Аристотельдің «Нокомахтың этикасында» (1-кітап, параграф 1) келтірген схемасын негізге ала отырып, әл-Фараби философияны теориялық және практикалық деп екіге бөледі. Теориялық философия өзгермейтін, өткінші емес заттарды, практикалық философия өзгертуге немесе жасауға болатын заттарды зерттейді. Философия, әл-Фарабидің білуінше, адамға ғана болатын «Ең ерекше» игілік, ақыл, парасат арқылы меңгеріледі. Ақыл, парасаттың қызметі қалай болса, солай беті алды жүргізілмеуге тиіс, онда мақсаттылық сипат алады. Оның негізін логика өнері қарастыратын ойлаудың дұрыс әдістері құрады. Әл-Фарабидің атап көрсетуінше, адам өзінің бақытқа жету жолын логикадан бастағаны жөн.
Бір сөзбен айтқанда, Фараби адамдардың өзі көздеген мақсатына жетуі оның өзіне ғана байланысты екенін айтады. Адам рухани жағынан үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруға тиіс, адам тек ақиқатты, айналадағы дүниені танып білу арқылы жетіледі деп түйін жасайды.
Әл-Фарабидің азаматтық, саяси, адам, қоғам жөніндегі ойлары «Фусул ал-мадани» («Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері») трактатында қаралады. Бұл трактаттың тақырыптары әр түрлі болса да, негізінен бір мақсатқа адам мен қоғамның арақатынасы, оның жетілуіне арналған. Еңбектің өзіне тән бір ерекшелік сипаты — тәндік және рухан құбылыстардың салыстырылып отыратындығы.
Фараби «Азаматтың саясатта» қоғами талдауды қаладан бастаса, «Нақыл сөздерде...» ол мұны ең кішкене ұядан, от басынан немесе үйден бастайды. Аристотель сияқты ол үйді бірнеше бөлікке – ері мен әйелі, қожайыны мен қызметшісі, ата-анасы мен баласы, мүлкі және иесі деп бөледі. Үйдің өзіне тән мақсаты болады, бірақ қаланың бір бөлшегі болғандықтан, ол қала белгілейтін ортақ мақсатқа қызмет етуге арналады, сөйтіп, бұл арада адамның өз басының мүдделерін қоғам мүдделеріне бағындыру туралы пікір айтылады. Бұл жерде Фарабидің қала дегенін мемлекет деп түсіне отырып, оның ойларынан үлкен азаматтық гуманизмнің биік көріністерін табамыз. Мұңда тек жеке басының мүдделері ғана емес, қоғам мүдделерін жоғары санауы үлкен бір азаматтықтың, адамгершіліктің қасиетті көріністері деп білеміз.
Әл-Фараби адам міндетті түрде адал ниетті болу керек деп есептейді. Өйткені жақсы істер істеп, мұның төлеуін күтсе адам бұл істерін жамандыққа айналдырады.
Жетік философ теориялық ғылымдарды да білуге, бұл ғылымдарды басқа ғылымдарда да қолдана білуге тиіс. Платон мен Аристотель нағыз философқа әкімнің міндеттері жүктелуге тиіс деп санады, бірақ Платонның пікірінше, философ өзгермейтін ақиқаттарды меңзеп, мемлекетті басқаруды жоғары мақсатқа жетуге бөгет жасайтын ауыртпалық деп есептейді, ал әл-Фараби, керісінше, тіршілік істерден бойын аулақ салмайды, қайта адамдардың ақиқатқа жету жолына түсінуіне көмектесуге тырысады. Бұл арада әл-Фараби дін мен философияны салыстырады. Оның пікірінше, дін философияға ұқсас: екеуі де жоғары принңиптерге, бар заттардың бастамаларына түсінік береді. Бірақ философия дәлелдеуді, дін сенуді керек етеді. Заң шығарушы өте жақсы пайымдаудың арқасында адамның мүдделеріне сай келуге тиіс заңдарды дұрыс жүзеге асыра алады.
Имам - ең жоғары дәрежеде теориялық білімі және ойшылдық қайырымдылықтары бар адам, мұның өзі оған адамдарға ақылшы, жетекші болып, оларды бақытқа жетуге бағыттап отыруға құқық береді.
Сонымен, «философ», «заң шығарушы», «имам» және «бірінші басшы» ұғымдары бір нәрсеге келіп қосылады. Олар бір мақсатқа қызмет етеді, бірақ бұл мақсатты әр түрлі әдістемелермен жүзеге асырады. Адамдар бірлестіктерінің ерекшелік белгілері болып табылатын теориялық және практикалық қайырымдылықтарға тек философияның көмегімен жетуге болады деп тұжырымдайды ұлы ғұлама. Демек, әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін айрықша маңызды.
