
87
.pdfЖоғарыда айтылғандай, мұның өзі есімшелерге байланысты нақтыланады. Сондықтан да жыртақтаған, айтқан, мінген, бұраңдаған, шығар, болар, айтатын сияқты есімше тұлғалы етістіктер сөйлемнің соңында да, сөйлемнің ішінде де қолданыла алатыны есімшенің әрі етістікті, әрі есімдер сияқты түрленуімен де байланысты болса керек. Есімшелердің әрі етістік, әрі есімдерше түрленуі, түптеп келгенде, басыңқы сыңарлардың кейде бағыныңқы сыңарда да жұмсалуына әкеліп соғады.
Бұл жерде бізге ең қажеттісі – есімшелердің бағыныңқы қызметте жұмсалуы. Есімшелер сөйлемде басыңқы қызметте жұмсалады делінгенмен кейде есімшенің өзі етістіктермен өзара сөз тіркесін құрайтындығы да белгілі. Бұндай кезде есімшелер етістікті сөз тіркесінде бағыныңқы қызметте де жұмсалады. Есімшелер етістіктермен әрі қабыса, әрі меңгеріле байланысады.
Есімшелердің септік жалғауында етістіктермен тіркесуі Ж.Болатов, Т.Ерғалиев еңбектерінде, сол сияқты синтаксистік оқулықтарда үнемі айтылуда [2;66]. Енді есімшелердің септік жалғауларда бағыныңқы сыңарда жұмсалуын көрсетелік:
-Шырағым, көңіліңді білдіре келгеніңе қатты ырзамын (Ғ.Мұстафин).
-Ұлжан жолдың ұзақ болатынын әбден білетін. Жә, тапқаның мен танығаныңды сен мәлім етші,балам –деді (М.Әуезов).
-Ағылшындар тұсында алғанымыздан қалдырғанымыз болатын (Ғ.Мұстафин).
Абай Ерболға сүйінгеннен қатты күлді (М.Әуезов). Осы сөйлемде: барыс септігі - білдіре келгеніңе ырзамын табыс септігі - ұзақ болатынын білетін.
тапқаның мен танығаныңды мәлім етші шығыс септігі - алғанымыздан көп болатын сүйсінгеннен күлді.
Осы етістікті сөз тіркестерінің басыңқы сыңарлары етістік екені белгілі. Ал оның бағыныңқы сыңарлары да етістік. Ол етістіктердің барлығы да барыс, табыс, жатыс, шығыс жалғаулы есімшелер. Олай болса, есімшелер етістікті сөз тіркесінде бағыныңқы сыңарда жұмсалады екен.
Баукеңді құшақтаған бойы біраз уақыт жібермей тұрды (Егемен Қазақстан). Біздің ауылдың мұғалімдері "Егемен Қазақстан" газетін оқыған сайын оған жазылуға талпынуда (Егемен Қазақстан). Осы сөйлемде құшақтаған бойы, оқыған сайын түйдекті тіркестерінің негізгі сыңарлары есімше де оған түйдектелген шылаулар арқылы етістік пен етістік тіркесіп жұмсалған. Осы сияқты құбылыс тек есімше ғана емес, қимыл есімдерінде де кездеседі.
Әр аптаның жұмысында мемлекет басшысы бұл міндеттерді кезең-кезеңімен шешудің мүмкіндіктерін талқылау үшін премьер-министр Ә.Қажыгелдинмен кездесіп тұрмақшы (Егемен Қазақстан).
Есімшелердің етістіктермен қабыса байланысуы тілімізде бар құбылыс болғанымен, олар тілдік жағынан арнайы зерттеу объектісі болып алғаш рет Ғ.Иманалиеваның диссертациялық жұмысында жан-жақты айтылғаны белгілі [3].
Есімшелер тек етістіктермен ғана тіркесіп қоймай, тіпті есімдермен де қабыса байланысып, сөз тіркестерін құрайды. Проф. М.Балақаев бұл мәселеге арнайы орын беріп, есімшенің есімдермен сөз тіркестерін жасауы қалыптасқанын көрсеткен [4]. Бұл мәселе кейін барлық оқулық, ғылыми жұмыстарда орын алды. Әрине, сөз тіркесі қалыптаспай тұрған кезде де есімшелердің есімдерге анықтауыш болуы тұрғысынан сөз болып келсе, енді бұл мәселе әрі сөйлем мүшесі, әрі сөз тіркесі тұрғысынан да арнайы сөз болғаны белгілі.
Есімшелердің бұл тұлғаларда есімдермен тіркесі анықтауыштық қатынаста жұмсалады. Есімшенің есімдермен бұлайша тіркесі үнемі айтылып келе жатқанымен, осы есімшелердің есімдермен тіркесінің өзі екі түрлі жағдайда сөз тіркесін құрайтындығын көруге болады. Біріншіден, жоғарыда көрсетілгендей есімшелердің -ған, -ген, -ар, -ер, -р, -атын, -етін, -йтын, -итін жұрнақты түрлері ғана есімдермен тіркесе алады. Екіншіден, осы тұлғалы есімшелер өзінен бұрын тұрған сөздерді өз жетегіне ілестіре келе, сол тобымен өзі қатысты сөздермен бір сөз тіркесін құрайды. Біз бұл жерде есімшелердің алғашқы сөз тіркесінен гөрі оның екінші түрдегі тіркесіне арнайы тоқталуды жөн көрдік. Өйткені, есімшелердің соңғы тіркесінің алғашқы сөз тіркесіне қарағанда өзіндік ерекшеліктері бар екені айқын. Бұл сөз тіркесінде есімше өзі басыңқы сыңарда бағыныңқылық қызмет атқара отырып, әртүрлі сөз таптарын өзінің жетегіне алып, күрделі топ құрайды.
Сонда есімшелерге бағыныңқы қызметте осы сөз таптарының үнемі жұмсалатыны етістікті сөз тіркесінен белгілі екені айқын. Бұл есімшелердің етістікті сөз тіркесіндегі негізгі қасиеті деп білеміз.
