Добавил:
Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Скачиваний:
23
Добавлен:
20.02.2017
Размер:
51.95 Кб
Скачать

Ж о с п а р

І. Кіріспе

ІІ. Негізгі бөлім

а) Орыс ғалымдарының Орхон-Енисей жазбаларын зерттеуі

б) Ұлы түріктер хақында

в) Көшпелілердің этникалық-эстетикалық құндылықтары

г)Көне түркі жазба жәдігерліктерін зерттеу процесінің кезеңдері

ІІІ. Қорытынды

Қолданылған әдебиеттер..............................................................................

К і р і с п е

Жазуы жок немесе жазуы болса да бізге жетпеген халықтардың тарихын құрастырудың,меншікті шежіресі бар халықтар тарихшысына мүлде бейтаныс,өзгеше бір қиындықтары болады. Түріктердің бұрын болған тарихи жазбалары сақталмаған,ал құлпытастардағы жазулар олардың орнын баса алмайды. Сол себепті де шетелдердегі нарративті бастаухаттардың ғылыми қажетке қосылған аудармаларына сүйенуге тура келеді.

Алайда әрқилы бастаухаттардан алынатын мәліметтердің бәрі бірдей бағалы емес және оларға көбіне-көп сене беруге де болмайды. Оның себептері әр алуан: ол-кейде ертедегі автордың білімінің аздығы немесе материалды жазу мәндерінің ақауы, ал кейде оның сыңаржақтығы, өйткені замандас әрқашанда мүдделі жақтың өкілі, енді бірде VIIғ ғылым деңгейіндегі гипотезаға болжамға бейімдігі себеп болады.Сондықтан да тарихи сын мен XIX-XX ғғ. Ғалымдарының талдауы арқылы тексерілген мәліметтер дәйектірек те сенімдірек келеді де, жақын-жуықтығы себепті жаңылысу, адасу кеселіне ұшырамайды.Тарихи синтез негізінде тек осы мәліметтер ғана жарайды.

Европа елдері тарихының қаңқасы болып табылатын, әбден тексеріліп,даталары, қойылған оқиғалар жинағы, өкінішке орай, Азия елдері үшін әлі күнге дейін құралып жасалмаған.

Түркілердің тарихы VII—VIII ғасырларда жазылған Орхон-Енисей жазбалары арқылы белгілі. Ол ескерткіштер — бір замандарда түркілер мекендеген Енисей өзенінің бойы мен казіргі Монғолия жеріндегі Орхон өзені маңайынан табылған құлпытастағы жазулар. Сондықтан олар "Орхон-Енисей жазуы" деп аталып кеткен. Ескерткіштер — VII—VIII ғасырлардағы түркі рутайпаларының іргелі елі Түркі қағандығының тұсында тасқа қашалған Білге қаған (хан), Құлтегін (әскер басы), Тоныкөк (ақылшы, кеңесші) сияқты атақты адамдарға арнап тұрғызылған құлпытастағы жазулар.

Өтікен тауының шығыс жағындағы Орхон өзені жағалауына, қазіргі Кошо-Сайдам көлінің жағасына тұрғызылған бұл құлпытастар шоғырының айналасы тас кірпіштермен қоршалған. Қоршауға кіре берісте мәрмәр тастан кашалған екі кошқардың мүсіні орнатылған. Одан басқа бұл жерден тастан ойылған тасбақаның, адамның мүсіндері табылған. Жазуы бар мәрмәр тастың биіктігі — 3,15, ені— 1,24, қалыңдығы 0,41 метр. Ескерткіш текстері Түркі қағандығы дәуірінде қолданылған түркі және қытай жазуларымен екі тілде тас бетіне ойылып жазылған. Ескерткіштің шығыс, түстік, терістік беттеріне ескі түркі жазуымен, ал батыс жақ бетіне қытайша жазылған. Орхон-Енисей құлпытастарын алғаш Г. Спасский зерттесе, 1889 жылы орыс ғалымы

Н. М,. Ядоинцев Монғолия жерінен оның жаңа нұсқасын тауып, ғалымдар назарына іліктірді. Ескерткіш жазуын белгілі Дания ғалымы В. Томсен оқып, 1893 жылы неміс тіліне аударды (аударма 1895 жылы жарық көрді)Академик В.В.Радлов басқарған Ресей археологиялық экспедициясы 1894 жылы бұл жазба ескерткіштерді орыс тіліне аударып, 1894, 1897 жылдары жариялады. Шын мәнінде Орхон жазбаларын дәл әрі толық аударған ғалым С.Е.Малов болды. Ол Орхон-Енисей жазбаларының бірнешеуін аударып, бастырған.

