- •Әл-фараби атындағы қазақ ұлттық университеті
- •1. Кеңес үкіметінің идеологиялық негізі және оны қоғамға енгізудің алғышарттары
- •Большевизм және атеистік идеология
- •Қазақстанды атеистендірудің алғышарттары
- •2. Кеңес үкіметінің қазақстанда мұсылман дініне қарсы жүргізген саясаты
- •2.1. Мұсылман дініне қарсы жүргізілген іс-шаралар
- •2.2. Атеистендірудің рухани-мәдени салдары.
- •Қорытынды
1. Кеңес үкіметінің идеологиялық негізі және оны қоғамға енгізудің алғышарттары
Большевизм және атеистік идеология
Большевиктер биліке ие болмай тұрғанның өзінде маркстік-лениндік ілім дінді қанаушы таптардың құралы ретінде танып, оған қарсы күресу қажет деген тұжырымдамаға келген болатын. Сондықтан жаңа өкімет билігінің алғашқы күндерінен ақ өз саясатын дінге қарсы бағыттады. Олай болатын себебі большевиктер партиясының бағдарламасы ғылыми социализмнің, яғни марксизмнің негізінде жасалды. Ал марксизм философиясы диалектикалық матерализмнің негізінде қалыптасқан. Матерализм бағытын ұстанушылар дүниеге ғылыми-атеистік көзқараста қарайды. Демек, большевиктер де маркстік ғылыми-атеизм көзқарасында болған.
Маркстік ғылыми-атеизм дегеніміз дінді дәлелді түрде, ғылыми негізде жоққа шығаратын көзқарастар жүйесі. Алдымен біріне-бірі қарама-қайшы екі түсінік: атеизм және діннің ғылыми анықтамасына, мәніне тоқталсақ. Атеизм грекше – «а» - теріске шығару, шылау және теос - құдай, сөзбе сөз аударғанда – құдайсыздық. Діни түсініктерді (құдайға сенуді, жанның өлмейтіндігін, о дүниені, өлгендердің қайта тірілмейтіндігін т.с.с.) және жалпы дінді жоққа шығаратын көзқарастар жүйесі [24; 32-33 б]. «Атеизм дегеніміз құдайды теріске шығару арқылы адам болмысына сену» - деді К. Маркс [25; 632 б.]. Ал дін – «religio» - латын тілінен аударғанда ар-намыс пен ұятқа негізделген қатынас; құдайдан қорқу, тақуалық, қасиет пен киелілікті құрметтеу т.б. мағыналарды береді. Мұнан, атеизм түсінігі әлгіндей рухани құндылықты, асыл қасиеттерді жоққа шығарушылық болып тұрғанын көреміз. Большевиктер осы атеизмге идеологиялық үстемдік беріп қойды.
К.Маркс пен Ф. Энгельстің идеясын жалғастырушы және іске асырушы Ресейдегі большевиктер партиясының негізін қалаушы В.И.Ленин болғаны анық. В.И.Ленин К.Маркстың «Еуропалық мәселеге», «Неміс идеологиясы», «Фейербах туралы», «Капитал», «Гота программасына сын», т.б. және Ф. Энгельстің «Табиғат диалектикасы», «Антидюринг» т.б. еңбектері мен тезистеріндегі ғылыми атеизм мен дін және дін иелері туралы теорияларын одан әрі шығармашылық тұрғыдан дамытты. Дінге таптық сипат бере отырып, оған қарсы тұруға шақырды. «Халық достары», «Қытай соғысы», «Деревня кедейлеріне», «Социализм және дін» деген мақалаларында дін үстем тап құралына айналғанын мейлінше сынай келе былай деп жазды: «Дін дегеніміз - өмір бойы басқа біреуге жұмыс істеумен, мұқтаждық пен жаншылған халық бұқарасын барлық жерде бірдей басқан рухани езгінің бір түрі.» [26; 10 т. 71-72 б.]. Сонымен қатар ол діннің әлеуметтік жағдайымен байланысты гносеологиялық түбірін қарастыра отырып, жоғарғы тап өкілдеріне қажетті таптық қоғамдағы еңбекшілерді рухани қанайтын құрал деген тұжырымдама жасады. Осы тұрғыда большевиктердің көсемі: «Барлық қанаушы тап өз билігін қорғау үшін екі әлеуметтік қызметті қажет етеді. Ол: қасапшының және дін иегерінің қызметі. Қасапшы езілген еңбекшілердің қарсылығы мен наразылығын күшпен басады. Ал, дін иегері жаншылған шаруаны сабырға шақырып, рухани тынышталдырады» - деп жазды [26; 26 т. 237 б.]. «О дүниедегі жақсы тұрмысқа илану қаналушы таптардың қанаушы таптармен күрестегі әлсіздігін сөзсіз туғызады» деген сөздері өз идеологиясына сай еңбекшілердің түсінігін қалыптастыруды міндет етті. Большевиктер діни идеология жоғарғы тап өкілдерінің билігін нығайтады, қоғамдағы теңсіздікке алып келеді, адамда адамға құл қылады, адамдардың тылсым күштің құдіретінен қорқу инстинкін пайдалана отырып, оларды құлдық бағыныштылыққа тәрбиелейді деген соқыр сенімде болды. Сондықтан да олар еңбекшілерді рухани отардан азат ету керек, қоғамда еңбекшілер қауымын шексіз қанап, тонап жатқанына жеңіл қарамау керек, егер капитализмнің қара күшіне қарсы оның өзіндік күресін оятпай, пролетариатты оятуға ешқандай кітап немесе үгіт-насихат көмектесе алмайды деп есептеді. Еңбекшілерді қанаушылардың рухани отарынан азат етуге байланысты Ленин өзінің «Об отношение рабочей партии к религии» атты мақаласында: «Біз дінмен күресу керекпіз. Бұл – бүкіл матерализмнің әліппесі» - деген болатын [27; 24 б.]. Бірақ Ресейдегі маркстік-лениндік концепцияның дінге қатынасы бұрынғы марксизмнің діни концепциясына қарағанда өте радикалды болды. Пролетариаттар көсемі дінмен күресті: «абстрактілі – идеалық уағызбен шектеуге болмайды. Діннің әлеуметтік негізін жою бағытындағы таптық қозғалыстың іс-әрекетімен байланыстыру қажет» - деп көрсетті [26; 12 т. 146 б.].
