Торғай дарабоздары
Торғай даласында мәдениеттің дамуы ХІХ ғасырдың орта кезінде жаңаша бастау алды. Оған ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің келуі тікелей себепші болды. Қалада сауда орындары, шіркеу тағы басқа әсем үйлердің бой көтеруі Торғай даңқын арттырып, сәулеті мен дәулетін де көркейте түсті.
Сонымен қатар Торғай өңірі ақындардың, әншілермен күйшілердің, жыршылардың туын тіккен қасиетті жер. Ол негізсіз емес. Сыншы- ғалым Е.Ысмайылов ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарында Торғайда Ыбырай бастаған «Ақындар мектебі» болды деп жазған еді. Шынында да бұл кезде осы төңіректен көптеген талантты ақындар шығып, олар Ыбырай маңында топтасты. Әбіқай , Жұмабай, Күдері, Байтас, Құбаша, Сейдахмет, Есенжол ақындар, Омар, Тобай, Қозғанбек шешендер, Мұхамеджан, Аяп сынды әнші композиторлар, Зәкария сияқты әйгілі қобызшылар өмір сүрді. Қостанайдан Нұржан, Басықара, Сапарғали ақындар Торғайға келіп, өзара шығармашылық байланыс жасап тұрды.
Тарихта 1870 жылдар ішінде Торғай жәрмеңкесінің ашылуы осы өлкенің экономикалық, мәдени жағынан өсуіне ерекше ықпал етті. Өйткені мұнда тек саудасаттық ісі емес, әйгілі ақындар, палуандар, әнші-күйшілер де өнер жарыстыратын.
Халқымыздың рухани қызметінде үлкен ас, ойын- тойларында ақындарға, палуандарға, жүйрік аттарға айрықша мән беріліп, құрмет көрсетілген. Торғай халқы палуандарын әркез есте сақтап айтып отырады. Таңатқан палуан республикамыздың бірнеше дүркін түйе палуаны атанып, 1966 жылы қайтыс болды.
Адамгершіліктің диханшысы Ахмет Байтұрсынов «Сөз де өнер» деп бағалаған. Сондықтан Торғай топырағы ертеден сөз-өнер дарабозына өте бай.
Торғай дарабоздарын ойыма алғанда менің есіме ең алдымен екі енені тел емген - Торғай мен Сырға ортақ Досбол түседі. Олай болатыны Досбол айтты дейтін шешендік сөздер әлікүнге дейін атадан балаға ауысатын қасиетті мұра болып жалғасуда. Ел жанында мұншалықты сақталуы халқымыздың сөз қадірін сары алтындай саралай білуінде болса керек. Әр сөзді қастерлей білген данышпан Абай: «Толғауы тоқсан қызыл тілден» шыққан мәнерлі сөзді, «Білгенге маржан, білмеске арзан» деп бағалаған. «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешу тек тіл- жағына сүйенгендерден емес: «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан»: Қорқыт, Майқы би, Төле, Қазыбек, Әйтеке билерден бастау алып үзілместен жалғасын тауып келеді. Бұл аға буынның бұлағынан мейірін қандырған Досболдың сараңды сілейткен, өркөкіректі тәубесіне келтірген, өлгенді тірілткен, қарақылды қақ жарған, еселі сөзбен, есесін алған, кейінгі ұрпаққа бойтұмардай сақталатын, асыл сөзі мол.
Торғай даңкын шығарған қазақ халқына белгілі дарабоздың бірі –Күдері Жолдыбайұлы. Ол Торғай уезінің атақты Қызбелінде 1861 жылы туып, 1931 жылы өмірден өтті. Патшалық заманды да онан кейінгі өзгерістерді де көзімен көрді. Күдерінің басты шығармалары 1916 жылғы Аманкелді бастаған көтеріліске арналған. Онда маусым жарлығынан кейінгі ел жағдайын, Аманкелді сарбаздарының соғыстағы ерлігін баяндады. Әсіресе, «Аманкелдінің Торғайды алғаны»: «Ер туды» толғауларында айқын суреттеледі. Күдері ақынмен бірге 1916 жылғы ұлт- азаттық көтеріліске тікелей қатысып, қырғын соғысты өз көзімен көрген, Аманкелді сарбазының бірі – ақын Сәт Есенбайұлы. Сәт 1892 жылы туып жастайынан жетім қалып, өмірдің ащы – тұщы дәмін татып өскен. Сәттің қазақ әдебиетіне қосқан үлкен үлесі осы «Құмкешу соғысы» дастанымен Сәбит Мұқанов құрастырған «Айтыскер» кітабына енген Нұрқан Ахметбековпен айтысы.