1893 жылы П. М. Мелиоранский Орхон жазбалары жайындағы жеке зерттеулерге бірінші болып түркі ханы Елтеріс немесе Құтлүғ династиясы кезеңіндегі тарихи, географиялық, этнографиялық жағдайларға және VII—VIII ғасырлардағы түркілердің ішкі тарихи ахуалына терең шолу жасайды.

Көшпенділердің жазу мәдениетінің тарихы сонау VII ғасырдың сына (руна) жазуынан бастау алатынын әлем тарихшылары бүгінде амалсыз мойындап отыр.

Орхон-Енесей жазбаларының мазмұны мен мағынасына қарап көшпенді халықтың өмірі үнемі дүрбелең жағдайда өткеніне көз жеткізсек те, мәдениеті төмен болмаған. Бұл жазбалар — өздерін түркіміз деп есептеген, VI ғасырда Қытай шекарасынан сонау Иран мен Византияға дейін созылып жатқан кең далаға өз билігін жүргізген жауынгер халықтың еншісі.

ХХ ғасырдың бірінші жартысында Орхондық түркі жазба деректері тұтас бір тарихи-лингвистикалық зерттеулерді дүниеге әкелді. Солардың ішінде Күлтегін жөне Тоныкөк жазбасын зерттеген Ф. Хрит, Г. Е. Грумм-Гржимайло Түркі қағандарынан Ильтеріс — Құтлық қаған, Мочжо — Қапаған қаған, ал Могильян — Білге қаған екенін дәлелдейді.

И. Маркварт орхондықтүркілерде қолданылған жыл санау жүйесінің дұрыс пайдаланылу жолын ұсынды. Ол түркілердің жыл санауында ондықтар бірліктердің алдында тұратынын (мысалы, бір отыз, дәлірек айтсақ, жиырмадан артық бір немесе бірліктер ондықтардың алдында келетінін (мысалы, бір қырық) дәлелдеді. Бір қырық деген басқалар ойлағандай 41 емес, 31. Сөйтіп И. Маркварт бұрынғы дұрыс зерттелмеген хронологиялық қарама-қайшылық пен тиянақсыздықтың бәрін ығыстырып, бүкіл түркі тарихына қатысты оқиғалар қатаң хронологиялық тәртіппен белгіленді. И. Маркварт Иенчу өзені — Сырдария, ал Темір қақпа Байсит тауларындағы өткел-асу екенін деректермен дәлелдеп берді. Ал ғалым В. Мелиоранский түркі қағандығының көрші мемлекеттермен қарым-қатынасын зерттеп, көптеген мақалалар жазды. Ол бұрынғы Орхон жазулары туралы шыққан ғылыми еңбектерге өзгертулер енгізуді және бұл өзгертулерді қытай, араб деректерінде берілген фактілерге сүйене отырып дәлелдеді.

Әрине, қандай да бір халықтың тарихы мен оның мәдени өмірін зерттеп білу үшін алдымен сол халықтың тілін білу шарт. Бірақ, өкінішке орай, сол кездегі зерттеулер түркі халықтарының тілінде жазылмаған. Түріктің көне заманнан қалған бірден-бір даңқты жазба туындысы — Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк ескерткіші.

Кеңес өкіметі жылдарындағы түркілердің тарихы туралы жазылған құнды еңбектер: Толстовтың "Древний Хорезм" (1948) атты зерттеуі, Л. Гумилевтің "Древние тюрки" (1967),"Поиски вымышленного царства" (1970) және "Хунны в Китае" (1974) деген күрделі зерттеулері түркі тайпаларының ғасырлар бойғы даму ерекшеліктері, этнос ретінде қалыптасу кезеңдері мен мемлекеті туралы сыр шертеді. Л Гумилев "Хунны в Китае" деген еңбегінде ерте замандарда Қазақстан, Алтай және Орта Азия жерлерін мекендеген басты тайпа — хундардың түркі қағанатына қатысы туралы жазды.

