
Сырым Датұлы басқарған Кіші жүз қазақтарының көтерілісі:
Кіші жүздің негізгі бөлігі Ресейдің құрамына қосылғанымен, қазақ руларының патша үкіметінің аграрлық саясатына қарсылығы толастамады. 1782-83 жылдарда қыстың ауыр болуынан жұттан қазақтардың біраз малдарының шығын болуын казак әскерлері жергілікті халыққа қысым көрсету үшін пайдаланды. Осының барлығы Кіші жүздегі саяси жағдайды шиеленістіріп жіберді.
Көтерілісшілердің басты мақсаты - ғасырлар бойы қалыптасқан жерді пайдалану жүйесін қалпына келтіру, Орал казак әскерінің қазақ жерлерін басып алуын тоқтату, Нұралы хан мен оның сарайындағы ақсүйектердің озбырлығына шек қою. Патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған осы ірі көтерілістің халық таныған басшысы Байбақты руының старшыны, батыр Сырым Датұлы болды. Сырымның Орал казак әскерімен кескілескен күресі 1784 жылдың маусым айында басталды.
1787 жылдың наурыз айында көтерілісшілерді талқандау үшін 1250 қарулы казактары бар Орал казак әскерлерінің старшиналары Колпаков пен Пономарев жорыққа шықты. Патша жазалау тобының қимылдарын қиындату үшін Сырымның сарбаздары суы тапшы, шөлейтті, тақыр жерлерге шегінді. Қазақтардың қарсылығына қарамастан, бейбіт ауылдарды ойрандаған Колпаковтың тобы алдына қойған мақсатына жетпеді.
1792 жылы патша әкімшілігінің хан билігін қалпына келтіруімен Кіші жүзде халық қозғалысының жаңа көтерілісі басталды. Бұл уақытта билердің көпшілігі қозғалыстан бөлінген-ді, ал С.Датов партизандық күреске көшкен болатын.
1797 жылы көтерілісшілер Есім ханды өлтірді. Патша үкімті жауап ретінде тек жазалаушы отряд жіберіп қана қойған жоқ, сонымен бірге Кіші жүзде хансыз Хан кеңесін құрды. Бұл сұлтан, би, рубасыларының мүддесіне сай еді, олардың көтерілісшілерге қарсы бірігуіне жағдай жасады. Осы жерде С.Датовтың тұрақсыздығы білінді: 1797 ж.,29 тамызда ол үлкен отряд басқарып, Хан кеңесінің мәжілісіне келді де күресті тоқтататыны туралы мәлімдеді. Бұл әрекеті үшін оны Хан кеңесіне алды, ал көтерілісшілер басшысыз қалды.
1783-1797 жж. Сырым Датов басқарған көтеріліс патшалық езгіге және оның қолшоқпарлары - хандар мен сұлтандарға қарсы кең тараған бұқаралық қозғалыс болды.
Көтерілістің тарихи маңызы зор: бұл қозғалыс Еділдің шығыс өңіріндегі ірі халықтық сипаттағы қозғалыс; көтеріліс патша үкіметінің отарлау саясатының түпкілікті мақсаты ең шұрайлы,жер шаруашылығына қолайлы Жайық бойындағы өңірді басып алуы екенін дәлелдеді; көтерілістің басты талабы - жер мәселесі 1836-1838 жылғы «Ішкі ордадағы көтерілісте» де айқын көрінді.
Сырым Датұлының өмірі, ерліктері, ардагер адамгершілігі туралы мәліметтер халық ауыз әдебиетінде сақталған.