391
Ал есімшелер енді есімдерге бағыныңқы қызметте алдымен таза түрінде де, екіншіден, сол етістікті сөз тіркесінде де өзіне бағыныңқы сөз тіркесін құрайды. Бірақ осы есімшелер арқылы құралған сөз тіркестерінде басы ашылмаған, әлі де ойлануды қажет ететін мәселелер баршылық. Ол үшін мына сөйлемдердегі есімше қатысты сөз тіркестерін талдап көрелік.
Үйдің қабырғасында тырс-тырс соққан үлкен қабырға сағаттың дыбысы анық естіліп тұр (Ғ.Мұстафин) сөйлеміндегі тырс-тырс соққан сағат – деген күрделі сөз тіркесін талдап көрелік. Негізінде осында соққан сағат болып -ған, -ген тұлғалы есімше мен зат есімнің тіркесі болуы керек. Бұл есімшелі тіркестің негізгі бір қызметі. Осы сөйлемдегі тырс-тырс еліктеуіш сөзінің қай сөзбен сөз тіркесін құрауы ойланарлық жағдай. Еліктеуіш сөздер етістікті сөз тіркестерінде бағыныңқы қызметте жұмсалуы тиіс. Ал бұл жерде ол қалайда сөйлемнің соңындағы естіліп тұр етістігімен ғана сөз тіркесін құрап, тырс-тырс естіліп тұр болып пысықтауыштық қатынаста жұмсалуға тиіс еді, бірақ бұл жерде ол қаншалықты естіліп тұр баяндауыштарымен мағыналық жағынан бір келгенімен, сөйлемде өзі қатысты сөзі жағынан ол естіліп тұр күрделі етістігімен тіркесуге тиісті емес, тек соққан есімшесіне ғана қатысты жұмсалған. Осыдан барып, біріншіден, тырс-тырс еліктеуіш сөзінің сөз тіркесіне қатысуы, екіншіден, сөйлем мүшесі болуы, үшіншіден, байланысу формасы, төртіншіден, оған қойылатын сұрау мәселесі жағынан ойлануды қажет етеді. Енді есімшеге тек бір ғана сөз қатысты болмай бірнеше сөз қатар тіркесетін ерекшеліктеріне де тоқтала кетейік:
Шығыстан Барлыбайға карай асатын Бөкенші асуының маңына да созылып барған. Екі аңшы келе жатқан бөктер бетегелі төскей болатын (М.Әуезов). Бұл сөйлемдерде де: Шығыстан Барлыбайға қарай асатын Бәкенші. Екі аңшы келе жатқан бөктер -сияқты топтар да алдыңғы сөйлем іспетті. Алдыңғы сөйлемде тек бір ғана сөз есімшеге қатысты жұмсалса, ал мына сөйлемдердегі сондай сөздер, бірінші сөйлемде шығыс жалғаулы зат есім мен барыс жалғаулы зат есімге түйдектелген шылау арқылы асатын етістігіне қатысты жұмсалса, екінші сөйлемде тіпті әртүрлі сөз таптары, яғни екі есептік сан есімі мен аңшы зат есімі келе жатқан көсемше мен есімшеге қатысты. Қолдағы бар материалдарға қарағанда, сөйлемнің ішінде есімшеге қатысты мұндай топтардың сөз саны жағынан да, сөз табы жағынан да және олардың тұлғалық ерекшеліктері жағынан да әртүрлі екеніне көз жеткізуге болады. Осы сияқты сөйлемдердің ішінде есімше алдында келетін бүкіл етістікті сөз тіркесінде бағыныңқы қызметте жұмсалатын мына сөз таптарының бәрі де
зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, үстеу,
еліктеуіш сөз т.б. сияқты қабыса байланысқан жалғаусыз сөз таптары өздерінің әдеттегі қызметтерінен айрылып, енді есімдердің тобына ілесіп, есімшелі оралым жасайтынына көз жеткіземіз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1.Балақаев М. Қазіргі қазақ тілі. - Алматы, 1992. — 294 б.
2.Болатов Ж. Синтаксические функции причастия в казахском языке. Автореф. канд.филол.наук. - Алма-Ата, 1955, -
36 б.
3.Иманалиева Ғ. Қазіргі қазақ тіліндегі шылаулардың синтаксисі. Филология ғылымдарының кандидаты атағын алу үшін жазылған диссертацияның авторефераты. Алматы, 1994. – 41 б.
4.Балақаев М., Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис. - Алматы. Мектеп, 1971. – 351 б.
392
Рамазанов Т.Б.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушысы
Сағатбек Е. Н.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушысы
ТАБЫЛДЫ ДОСЫМОВ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ТІЛДІК ЕРЕКШЕЛІГІ
Резюме. В этой статье обсуждается вклад известного писателя в литературный язык, а также языковая особенность. Наиболее продвинутым из метафорических инструментов является метафорическое использование поэтических стихов и разграничение авторства.
Ключевые слова. Бард, поэзия, авторская метафора, фразеология.
Summary. This article discusses the contribution of a famous writer to a literary language, as well as a language feature. The most advanced of metaphorical tools is the metaphorical use of poetic verses and the distinction of authorship.
Keywords. Bard, poetry, author metaphor, phraseology.
Қазіргі кезде қазақ тіл білімінде толық зерттеле қоймаған, бірақ зерттеуді қажет етіп жүрген мәселелер кездеседі. Солардың бірі – ақын-жазушылардың шығармаларында пайда болған жаңа қолданыстардың мәнін ашу. Жалпы бүгінгі күні көркем әдебиет тіліне көп көңіл бөлінуде. Оған байланысты соңғы 40-50 жылдың ішінде ғылыми еңбектер, монографиялар, сыни мақалалар жарық көрді. Мысалы, Қ.Жұмалиевтің «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі», Р.Сыздықованың «Абай шығармаларының тілі», «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы»; Қ.Өмірәлиевтің «XV-ХІХ ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі», Б.Хасановтың «Қазақ тіліндегі сөздердің метафоралы қолданылуы, Т.Қоңыровтың «Қазақ теңеулері», Б.Шалабаевтың «Көркем проза тілі және оны мектепте оқыту», «Көркем проза тілі»; М.Серғалиевтің «Көркем әдебиет тілі» сияқты және тағы басқа еңбектерді атауға болады.