Тек Торғай өңіріне ғана емес, бүкіл Арқа жұртына суырып салма ақындығымен, тар жерде ердің құнын екі ауыз сөзбен шешетін дарабоздығымен, қара қылды қақ жарған тура билігімен танымал Әбіқай Нұртаза ұлын аттап өту әділеттілікке жатпас еді.
Әбіқай Нұртазаұлы 1871 жылы Торғай уезінің Шилі деген жерінде туған. Патша үкіметінің де , кеңестік саясатыңда аласапыран кезін өз көзімен көрді. Жыр дарабозы Әбіқай Нұрқан Ахметбековтың, Қашқынбай Қазиевтердің ақындық шеберліктерін дамытып, қанағаттандырған. Бұл екі ақын да Әбіқайды ұстаз санаған.
Торғай өңіріндегі өнердің құнарлы топырағынан нәр алып, өркен жайған Файзолла Сатыбалдыұлы мен Әлмағамбет Оспанұлын Торғайдың «Екі діңі» деп айтуға тұрарлық. Файзолла Сатыбалдыұлы мен Әлмағамбет Оспанұлы тұстас ақындардан басты ерекшілігі – екеуі де дінбасы болған кісілер. Қазан төңкерісіне дейін түрлі діни оқу орындарын бітіріп келіп, елде бала оқытқан. Одан кейін біраз уақыт мешіт ұстады.
Бірақ 1929 жылы басталған қуғын – сүргін кезінде адал істері заңсыз зая кетіріліп, жазықсыздан- жазықсыз бірнеше жыл түрмеде отырды. Ахаң мен Жақаң секілді опат болып кетпей, кесілген жазаларын өтеп елге аман оралғанымен сол баяғы «қоңырау» адымдарын аштырмады. Жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің жанашырлық көмегінің арқасында Файзолла Сатыбалдыұлының шығармалары республика жұртшылығына кеңінен таныла бастады. Облыстық, аудандық басылымдармен қатар республикалық «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі», «Халық кеңесі» газеттерінде, «Парасат» журналында ақын өлеңдері жарық көрді.
Сонау бір ақтандақ дәуірінің ауыр азабын тартып, ғұмырының жалыны алаулап тұрған шағында түрмеде отырып, жалған жаламен тұңшыққан Файзолла ақынның:
Тырнағыма қадаса да инесін,
Білсін тағдыр, өнер басын имесін.
Өлсе өлер Файзолла ақын түрмеде,
Өлең бірақ, өлім кебін кимесін! – деп тас қамалдың ішінде отырып өлеңнің өмірін тілеуінде де мәнді мағына жатыр.
1923 жылы Қостанай түрмесінде отырып жазған «Кім білер топырақ қайдан бұйырады» өлеңінде:
Бір күні іздер бізді халық болып,
Алдымыз күн көзіндей жарық болып.
Ахмет, Міржақыптар танылар – ақ,
Біртуар қайталанбас алып болып! – деп жырлаған ақын, болашақта әділдіктің орнығып, жазалылардың ақталатындығын көріпкел әулиедей білді.
1993 жылы 24 – қыркүйекте ақын құранқари Файзолла ишанның аруағына бас иіп, ұрпақтары оның 100 жылдығын атап өтті.