Халық санасын атеизмге иландырудың әртүрлі әдіс-тәсілдерін «Жауынгер материализмнің маңызы туралы» мақаласында көрсетіп, «Под знаменем Марксизма» журналын атеизм мен материализм органы етіп, атеистік тәрбие мен діни сенімдерді жою жолдарына тоқталған В.И.Ленин: «Бұқараға атеистік насихат жөнінен мейлінше әр алуан материал беру қажет, оларды тұрмыстың мейлінше әр қилы салаларындағы факторлар мен толыстыру қажет, оларды қызықтыру үшін, діни ұйқыдан ояту үшін оларды түрліше әдістермен серпілту т.с.с. үшін оларға олай да, бұлай да жақындаса білу қажет» деп партияға құйтырқы өсиет қалдырды. Осыдан кейін партия басшылығының дін жөніндегі саясаты мен атеистік насихаты осы көрсетілген бағыт-бағдардан жаңылған емес, қайта асыра орындап шыққанын көптеген құжаттар дәлелдеп берді. Пролетариаттардың көсемі атеистік үгіт-насихат жүргізуді большевиктер партиясының құзырына берді. Осы тұрғыда: «оның негізгі міндеті: қаналушы еңбекші-шаруалардың қанаушыларға қарсы таптық күресін дамыту» - деп нығырлады. Сонымен қатар Ленин діни наным-сенімдерді жеңу еңбекшілердің қанаушыларға қарсы күресімен, қоғамды ревалюциялық қайта құрумен, социализм және коммунизмнің құрылуымен тығыз байланысты деп есептеп, ескі қоғамдық қатнастарды ревалюциялық жолмен бұзғанда ғана дінге қарсы күрес өте сәтті жүреді деген тұжырымдама жасады. Дін философиясы әр түрлі халықтардағы бүкіл адамзаттық құндылықтарғы тигізетін әсеріне өзінше ерекше баға беруге тырысты. Шварцман жоғарыдағы пікірді қолдай отырып: «адамзат тарихындағы рухани өнегелік байланыстар белгілі бір материяның негізінде өседі. Белгілі бір тап өкілінің материалдық қызығушылығын туғызады» - деген болатын [28; 22-23 бб.]. Өз кезегінде Костенко діни-рухани құндылыққа: «діндегі мораль принціптері бүкіл адамзаттық құндылықтардың негізін – өзгертпейді, тек қоғамдағы опиум қызметін атқарады» - деген анықтама берген болатын [29; 81 б.]. Большевиктердің дінге қатысты бағдарламалық құжаты Лениннің 1905 жылы жазылған «Социолизм и религия» еңбегі болып табылады. Онда большевиктік партияның дінге қатысты саясатының принціптері жасалған. Осылардың ең негізгілеріне тоқталып өтсек:
Біріншіден, аталмыш құжатта дін қаналушылардың қанаушыларға қарсы күресін әлсірететін және әлеуметтік теңсіздікті туғызатын рухани отарлаудың қаруы ретінде қарастырылған;
Екіншіден, бұл еңбекте діни сананы және дінді бағындыру міндетті түрде таптық күрес арқылы болатындағы нақтыланған, яғни дінге қарсы күресті социализм үшін күреспен біріктіру керек делінген;
Үшіншіден, большевиктер партиясының көсемі еркіндікті талап етудің саяси тұжырымдамасына және т.б. түсініктеме берген, яғни ешқандай дінді уағыздамау және дінге қарсы үгіт-насихат жүргізу заңдылықтарын түсіндірген;
Төртіншіден, Ленин большевиктер партиясы пресса арқылы кез-келген дінмен халықты әлеуметтік теңдікке сендіру және шыдамды түсіндіру секілді идеялық қарумен күресетіні айтылған. Аталмыш тұжырымдамалар кейінірек теорияны практикаға айналдыру әрекеті кезінде тек қағаз жүзіндегі естелік секілді болып қалды. Ал большевиктер идеологиясының негізін қалаған теоретиктің бұлай жұмсаруының себебі, халықты дінге қарсы дайындалған радикалды бағдарламамен шошытып алмас үшін тактикалық қажеттіліктен туған. Бұл тактикаға қатысты большевиктердің өзіндік «ревалюциялық маральі» бар еді. Мұны Ресейдегі пролетарлық ревалюция көсемдерінің бірі Л.Троцкий былай түсіндіреді: «Ленинизм аяғынан басына дейін соғысқа негізделген. Ал соғыс айласыз, қулықсыз, жауды алдамаусыз болмайды. Үнемі жеңіске жетелейтін әскери қулық Лениндік саясатқа өте қажет элемент болып табылады. Соған қарамастан Ленинизм партия мен таптың алдында ең жоғарғы ревалюциялық шындық болып табылады» [30; 192 б.].