Академик В. В. Бартольдтың Орта Азия өлкесін мекендеген тайпалардың тарихы жөніндегі еңбектерінің ғылыми маңызы зор. Ол бұл еңбектерінде араб, парсы жене жергілікті тарихшылардың аса қүнды еңбектерін пайдаланған. Бартольдтың "Монғол кезеңіне дейінгі Түркістандағы христиандық туралы", "Жетісу тарихының очерктері", "Монғол шапқыншылығы кезеңіндегі Түркістан" т. б. еңбектері күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Оның бұл еңбектері Орта Азия және Қазақстан халықтарының көне дәуірден бастап-ақ өзіндік тарихи медениеті болғанын дәлелдеп берді. Орыс шығыстану мектебінің негізін қалаушылардың бірі болған ол Қазан төңкерісінен кейін Азия музейінің жанынан қүрылған шығыс зерттеушілерінің "Записки коллегии Востоковедов" дейтін баспасез ұйымын басқарды. Оның көптеген монографиялары ағылшын, неміс, түркі, араб т. б. тілдерде жазылған.

Бірақ отаршыл Ресей үкіметінің ең қауіпті, ең қасіретті қылмысының бірі — Орта Азия мен Қазақстан, жалпы түркі халықтарының ұлттық санасын құлдануға күш салу еді. 1881 жылы Түркістан әскери округінің комендантының көмекшісі, патша генералы Мациевский Ташкентте жұмысқа кірісе бастаған Шығыстану коғамының мүшелеріне былай деп хат жолдайды: "Шығыстану қоғамының міндеті Шығысты зерттеу емес, Шығыс халқын орыстандыру". Патшаның саясаткер-ғалымдары орыстандыруды тоқтаусыз жүргізу үшін саяси-ғылыми айналымға "панисламизм", "пантюркизм" деген терминдерді енгізсе, Кеңес үкіметі жылдарында жергілікті халықты ата тарихынан, ата дәстүрінен, ана тілінен, ұстанған дінінен безіндіру үшін неше түрлі құйтырқы теорияны жан-жақты жетілдірді.

Кеңестік жүйе ыдырағаннан кейінгі түркологиянын проблемаларын ортаға салу және алдағы бағыт-бағдарын ойластыру; Түркі халықтарының мәдениетін әлемдік өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде зерделеу; Көне жазба мұраларға Түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін танып-түсінетін түп-нұсқа дерек көзі ретінде мән беру және ол мұраларды жинау, зерттеу жолында жаңа кезеңдік кешенді шараларды қолға алу; Қазақстанның тарихи-әлеуметтік, мәдени-рухани тек-тамырын /генезис/ жалпы түркілік еркениет аясында пайымдау және тарихи сабақтастык мәселелеріне ден қою. Ақиқатты мойындау керек. Соңғы жылдары түркология мәселелеріне қатысты мұндай кең қарымды тақырыпты алкалы жиында сөз етудің орайы келе қойған жоқ еді жене байырғы жазба ескерткіштері төл тарихымызбен байланысты шендестіре зерделенген емес-ті. Бұл түрғыдан келгенде, дүние жүзіндегі жетекші түркологтардың қатысуымен елімізде еткен халықаралык конференцияның кезендік мән-маңызы бар деп айтуға болады

Олардың қоныстанған жері туралы белгілі түрколог Н. А. Аристов өз еңбектерінде түркі тайпаларының көбі ертеде Алтайды мекендегенін, ертедегі түркі халқының аңыздарында тайпа аттары көбінесе өздері тұрған жердің, (өзен, көл, тау т. б.) атымен байланысты болып келетінін атап көрсетеді.

Н. А. Аристов "түркілердің бастапқы шығу тегі мен олардың ата жұрты туралы" деген мәселеде:"Түркілердің негізгі басты үлкен тайпалары алғашында Алтайды мекендеген. Алтайдағы жер-су аттары көне түркі халық аңыздарына енуі бүған дәлел бола алады. Ежелгі түркі мемлекеті хундар империясы болып есептеледі",— дейді. Орхон жазбалары бұған дәлел.