Әл-Кинди мен әл-Фарабидің ілімдерін одан әрі дамытушы жалғастырушы Ибн Сина болды.
Ибн Сина (Авиценна) дүниетанымының қалыптасуына философ әрі жаратылыстану ғылымдарының озық үлгілі бірлігі ретінде араб мұсылман әлемінде танымал болуына аль-Кинди мен әл-Фараби философиясының тікелей ықпал тигізгені белгілі. Еуропалықтарға Авиценна деген атпен белгілі болған ол, Орта Азияда, Бұқара қаласының маңында дүниеге келеді. Иран мемлекетіндегі Исфақан атты қалада философия және медицина саласы бойынша дәріс алып, өз білімін жетілдіреді. Ибн Сина жан-жақты терең білімді, философ, дәрігер, ақын әрі саяси қайраткер болған. Ол жүзден аса ғылыми кітаптар жазыпты. Олардың ішінде әлемге ең танымал болған, атағын шығыс пен батысқа танытқан медицина жайлы жазған «Сауығу кітабы». Ол ғасырлар бойы шығыс және батыс дәрігерлері үшін баға жетпес білім көзіне айналған еді.
Ибн Синаның философиялық шығармасы он сегіз бөлімнен тұратын «Сауығу кітабы» логиканы, физиканы, математиканы және философияны қамтыған. Арабтар әлемінде Ибн Синаның аты кереметпен аталатын еді. Оны біресе «философтар патшасы» деп атаса, біресе «дәрігерлер атасы» деп дәріптеген.
Философияда Фараби бағытын жалғастырғанымен Ибн Сина араб перипатетизмінің негізін қалаушы болды. Оның болмыс туралы ілімі материяны мәңгі жаратылыстан тыс құбылыс ретінде қарастырады. Алайда бұл қағиданы ол діни көзқарастармен байланыстыруға мәжбүр болған. Мысалы, ол құдайдың бар екендігіне шүбә келтірмейді. Дүние шындықтың мүмкіндігі ғана. Ол уақыттан тысқары құдайдың жағдай туғызуына байланысты шындыққа айналады. Адамның рухын Ибн Сина дененің бейзаттық формасы ретінде қарастырады. Денелердің қайта тірілуі мүмкін емес дейді.
Ибн Сина жалпы ұғымдар (универсалиялар) мәселесін өте қызық түрде шешкен. Оныц ілімі бойынша жалпы ұғымдар үш ұяда өмір сүреді: 1) заттарға дейін, құдіреттің ақыл-ойында; 2) заттың өзінде, себебі ол сол заттың мәні; 3) заттан кейін адам- дардың санасында.
Таным теориясыңда Ибн Сина әл-Фарабидің жолын қуып, оны одан әрі дамытуға ат салысады. Дегенмен, оның кейбір мистикалық тұжырымдарға бай негізгі тәсілдерінің бірі ретінде ол құдай шапағатын мойындап ұсынады. Жалпы алғанда, Ибн Сина философиясы Аристотельді исламның негізгі қағидаларымен ұштастыра отырып, оларды өзара ынтымақтастырмақ болған ілім. Ол әл-Фарабиден кейінгі философия тарихында озіндік із қалдырған араб тілді мұсылман философиясының ең ірі өкілдерінің бірі деп білеміз.
Шығыстық мұсылман философияның бір бұтағы болған, әлемдік философия тарихында өзіңдік орны бар түркі тілдес философия, араб мұсылман философиясы мен медениетінен нәр алып, рухани дәстүр одан әрі жалғаса түсті. Бұл рухани дәстүр жалғастығы қасиетті қазақ даласынан шыққан, кіндік қаны қазақ топырағына тамған Қорқыт ата, Жүсіп Баласағүн, Ахмет Иассауи, Махмуд Қашқари, Ахмет Иүгінеки, Сүлеймен Бақырғани сынды ұлы ойшыл ғұлама философтардың есімдерімен белгілі. Олар түркі тілінде барлық түркі тілдес халықтардың мәдениеті мен әдебиетін, алғы философиялық ойдың іргетасын қалап шықты.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТІРЛІГІ
АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИЕРСИТЕТІ
Орта ғасырдағы араб және түркітілдес философиясы
Тексерген: Мадалиеа Ж.
Орындаған: Жорабаев Н.
Алматы 2010