Ал, Әлмағамбет Оспанұлының артында қалған мұрасы мол. Олардың бәрі дерлік ақынның өз қаламынан хатқа түсіп, кітап болып /қолжазба түрінде/ мұқият сақталған. Жасынан арабша, орысша мол білім алған Әлекең Ахаң мен Жақаңды өзіне ұстаз санаған Әбіқай Нүртазаұлы Файзолла Сатыбалдыұлымен үнемі пікір алысып, сыйласып өткен. Әлекең /Әлмағанбет/ Нұрқан Ахметбековтың ақылшысы, кеңесшісі болған. Ал, Қайнекей Жармағанбетовке әркез әкелік қамқорлық көрсетіп, Ахмет Әбіқаевқа ақыл- кеңес беріп, ұстаз болған.
Қазақ халқының тарихында өткен заманымызда айтыс өнерін жеріне жеткізе айтып, шегіне жеткенше көтеріп кеткен ірі айтыскер дапрабоз ақындар көп. Солардың ішінде Торғай өлкесінде айтыс өнерінің негізін салушы – «Торғайдағы Ыбырай бастаған «Ақындар мектебі». Себебі өзінен ақын – жыраулардың өлең – қиссаларын үйреніп, жатқа айтып өз жанынан жыр шығарып, белгілі бір ақындарды ұстаз тұтып, қасына еріп айтыстарға қатысып, өнер жарыстыру, елді тану осының бәрі өзінше бір үлкен мектеп еді. Елде туып осындай мектептен тәрбие алған, Торғай мәдениетіне көп еңбегі сіңген «Торғай топжарғаны» атанған дарабоз халық ақыны Нұрқан Ахметбеков.
Нұрқанмен қатар шыққан белгілі торғайлық ақындар Сәт, Ахметхан, Құтжан сияқты осы өлкенің шашасына шаң жұқпас шын жүйріктері әдебиет тарихынан лайықты орын алған, ел көкірегіне ұялаған бірегей дарабоздар. Қазақстанның халық ақыны, Абай атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты Нұрқан Ахметбеков ақындығымен қоса әнші , күйші де болған. Нұрқан отыздан астам күй тарта білген. Солардың көпшілігін көркемөнерпаздар үйірмесінің оркестріне өзі тарттырып жаттықтырған.
Сонымен қатар өзі шығарған «күй басы», «Июнь толқыны», «Жеңіс» күйлерін облыс өнерпаздары ұлт аспаптар оркестрінде, ансамбльдеріңде орындап жүр.
Нұрқан Ахметбеков арқа еліне көп тараған жетпістен астам әнді үйреніп айтып жүрген. Көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастыруға да көп пайдасын тигізген. Қанапияның, Майраның, Мұхаттың, Біржан мен Ақаң серінің әндері де Нұрқанның орындауында тыңдаушылар жүрегіне жол тапқан. Оларды талантты жастарға ерінбей, жалықпай үйреткен. Нұрқан бастаған өнерпаздар Қостанайдағы байқаудан бірінші орын алып, Алматыда өнер көрсетті. Торғайлықтардың бұл өнері астана көрермендерін еркін баурап, сүйсіндіре қол соқтырды. Байқау қорытындысы бойынша жүлдегер атанды, Торғай аудан болып тұрған кезінде ауданаралық колхоз- совхоз театрын Ахметбеков ұйымдастырды. Мұның алғашқы директоры Нұрқан Ахметбеков болды. Бұл театрда Ахметхан Әбіқаев, Қазыбек Әбенов, Нарахан Жұмабаев , Бағоныс Мұхамеджанов сында халық таланттары елеулі жұмыстар атқарды.
Халқымыздың дарабоз ақыны Сыр-аға өмірін дарқан шабытпен дүрілдетіп- ақ өткізді. Айшықты әсем жыры, шешендігі, суырып салма ақындығы, сөз тапқырлығы, үшқыр да зілсіз әділ- қалжыңы, адамгершілігі мен адалдығы арқасында үлкенге де кішіге де сыр-аға атанып, елінің еркесі де серкесі де болды. Сыр-аға бүкіл қазақтың дүлдүл ақыны. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты Фариза Оңгарсынова Торғайда болған сапарында Сыр-аға жөнінде жазған:
Дүрілдеп Торғайлықтар үй бұзардай,
«Сыр ағаң біздікі» деп тұр қызармай.