Махмұд Қашқари құрастырған түркі тілдерінің әйгілі сөздігі—"Дивани луғат-ат-түрік"-те түркі тілдерінің жекелеген түрлері туралы көп мәліметтер келтіреді. Махмуд Қашқари көптеген түркі текті рулар мен тайпалар жерін аралап, олардың тұрмыс-салты, тілі, ауыз және жазба әдебиеті туралы қыруар мол материал жинаған. Махмуд Қашқари бұл жөнінде былайша деп жазды: "Мен түркілер, оғыздар, шігілдер, яғмалар, қырғыздардың шаһарларын аралап, қыстақ пен жайлауларын көп жылдар аралап шықтым, лұғаттарын (сөздерін) жинадым, түрлі сөз қасиеттерін үйреніп, анықтап шықтым. Мен бұл істерді тіл білмегенім үшін емес, қайта бұл тілдердегі әрбір кіші-гірім айырмашылықтарды да анықгау үшін істедім, солардың бұрын мұқият бір негізде жүйеге салдым".

Түрктің белгілі ғалымы Б. Аталай "Дивани лүғат-ат-түріктің" үш томдық аудармасын, осындағы сөздердің бірі томдық тізімін жасап шығарды. Бұл еңбек әрқилы зерттеу жұмыстарына пайдалануға кең жол ашып берді.

Махмұд Қашқаридің жазуы бойынша түркілерге шығу тегі жағынан түркі емес, бірақ түркіше білген халықтардың бәрі жатқызылады. Ол барлық түркі халықтарын солтүстік және оңтүсік деп екі топқа бөледі, әрқайсысында он-оннан халық болған. Солтүстік топқа енгендер: печенегтер, қыпшақтар, оғыздар, иемектер, башқұрттар, ябакулар, татарлар, қырғыздар т.б. Оңтүстік тобына жататындар: шігіл, тухси, яғма, играк, чарук, жумьш, ұйғыр, танғүт, хитай, табғаш.

Махмуд Қашқари таза түркі деп қырғыз, оғыз, тухси, яғма, шігіл, играк, және чарук халықтарын атады.Махмуд Қашқари қырғыздардан батысқа карай ябаку халқы түрды деп көрсеткен.

В. Томсон аз халқының шығу тегін белгісіз деп есептесе, аз және қырғыз халықтарымен бірге өмір сүрген чиктердің шығу тегі жөнінде ешқандай дерек жоқ. Солтүстік-шығысқа қарай ығысқан түркілердің бір бөлігі якут халқын құраған сияқты.

Қазақстан тек түркі әлемінің кіндік мекені ғана емес, сонымен бірге мұнда байырғы түріктік мемлекеттердің тарихы мен мәдениетіне қатысты айғақ-белгілер де молынан ұшырасады. Археологиялық ізденістер барысында Қазақстан аймағынан Есік, Үстірт, Берел "алтын адамдарының" бірінен сон бірінің анықталуы, сондай-ак түркілік жазба-мұралардың елеулі нұсқалары табылып, ғылым жүзінде Талас жазуы , Іле жазуы, Ертіс жазуы деген үғымдардың орнығуы біраз жайды аңғартса керек. Бұл сияқты терең тамырлы төл тарихын зерттеу барысында қол жеткізген қазақстандық ғалымдардың байсалды ой-тұжырымдары қазір дүние жүзіне таныла бастағанын атап өтуге болады. Әсіресе, түркология саласындағы ғылыми ізденістер назар аударарлық. Қазақстанның Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, Қ.Жұбанов, Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Ә.Марғұлан, Ғ.Айдаров, А.Құрышжанов, М.Жолдасбеков, А.Аманжолов, С.Қаржаубай, Қ.Салғараұлы сияқты ғылыми-зерттеушілерінің сүбелі еңбектері түркология ғылымын өзінің жаңалықтарымен толыстыра алды. Бүл дәстүрдің соңғы жылдары қайта жандануы көңілге қанағат сезімін ұялатады.

