстарына қатыса бастады. 1925 жылдың қазан айында Мау Гоминдаңның насихат бөлімінің уақытша директоры болып тағайындалды.
1927 жылдың бас кезінде Мау Һунанға қайтып оралып, сонда коммунистік партия ұйымдастырған төтенше жиналысқа қатысып, Солтүстік жорықтың нәтижесінде орын алған шаруа көтерілістері туралы егжей-тегжейлі баяндама жасады. Бұл баяндама Маудың революцияшыл теорияларының іс жүзінде сәтті орындалғанының бірінші көрінісі болды.