Бір ауыл меншіктейді жүрсем сізді
Қазақтың аспанына сыйғыза алмай, - деген сөзін естігенде санамызға
қызғаныш та, мақтаныш та ұялаған еді. Себебі бүкіл қазақтың Сыр-ағасы болса да Торғай мен сырдың толқындарында ақшабақтай ойнап, Торғай топ жарғандарымен Сыр сүлейлерінен ақындықтың әліпбиін меңгергендіктен бұл екі ел әр қайсысы өзіне бір табан жақындататыны заңды. Ал біз болсақ, Сыр-ағаны Сырға да қиғымыз келмей, киімнің ішкі бауындай өзімізге ерекше жақын бауыр санайтынбыз. Сондықтан басқалардан қызғанатынбыз. Сөйте тұрсақ та Торғай топырағынан шығып, бүкіл қазаққа Сыр-аға болып танылып, қазақ поэзиясының сыршылдық, шыншылдық арнасын кеңейткендігі үшін мақтанатынбыз.
Сыр-ағаның жомарт, қайырымды жүрегі тоқтағанмен оның жыры, адамгершілік қасиеті қазақ халқымен бірге мәңгі жасайды. Тарих деңгелегі қанша рет қалай айналса да Сыр- ағаның өмірі жалғаса беретіндігіне еш күмән жоқ.
Торғай дарабоздары туралы әңгіме қозғағанда от ауызды, орақ тілді, жаны жайсаң сегіз қырлы, бір сырлы Ғафу ағаны айтамыз. Ақиық аталуы заңды. Ғафукең өзі «Торғай» деген туындысында:
Ақ көбігін суыңның
Деп жұтушы ем «шекерсің»
Өсе келе ұғындым.
Жыр өзені екенсің,- деп сол жыр өзенінде балықтай жүзгені анық.
Ғафу ағаның талантына тәнті болмайтын қазақ пендесі аз. Олардың бірі, еліміздің белгілі қаламгері Шерияздан Елеукенов «феномен» деп Ғафекеңді бекер атамаған. Оның өзіндік себебін Шерекең 1973 жылы Алматыда азия және Африка елдері жазушыларының V- конференциясына қатысатын Дағыстанның әлемге аты белгілі ақыны Р.Ғамзатовтың кітабын қазақ тіліне аударуға дайындық кезінде Ғафекеңнің қол үшын беріп, азаматтық көрсеткенін тамсана жазған... Ол жөнінде Шерияздан ағамыздың бір үзік сыры мынау:
... – Ау, Ғафеке, мына түсірген сөздеріңнің бірінің үстінде шимай жоқ. Сонда не жазғаныңды қайта көшірдің бе?
-Е, жоқ, е. Құдай құлағыма қалай сыбырласа, солай түсіре бердім...
Ән құдіреті Шәмші мен сөз құдіреті сіз тудырған «Ана туралы жыр» қазақ халқының әр от басында, мерекелер мен тойларда шырқалмай қалмайды ғой. «Ана туралы жыр» әр жүректі толқытып тұрғанда сіз де сол жүректен орын алып, мәңгілік есіміңіз өшпей, халықпен бірге жасайсыз, Ғафеке!
... Он саусағым домбырадан күй шерткен,
Әнді жұртым балғын шақтан үйреткен,
Ән мен серпіп, ән мен ашып көңілді,
Ән мен тербеп келем туған елімді – деп (сөзі Ә. Тәжібаевтікі)
«Қазақтың жүрек қылын шертетін «Домбыра» әнінің авторы, саналы өмірін халқына ән мен күй беруге арнаған дарынды дарабоз тұлға Бақытжан Байқадамов 1917 жылы 24- наурызда Торғай түрмесінде туған. Себебі әкесі Қаралдин Байқадамның патша заманында уез бастығының аудармашысы, 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Торғайда төңкеріс комитетінің төрағасы, уез атқару комитінің төрағасы болып қызмет атқаруы әрі алаш ордашыларға қарсы Ә.Жангелдинмен пікірлес болғандығы үшін және т.б. алып қашты өсек – аяңмен кезінде қуғынға үшыраған. Отбасы Торғай түрмесіне қамалған. Сүйтіп нәрестенің жарық дүниеге келгендігін білдірген алғашқы дауысы Байқадамның отбасында емес, түрменің тас қабырғасында шыққан.