Тілшілер көркем шығарманың тілінің лингвистикалық тұрғыдан талдай отыра, ондағы тілдік тәсілдер жүйесін қарастырса, ал әдебиетшілер көркем шығарманың тілін зерттеуде «...оның идеялық мазмұнын, сюжеттік тұтастығын, жеке образдар мен характерлердің жасалу заңдылықтарын, осылармен байланысты жазушының ке бір өзіндік шеберлігін талдаумен шектеледі» [1,85]. Бірақ көркем шығарманың тілін зерттеу барысында қаламгердің өзіндік қолданыстары бір-екі сөзбен ғана айтылып кетеді. Ал олардың жасалу жодлдары, пайда болу себептері, атқаратын қызметі көп талдана бермейді.
Бүгінгі қазақ поэзиясының тілі – халық ауыз әдебиетінен, жалпы халықтың тіл дәстүрінен, ұлы Абай тілінен дамып, өркендеген мұра. Абай поэзиясынан халық ауыз үлгілеріндегі қара өлең, мақал, шешендік сөз, нақыл, жыр, термемен қатар, Орхон-Енисей жазбаларындағы жыр үлгісін де, түркі классикалық поэзиясын түрін де, жыраулардың толғау жанрын да, дидактикалық сарынды да, шығыстық өлшемдерді де, орыстық, батыстық өлең үлгілерін бойыңа сіңіріп, қорытып, жаңа дүние, кәсіби түрдегі классикалық үлгідегі туындаған қазақ өлеңін көре аласыз. Халық ауыз әдебиетіндегі поэзия үлгілерін не тасқа қашалған жазбалардағы өлең түрлерін пайдаланғанда, Абай, әрине, тікелей пайдаланған жоқ. Халықтық және көне түркілік поэзия Абайға дейін де қаншама ақындардың шығармашылығымен трансформацияға түскен. Халықтық және көне түркілік поэзияны Абайға дейінгі түркілік дара поэзияда өрбіту - сопылық поэзиямен, оның ішінде Ахмет Ясауидің поэзиясымен байланыстырылады. Қазақ деп дербес халық атанған ұлттың жазба поэзиясын құнарлы тамырындағы дәстүрлермен жетілдіре отырып, қазақтық, ұлттық төлтумалықпен дамытқан, тіл бейнелілігі мен өлең өрнектері жөнінен де классикалық деңгейге жеткерген Абай поэзиясының даму жолында түркілік кезең елеулі орын алатындығы анық.
Поэзияда әр дәуірдің суреткері өзінше қолтаңба қалдырады. Сондай таланттардың бірі болған Табылды Досымов алты ішекті гитараны жанына серік етіп, өзгеше өнер иесі болды. Табылды Досымов та қазақ поэзиясының асыл сөздік қырын түрліше өрнекпен, бояумен дамытты.
393
Табылды Досымовтың тілдік қуаты неде деген сауал туады. Барлық өз замандастары сияқты, Ол да ауыз әдебиетінен, ұлы Абай және қазақтың үлгілі ақын-жазушыларының әдеби тіл мектебінен өткен деуге болады.
Ақын өзі өмір сүрген ортамен, адамның тіршілік тынысымен бірге сырласып, мұңдасып, тіл қатысып, субъективті және объективті дүниенің бар ақиқатын ашады. Дүние ақиқатын ашып, адам санасындағы сәулелі ойды халыққа жеткізу үшін ақынның табиғат берген талантымен бірге үлгі алар әдеби мектебі болады.
Әрбір ақынға тән сөз құпиясын ендіру тәсілі, әдісі оның ішінде образдылық, бейнелік құпиясы, сөйлеу, айту мәнерінің еркіндігі, сөз құпиясын меңгеруі, дыбыстардың дыбыстық ұйастықпен жымдасуы Табылдыға тән ерекшелік.
Шындықты әр адамның қабылдауы, түсінуі жекелік сипатқа ие. Сезіну, түйсінуден туған толғаныс жаттанды сөз қолданысы арқылы ғана сыртқа шықпайды. Жеке шабыт, жаңа салыстыру – сөздердің бұрынғы кездеспеген жаңа тіркесімдермен дүниеге әкеліп, құбылыстар арасындағы жаңа байланыстар тудыруы мүмкін. Бұндай шығармашылық ізденістер Табылды Досымов поэзиясында көптеп кездеседі.
Табылды – қазақ әнінің тарихынан мол мағлұматы бар эрудит сазгер, жырау. Оның әуезінен байырғы серілер заманындағы қазақ әнінің биік рухы сезіліп тұрады. Сонымен қатар терең сағыныш, ел алдындағы жауапкершілік, перзенттік борыш, мұңлы сезім, тәкаппар намыс атойлайды [2,5]. «Өнерпаз болсаң – өр бол», – деп Біржан айтқандай, Табылды ақын да тіршілігінде өнерін қорғау үшін кімге де болсын қарсы тұра білді.
Жаңа заманның жаңа шығарма талап етуі, жаңа туындылардың дүниеге келуі, жаңа әдістер қолданылуы – өмір заңдылығы. Дегенменен, халықтық негіз, халық сазгерлерінің әнлдері – өз биігінен еш уақытта төмендемейтін киелі, кірпияз өнер, мәңгілік мирас. өйткені оның алтын діңгегі, дәстүрі, нәрі фольклорда жатыр.
Осы орайда жаңалықтың да жатырқамайтыны, өмірі ұзағы болады. Мазмұны мәнсіз, әуені миға қонбайтын бір сөзді бәлен рет қайталайтын көкжасық кейбір бүгінгі эстрадалық әндерді бұл санатқа еш уақытта қосуға болмайды. Бұл жерде әңгіме бардтық өнер жөнінде болмақ. Тарихи деректерге сүйенсек, бұл үрдіс сонау Ирландия, Шотландия елдерінде орта ғасырда бастау алып, бүкіл жер жүзіне кең таралған. Бұл бардтар, негізінен, батырлық жырлар, өткір жауынгерлік толғаулар, лирикалық, діни ысқақ, қайғылы әндерді орындап ел кезген, болмаса әулетті, белгілі адамдардың сарайларында қызмет атқарған. Қарап отырсаңыз, бард атанбағаны болмаса, гитара тартпағаны болмаса, бұл өнер түрлері бізде де ерте дамыған. Бір өзі бірнеше өнерді меңгерген сал-серілеріміз өте көп-ақ. Міне, бардтықтың түбінде осындай үлкен тарих жатыр.