Пролетарлық партияға қатысты дінді әркімнің жеке ісі деп жариялаған оңшыл оппортунистерге қарсы сөзінде В.И.Ленин кеңес адамының дінге қатысы қалай болу керектігін былайша анық түрде жария етеді: «Дін әркімнің жеке басының ісі деп жариялануға тиіс - дағды да социалистердің дінге көзқарастары осылай айтылады. Бірақ, бұл сөздер ешқандай түсініспеушілік туғызбау үшін олардың мағынасын дәлме дәл анықтау керек. Біз мемлекет жөнінде ғана дін әркімнің жеке басының ісі болуын талап етеміз, ал діннің біздің партиямызға қатысы жөнінде біз оның әкімнің жеке басының ісі деп ешбір санай алмаймыз. Мемлекеттің дінмен жұмысы болмауы, ал діни қоғамдардың мемлекеттік өкіметпен байланысы болмауы керек. Әркім қалаған дінін ұстауға немесе ешқандай дінді ұстамауға, яғни, әрбір социолистерше атеист болуға ықтиярлы. Бірақ, пролетариат партиясы үшін дін әркімнің жеке басының ісі емес. Біздің партия - жұмысшы табын азат ету жолында күресетін саналы, алдыңғы қатарлы күресушілердің одағы. Мұндай одақ санасыздыққа, қараңғылыққа немесе діни нанымдар сияқты қаратүнек надандыққа немқұрайлы қарай алмайды және олай қарауға тиіс те емес. Діншілдік тұманға қарсы таза идеялық және тек идеялық қару арқылы күресу үшін біз діннің мемлекеттен толық бөлінуін талап етеміз. Ал идеялық күрес біз үшін әркімнің жеке басының ісі емес жалпы партиялық, жалпы пролетариаттық іс» [26; 12 т. 152 б.].
Коммунистік партияның манифесінде: «...коммунизм мәңгілік ақиқаттарды жояды, ол дінді...жояды» - делініп әу бастан-ақ дінге қарсы позициясын ашық жариялаған болатын [25; 72 б.]. В.И.Лениннің дінге қарсы кесіп айтқан сөзіне назар аударып қарасақ: «Діни идеяның қандайы болса да, құдайекең атаулы туралы идеяның қандайы болса да, тіпті құдайекеңмен шүйіркелесудің қандайы болса да барып тұрған пасықтық... ең қауіпті пасықтық, жексұрын жұқпалы ауру» - деген нұсқауларын басшылыққа алған партияның XII съезінде «Дінге қарсы үгіт-насихатты жолға қою туралы» арнаулы қаулысы да өмірде іске асты. «Біздің программамыз түгелдей ғылыми дүниетанымға негізделген және оның үстіне нақты материалистік дүниетаным негіздеріне құрылған. Сондықтан біздің программамызды түсіндіру діншілдік тұманының шын тарихи және экономикалық тамырларын түсіндіруді де қажетті түрде қамтиды. Біздің насихатымыз атеизмді де насихаттауды да қамтиды. Тиісті ғылыми әдебиетті шығару, енді біздің партияның жұмысының бір саласы болуға тиіс» - деп мәлімдеді В.И.Ленин [26; 12 т. 152 б.].
Дінді теріс түсіндіру, керітартпа құбылыс ретінде қарастырылды. Дін - жеке меншікшілдік, әйелге төмен көзқарас, дарашылдық, жайбарақаттық, еңбектегі керенаулық сияқты ескіліктің санадағы зиянды қалдықтарына дем беріп, жандандырып отыратын, адамды үмітсіздікке жетелейтін, үстем тап өкілдеріне қызмет ететін құрал деп теріс баға берілді және оған қарсы идеялық күрес үздіксіз түрде жүрді.
«Діншілдік тұманға қарсы таза идеялық және тек идеялық қарумен, баспасөзімізбен күресу үшін біз шіркеудің мемлекеттен толық бөлінуін талап етеміз», - деген болатын большевиктердің көсемі [26; 10 т. 67 б.].