Бақытжанның жарық дүниеге келуінің өзі осындай заманның астан- кестені шығып жатқан кезінде басталып, ес біле тағдырдың тоқпағын, өмірдің қиын да, қатігез соқпағын аз көрмеді. Жасынан зерделі, талантты болған Бақытжан 8 жасынан бастап ән салып, домбырада күй тартқан. Кеңес үкіметі 1928 жылы Байқадам Қаралдиннің шаңырағын ортасына түсіргеннен кейін «балапан басына, тұрымтай тұсына кетті». Бақытжан 1931 жылы Қызылорда қаласындағы жетім балалар үйінен бір-ақ шықты. Ол осындағы 9 кластық үлгі- тәжірибе мектебінен білім алып жүріп көркем өнер үйірмесіне белсене қатысты. Талантты жас осы мектептің жетінші класын бітіргеннен кейін Абай атындағы қазақтың педагогикалық институтының физика – математика факультетіне түсіп оны 1937 жылы үздік бітірді. Алматы қаласындағы №38,39,36,51 және 12 мектептерде физика- математика пәндерінің мұғалімі болып «қаланың ең таңдаулы мұғалімі», - деген абыройға ие болды.
Бақытжан Байқадамов 20 жасының шамасында жазған «Әйғолекпен» «Пионерлер маршы» әндері халық таланттарының республикалық бірінші байқауында әйгілі өнер шеберлері Дина Нұрпейісова мен Кенен Әзірбаевтен кейінгі екінші орынға ие болды. Сүйтіп отызына жетпей орда бұзып, қырық жасында қыр артылды.
1957 жылы Дүние жүзілдік жастар мен студенттердің Москвада өткен фестивалінде барлық елдердің өнер саңлақтарымен шығармашылық сайысқа түсті. Онда Бақытжан Байқадамовтың «Су тасушы қыз әні», «Алатау баурайында» атты вокалдік хореографиялық композицияларымен «Алма ағаштар жайнады» әні орындалып, І – дәрежелі алтын медальді жеңіп алды. Лаурет атанды. Б.Байқадамовтың бұл әндерімен хорларын дүние жүзінің жастары орындарынан тұрып, қол соқты, ілтипат көрсетті.
1943 жылы жас композиторлардың курсін бітіргеннен кейін біржола композиторлық жұмыспен шұғылданды.
Торғай топырағынан жаралғандардың ән салып, домбыра шертпейтіндерінің кем екендігін мен жоғарыда айтқанмын. Соның тағы бір дәлелі сол топырақтан нәр алған туматалант Бақытжан тек ән шығарумен ғана айналысып қоймай қазақ музыкасының өркендеуіне елеулі үлес қосқаны да біз үшін мақтаныш. Өнер ғалымдарымен мамандары Байқадамовтың қазақ музыкасына көп дауысты хорды енгізуін, фольклорлық дәстүрлі ұштастыруын, домбыра үнділігін арттырып, өлшемдер енгізуің жаңалық, тың бастама деп таныды, бағалады.
Ойымызды ғалымдармен мамандардың сөзімен дәлелдейік. Қазақстан Композиторлар Одағының төрағасы Ғ.Жұбанова: «...Біздің жас композиторларымыз қазақтың халық әндерінен бойын аулақ салмауы керек. Бұл оларды жаңа хор музыкаларын тудыруға жетелейді, ұлттық музыканың рухымен сусындауға тікелей жағдай жасайды. Байқадамовтың шығармашылық ауқымының жан- жақты кең екендігін көрсетті.