Көне түркі руникалық жазуы туралы әңгіме еткенде, осынау игілікті де ізгілікті іске Қазақстан оқымыстылары қосқан үлес туралы айтпай кетуге болмайды.

Соңғы 30 жылда қазақстандық ғалымдар Талас, Іле, Сырдария, Ертіс, Жайық өзендерінің аңғарларынан табылған эпиграфиялық жазуларды зерттеді. 1960 жылы Шардара өзені аймағынан, 1969 жылы Алматы облысының Үйғыр ауданынан, 1985 жылы Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданынан табылған жәдігерлерді атап айту керек. Көріп отырғанымыздай, көне түркі руникалық жазуларының Қазақстандағы таралу кеңістігі өте үлкен.

Осы проблема бойынша қазақстандық оқымыстылардың да іргелі еңбектері әзірленді. Бұл тұрғыда, ең алдымен, ардақты ақынымыз Олжас Сүлейменовтің кеңінен танымал болып, бүкіл дүние жүзінде үлкен үндестік туғызған және совет өкіметі басылып қойылған кітаптың таралымдарын жоюға дейін әділетсіз де қатал цензураға ұшыратқан "Аз и Я" еңбегін атап өткен жөн. Ал Олжас Омарұлының кейінгі еңбегі — "Язык письма" әділ түрде іргелі академиялық еңбектердің, оның үстіне жанды, қарапайым да ұғынықты тілмен жазылған еңбектердің қатарына жатады.

Сондай-ақ түркі филологиясының Ғұбайдолла Айдаров секілді патриархының көп жылдық ғылыми ізденісін айтпай кете алмаймын. Оның "Білге қаған орхон ескерткіштерінін тілі", "Орхон ескерткіштеріндегі көне түркі жазуларының тілі" жене басқа еңбектері руникалық мәтіндердің графикалық-лексикалық және грамматикалық ерекшеліктерін талдауға арналған. Ол Ғ.Мұсабаевпен және А.Махмұдовпен бірігіп 1971 жылы "Қазақстан этнографиясы" кітабын шығарды Ғ.Мұсабаев руникалық жазулар жөнінде 140 мақала мен монография жазды. Осы проблемаға көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков отыздан астам мақалалары мен бірқатар ғылыми монографияларын арнады. Республикада және шетелдсрде танымал тағы бір филолог Алтай Аманжоловтын түркі руникалық графикасы жөнінде еңбектер, сондай-ақ көне түркі араб және латын графикасы курсының ол өзі талдап жасаған бағдарламасы шықты.

Соңғы жылдары Қазақстанда көне түркі руникалық жазуы жөнінде барлығы 20 монография және 250 мақала жарияланып, 6 кандидаттық және 3 докторлық диссертация қорғалды, Мұның өзін болашақ зерттеулер үшін жақсы арна деп бағалауға болады.

Бұған қоса көшпелі қоғамда белгілі бір этникалық-эстетикалық құндылықтар да қалыптасты. Көшпелілер үшін үлкенге деген құрмет, ата-бабаның аңыздары мен өсиеті барлық сезімдерден де маңыздырақ болды. Бүл, Н.Бердяевтің сөзімен айтқанда, "тарихи тағдырға көшірілген ішкі тарихи жады, аңызда тарихи тағдырдың қандай да бір меңзеуі , нышаны құпияланғанына сілтейтін құндылық... тарихи өмірді танудан гөрі маңыздырақ нәрсе".

Даланың бүкіл моралі нақ осыған — тарихи аңыздар мен тарихи жадыға негізделеді. Бұған дәлел — Күлтегіннің, Білге қағанның, Тоныкөктің құрметіне жасалған эпитафиялар.

Шынында да, көне түркі жазба ескерткіштерінің әлеуметтік тарихи контексі барлық елдер мен халықтардың "қаһармандық дәуіріне" тән тарих сахнасының төріне өзінің "өнегелік құлшышысымен" идеяларды жинақтап, сол арқылы ұжымдық ерік-жігердің "жұлқынысын" қамтамасыз етуге қабілетті жеке тұлғалар шығатын бір заңдылықты даралап береді. Біздің де жағдайда қағандар, бектер мен тархандар жай ғана қаһармандар емес, сонымен бірге нышанды қаһармандар ретінде көрсетіліп, олар бір мезетте рухани көсемдер, пайғамбарлар, әскербасылар және тағдыр шешетін тұлғалар ретінде әрекет етеді. Осы ретте тіпті де бұл таңдандырмайды, таңдандыратыны — түркі елі кешбасшыларының халық пен атажұртқа деген терең сүйіспеншілігі өзек болатын темірдей ерік-жігері.

