Бірінші негіз: раббысын тану
Егер сізден: «Раббың кім?» - деп сұраса, сен оған былай деп жауап бер: «Менің Раббым – Аллаһ. Ол Өз нығметімен мені және бүкіл әлемдерді тәрбиелеп-өсірді (Раббылық етті). Мен Оған ғана құлшылық етемін және мен үшін Одан басқа құлшылық етер ешбір тәңір жоқ!»
Аллаһ Тағаланың келесі сөздері бұған дәлел болады:
«Барлық мақтау әлемдердің Раббысы – Аллаһқа тән». («Фатиха» сүресі, 2-аят)
Аллаһтан өзге барлық нәрсе әлем болып табылады және мен сол әлемнің бірімін.
Егер де сізге: «Сен Раббыңды не арқылы таныдың?» - деген сұрақ қойылса, сіз: «Оның аяттары (белгілері) мен жаратылыстары арқылы (таныдым)», - деп жауап бер. Оның аяттарынан (белгілерінен): түн мен күндіз, күн мен ай. Ал жеті көктер және жеті қат жер, әрі олардағылар мен олардың арасындағылар - Оның жаратылыстарынан. Бұған дәлел - Аллаһтың мына сөздері:
«Түн мен күндіз, Күн мен Ай - Оның белгілерінен (аяттарынан). Күнге және айға сәжде жасамаңдар, бірақ оларды жаратқан Аллаһқа ғана сәжде жасаңдар, егер сендер Оған ғана құлшылық етпек болсаңдар». («Фуссиләт» сүресі, 37-аят).
Сондай-ақ Оның мына сөздері де:
«Күдіксіз, Раббыларың сондай Аллаһ, көктер мен жерді алты күнде жаратқан. Сонан кейін ‘Аршыға көтерілген. Күндізді соңынан асыққан түнмен бүркеді. Күн мен айды және жұлдыздарды да әміріне бағындырған. Сақ болыңдар! Жарату және бұйрық беру тек Оған тән. Өте жоғары Аллаһ - бүкіл әлемдердің Раббысы». («А`раф» сүресі, 54-аят)
Раббы – ол құлшылық арналатын Құдай (ма`буд). Бұған дәлел:
«Әй, адамдар! Сендер мен сендерден бұрыңғыларды жаратқан Раббыларыңа құлшылық етіңдер, - бәлкім сақсынасыңдар. Ол сендерге жерді төсеніш етті, көкті төбе қылды. Аспаннан су ағызып, сол арқылы сендерге әртүрлі өсімдіктерден ризық шығарды. Ендеше, біле тұра, Аллаһқа серік қоспаңдар!» («Бақара» сүресі, 21-22-аяттар)
Хафиз Ибн Кәсир: «Осылардың барлығының Жаратушысы – құлшылыққа лайық!» - деп айтты.
Аллаһ бұйырған құлшылықтардың түрлеріне Ислам, Иман, Ихсан және солардың ішінде: дұға, қауіптеніп қорқу, үміт, тәуекел, сауап күту (қалау) (роғбәт), азапталудан қорқу (роһбәт), үрейлену (хошийят), мойынсұну (хушу`), күнәлардан бойұсынушылыққа қайту (инәәбә), көмек тілеу (исти’анә), пана тілеу (сиыну) (исти`аза), қиын жағдайда құтқару тілеп жалбарыну (истиғаса), мал (құрбан) шалу, нәзір және Аллаһ бұйырған басқа да құлшылық түрлері кіреді. Осылардың барлығы тек Аллаһ үшін орындалуы міндетті. Бұған дәлел - Аллаһтың мына сөздері:
«Расында, сәжде жасайтын орындар мен мүшелер Аллаһқа тән. Сондықтан, Аллаһпен бірге ешкімді шақырмаңдар». («Жжин» сүресі, 18-аят).