Табылды құбылысының табиғатына келсек, ол бард-ақын, қазақтың тұңғыш толыққанды барды. Бұл бард сөзінің бірнеше мағынасы бар. Ортағасырлық Еуропа елдерінде бардтар біздің жыраулар секілді өзін трлі музыкалық аспаптармен сүйемелдейтін дәтүрлі поэзияның өкілі болған. Демек, бардтар құбылысында музыка мен поэзия бір-бірінен ажырамайды екіншіден, бардтар құбылысы жаңа заманда, әсіресе ХХ ғасырдағы Ресейде қайта жаңғырды. Сол кездегі орыс бардтары махаббат, достық сезімдерін, алыс сапарға шығу романтикасын жырлады. Олардың қатарында Булат Окуджаваны, Юрий Визборды, Владимир Высоцкийді атауға болады. Кейін, 80-жылдары, оларға Башлачев қосылды. Міне, Табылды Досымов өзінің бардтық өнерінің бір өзінде осы төртеуін біріктіргендей. Ол Окуджава сияқты өз қатарлары арасында аңыздық фигураға айналып келе жатыр еді, Высоцкий сияқты ғажап азаматтық қарсылықтағы поэзияны жасады, Башлачев сияқты үлкен ұлтжанды лирика тудырды.
Бардизм португал халқының гитарамен айтылатын жеңіс жырларынан бастау алса керек. Кеңес Одағының тұсында жайлап орыстарға жетсе, содан бүкіл Одаққа тарады. Расында, бұл жанрмен алғаш шыққандардың бірі және танымал болғаны Владимир Высоцкий болатын. Жұрт жақсы қабылдамаса, Высоцкий сондай атақты болмас еді. Бардизмнің ең басты ерекшелігі – өлеңнің мәтіні бірінші орында тұрады.
«Ал, меніңше, оның табиғаты бәрінен бұрын Юрий Визборға жақын. Табылды – Визбор сияқты ең нәзік сезімдердің қыл пернесін дөп басушы ғажап лирик» [2,339]. Оған жас кезіндегі, студенттік кезіндегі шығармашылығы айғақ. Ал, жалпы, кеңес кезеңіндегі бардтар поэзиясы ол кеңестік билікке қарсы бағыттағы поэзия болған. Сол сияқты поэзиядағы жолын қазақты мақтаумен бастаған Табыл
394
өзінің кемел шағында «Қазақ едім дегенше...» әнін шығарады. Мұнда марқайған ақынның өз елін қаншама танып білгені көрінеді. Өйткені ол өз замандастарынан Абай сияқты еш негіз таппайды.
Табылды Досымов – тек бард-ақын емес, ол біздің ұлттық нақышты айқын беріп, ұлтымыздың жайын жырлай білген нағыз ұлтжанды ақын. Оған 2000 жылы Алматыда шыққан «Жанарымның жарқылы» деген кітабы айғақ. Дәл осы кітаптың «Ұлылармен ұғысу» деген топтамасында Абайға арналған өлеңі бар. Міне, бұл өлеңінде Табыл біздің заманымыз туралы үлкен шындықты айтып отыр. Өйткені біздің заман – негіз ауыстыру заманы, Шығысқа қайта ену заманы. Десек те, шығысқа енуге тырысқанмен, батысқа күн санап еніп бара жатқанымызда деп күйінеді. Табылды жасандылықты кешірмей, оны барынша сынап отырады. Себебі оның ең үлкен мақсаты – қазақтың шығыстық болмысын табу емес, қазақатың өзіндік қазақ болмысын табу. Ал ол болмыстың табиғаты қазақтың жырау болмысында жатыр.
Қай халықтың тілінде де сол ұлтқа тән көркем сөз орамдарын, тұрақты сөз тіркесін – фразеологизмдерді молынан табуға болады.
Фразеологизмдерді әр суреткер өз шығармаларында дайын күйінде немесе өзіндік авторлық өңдеумен де қолданылатыны белгілі. Дегенмен, дайын тұрған тілдік материал, әрі өзінің бейнелік, экспрессивті-эмоциялық қасиеттерімен де ұтымды. Сондықтан да қаламгердің талғамы мен тілдік қорына байланысты фразеологизмдер әр суреткерде әр түрлі кездеседі, қолдану тәсілі де сан алуан болады. Бірі оларды дайын күйіде пайдаланса, екіншісі өңдейді, толықтырады, тіптен тағы бірінің оны тыңнан жасауы да ықтимал. Қандай бір жазушы не ақын болмасын стиль шеберлігін дамытуда тіліміздегі сан қырлы асыл маржан сөздерді көп қолдануға тырысады.
Тұрақты сөз тіркесінің құрылысы жағынан көп өзгеріске ұшырауы – әсіресе, өлеңді сөзге тән құбылыс. Фразеологизмдер өлең жолдарына ерекше поэтикалық қуат беріп, терең ой иірімдерін аңғартады»[3,103].
Табылды жырларында тұрақты сөз тіркестері мол кездеседі. Бұл тіркестер ақын тілінің шұрайын келтіріп, жыр жолдарының мазмұнын одан әрі аша түседі. Табылды ақынның өлең жолдарында кездескен тұрақты сөз тіркестері ақынның сөздік қорының мол екендігін көрсетеді.
Жігер отын жандырдым шапшаң барып,
Бұрын тұтата алмап ем тоқсан налып. Күреңімді қамшысыз көкке өрлеттім, Көсіп-көсіп аттым да.., шақшамды алып [2,86].
Ауызы асқа жарымай өскен,
Шұлғаудан шыққан «шуаштар» [2,66].
Итжеккенге асып кеткенде, Теңселген елге сен төре болдың [2,66],
Осы өлең жолдарындағы тұрақты сөз тіркестері әрі толық күйінде, әрі өз мағынасында қолданылған.