Түркі жазушыларының ақсақалдарының бірі кемеңгер ой иесі Шыңғыс

Айтматов алқалы жиында қазақ елінің әділеттіліктің ақ жолын ұлы бабалар рухымен байланыстыра келіп, "Күлтегін ескерткішінің Астана қаласына әкеліп ойылуы бүгінгі теуелсіз Қазақстанның ұлттық түлеуін күш-жігерін, өрлеу өрісін айғақтайды. Бұл келешегі кемел мемлекетке тән ерекет, өнер, өсер елге лайыкты мінез", - деді.

Осының бәрі көне түркі жазуларында саяси, мемлекет құрушылық белгілер бар екенін көрсетеді, оның дәстүрлері келесі ғасырларда жетіле түсті. Оған дәлел - Жүсіп Баласағүнның "Құтты білігі" және Махмұд Қашқаридің "Түрік сөздігі".

Көне түркі жазба жәдігерліктерін зерттеп білу процесін шартты түрде алты кезеңге бөлуге болады.

Алғашқы кезең ретінде руникалық мәтіндер зерттеле бастаған он жеті- он сегізінші ғасырларды айтқан жөн. 1692 жылы Амстердам бургомистрі Николай Видзен "Верхотурьеге тақау тұста жартаста белгілі әріптермен қашалған бірнеше суреттер мен жазулар табылғанын..." хабарлаған. 1697 жылы Тобылдың бояр ұлы Семен Ремезов "Чертеж всех сибирьских градов и земель и чертеж земли всей безводной и малопроходной каменной степи" деп аталатын сызбаны жасап шыққан. Ол картада қазіргі Қырғызстанның Дмитриевка селосының маңайында Талас өзенінің жоғарғы сағасында топографиялық пункт ретіңде "Орхон тасы" белгіленген. Дәл сол маңайда екі ғасыр өткеннен кейін, 1896-1897 жылдарда В.Каллаур мен Г.Гейкель сына жазу мәтіндері бар тастарды тапқан. XVIII ғасырдың бас жағында руникалық мәтіндердің Сібір жерінде — Енисей бойында кездесетіні жөнінде ғылыми жазбалар қағазға түсе бастады. 1719 - 1722 жылдарда бірінші Петрдің тапсырмасы бойынша неміс натуралисі Д.Г.Мессершмидтің Сібір мен Маньчжурияға экспедициясы жүзеге асырылды. 1793 жылы Т.Байер мен П.С.Палластын экспедициялары жолға шықты. Байер руникалық таңбаларды кельт жазуына жатады деп болжаған. Соғыста тұткынға түсіп, Сібірде 13 жыл айдауда болған швед офицері Филипп-Иоган Страленберг те 1730 жылы руникалық мәтіндер туралы мәліметтер келтірген. Жалпы, өзінін шығу тегі жағынан Енисей бойындағы сына жазулары өте көне, олар шамамен V-VІІ ғасырларда тасқа түскен.

Екінші кезең ретінде руникалық жазулардың оқылуын ашу үшін материалдар жинау қолға алынған XIX ғасырдың басынан бері қарайғы уақытты атауға болады. 1818 жылы Г.Спасский "Записки о сибирских древностях" деген еңбек жариялап, ол шығыс тілдерінің сол кезеңдегі білгір зерттеушісі Абель Ремюзаның рецензиясында аталып өтті. Автор бұл жазуларды оқи алған жағдайда "өте манызды тарихи және философиялық мәселелердің басы ашылуы мүмкін" деген пікір айтқан. Ремюза бұл жазу усунь (үйсін) тайпасының жазуы деп санаған, оған қарсы дау айтқан Спасский жазудың тегі моңғолдарға немесе қалмақтарға тиесілі деп санайтынын білдірген. Мұның өзі руникалық жазуларды ғылыми тұрғыдан зерттеуге арналған тұңғыш дикуссия болатын. Мұнан кейін Роммель әлгі жазулардың тегін скифтерге немесе грек-готтарға апарып тіреді, ал Ю.Клапрот түркі руникасын грек жазуына жақындатып қойды. 1857 жылы Спасский жаңағы дискуссияны қайтадан жандандырып, руналардың тегі славяндық деген теория ұсынды, оньң бұл пікірін В.Флоранский қолдады. 1859 жылы А.Шифнер руникалық алфавитті кәдімгі таңбалардан тарататын теорияны көлденең тартты.