Коммунистік партия дінге қарсы күресте марксизм ілімін басшылыққа алды. Марксизм дінге мейлінше қас. «Біз дінмен күресуге тиіспіз. Бұл - бүкіл материализмнің әліппесі, олай болса, марксизмнің де әліппесі» Қызыл көсем одан әрі: «Бірақ марксизм әліппеге тоқтап қалған материализм емес. Марксизм оданда әрі барады. Ол: дінмен күресе білуі керек, ал ол үшін бұқарада бұл танымның және діннің қалай пайда болғанын материалистік тұрғыдан түсіндіру керек.» [26; 15 т. 413 б.]. Сондағы аңғаратынымыз, марксизм дінмен күресте материализмнен анағұрлым күшті ілім болып табылады екен. Марксист адам - материалист болуға, яғни діннің жауы болуға тиіс, бірақ материалист болғанда диалектикашыл материалист болуға, яғни дінге қарсы күресу ісіне абстрактылы түрде емес, дерексіз, таза теориялық әрқашан өзіне тең уағыз негізінде емес, нақтылы түрде іс жүзінде болып жатқан және бұқараны бәрінен де көбірек, жақсырақ тәрбиелейтін тап күресі негізінде қоятын болуға тиіс» деп әрбір кеңес адамының дін атаулыға көзқарасын айқындап берді [26; 15 т. 416 б.]. Сонымен дінге қарсы күрес идеялық күрес, партиялық іс болды. Партияның діни көзқарасқа қарсы идеологиялық күресі дүниеге бір жақты ғылыми көзқарас - марксизм-ленинизмге және оның теориялық негізі диалектикалық материализмге негізделген. Осы ғылыми көзқарас осылайша идеологияландырылды. «Діни соқыр сенімдерге қазіргі уақытта дүниеге ғылыми, материалистік көзқарастың - ғылымға жат, діни көзқарасқа қарсы идеологиялық күрес деп қаралуға тиіс» деп бекітілді [31; 3 б.]. Сөйтіп, большевиктер қоғамға ғана емес, адам санасына түбегейлі төңкеріс жасады десек болады. Тіпті В.И. Ленин «Социализм - есть религия» деп жар салды. Материализм атеизмнің философиялық негізі болып табылады. Материалистік көзқарас дінді біржолата бекерге шығарады. Дәйекті материализм дінмен келісімге келмейді. Материализмге идеализмді қарсы қойды. Кеңестік марксистер идеализмнің құралы - дін деп теріс бағалайды. Олардың ойынша, «Идеялизм діннің нәзік формасы. Сонымен бірге догмаларына ғылымсымақ түр беруге әрекеттенеді. Дін дегеніміз тұрпайы идеализм. Әдетте дін өзінің ғылымға қарсы қағидаларын дәлелдеуге тіпті тырыспайды» деген қасаң анықтамалар береді [32; 48-54 бб.]. Дінге атеистік анықтама беріліп «дін апиын» деп кеңестік жоғарғы оқу орындарында осылайша оқытылып келді [33; 6 б.]. В.И. Ленин бастаған большевиктер капитализмге қарсы күресте таптық теория мен материалистік ұстанымды негіз еткен маркстік ілімдермен қаруланған ғылыми атеизмді идеологиялық құралға айналдыруда бар күш-жігерін салып бақты. «Марксизм, - дейді В.И. Ленин, - буржуазиялық заманның аса бағалы табыстарын керексіз етіп тастамай, қайта керісінше адамзат ойының, мәдениетінің 2000 жылдан аса уақыттың ішіндегі дамуындағы бағалы нәрсенің бәрін игеріп, қайта өңдеп революцияшыл пролетариаттың идеологиясы ретінде өзінің бүкіл дүние жүзілік тарихи маңызына ие болды» - деп жазды [26; 3 т. 320 б.]. Большевизм теоретиктері идеалистік философиялық мектептерді адамзаттық ғылымға қайшы деп есептеп, осы ойларын қалайда болмасын дәлелдеуге тырысты. Мәселен, «Материализм және эмпириокритицизм» еңбегінде идеализмнің тірегі дін деп оған қарсы тұрды. Философияда партиялық принціпті дамытты және құдай іздеушілік пен құдай жасаушылықты саяси зиян деп есептеді. Оның үстіне бұл ойлар өте тұрпайы айтылды. В.И.Ленин М.Горькийге жазған хатында құдайға және діни ойға мынандай сипаттама береді: «кез-келген құдайдың сондай таза, әрі тамаша болсада жерлеуі бар... қандайда бір құдай туралы болмасын кез-келген діни ой, құдайға қылымсып жағымпаздану айтып жеткізуге болмайтын жексұрындық. Ал ең қауіптісі жексұрындық ең жаман жұқпалы ауру» [26; 48 т. 226-227 бб.]
«Жұмысшы партиясының көзқарасы» (1909 ж.) мақаласында дін мен шіркеу, мешітке қарсы марксизм тактикасын белгілейді: «Дін дегеніміз - халықтың басын айналдыратын апиын,- Маркстың осы нақыл сөзі марксизмнің дін мәселесі жөніндегі бүкіл дүние тануының ірге тасы болып табылады. Осы заманғы шіркеулер мен діндердің, әр алуан діни ұйымдардың бәрін марксизм әрқашан буржуазиялық реакцияның жұмысшы табын қанау мен оның басын айналдыру үшін қызмет ететін органдар, деп таниды»- деп дін атаулыға теориялық қарсы тұруы, кейін идеологиялық шабуылға ұласты [26; 15 т. 410-411 бб.].