Қара түнге қайрадым намысымды: Маңайлаттым мұң ішіп алысымды. Шыр еттім де, шектеулі сапар шеккем
Орда жетпей қамшының сабы сынды [2,86].
Келтірілген шумақтағы «қамшының сабы сынды» тұрақты сөз тіркесі – өз дегеніне жетпей, арманы орындалмай, орта жолда қалдыру мағынасында жұмсалып, бірінші тармақтағы «намысымды» сөзіне, екінші тармақтағы «алысымды» сөздеріне ұйқас ретінде пайдаланып тұр.
Сұм ажал қайыршы емес тиын сұрар, Бір күні қу жаныңды бұйымшылар. Қорқыттар құтылмаған бұл өлімнен, Табылдың құтылуы қиын шығар [2,70].
Тұрақты тіркестер қатарында «Қорқыттың көрі» деген тіркес қалыптасқан болатын. Бұл тіркес жаманшылық, сәтсіздік деген мағынада қолданылады. Этимологиясына мән берер болсақ, Қорқыт өлмейтін жер іздеген аңыз кейіпкері. Қайда барса да, алдынан Қорқыттың көрі шыға бергендіктен, аңыз желісі бойынша қандай да бір жамандыққа кез болсаң, одан еш уақытта ешқайда қашып құтыла
395
алмайтыныңды көрсеткен. Бұл тұрақты тіркес келетірілген өлең шумағында астарлы мағынамен емес, тура мағынасында, аңыз желісі көрсеткен мағынада жұмсалған болатын.
Қыршын жасыңнан қайтармақ болып есесін, Кеудемде менің құпия ғұмыр кешесің. Екеуіміз кейде кеземіз, аға, кешкілік, Гурьевтің шалшық көшесін [2,57].
Уызы арылмаған жастық шақты, балаң кезді «қыршын жас» тіркесі арқылы әдеби тілімізді ажарлау мақсатында береміз. Ақын бұл өлең тармағында «қыршын жас» тіркесін қолданудың өзіндік себептері бар. Алдымен, өлеңнің тілін көркем беру үшін, астарлы ойды ұтымды жеткізу үшін қолданса, екіншіден, дыбыстық үйлесімділікті сақтау үшін ақын осы тіркесті таңдаған болатын. «К» дыбысы салдырдан тұратын дауыссыз болғандықтан, өлең тармақтарындағы үндестікті сақтау үшін ақын үнді дауыссызды емес, «қ» салдыр дауыссыз дыбысымен басталатын тіркесті пайдаланып отыр. Дыбыстар арасындағы үндестікпен қатар пропорция сақталған. Бірінші тармақтағы бірінші және үшінші сөздер мен, екінші тармақтағы бірінші және үшінші сөздер дыбыстық жағынан «к», «қ» дыбыстары өзара үндесіп тұр.
Отырасың қозғалмай, Бұлт ішінде батқан ай. Қой үстінде бозторғай,
Жұмыртқалап жатқандай [2,76].
«Қой үстінде бозторғай жұмыртқалады» фразеологизмі тыныштықты, бейбіт заман орнады дегенді білдіреді. Ақын осы тіркесті өлең ұйқасына сәйкестендіріп, өзіндік өзгеріс береді. Теңеу көркемдегіш тәсілі арқылы өлең ұйқасын жалғастырып әкетеді. Тыныштықты беру үшін ақын осы фразеологизмді ұтымды берген болатын. Есімше жұрнағына «-дай» теңеу мәнді жұрнағын жалғау арқылы жасалған «жатқандай» сөзі жұмыртқалады етістігін түрлендіріп, оған сындық, сапалық мағына беріп тұр.
Халықты қара, көз салып қала ішіне, Алыпты дара айналдырмақшы кішіге [2,57].
Ақын өлең жолдарында бунақ ырғағына сәйкес буындарды түрлендіре алады. Дәл солай Табылды Досымов тұрақты сөз тіркестерін қолданған кезде ондағы етістіктерді көсемше формасына келтіріп, буын санын азайтып я көмекші етістіктің көмегі арқылы бунақтағы буын сандарын көбейтіп отырған болатын. «Көз салды» тіркесі арнайы көңіл бөліп, көзін тігіп, назарын аударып қараған шақта қолданылады. Ақын өлеңінде келтірілген бұл тіркес арнайы назар аударту мағынасында айтылып тұр.
Көркем шығармада көріктеу құралдарының қай-қайсысының да авторлық, контекстік түрлері басым болып келеді. Бұл – суреткердің дүниетанымына, содан өзі алатын ой-түйініне тікелей байланысты құбылыс. Осы реттен келгенде Табылды Досымов өзінің де әр нәрсені салыстырып сезінуі – ассоциациялау қабілеті күшті ақын екенін шығармашылық жолының алғашқы қадамынан-ақ танытады.
Мың сөзден бір сөз таңдап, сөз маржанын бейнелі өрнекпен кестелейтін, сөз құдіретінің мәнмағынасына, сиқырына терең бойлайтын Табылды шығармашылық шыңынан көрінеді.
Табылды өз жырларында кез келген құбылысты бейнелеу үшін бір зат, құбылысты екінші бір мүлде ұқсамайтын заттармен алмастырып қолдану арқылы метафора тәсілін қарастырады.
Табылды да басқа талант иелері сияқты халық ауыз әдебиетінен халықтың ой-мәдениетімен, халықтың ұлттық сипатынан, дәстүрінен көп үйренген. Табылды туындылары сезімге бай, көркем бейнелі болғандықтан ондағы метафоралардың қызметі әр алуан, ерекше сипатта көрінеді.
Кез келген көркем туынды да метафораның екі түрі кездеседі. Бірі - бүкіл халыққа түсінікті, тұрақты дәстүрлі метафоралар болса, екіншісі әлі халықтық сипат алмаған жеке қолданыстағы метафоралар.