1889 жылы руникалық мәтіндерді зерттеуде жаңа, үшінші кезең, атап айтқанда — олардың оқылуын ашу (дешифровка) кезеңі басталды. Бұл істе орыстың аса көрнекті зерттеушісі Н.М.Ядринцевтің еңбегі ерекше, ол Ұлан-Батордың батыс жақ бетінде, 400 шақырым жердегі Цай-дам көліне тақау тұста Күлтегін мен Білге қаған ескерткіштерін тауып, бүкіл дүниені дүбірлетті. Күлтегін ескерткішінің табылуы арқылы руникалық жазуды оқуға жол ашылды, енді бұл проблема түркі мәдениетінің тарихына зер салып жүрген барлық тарихшылар мен филологтардың назарын аударды деуге де болады. Н.М.Ядринцевтің мәдениеттің Азиялық орталықтары болу мүмкін емес деп санайтын еуропоцентристік теорияларға қарсы түрған еңбегінің өзі ерекше елеуге тұрарлық.

1893 жылы Дат корольдігінің ғылым академиясының мәжілісінде В.Томсен Орхон өзенінің бойында табылған руникалық мәтіндердің аудармасын жасап шыққанын жария етті. Бұл шын мәнінде тарихи, шын мәнінде ұлы жаңалық еді. Сонымен он бес ғасыр бойы тіл қатпай келген көне түркі жазбаларына тіл бітті. Сына жазуының кілті табылды. Айтқандай, Астанадағы конференция барысында академик Зөки Ахметов Вильгельм Томсен елемдік лингвистикадағы ғажайып жаңалығын жариялаған сол күнді мүнан былай түркология ғылымының кәсіби мерекесі ретінде атап өту жәнінде көкейге өте қонымды ұсыныс енгізді.

Ресей ғылым академиясының 1894 жылғы 19 қаңтарда өткен мәжілісінде В.В.Радлов Күлтегін жазуының аудармасы жөнінде хабарлама жасады. Сол жылы Радлов аудармасы 50 даналық әуелгі тиражбен басылып та шықты. 1898 жылы аударманың П.Мелиоранский жасаған нүсқасы пайда болды. Сына жазуларының оқылуын ашу және олардың жариялануы ғылым әлемінде зор қызығушылық туғызды. Түркі алфавитінің шығу тегі, мәтіндегі сөз тіркестері мен сөздерді түсіндіру проблемаларына арналған лингвистикалық мақалалар көптеп жариялана бастады. В.В.Радлов, В.Томсен, П.Н.Мелиоранскийден басқа көне түркі руникалық жазуын зерттеу ісіне үлкен үлес қосқандардың қатарында В.Бангті, Г.И.Рамстедті, А.Лекокті, Нажиб Асимді, Ф.Хиртті атауға болады. Түркологтар мен синологтардан басқа мәтіндерді зерттеуге В.Бартольд, И.Маркварт, Е.Броше және басқа иранистер мен арабистер де ат салысты.

1909 жыдцан кене түркі жазуын зерттеудің жаңа, төртінші кезеңі басталады. Осының алдында В.В.Радлов 1896 жылы Қазақстан территориясындағы Талас өзенінің аңғарынан Әулиеата уезінің оязы В.А.Калдаур тапқан тастағы сына жазуының оқылуын ашқан болатын. Сол түста П.Мелиоранский әр жерден табылған үй тұрмысының заттарындағы руникалық жазуларды зерттеген. 1913 жылы Рамстед экспедициясы 1909 жылы ашқан Суджа мен Селенга тастарының сына мәтіндері жарияланды. 1913-1914 жылдары Дат ғылым академиясы В.Томсеннің толық шығармалар жинағын шығарды, оған орхон мәтіндерінің жаңа аудармалары қосылды.

