
Философия / ФИЛОСОФИЯ / Қытай философиясы туралы материалдар / Даосизм казакшаАсылбек
.docБіздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырдың аяғында пайда болған Ежелгі Қытай философиясы кейінірек кейінірек негізгі алты философиялық бағыттағы мектептерге бөлінді. Солардың бірі – даосизм.
Даосизм ілімінің негізін қалаушы б.д.д. VI ғасырда өмір сүрген Лао-Цзы деп есептеледі. Оның негізгі еңбегі – “Дао және дэ туралы кітап” (“Дао дэ цзин”).Даосизм ілімі дао ұғымына негізделген. Егер басқа қытайлық философиялық ағымдарда “Дао” жол деген мағына берсе және ол Қытайдың дамуы мен әдептілікті жетілдірудегі негізгі ұғым болса, даосизмде “Дао” – жалпы дүниетанымдық ұғым. “Дао” – алғашқы бастама, алғашқы түпнегіз және барлық құбылыстардың, денелердің бірлігі, соңғы сатысы, аспан заңдылықтары мен бүкіл Дүниедегі заттар мен құбылыстар оған бағынышты. Ал Даоның пайда болуы туралы сұрақ қойылмайды. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Даосизмдегі қарама – қарсы пікірлерге толы, көмескіленген ілімдердің бірі – екі түрлі дао туралы ілім. Даоның бірінші түрінің аты жоқ. Себебі, ол – денесіз, екіұшты, соншалықты кішкентай, мәнсіз, көрінбейді, енжар және жалғыз. Ол – мәңгі ешуақытта өзгермейді, еш нәрсе оны өзіне бағындыра алмайды. Ал өзі басқа заттардың дамып, жетілуіне көмектесе алады, бұл жағынан шектелуді білмейді.
Ал “аты бар Дао” “Ци” деп аталатын ұсақ бөлшектерден тұрады. Ол бөлшектерде заттардың кескіні бар, сондықтан да олар – барлық заттардың анасы. “Аты бар Даоның” негізгі қасиеттері: шексіз, таусылмайды, құдіретті, әрекетшіл. Бұл екі түрлі Дао бір – бірімен іштей тығыз байланысты, екіншісі біріншісінен туындайды, ал кейбір жағда йларда олар бір – біріне ауыса береді, осының арқысында әлемде түрлі – түрлі ғажайыптар болып тұрады. Даосистер “аты жоқ Даоны” бейболмыс десе, “аты бар Даоны” болмыс деп түсінген. Барлық заттардың түпнегізі өзгермейтін бейболмыс болғанымен де, жеке денелер тұрақсыз, ылғи да өзгерісте болады, ал даму сатысының соңында ол қайтадан бейболмысқа айналып тыныштық табады.
Ал біз өмір сүріп жатқан нақтылы Дүниеге, бізді қоршап жатқан сан алуан заттарға келер болсақ, олардың әрқайсысының аты бар. Олардың бәрі де қозғалыста, өзгерісте, олар уақытпен шеңберленген, яғни бұл Дүниеге келіп, аяғында Даоға айналып, мәңгілікке кетеді.
Дао тудырған болмысты, заттар әлемін Лао-Цзы “Дэ” деген сөзбен береді. Дао заттарды тудырса, Дэ оларды асырайды. Денелік заттардың бітімін құрайды, инь мен янның күштері арқылы зат қалыптасады. Сондықтан бұл Дүниеде “Даоны” құрметтейді, “Дені” бағалайды.
Адам жерге бағынады, жер – аспанға, аспан – Даоға, Дао - өз-өзіне бағынады.
Даосизмде дүниенің қайшылығы, қарама – қайшылықтың бір – біріне айналып жатқаны айқын көрсетіліп, адам өзінің жүріс – тұрысында, іс - әрекетінде оны қалай ескеру керектігі айтылады.
Даоны тану жолында сезімдік, іңкәрлік бізді оған ешқашан жеткізе алмайды, адам сезімдік жолмен тек қана шектелген нақты заттарды ған тани алады. Сондықтан адам іңкәрліктен арылып, тыныштық жағдайға келгенде ғана Дүниеге тереңдей алады. Даоға жеткен адам – мәңгілік. Даоны түсінген адам қауіптен құтылады.