Т.Досымов поэзиясында кездесетін метафораларды дәстүрлі және жеке қолданыстағы метафоралар деп екіге бөліп қараймыз. Халықтық сипат алған дәстүрлі метафорада образдылық айқын әрі айшықты күнделікті өмірде жиі пайдаланатын сөздер тұрақтылық сипатқа ие болады. Дәстүрлі метафорада халықтың өз тұрмыс-тіршілігіндегі, табиғатындағы өзінің ұлттық ерекшеліктеріне байланысты тұтынатын, пайдаланатын заттарына, табиғатына, ұлттық дәстүріне
396
байланысты сөздер қолданысқа кіреді. Дәстүрлі метафора қолдану ақын поэзиясында жиі көрініс табады.
Метафораның барлық түрі Табылды шығармаларында эстетикалық-көркемдік дәрежесінде өз жалғастығын тапқан.
Дәстүрлі метафора жануарларға (жылқы, қой), хайуанаттарға байланысты (арыстан, бөрі), құстарға байланысты (қыран, сұңқар, торғай) табиғат атаулар да суреткер шығармаларында балама түрде жұмсалынады.
Дендерім менің – кең жерім менің, Байлыққа толы белдерім. Махамбет пенен батыр Борандар Қыран боп туған ерлерім [2,14].
Алты алаштың алыптары берсе дем, Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем. Биіктікті, айналайын, туған ел, Қыранының қанатымен өлшеген [2,50].
Қыран құс – алғырлығы мен батылдығы жоғары бағаланатын ерекше құс түрі. Сол құс түрі арқылы ерлердің ерлігін жоғары бағаласа, келесі тармақтарда ақын биіктікті қыранның қанатына балайды.
Метафораны құстармен ғана емес, аң түрлерімен де беруге әбден болады. Төмендегі өлең жолдарында қазақ халқын бөлтірікке теңеп, талай дарынды дүниеге әкелетіндігін айтады.
Қазақ едім дегенше, бөлтірік ем десеңші, Талай дарын дүниеге келтіріп ем десеңші. Мың жылда бір туатын Мұқағали секілді, Алыбымды «абайсыз» өлтіріп ем десеңші [2,51].
Табиғат құбылыстарын метафора ретінде беру Табылдының шығармашылығын да молынан кездеседі.
Жұлқылап өтті жел-ерке, Ақ қайың қыздың етегін [2,98].
Бұл өлең жолдарынан кездесетін метафоралар - «ақ қайың қыз», «жел-ерке». Қызды ақын ақ қайыңға, оның етегін жұлқылаған желді ерке мінезге балайды. Қызды ақ қайыңға балау бұрыннан ақын-жазушыларымызда қалыптасқан дәстүрлі метафора, дәл сол секілді желді ерке мінезге балау Табылдыға дейінгі ақындарда да кездескен болатын. Десек те, осы дәстүрлі метафораларды тіркестіріп, бір шумақтың ішінде бір ойды жеткізу үшін берген ақын тәсілі, шынымен де, сәтті шыққан болатын.
Шелегі көктің босап қап, Селдетті жауын басылды. Иінағаш – кемпірқосақ та Құбыла жаққа асылды [2,99].
Ақын кемпірқосақты иінағашқа балап, құбыла жаққа қарай бағытын түзегендігін айтады. Иінағаш
– екі жағына шелек іліп, иыққа салып, су таситын құрал. Бұл жердегі астарлау кемпірқосақтың бағыты емес, оның иінағаш секілді иіліп тұратындығы айтылған.
Қайғырып досың түгіл, бақталасың, Кеудеңде сағат-жүрек тоқтағасын. Қалдырып мынау жалған дүниені Келмеске мәңгі-бақи аттанасың [2,69].
Сағат – уақытты санауға арналған деректі ұғым. Қуаты біткенде сағат тоқайды, десек те, оны адам қолының көмегімен қуат көзін ауыстырып, қайта жұмыс жасатуға болады. Ақын осы сағатты өлең жолдарында сағатты жүрекке балайды. Дегенмен, жүректің уақыты келіп тоқтаған сәтте, оны ешкім де ештеңе де қайта қуат көзін қосып жалғастыра алмайды. Ақын жүректі бірізді жұмыс істеуін сағатқа балайды. Сағат уақытты өлшейтін абстрактілі ұғым болса, ал жүрек өмірді өлшейтін үлкен ұғым.
397
Арман - адамның сезімін, көңіл-күйін білдіретін дерексіз ұғым. Алға қойған мақсат жолында ойға алған қиял арман деп аталатыны баршамызға аян. Сол арманға жақтық категория беріп, оны заттық ұғым ретінде қарастыра аламыз. Сондай жағдайларда арман сөзі метафоралық сипатқа ие бола алады.
Сен де армансың, мен де арманмын, арманбыз Армандарды армандарға жалғармыз.
Саған құсым қалықтайды алыстан, Аманбысың, Алматыда қалған қыз? [2,32].
Арман сөзіне заттық категориялар беу арқылы метафора жасай аламыз, енді бірде арманды құсқа балап, өзге мағына беретіндігін ақын шығармашылығы дәлелдей алады. Белгілі бір адам бейнесін алдымен, арманға балап, одан соң оны құсқа теңейді.
Арман құсым, аманбысың, Біле алмаппын бағаңды шын. Қонбадың бағыма, Қоштасу өмір заңы ма? [2,39].
Табылды шығармашылығында арман сөз бірнеше жерде кездеседі. Бірде арманға адам бейнесін берсе, енді бірде оны құсқа балап сағыныш бейнесіндегі адам мәніне ие қылады. Енді бірде арманға әрекет береді.
Жанардан ұштың, бақытым, базарым едің, Ақ арман неге қол бұлғап шақырмайды алдан? [2,53].
Бұл тармақтарда кездесетін метафора қатары – «базарым едің» тіркесі.
Алқымнан алады кендір-мұң, Көңілімді көрге де көндірдім. Шаршаған шылымымның шоғын, Қарашығыма сөндірдім [2,60].
