
Торғай даласындағы Ислам дінінің таралуы
Қазақ елінің Тәуелсіздік заманындағы алғашқы қажыларының бірі және мешіт салып, оған тұңғыш имам болған үлкен дін қайраткері, артында өшпес іс қалдырған ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, аты аңызға айналған ағартушы Ғазиз қажы Әмірханұлы. Ол- аты қазақ халқына белгілі Оспанқожа әулиенің немересі.
Ғазиз қажы – киелі Торғай жерінде жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде және Ислам дінін ел өміріне қайта енгізуде, әдебиет пен өнерді, мәдениетті дамытуда, мұражайлар мен мешіт медресе жұмыстарын жаңа заман талабына сай жүргізуде ересен еңбек сіңірді. Өмірінің соңына дейін осы жолда бір күн тыным таппады. Жаны қалаған сүйікті бұл істерін жақсы жалғастыра білді.
Ол - қазақ елінің қай жеріне барса да үлкен құрметке, абыройға бөленді. Зор беделге ие болды. Еліміздің президенті Нұрсұлтан Әбішұлына Торғайда (1992ж) және Қостанайда (1998ж) екі рет ақ батасын берген дуалы ауыз батагөй абыз.
Ғазекең – туған елі құрметтеуге әбден лайық дарынды дінбасы, айтулы ағартушы,, майталман мәдениет қайраткері, артына сөз қалдырған қабырғалы қаламгер.
1990 жылы 70 жылдық зұлмат дәуірден кейін елге егемендігін алып дінімізге оралған Торғай халқы 1992 жылы тамыз айында көрнекті мешіт үйін және косымша құрылыс үйімен қоса салып, 21 тамыз 1992 жылы мешіттің ашылу салтанатына сол кездегі Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының Бас Мұфтиі Ратбекқажы Нысанбайұлы мен атақты ғұлама ғалым, тюрколог Халифа Алтайдың және Қазақтың көрнекті жазушысы Әбіш Кекілбаев бастаған ақын - жазушылар Қостанай, Торғай, Ақмола облысының имамдары мен облыс, аудан басшылары қатысқан жиын өтіп, еліміз имандылыққа келді. Осы жиында Мерке медресесінің тұңғыш түлегі Шоқан Ғазизұлын бас имам етіп тағайындады. Соңынан 10 күннен кейін арнайы Алматыдан Торғайға Елбасы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы келіп көріп, мешітте болып аса ризалық білдіріп, сол кездегі аудан басшыларына рахметін айтты. Мешіт жанынан 7 – айлық сауат ашу курсы ашылып, 50-ге тарта бала дәріс алып, жоғарғы, арнайы, орта діни білім беретін медресе институтқа түсіп бітіріп, қазір Республика, облыс, аудан мешіттерінде имамдық етуде, кейбіреулері Египет, Түркия елдерінде оқып жатыр.
Торғай жұлдыздары
Ежелден «Алтын шыққан жерді белден қаз» - дейтін сөз бар ғой. Торғай өңірінің жері, суы, елі тұнып тұрған тарих, таусылмас алтын қазына. Тақырыбын тап та, таңдап , талғап жаза бер. Сол қазынаны бел шешіп қазып, маңдай терін төгіп, түн ұйқысын төрт бөліп алтын орнына сөз маржанын теріп жүрген аяулы азаматтың бірі- Қоғабай Сәрсекеев. Ол қазақ әдебиетіне өзіне ғана тән суреткерлік өнер нақышымен үлес қосып келеді.
Қоғабайдың қай шығармасын оқысаң да Торғай топырағы мен шөпбінің иісі бұрырап тұрады. Ерінің елігін, халқының әдет- ғұрпын, бұлақтарының сылдырын, суының дәмін сезінесін. Әсіресе, «Шырғалаң», «Тығырық», «Заманақыр» романдары мен басқа да шығармаларында 1880 жылдан бергі жердегі торғайлықтардың басынан өткен ауыртпалықтың, қилы кезеңдердің ізін айқын көресін.