Марксистік идеологияға сипат берген большевиктер социализм құрылысының басты кедергісі - дін деп есептеп оған қарсы шықты. Осы туралы Кеңес мемлекетінің дінге қатысты саясатын әшкере етіп жазған Н.Струве өзінің «Христиане в СССР (Париж 1963 ж.)» деген еңбегінде 20 жылдары коммунистердің ең басты әрекеті дінге қарсы жұмыс болғанын атап көрсетеді. Атеизмді идеологияландыру жан-жақты бағытта, ғылыми материалистік тұрғыда дәлелдеу арқылы жүргізіле бастады. В.И.Лениннің өзі «Дінге қарсы күрес науқан емес, ұзақ процесс сондықтан діни соқыр сенімдерге қарсы күресте табандылық керек деген болатын» [34; 78 б.]. «Баяндамашыларды алдын-ала мұқият даярлап алмайынша, дінге қарсы айтыстар және дінге қарсы басқа сөздер әсте өткізілмесін. Сөздердің өзі неғұрлым ғылыми сипатта болып, қалың бұқараның талап-тілегін қанағаттандыратын, діни түсініктердің орнына, оның орнын толтыратын бірсапыра ғылыми мәліметтер берілуі тиіс. Дінге қарсы үгіт пен насихатты шаруашылық саласындағы әртүрлі міндеттермен: электрлендірумен, суару жұмыстарының жүйесімен, егіншілік тәсілдерін жақсартумен және т.б. байланыстыру ерекше қажет, сөйтіп осы арқылы бұл жөнінде тек ол өзіне-өзі ғана көсмектесе алады деген ойды сіңіре беру керек. Діншілдердің реакцияшылдық ролін әшкерелей отырып, мұндай әшкерелеуді поптардың, молдалардың жеке басына шабуыл жасауға айналдырмай, қайта дін басыларын діни ұйым ретінде сынға алу қажет. Дінге қарсы үгіт туралы мәселені жауынгерлік, кезек күттірмейтін міндет ретінде бірінші орынға қоюға әсте болмайды. Коммунисттердің өз арасында да діни ғұрыптарды сақтау (әсіресе ауылдық жерлерде) кездесетінін ескере отырып, совет партия мектептерінде бұл мәселе жөніндегі байыпты дайындыққа көңіл бөлінсін. Қайта тіркеу кезінде дінге қызмет істейтін адамдардың партия қатарына қалмайтын болуына назар аударылсын. Деревнядан және малшылар арасынан шыққан, ревалюциялық күресте өзінің коммунизм ісіне берілгендігін дәлелдеген діндар коммунистер ерекше жағдайда ғана белгілі бір мөлшерде партия қатарына жіберілсін. Бұлар жөнінде олардан әбден лайықты коммунисттер өсіріп шығару үшін ғылыми сипаттағы арнаулы насихат жұмысы жүргізілсін,оларды облыстық және арнаулы совет-партия мектептеріне жіберіп тұру керек.» [41; 1 т. 33 б.].
Сонымен дін туралы маркстік-лениндік теорияның бірнеше негізгі принціптерін көрсететін болсақ:
Дін білімсіздіктің жемісі, белгісіз табиғи күштен қорқынышы болып табылады. Сондықтан адамның белгісіз табиғи күш туралы рационалды түсінігі диолектикалық матерализм заңдылықатрын игерудің негізінде діннің гносеологиялық түбірі жоғалыды;
Діннің қалыптасу негізінде әлеуметтік негіз бар. Діни идеология қоғамдағы теңсіздікті, жеке иелікті өмірде адамның екінші бір адамды қанауына жол беретін, қанаушылардың билігін күшейтетін таптық қоғамдағы онтогонистік қатнастың жолы болып табылады. Мұнан дінмен күрес міндетті түрде қажет деп есептеген тарихи матералистік түсіндірудің басымдығын көруге болады;
Лениннің түсіндіруіндегі ождан бостандығы дегеніміз – бұл бәрінен бұрын ешқандай дінді уағыздамау, атеист болу және дінге қарсы үгіт-насихат жүргізу еркіндігі;
Егер мемлекеттік қатнас үшін әркімнің жеке ісі болса, онда пролетариаттық партиялық қатнас үшін дін әркімнің жеке ісі болмады, яғни партияның бағдарламасына сәйкес партия мүшелерінің барлығы атеист болу керек және дінмен күрес бұл партияның негізгі міндеттерінің бірі болды;
Дінмен күрес таптық күрес міндеттерінің орындалуы аясында жүргізіліп, діни идеологияның орнына маркстік-лениндік көзқарастағы социолистік қоғам құруға жұмылдыруы қажет;
Мұның барлығы коммунистік доктринаның жаулық пиғылда болғанын және оны өзінің негізгі идеялық қарсыласы деп есептегенін көрсетеді. Маркстік-лениндік теория бойынша дін жеке меншікті қорғайды, әлеуметтік теңсіздікті қамтамасыз етеді, қанаушылардың билігін нығайтады және оларға еңбекшілерді қанау мен алдаудың құралы ретінде қызмет етеді. Демек, бұл теория бойынша адамды адамның қанауын түп-тамырымен жою үшін міндетті түрде қоғамдық өмірден дінді аластау керек. Ол үшін дінге қарсы міндетті түрде күрес жүргізу қажет және бұл күрес социализм мен коммунизм үшін күрестің негізгі міндеттерінің бірі болу керек. Егер дін қанаушы таптың идеологиялық негізі болса, онда оның орнына теңдікті, әділдікті, жақтайтын пролетариаттық идеология басу керек деп есептеді.