Мұң әрқилы болуы мүмкін. Ол жанды тербетер, ауыр салмақты, қатпар болуы мүмкін. Алайда ешбір ақын мұң сөзін кендір сөзімен тіркестіріп көрмеген. Табылды ақынның осы бір тіркесі өте ұтымды шыққан. Кендір, негізінде, сабағының талшығынан арқан, жіп есіп алатын алатын өсімдік. Кендір сөзін біз «кендір арқан» тіркесімен беріп, бастапқы мағынасынан алыстатып, тығыздалған сөзінің синонимі ретінде береміз. Осындай сөзді мұңға балап, мұңның салмағын одан әрі ауырлата түседі. Осы өлең жолдарындағы тіркестер тым ерекше. «Шылымның шоғын шаршатып», ақын оған жан бітіре суреттейді. Оны шаршатып қана қоймай, одан әрі жандандырып, қарашығына сөндіргендігін айтады. Алдымен метафорамен басталған тіркес одан әрі кейіптеуге жалғасып, өлеңге өзгеше әр береді. Ақын тілінің шұрайлылығы осынысымен де өз мәнін айқын ашып тұр.
Жанса бүгін ерліктің арай-шамы, Тектіліктің шырқалмас қалайша әні. Бауырыңа батырды басып алып, Жатырсың ба тұнжырап, «Малайсары»?! [2,78]
Ақын алдымен арайды шамға балап барып, кейіптеуге айналдырады. Жай ғана арай-шам емес, ерліктің арай-шамы деп, оны жанғандағы бейнесін беру үшін кейіптеуді ұтымды қолданады. Малайсарыға жан бітіріп, оны тұнжыраған бейнеде көрсетеді. Малайсарыға қаратып айтылған сөздер Малайсарыға қимыл беріп суреттейді.
Жанарыңда мұнар мұң бар, Со бір мұң,
Кіреукесін көтертпейді-ау көңілдің. Бұйра шашың бұлт ішінде желбіреп, Ағып бара жатасың Аспанында Өмірдің [2,82].
Өмірдің әр қилы қыры болуы мүмкін. Әр ақын әр нәрсеге балайтын болса, өмірдің аспаны деген тіркес тек Табылды ақынға ғана тән. Дәл осы секілді «көңілдің кіреукесі» деген тіркес те Табылды ақынға ғана тән екенін айтып өткеніміз жөн.
Шартарапқа шарқ ұрып көңіл-дөнен, Жастық жаққа, жүргенде, сенуменен. Өнеріңді, жүргенде, өруменен,
398
Кеп қалды ма ер жасы – Елу деген? [2,139].
Шартарапқа шарқ ұрған көңілді неге баласақ та, жарасымды. Ақын көңілді дөненге балап, шарқ ұрғызып, жастық жаққа жүгірте алады.
Алдында ардың ақтығын санаттан өшіп, Сәтсіздік-сайқал жатқанда, тамақтан осып. Шайыр біткендер шырмалып шырмауық-мұңға Жұтады сосын қайғыны шарапқа қосып [2,93].
Бұл шумақ тұнып тұрған балама тіркестер. Ақын ойы астарлы берілген. Ардың ақтығы деген тіркес бұрыннан қалыптасқанмен, оны санаттан өшуі алғаш рет айтылып тұр. Мұңға ақын бірде кендір деген тіркес қосып, ойын тым тереңге жіберсе, енді бірде шырмауыққа балап, оны шешілмейтін жағдайда көрсеткісі келеді. Сол шырмауық-мұң шайырларды өзіне шырмайды. Сосын барып, өз шарабына қайғыны қосып ішеді. Бұл тармақтағы «қайғыны шарапқа қосу» бұрын-соңды кездеспеген ой, кездеспеген тіркес. Адам шарап ішкенде, көп жағдайда, шынымен де, қандай да бір теріс көңіл-күйді қосып алады. Ақын осы бір сәтті дәл тауып суреттей білген. Сәтсіздікті сайқалдың бейнесінде көрсетуі шынайы берілген балама тіркес. Сәтсіздікті сайқалға балау – ұтымды айтылған ой, ұтымды метафора.
Мынау жырлар – Шамырқанған шақтарда
Бір жалт еткен ЖАНАРЫМНЫҢ ЖАРҚЫЛЫ [2,72].
Жырларын ақын әр түрлі кейіпте беруі мүмкін. Бірде маржан сөзге, бірде суға, бірде ағынға баласа, Табылды өз жырларын жанарының жарқылына балайды. Ақын шабытын келесі бір өлеңде дөңгелекке балап, оны шыр айналдырады.
Шыр айналса шабыттың дөңгелегі, Құлағыма көмескі ән келеді. Құйғып бара жатырған құлын-өлең,
Құйрығыңа жармасып нем бар еді?.. [2,97].
Шабыт дөңгелегі шыр айналғанда ақын «құйғып бара жатқан құлын-өлеңнің» құйрығына жармасқанын айтады. Ақын жырлары жоғарыда айтылғандай «жанарының жарқылы» болса, енді бірде құлын боп құйғытады.
Жан – қонақ та, тән – Жерлік, сана – қалжа, Аттан, алыс ғарышқа көтеріл де!
Ақыл – сәжде, дін – перде, Адам – олжа, Кебін – перде бүркейді кетерінде... [2,133].
Жан – дерексіз ұғым, оны ақын қонаққа балап абсрактылы ұғым ретінде қалыптастырады. Тән – жанның қонатын орны. Жансыз тәннің ешбір қасиеті қалмайды. Сол себептен де ақын тәнді Жерлік деп балап, өз ойын айқын жеткізеді. Ал сананы қалжаға балап, алысқа аттануын, ғарышқа көтерілуін тілейді. Ақылды сәждеге балап, адамды олжа деп, кетерінде бүркейтін кебінді пердеге балап көрсетеді.
АЛЛА – Ұлы мемлекет, дін – саясат, Адам – оның зайырлы тұрғындары [2,133].