Кезінде академик- жазушы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсіреповтің: «Жазушы өрісі жетсе» романының кең планды болуға қақысы бар сияқты... Алыс сапар алғашқы адымнан басталады. Қазақ «көш жүре түзеледі», - дейді ғой. Қоғабайдың «Көші» де жүре түзеліп, жолға түсер деген сенімдемін деген екен.
Ұлы жазушының сол сенімін Қоғабай ақтады. Оған бірден бір дәлел Қоғабай Сәрсекеевтің Ресей Халықаралық Ақпарат Академиясының медалімен наградталуы, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы тарапынан Бейімбет Майлин атындағы сыйлыққа, «Алаш» әдеби сыйлығына ие болуы деп білеміз.
Республикамызға қырық жылдан астам сан қырлы жазушылық талантымен, жемісті, қабырғалы қаламгер ретінде танылып келе жатқан жазушы- сықақшы, әрі сөз өнері жұлдыздарының бірі – Сейіт Кенжеахметов 1939 жылы 22 желтоқсанда Торғайдың Жанкелдин ауданының «Сары қопа» деген жерінде туған. Сын- сықақ жанрында тыңғылықты еңбек ете жүріп қазақтың ерте замандағы тұрмыс салтына, әдет- ғұрпына, отбасына қатысты қолданудан шығып қалған сөз төркіндерін жинақтау, халыққа жеткізу ісі мен айналысып игілікті іс тындырып жүр. «Ағаш бір жерден көктейді»- деп халқымыз бекр айтпаған. Сейіт барлық шығармашылық талантын Торғай топырағын басып, ауасын жұтып жүріп елінің тыныс- тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, салт- дәстүрі, мақсат- машығы, арман-мұратын өз шығармаларына арқау етті. Оның қай шығармасын алсаң да Торғайдың кең даласының таза ауасын жұтып, қаусар суының дәмін татасың, өмірдің, тұрмыстың әлеуметтің, саясаттың нақты жағдайын танып білесің.
Торғай шоқжұлдыздарының бірі - Кеңшілік Мырзабеков. «Әр бір ұрпақ өтер жасап өз ісін», - деп өзі айтқандай қысқа ғұмырында қанаттас серіктерімен қаламдастары арасында ғана емес, әдебиет сүйер қауымға аты мағлұм болып, жасарын жасап, тындырып кеткен талантты ақын. Ол 1946 жылы 6- маусымда Торғайдың «Ақшығанақ» аулында туып:
Жыр- теңіз, талант иесі- кеме дербес,
Шетінен ұзақ сапар шеге бермес,
Мыңға да келер ақын өлгеннен соң
Елуге тірісінде келе бермес, - деп Қадыр Мырза Әли ақын айтқандай, небәрі 43 жасқа қараған шағында 1989 жылы 30- қаңтарда бақилыққа аттанды. Бірақ қыруар еңбек тындырды. 10 кітап шығарып үлгірді. Бұлардың бәрі қазақ әдебиетіне шаншылған он уықдеуге тұрарлық еңбек. Себебі Кеңшіліктің қайбір шығармасын оқыма, бәрінде де өмірдің нақты көрінісі, ел тынысы, адамның жан тебіренісі қазақтың шұрайлы бай тілімен жазылғандығына тәнті боласың. Тәнті боласың да ойланасың. Тыңдап көрейікші:
Өмір – сынақ, өмір – сабақ әрине,
Оқисыңда тоқисың ғой бәрінде
Мың мехнат мың машахат жатады,
Сол оқу мен сол тоқудың мәнінде...
Өмір сүру, өмір кешу мәніне,
Жеттім деген жан көрмедім әлі де.
Тойдым деген жан көрмедім және де
Махабаттың ащы, тәтті дәміне, - не деген керемет.