Кеңес өкіметінің дінге қарсы саясатының теориялық негізін қарастыруды қорыта келе былай тұжырымдауға болады: бұрынғы Ресей Импеиясы құлап онда болшевиктер билігі орнағаннан бастап осы территориядағы діннің трагедиялық тағдыры басталады. Бұл трагедияны жақсы ашып көрсеткен зерттеушілердің бірі Николай Бердяев өз еңбегінде: «коммунизмнің дінге деген жаулық қатнасы кездейсоқтықтан туған жоқ, ол коммунисттік дүниетанымының негізіне жатады. Коммунистік құрылыс саналы индивитке сай мәдениеттің ең соңғы сатысы. Онда мемлекет тоталитарлық, абсолюттік билікте болады. Ол ойдың еркінен тыс бірлігін талап етеді. Коммунизм барлық өмірді қамтиды. Ол қандайда бір әлеуметтік ортаға қатысты емес. Сондықтан оның басқа діни сенімдермен қақтығысы заңды нәрсе» [35; 211 б.]. Бұл ойды Лениншілердің өзі де ашық жазады. Мәселен: «Коммунизм – деп жазды А.В.Луначарский, - діннің өте қатал жауы, ол дінді ең соңында жойып көмеді, сонда ғана коммунизмге жарқын, бақытты тұрмысын қалыптастыруға мүмкіншілік туады» [36; 287 б.].
Халық Комиссарлар Кеңесінің 1918 жылы 23-і қаңтардағы декреті негізінде мемлекет тарапынан ендігі жерде рухани-діни құрылымдарға тотальді бақылау қойылды. Кейінгі кездері кейбір зерттеушілер осы декреттің алғашқы жобасының атауы басқаша болғаны жөнінде пікірлер айтып жүр. Мысалы, Ф.К.Лауренайтис декреттің алғашқы нұсқасы «Мемлекеттен шіркеуді, шіркеуден мектепті бөлу» емес, «ұждан бостандығы, шіркеу және діни бірлестіктер туралы» деп аталғаны жөнінде тосын пікірді алға тартады. Әрине. бұл атау еш жерде редакцияланбаған, халыққа әлгіндей атаумен таралып кеткен. Ф.К.Лауренайтис бұлай аталып кету себебін халыққа мейлінше түсінікті болуымен түсіндіреді [37; 73-76 бб.]. Большевиктердің бастапқы атауды өзгертуі олардың дінге қатысты саясатының бағыт-бағдарын көрсетіп берсе керек. Осыдан кейін осы декрет негізінде съездерде қаулы-қарарлар кабылданып отырды. 1919 жылы наурыздағы РКП(б) XVIII съезд бағдарламасында декрет бойынша іс-шаралардың қанағаттанарлықтай еместігін, енді партия барлық қанаушы таптар және діни ұйымдармен байланысты біржола үзе отырып, жұмысшы бұқараны діни наным-сенімнен азат ету, дінге қарсы ғылыми-ағартушылық бағытта кең ауқымда жүргізу міндеті қойылады [19; 2 т. 49 б.]. Осыған сай съезде «деревняда саяси және мәдени ағартушылық жұмыстар жүргізу туралы» қарар қабылданып, онда «мектеп шіркеуден, қандайда болса діннен, дін атын жамылған контрреволюцияшылдардың ықпалынан аластатылу қажет деп шешілді. Бірақ, Кеңестік Ресей әр азаматтың діни бостандығына кепілдік береді және бұл шараның мұқият іске асырылуын қадағалайды, тіпті дінге күштеушіліктің өзін жауапқа тартады. Сонымен бірге дінге сенушінің ғибадат қылуына нұқсан келтірушілер қатаң жазалануы тиіс» делінген [19; 1 т. 452 б.]. Осы жерде діни этиканың құкықтық реттелуін жоғары бағалауымыз керек. Одан кейін қабылданған 1921 жылы наурыздағы X съезде «Главполитпросвет және үгіт-насихат туралы» партия тапсырмасы бойынша Главполитпросветтің міндеттері белгіленді. Бұл бойынша Главполитпросвет бұқара арасында дінге қарсы үгіт насихат жұмысын ұйымдастыру және оны іске асыру міндеттелді. Осы мақсатта органның жұмыс мазмұны бұқара арасында баспасөз құралдары арқылы: газет-журнал, кітап, оқулықтар шығару, лекциялар топтамасын жариялауды қазіргі техника жетістіктерін (кино,фото) пайдалана отырып тарату болды. ОК РКП(б) Пленумында дінге қарсы үгіт-насихат туралы 13 пунктен тұратын бағдарлама жасалды. Ол бойынша: Дін қызметкерін, сенуші болсын, ондай сенімдегі кандидат партияға өткізілмесін. Егер партия мүшелігінде ондай азамат болса, ол аз уақыт ішінде ғибадатын тиып шіркеумен қатынасын үзсін, бұл талаптар орындалмаса партиядан қуылсын [38; 59 б.]. Осындай қабылданған каулы-қарарларда коммунист адамның дінге қатысты міндеттері белгіленіп отырды. Мысалы, КПСС жарғысында былай көрсетілген. «Партия мүшесі мынаған міндетті: маркстік-лениндік теорияны жетік меңгеріп, өзінің идеялық деңгейін арттыру, коммунистік қоғам адамын қалыптастыру және тәрбиелеу. Коммунистік мораль прициптерін сақтай отырып, жеке басынан қоғамдық мүддені жоғары қойып буржуазиялық идеологияның кез-келген көрінісіне, өткеннің ескіліктеріне және діни қалдықгарға қарсы ымырасыз күрес жүргізуге тиісті» делінгенінен көреміз [39; 215-216 бб.]. Кеңестік Конституция және соның негізінде қабылданған зандар партияның дінге қатысты ұстанымын айқындап берді және коммунист адамның діннен бас тартуын талап етті. Әрине, осы мақсатта идеологиялық жұмыстарды кең ауқымда іс жүзіне асырды.