Алла Тағаланы, оның құдіретін жырына арқау етпеген ақын кемде-кем болар. Десек те, ақындарымыз құдірет иесіне бейне беруден аулақ. Дәл осылай Табылды Досымов шығармашылығында Алла Тағаланы өлеңіне арқау етуде бейне беруден аулақ болып, өте сезімталдықпен, сақтықпен ойын астарлы түрде берген болатын. Алла тағалаға бейне беріп емес, оны Ұлы мемлекет деп балап, дінді сол мемлекеттің саясаты, ал бес күндік пенделерді сол мемлекеттің зайырлы тұрғындары деп түсіндіреді. Осындай үлкен балама тіркес ақын шығармашылығын одан әрі биіктете, одан әрі көтере түседі. Табылды ұлы ана тілінің бар нәрін, асылын бала кезінен бойына сіңіріп, емін-еркін игереді, сөз анасын асқан сезімталдықпен, алғырлықпен өрнектейді. Ақын өлеңді көзбен көріп, көңілі толып, жанымен сезініп жазады. Сондықтан оның пайдаланған метафоралары өмірді сүюден, жақсылықты аңсаудан, құштарлықтан тұрады. Табылды Досымов жырларының бүкіл шығармасының өн бойында бейнелеу тәсілі – метафораның әсері, күш қуаты тереңге тамыр жайғанын көруге болады.
Т. Досымов жырларында мұндай бейнелі көркем суретке толы тіл ажарын, сәнін келтіретін өлең жолдары көп. «Қыран боп туған ерлерім», «жел-ерке», «Ақ қайың қыз», «Көңіл – айдын»,
399
«сағат-жүрек» деген метафоралық тіркестер – көркемдігі де өте әсерлі, бұрын соңды қолдана бермейтін тың тіркестер. Ақын өлеңінде метафораны кейіпкердің мінезін, психологиясын айқын беру үшін, ойд нақтылауда, аз сөз арқылы көп мағына беру мақсатында өте ұтымды пайдаланған. Суреткер метафорасы сезім дүниесіне әсер ететін нәзіктікпен, эмоцилы мәнерлілікпен қолданылған.
Т.Досымов – қазақ бардының көшбасшысы ғана емес, оның ұлттық нақышы мен саздық, мазмұндық құдіретін әрлеуші ретінде де тарихта қалды. Өйткені Табылдының шығармашылығы поэзияға қойлатын барлық талапты орындап, заманына сай қоғамдық-әлеуметтік мәселе көтеру жағынан да, бардшылардың көбінен кездесетін ұқсас ырғақтылықтан қашып, жан дүниені шымырлататын әуендік құрылымы жағынан да біз білетін бардшылардан ілгері тұрып, оған ұлттық нақыш береді.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1.Ақшолақов Т. Көркем шығарманың эстетикалық табиғатын таныту. Алматы, 1975
2.Досымов Т. Із тастап аққан бір жұлдыз... – Алматы:Атамұра, 2013
3.Смағұлова Г. Фразеологизмдердің варианттылығы. – Алматы, 1996.
Рсимбет Б.Қ.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология және әлем тілдері факультетінің 4-курс студенті
Ғылыми жетекші:.Әміров Ә.Ж.
әл-Фараби ат.Қазақ Ұлттық университеті
ЖЫРАУЛАР ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ АЛЛИТЕРАЦИЯ
ХV-XVIII ғасырлар әдебиеті деп жүргендеріміз біздің заманға негізінен ауызша жеткен әдеби мұралар. Сол себепті де ғылыми қауым белгілі бір дәуірдің әдебиетін ауызша сақталған материалдардың негізінде құрастырып, өңдеп шығуға көп уақыт бойы кірісіп кете алмай жүрді. Бұл – түсінікті жағдай. Бүгінгінің өзінде бір адамның сөзі яки бір шумақ өлеңі екінші, үшінші адамға ауызша жеткен кезде алғашқы қалпынан мүлде айырылып қалмауына ешкім кепіл емес. Сол себепті де ертеректегі адамдардың, ақын-жыраулардың төңірегінде ақиқаттан гөрі, аңыз, болжау басымырақ. Оның үстіне ауызша сақтаушылардың мәтінді дәл бастапқы нұсқасындағыдай есінде сақтап қалуы мүмкін емес, кей шумақтарын, сөздерін ұмытып қалып, өзінше, өз қоспасымен айтып, өзі білетін біреуге тели салуы да көп кездесетін жайт. Міне, осындай сан-алуан жағдайлардың негізінде XVXVIII ғасырлардың поэзиялық нұсқалары ХІХ-ХХ ғасырларға шаршап-шалдығып жетті. Сондықтан да біздің де, басқа біреудің де қолында дәл мына өлең Сыпыра жыраудыкы немесе Қазтуған жыраудыкы, Жиембеттікі деп кесіп, дөп басып айтуға мұрындық боларлықтай бұрынғы дәуірлерден қалған жазба дерек жоқ. Біздікі тек болжау, қолымызда бар мәліметтер негізінде сөз сөйлеу.
Жыраулар поэзиясы – халқымыздың тарихында қайталанбас, ерекше өзіндік орны бар, руханиәлеуметтік маңызы орасан зор, қырлары мен сырлары әлі күнге толық айқындалып болмаған қызықты да күрделі поэзия. Жыраулар - халық поэзиясын жасаған ақылгөй даналар. Олардың поэзиялары тек ұйқаспен ғана құралмаған, сонымен қатар көркемдік тәсілдердің де түр-түрін барынша пайдалана білген.
Бұқар жырау, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбеттердей жырауларымыз өз поэзияларында ең мол қолданған көркемдік тәсілдері – аллитерация мен ассонанстар. Ассонанс – дауысты дыбыстардың ұйқасуы. [1; 62-б] Аллитерация – бір ойды, сөзді баса айту мақсатымен белгілі бір дауыссыз дыбысты қайталау. [1; 42-б] Осының ішінде жыраулардың аллитерацияны қолдануына тоқталсақ. Аллитерация деген - дауыссыз дыбыстардың қайталануы арқылы әдеби тілді ажарлап, сөздің реңін келтіре түсетін көркемдік тәсіл. Дауыссыз, әсіресе қатаң дауыссыз дыбыстар қайталанып, шегелеп айтар ақыл, нақылды, тепсініп толғар тегеурінді күш-қуатты өте әсерлі береді. Мәселен, қарға бойлы Қазтуғанның шығармашылығына зер салатын болсақ, автордың аллитерция тәсілін қолданғанын байқаймыз:
...Билер отты би соңы, Би ұлының кенжесі,
400