
ОЗ / 2
.docx§ 2. Халық денсаулығының жағдайы
Халықтың денсаулығы мемлекеттің өз азаматтарының алдындағы жауапкершілігінің деңгейін көрсететін әлеуметтік бағдарының интегралды көрсеткіші болып табылады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша адам денсаулығының 50%-ы оның өмір сүру салтынан, созылмалы жұқпалы емес аурулардың (жүрек-қан тамыр жүйесінің аурулары, қант диабеті және т.б.) кеңінен таралуына, сондай-ақ адамның өмір сүру дағдысына байланысты.
Мінез-құлықтық қауіп-қатердің факторларының кең таралуы: темекі шегу (22,8%), дене салмағының шамадан тыс артуы (36,9%), ішімдікті шектен тыс пайдалану (18,1%) жоғары деңгейде қалып отыр.
Бұдан әрі «өркениет ауруларымен» сырқаттанушылықтың өсуі шамамен болжанып отыр (100 мың адамға шаққанда):
- қанайналым жүйелерінің аурулары 2007 ж. – 1906,6; 2011 ж. – 2274,9;
- онкологиялық ауру 2007 ж. – 496,9; 2011 ж. – 516,4;
- қант диабеті 2007 ж. – 129,2; 2011 ж. – 162,1
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында (2005 – 2008 жылдар) халықтың аурушаңдығы мен өлім-жітімінің кейбір көрсеткіштерінің төмендегені байқалып отыр. Туберкулезбен ауыру мен өлім-жітім көрсеткіші төмендеді (100 мың және 1 мың адамға шаққанда тиісінше 147,3-нан 125,5-ке дейін және 20,8-ден 16,9-ға дейін). Бірақ эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. БҚЖИ рейтингінде Қазақстан туберкулезбен сырқаттанушылық бойынша 94-ші орында және туберкулездың бизнеске әсер етуі бойынша 111 позицияға ие болып отыр.
Туберкулезді емдеудің DOTS-плюс бағдарламасын ауқымды түрде жүзеге асыру жұмыстарына қарамастан, туберкулездің таралуын эпидемиологиялық қадағалау, дәрі-дәрмекке тұрақтылықтың дамуы, туберкулезден өлім-жітім мәселелері өзекті болып қалып отыр.
Қатерлі ісіктермен сырқаттану көрсеткіштерінің төмендегеніне қарамастан, (100 мың адамға шаққанда 192,5-тен 180,7-ге), аурудың асқынған түрлері басым (16,2%), ал одан өлім-жітім жалпы өлім-жітім себептері құрылымында үшінші позициядан орын алады (11,9%).
ДДҰ мәліметтері бойынша Қазақстан АИТВ/ЖИТС індетінің шоғырланған сатысында тұр (1,1% орташа әлемдік көрсеткішпен халықтың 0,2%). Халықаралық сарапшылардың есептік көрсеткіштері бойынша, Қазақстанда тұрып жатқан АИТВ ауруы бар адамдар саны 16 мың адамды құрайды, бұл тіркеуде тұрғандардың санынан 2 есе артық, ал АИТВ/ЖИТС бойынша жағдайдың ушығу мүмкіндігі жоғары, өйткені есірткіні инъекция арқылы қолданатын адамдардың тәртібі қауіпсіз емес, АИТВ туралы білім деңгейі төмен, соның салдарынан жыныстық қатынас арқылы ауруды жұқтыру жағдайларының өсуі байқалады.
Сонымен қатар тұрғындардың психикалық денсаулықтарының төмендеуі байқалады (өлім-жітім көрсеткіші 100 адамға шаққанда 162,5-ден 391,7-ге дейін өсті). Жарақаттан, жазатайым оқиғалардан және уланып өлу жағдайлары Қазақстан Республикасы халқының өлім-жітім себептерінің ішінде екінші орынды алады.
Экологиялық жағдайдың төмендеуі қоршаған ортаның зиянды факторларының әсерімен байланысты ауруларды (тыныс алу мүшелерінің аурулары, онкологиялық аурулар, аллергиялық аурулар және т.б.) диагностикалау мен емдеу бойынша медициналық қызмет көрсетуге сұраныстың артуына себепші болып отыр.
Санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру өзекті мәселе болып қалып отыр. Сальмонеллезбен сырқаттанудың өсуі байқалады (100 мың адамға шаққанда 13,2-ден 15,3-ге дейін). Шетелдерде тіркелген аса қауіпті және басқа жұқпалардың (қалыптан тыс пневмония, құс тұмауы, 71 типті энтеровирусты жұқпа, H1N1 және т.б..) енуіне байланысты эпидемиологиялық жағдайдың ушығу қаупі сақталып отыр.