Сонымен бірге партияның дінге қатысты, әсіресе мұсылман дініне қарсы қатаң позициясын ресми құжаттардан анық көре аламыз. Мемлекеттік атеистік саясаттың исламға қатынасының өзіндік ерекшеліктері болды.
Ресей мұсылмандарына арналған үндеуде «Сіздердің осыдан бастап діни сенімдеріңізге және әдет-ғұрыптарыңа, ұлттық және мәдени мекемелеріңе бостандық пен дербестік право жарияланады»- деп мәлімделгенімен іс жүзінде олай болмады [40; 1 т. 273 б.]. ОК РКП(б) 1920 жылы «Шығыс халықтары арасында барлық партия комитеттері мен саяси бөлімдер жұмысы туралы» қаулысы кеңестік биліктің «исламдық факторға» қатынасын айқындап берді. Бұл құжат мұсылман халықтарының діни-ұлттық ерекшеліктеріне қарай олармен қалай жұмыс істеу керектігіне алғышарт жасады. Онда мұсылман халықтарында «діни қалдық күшті сақталып қалған, тіпті олардың өмірінде дін еуропалықтарға, орыстарға қарағанда әлдеқайда берік» - деп көрсетілді. Коммунистер мұсылман қоғамының таптық сипатын дәлелдеу мақстында халықты сауаттандырып, клуб-мектептер ашып, адам, табиғат туралы санасын кеңейтуде білім беруді жолға қойды. Өздерінің бүл әрекеттерін «Кеңестік құрылыс шеңберінде мұсылман бұқарасының өз ұлттық тағдырын өзі шешуіне жанашырлық көрсетудеміз» деп мәлімдеді [41; 2 т. 237 б.]. 1920 ж.ж. ортасында мұсылмандық дәтүр жанданып, әртүрлі мұсылман мекемелері рухани жұмыстар атқарып тұрды. Мұсылмандық шариғат ісі өріс алып, сопылық жолды қуушы мүридтер 500-800-ге дейін барды [42; 89-93 бб.].
1923 жылы Қазақстанның діни істері Уфадағы орталық діни басқарма құзырына қарағаны белгілі. Исламдық фактордың белсенділігі компартиялық биліктің өзін бұқара арасындағы идеологиялық ықпалын әлсіретеді деп қауіптендірді. Енді партия исламға қатал түрде саясатқа кіріседі.
1923 жылы РКП (б) XII сьезде «Дінге қарсы үгіт-насихат туралы» қаулысында: Одақ республикаларындағы 30 млн мұсылман халқына назар аударуымыз керек. Оларда орта ғасырдан бері діни қалдықтар мызғымастан әлі күнге дейін сақталып келеді, оның контрреволюциялык мақсатта қолданылу қаупі бар. Сондықтан әртүрлі ұлттың ерекшелігін ескере отырып, діни қалдықтарды жоюдың түрлері мен әдіс-тәсілдерін жасау қажет деп көрсетілді [27; 64 б.].
1926 жылы КазКСР-дегі мұсылмандар дініне қарсы насихат туралы тезистерде шаманизм қалдықтарының олардың өмірінде үлкен маңыз алып отырғаны ескертіледі. «Ислам таптық езушілік құралы, байларға қызмет етеді» деп теріс айдар тағылды. Сондықтан мұсылмандардың арасында үгіт насихат барлық деңгейде жүргізілуі тиіс деп белгіленді. Осы тектес құжаттардан большевиктердің дінге қатысты, әсіресе мұсылмандарға қатаң позицияда болғанын аңғару қиын емес.