Егер адам осылардың біреуін болса да Аллаһтан басқа біреуге арнайтын болса, ол мушрик (серік келтіруші) және кәпір (дінсіз) болады. Бұған дәлел – Аллаһ Тағаланың мына сөздері:
«Кім ешбір дәлелсіз Аллаһпен бірге басқа тәңірге табынса, рас оның есебі Раббытының қасында. Расында, кәпірлер құтылмайды!» («Муминун» сүресі, 117-аят)
Имам Тирмизи және Абу Дауд жеткізген хадисте Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Дұға – құлшылықтың өзегі (діңгегі)», - деп айтқан. Бұған дәлел - Аллаһ Тағаланың мына сөздері:
«Раббыларың: «Маған дұға етіңдер, (тілектеріңе) жауап беремін. Ал маған құлшылық етуге менменсінгендер Тозаққа қор болып кіреді», - деді». («Ғафир» сүресі, 60-аят)
Қауіптеніп қорқу да (әл-хоуф) құлшылық екеніне Аллаһ Тағаланың мына сөздері нұсқайды:
«Олардан қорықпаңдар да, Менен қорқыңдар, егер мумин болсаңдар!» («Әли `Имран» сүресі, 75-аят)
Үміттің (әр-рожәның) дәлелі - Аллаһ Тағаланың мына сөздері:
«Ал кім өз Раббысына жолығуды үміт етсе, ізгі амал жасап, құлшылығында Раббысына ешкімді серік қоспасын». («Кәһф» сүресі, 110-аят)
Тәуекелге Аллаһ Тағаланың мына сөздері нұсқайды:
«Егер мүмін болсаңдар, Аллаһқа ғана тәуекел етіңдер!» («Мәида» сүресі, 23-аят).
Аллаһ сондай-ақ былай деді:
«Кім Аллаһқа тәукел етсе, Ол оған жетіп асады». («Таләқ» сүресі, 3-аят).
Аллаһтан сауап күту (әр-роғба), Аллаһтың азабынан қорқу (әр-роһба) және мойынұсыну (әл-хушу`тың) құлшылық екеніне Аллаһ Тағаланың мына сөздері дәлел болады:
«Расында, олар ізгілік жасауға асығатын, Бізге үміт пен қорқудың арасында жалбарынатын және мойынұсынған күйде (бәйек) болатын». («Әнбия» сүресі, 90-аят).
Іліммен болатын қорқуға (әл-хошия) дәлел - Аллаһ Тағаланың мына сөздері:
«Олардан қорқпаңдар да, Менен қорқыңдар!» («Бақара» сүресі, 150-аят).
Аллаһқа (тәубе етіп) қайтудың (әл-инәбә) дәлелі - Аллаһ Тағаланың мына сөздері:
«Раббыларыңа қайтыңдар және Оған бойұсыныңдар». («Зумәр» сүресі, 54-аят).
Көмек тілеуге (әл-исти`анаға) Аллаһ Тағаланың мына сөздері нұсқайды:
«Саған ғана құлшылық етеміз, Сізден ғана жәрдем сұраймыз» («Фатиха» сүресі, 4-аят).
(Имам Тирмизи жеткізген хадисте) Аллаһтың Пайғамбары (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер көмек сұрайтын болсаң, Аллаһтан сұра!» - деп айтқан.
Пана сұрауға (әл-исти`азә) дәлел - Аллаһ Тағаланың мына сөзі:
«Таңның Раббысынан пана сұраймын», - деп айт!» («Фәләқ» сүресі, 1-аят).
Сондай-ақ Аллаһтың мына сөздері:
«Адамдардың Раббысынан пана сұраймын», - деп айт!» («Нәс» сүресі, 1-аят).
Қиын жағдайда құтқаруды сұрап жалбарынудың (әл-истиғасә) дәлелі - Аллаһ Тағаланың мына сөздері:
«Сол уақытта Раббыларыңа жалбарынған едіңдер, Ол сендерге жауап берді». («Әнфәл» сүресі, 9-аят).
Мал (құрбандық) шалудың (әз-зәбх) дәлелі – Аллаһ Тағаланың мына сөзі:
«Расында, менің намазым және құрбандығым, өмірім және өлімім әлемдердің Раббысы Аллаһ үшін! Оның серігі жоқ. Мен осыған бұйырылғанмын және мен - мұсылмандардың алғашқысымын», - деп айт». («Ән`ам» сүресі, 161-163-аяттар).
Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Аллаһтан өзгеге (арнап) құрбандық (мал) шалғанға Аллаһтың лағнеті болсын!» (Муслим, 1978).
Нәзірге Аллаһ Тағаланың мына сөздері дәлел болады:
«Олар нәзірлерін орындайды, әрі апаты етек алатын күннен қорқады». («Инсән» сүресі, 7-аят).