Соғысқа дейінгі кезенде Кеңес одағында көне түркі сына жазуларын зерттеудің бесінші кезеңі басталды деуге болады. Жиырмасыншы жылдардың аяғында С.Е.Маловтың "Древнетурецкие надгробия с надписями бассейна р.Талас" және "Новые памятники с турецкими рунами. Язык и мышление. 6-7 в.в." деген монографиялары жарық көрді. С.Е.Малов археолог Массон геологтардан тауып алған әлемдегі тұңғыш ағашқа түскен сына жазуын да аударып шықты, сондай-ақ көне түркі мәтіндерінің хрестоматиясын дайындап, жариялады. Хрестоматияда В.Томсеннің соңғы аудармасы бойынша Тоныкөк мәтініндегі 29 жолға жаңадан транскрипция жасалған. Б.Владимирцов моңғол тілінде орхон мәтіндерінен ауысқан түркі сөздерін талдаған, С.Кисилев тастар мен тұрмыс заттарындағы жазуларды зерттеген мақалалар жариялады. Белгілі совет ғалымдары Бартольд, Н.Козьмин, А.Бернштам, С.Толстов көне түркі мәтіндерін тарихи түпнұсқа ретінде қарастыратын еңбектер жазды.

Алтыншы кезең соғыстан кейінгі уақыттан басталады. Бұл жылдары көне түркі жазуларын зерттеу жалғаса түсті және де осы проблеманы аймақтық тұрғыда қарастырған еңбектер дүниеге келді. Олардың арасынан руникалық солтүстіккавказдық компоненттеріне арналған

Я.Бойчоровтың жөне Тува аумағында табылған көне руниканы зерттеген З.Б.Чадамбтың еңбектерін атап өткен жөн. Бұлардан басқа руникалық мәтіндермен Д.Д.Васильев, А.Левшин айналысты. Белгілі зерттеуші Г.Кляшторныйдың кітаптарын айрықша бөле айту керек. Олардың ішінде "Сужы жазуының тарихи-мәдени маңызы", "Көне түркі жазуы және Орталық Азия халықтарының мәдениеті" секілді басқа да монографияларын атауға болады.

Ататүрік былай деген екен: „Ең алдымен мен біртұтас түркі ұлтшылымын яғни ұлтжандысымын, солай тудым, солай өлемін. Түркі бірлігі күндердің күнінде шындыққа айналатынына сенемін. Өзім ол күнді тікелей көрмесем де, оны түсімде көре отырып, көзімді жұмамын. Түркі бірлігіне сенемін, оны көріп тұрмын. Ертеңнің тарихы өзінің жаңа кезеңдерін түркі бірлігімен бастайтын болады. Әлем бейбітшілік пен тұрақтылықты сол кезеңдерден табады",- деп қорытқан болатын.

Қорыта келгенде айтарым, өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғанын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Қандай да бір халық өзінің тарихын білмесе, қандай да бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға бейім тұрады. Дүниеде қандай да бір халық өзге жұрттардан ерекше қор болмайын десе, тұқымым құрып кетпесін десе, ол өз тарихын жүрегімен жаттап білуге тиіс. Біз осы орайда ата- бабаларымыздың кім екендігін, олар не істеп, не тындырғандығын, қай ісі пайдалы болып, қай ісінен зиян шеккендігін, қандай себептерден басынан бағы тайғандығын шама-шарқымызша жеткізіп жазуды мақсат еттім.

Қолданылған әдебиеттер

  1. Аманжолов К.Р,түркі халықтарының тарихы.-Алматы ,2002

  2. Махаева А.Ш. Көне түріктердің рухани мәдениеті. Алматы, 2000

  3. Кәдірқұлова Г.Қ. Қазақстан тарихы: Оқулық. Алматы, 2005.

  4. Алматы, 2005. Қазақтың көне тарихы. Алматы, 1993.

  5. Қазақстан тарихы. Очерк. Алматы, 1994.

14

Соседние файлы в папке Тарих