Жоғарыдағыларды жинақтай айтқанда, жан-жақты кең көлемдегі атеистік насихат жүргізу нәтижесінде кеңес халқының маркстік идеологияға негізделген «атеистік - коммунистік» дүниетанымы қалыптастырылды.
Жалпы, кеңес мемлекетінің идеологияландыру саясатының бір жағы халықты діннен аластату әрекетімен тығыз байланысты. Сондықтан бұл мәселе терең зерттелуі керек деп ойлаймыз. Комунистік партияның дінге қатысты саясатының астары туралы Н.Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде тоқталып өтеді: «Қазақтың бүкіл тарихы, әсіресе діни тарихы өлтіре сынға алынды» дей келе, «біздің тарихтың Ресей империясының териториялық ауқымындағы көшпелі және одан кейінгі кезеңіне тән. Онда мемлекеттік дін ретінде православие тықпаланды, одан кеңес тарихы кезінде атеизм бел алды» деп, бұған назар аударады [1; 184 б.].
Соңғы кездері маркстік коммунистік идеология керемет еді деушілердің пікіріне былай деп тойтарыс береді: «Тоталитарлық данышпандардың идеологиялық жаттығулары шала-шарпы ұғынылған марксизм мен ауыл арасындағы өр көкіректіктің бытпырақ қойыртпағы ғана екені ойларында жоқ» [1; 239 б.].
Ойымызды түйіндей айтсақ XX ғасыр басында социализмді дін деп халыққа күштеп таңған большевиктер шынында, жұртты ғасырлық дәстүрінен, руханияты мен дінінен аулақ етті. Діни сенімді коммунистік идеологиямен алмастыруға тырысып бақты.
Кейбір зерттеушілер айтып жүргендей, марксизм-ленинизм - бұл XX ғасырдағы идеологиялық бағыт. XIX ғ. ортасында К.Маркс пен Ф.Энгельс орта ғасырлық қараңғылықтағы теологияға ғылыми - сыни талдау жасаған және олардың дінге сын пікір айтқанын ескермеу мүмкін емес. Ал XX ғ. басындағы большевиктер осы ілімді өздеріне идеологиялық құрал етіп алды. Сөйтіп ғылыми - сыни марксизм XX ғ. басында Кеңес мемлекетінің идеологиялық қүралына айналып кеткенін айту керек. Маркстік ілімді идеологиялық қалыпқа салудың нәтижесінде кеңес елінде атеистік саясат жүргізілді.
Жоғарыда аталған мамандардың пікіріне сүйене отырып кеңес өкіметінде дінге қарама-қайшы атеистік дүниетаным орнықтырылғанына көз жеткіземіз. КСРО тарихының өне бойында табиғи діни санаға ғылыми материализм негізінде дейтін атеистік дүниетаным қарсы қойылып, онымен күресте ұдайы идеологиялық құралы ретінде қолданылды.
Мұның барлығы коммунистік доктринаның жаулық пиғылда болғанын және оны өзінің негізгі идеялық қарсыласы деп есептегенін көрсетеді. Маркстік-лениндік теория бойынша дін жеке меншікті қорғайды, әлеуметтік теңсіздікті қамтамасыз етеді, қанаушылардың билігін нығайтады және оларға еңбекшілерді қанау мен алдаудың құралы ретінде қызмет етеді. Демек, бұл теория бойынша адамды адамның қанауын түп-тамырымен жою үшін міндетті түрде қоғамдық өмірден дінді аластау керек. Ол үшін дінге қарсы міндетті түрде күрес жүргізу қажет және бұл күрес социализм мен коммунизм үшін күрестің негізгі міндеттерінің бірі болу керек. Егер дін қанаушы таптың идеологиялық негізі болса, онда оның орнына теңдікті, әділдікті, жақтайтын пролетариаттық идеология басу керек деп есептеді.
Кеңес өкіметінің дінге қарсы саясатының теориялық негізін қарастыруды қорыта келе былай тұжырымдауға болады: бұрынғы Ресей Импеиясы құлап онда болшевиктер билігі орнағаннан бастап осы территориядағы діннің трагедиялық тағдыры басталады. Бұл трагедияны жақсы ашып көрсеткен зерттеушілердің бірі Николай Бердяев өз еңбегінде: «коммунизмнің дінге деген жаулық қатнасы кездейсоқтықтан туған жоқ, ол коммунисттік дүниетанымының негізіне жатады. Коммунистік құрылыс саналы индивитке сай мәдениеттің ең соңғы сатысы. Онда мемлекет тоталитарлық, абсолюттік билікте болады. Ол ойдың еркінен тыс бірлігін талап етеді. Коммунизм барлық өмірді қамтиды. Ол қандайда бір әлеуметтік ортаға қатысты емес. Сондықтан оның басқа діни сенімдермен қақтығысы заңды нәрсе» [35; 211 б.]. Бұл ойды Лениншілердің өзі де ашық жазады. Мәселен: «Коммунизм – деп жазды А.В.Луначарский, - діннің өте қатал жауы, ол дінді ең соңында жойып көмеді, сонда ғана коммунизмге жарқын, бақытты тұрмысын қалыптастыруға мүмкіншілік туады» [36; 287 б.].