Осы сегіз қатар өлеңдегі сөздің мәнін қалың – қалың беттері бар романдардан да кездестіре алмауың мүмкін-ау! Өмірдің не екенін тек зерделі адам ұғынатындай емес, қазақы қарапайым адамның санасына ой жүгіртетіндей халықтық тіл, қазақы бояу, қазақы пәлсафамен айқын беріп тұр десек еш қателеспейміз.
Кеңшілік бейбітшілік өмірде ғұмыр кешті десек де өмірдің ащы дәмін аз татқан жоқ. Оның үстінде ойлы жыр жазу, сол жырымен жұртқа ой салу да оңай шаруа емес. Сондықтан ол:
Отқа да салам, өзімді суға салам,
(Адам ба – өзін суарып шыңдамаса Адам)
Өз жүрегіммен үрлеймін өз көрігімді,
Өз жүрегіммен- өзіңді бірге жасаған, деп өз жанын отқа да, суға да
салып, жұдырықтай жүрегін ой, мый көрігімен үрлеп, заман қамы, ел қамы, қоғам қамы туралы жырлар тудырды.
Торғай - киелі жер, текті мекен! Сенің құнарлы топырағыңда кіндік қаны тамған, бал татыған суыңды ішіп, салқын самал ауаңды жұтып, қылышын сертке суарып өскен батырлар, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен билер, көріп кел әулиелер, он саусағынан өнері тамған шеберлер, суырып салма ақындар, жезтаңдай әншілер, нар идірген күйшілер, елінің қамқоршысы саясаткерлер, ғалымдар аз емес. Сол үшін де сен киелісің, тектісің. Өйткені, сол құнарлы топырақтан нәр алған азаматтар қазақ тарихында өшпес із қалдырды.
Келешекте Торғай даласы даңқы әлемге жайылған гүлденген жерге, өнері өрге басқан бақытты елге айгалатындығына еш күмән жоқ. Торғай жерінің, елінің текті де киелі қасиеті тарих бетінен өшуі мүмкін емес. Әлі де халқын сүйсіндіретін ер де, ділмар шешен де, көмейінен жыр да, ән де, күй де төгілген ақындар да, жыршылар да, әншілер де, күйшілер де шығатыны сөзсіз. Ұрпақ тағлым алар қасиетті істер өмірге келетініне күмән жоқ.
Ол үшін атаға, жерге, руға, жүзге, жікке, топқа бөлінбей бір- ақ нәрсені- бірлікті ту етіп көтеру қажет. Халқымыз «бірлік болмай, тірлік болмайды» деп бекер айтпаған.
Көздеген меқсатқа жету үшін тек торғайлықтар ғана емес, исі қазақтың рухани пірі, көріпкел әулие, Ахмет Байтұрсынов бабамыздың: «... дүниенің төріне ұмтылғандар төрден орын алып жатыр. Ұмтылмағандар есікте қалып жатыр... қалмайық десек қарап жатпалық... қолымнан не келеді деп қорынбайық... Көп жұмыстың ауыры да, жеңілі де болады. Қазақтың бітіп, тынып тұрған нәрсесі жоқ. Әркім әлінен келер жұмысын алсын. Жадымызда болсын, аз нәрсе көпке сеп болмақшы... қай ісіміздің де құдай сәтін салғай! «Әумин» деп қол жайып, «Әуп» деп күш қосып, «Алла» деп іске кіріселік» деген сөзін дұға деп танып жұмылайық. Үміт ұзілмейді. Үмітсіз шайтан ісі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Әмірхан Абдуллин «Тарихи Торғай» 2004ж.
Жақан Қосабаев «Туған жер деп толғандым» ЖШС «Шапақ» 2008ж.
Орекен Алмат «Торғай бекінісіне 160 жыл» 2005ж.
Ы.Сариева «Текті Торғай» Алматы 2000 ж