Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
игпрк док.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
88.68 Кб
Скачать

2.2. Кенесарының сот және сот жүргізу ісі жүйесінде жүргізген реформалары

Дәстүрлі қазақ қоғамындағы сот билігінің тізгінін билер ұстады. Билер соты кеңінен тараған әрі халыққа түсінікті, қуатты салалардың бірі болған. Билер халық мойындаған беделді тұлғалар олар екі елдің арасындағы дауларды шешуге қабілетті болған. Би сайлау жолымен немесе үкімет бекіткен адам емес, сот ісін терең меңгерген, шешендік қабілеті бар тұлға. Кенесары хан өзінің мемлекеттілігін қалыптастыру ісінде сот жүйесіне ерекше мән беріп, сот реформасын жүзеге асыруда дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер сотын қалпына келтірді. Сот реформасын жүзеге асырғанда бұл бағыттағы, бұрынан келе жатырған заңдарға, тәжірбилерге сүйенді. Өз заманына сай келетін реформаларды қолдануға тырысты.

Кенесары хан билер сотын реформалауда соттың дәстүрлігін сақтап және оны дамытуға тырысты. Сот реформасында белгілі өзгерістер болды. Реформа бойынша, ең жоғарғы сот билігі ханның қолында болды. Хан негізінен маңызды дауларды шешуге қатысты, ал басқа істердің барлығын хан тағайындайтын билер қараған болатын.

Сот – құқықтық реформаның мақсаты сот істерін қарауды жақсарту және барымта, өзара талас пен ру араздығын тоқтату еді. Кенесары сот реформасын жасағанда, өзіне елеулі ықпал еткен ізашарларының ісін жалғастыра білді. Сондай ізашарлардың бірі тарихта әдеттегі құқық жинағы «Жеті жарғының» авторы ретінде белгілі, ірі сот реформаторы Тәуке хан еді [14. 124 б].

Кенесарының қызметінде қазақтардың әдеттегі құқығын тура жоққа шығару байқалмаса да, оны бар уақытта қолдана қойған жоқ. Сот құқықтық реформаны Кенесары біртұтас қазақ мемлекетінің барынша қарсы болған ру билерімен аяусыз күресе отырып жүргізді. Өзінің заң шығарушылық қызметін Кенесары әдеттегі құқықтарға өзгерістер енгізуден бастады, ол ру билерінің сотын таратып, сот ісін өзі тағайындаған билер мен жасауылдардың қолына берді. Мысалы, Төртқара руының құрметті билері болып Байтен Бекмырзаев және Қазанғап Өтебасов сайланды. Шөмекей руында би атағын Тағбан Мәмбетов алды. Қызметін жеке мүддесіне пайдаланған билерді Кенесары орнынан алып, олардың орнына халық сеніміне ие болған адамдарды сайлап отырды және оларға “граф” атағын беріп отырған [15. 88 б.]. Рулар арасындағы аса маңызды сот істерін, сондай – ақ өзінің қол астынан тыс жерлердегі рулардың бұларға талап қойған шағымдарын Кенесары тікелей өзі қарады немесе сол жерлерге арнайы жасауыл жіберіп қаратты. Сот ісін қарауда істер 3 негізі мынандай топтарға бөлінді:

  1. Кенесарының қарауындағы рулардың барымта және адам өліміне байланысты қаралатын сот істері;

  2. Кенесарыға бағынышты емес рулардың арыздары қаралатын сот істері, олар бұған жиі арызданатын;

  3. Кенесарыға қарасты қазақтары мен патша бодандары арасындағы дауды шешетін сот ісі. Осы топтардың әрқайсысын жеке – жеке қарастырайық [16. 90 б].

Ру арасындағы жанжалды қарағанда, Кенесары араздықты тоқтатуға және өзінің жақтастарының арасында бірлікті сақтауға тырысты. Ол өзінің қарамағындағы қазақтардың малын рұқсатсыз тартып алуға қатаң тыйым салды және тартып алынған жағдайда малды бірден қайтарып беріп отырды. Кенесарыға қарасты қазақтар өздерінің жанжалдарын шешуді өтініп, оған жиі келетін болған. Мысалы, арғын руының өкілдері Мыңбай, Талпақ, Байман Кенесарыға қыпшақтардың үстінен арыз айтып келеді, сонда ол өзінің жасауылдары Масақ пен Қажауға «сұраушыларды ертіп, бағаналы – қыпшақтарға баруды, арғындардың арызын сөзсіз қанағаттандыруды» бұйырады. Жасауылдар Арғын руының өкілдерімен қыпшақтар ауылына келіп, билермен бірге істі қарап, арғындардың арызын қанағаттандырады.

Осылайша, Кенесары өзіне қарасты рулардың арасындағы барымта мен жайылым үшін болатын жанжалдарды өршітпей екі жақты бітістіріп отыруға барынша тырысып баққан.

Кейде өздерінің даулы мәселелерін шешуді өтініп, Кенесарыға оның қол астынан сырт жерлердегі рулардың қазақтары да келетін болған, ал Кенесары оладың мәселесін қараудан ешуақытта бас тартпаған. Мысалы, төлеңгіт Есқара Қосқадамов былай деп көрсетеді: «Алшындар Кенесарыға келіп, ерте уақыттардан бері араздасып келген Бағаналы руымен татуластыруды өтінді. Кенесары бұған келісіп, өз атынан Қадыр биге, Жүзен биге және Басалқа сұлтанға хат жіберді».

Соңғы мәселе – ол Кенесары жақтастары мен империяға «адал берілген» билерге қарасты ауылдар арасындағы сот істері. Мұндай жанжалдарды көп жағдайда өздерінің бодауындағы қазақтарды Кенесары қарамағындағы ауылдардың малдарын барымталауға айдап салып, патша тыңшылары туғызатын. Бұл секілді жанжалдарды басу үшін Кенесары өз жақтастарының малын барымталаған руларға өзінің өкілін жіберіп отырды. Егер бұдан нәтиже шықпаса, Кенесары билеуші сұлтандарға сөз салып, осы дауды шешуді өтінетін. Ал егер бұл да табысты болмаса, Орынбор Шекара Комиссиясына немесе тікелей губернаторға мағлұмдама хат жолдап, билеуші сұлтандардың бұл істі шешуге пайдасы болмағанын түсіндіретін. Дәлеліміз нақты болу үшін, оның хаттарынан бірнеше үзінді келтірейік: «Назар руының қаазқтары менің көп жылқымды айдап әкетті, сәл уақыт өткен соң мен біраз арғындарды ертіп, өзара дауды бітістіру үшін соларға бардым, бірақ олар бізбен төбелесіп, көп адамымызды өлтіріп, көбін тұтқындады».

Өкінішке қарай, Кенесары сот ісін қарағаны үшін хан үлесін алған – алмағанын білу қиын болды. Екінші бір анықтай алмаған нәрсеміз – құн мен айып жүйесіне Кенесары қаншалықты өзгеріс енгізгені. Құн мәселесі мөнінде біз архивтерден бір ғана көңіл аударарлық құжат таптық. Феодал құлдардың ешқандай құқығы болмағаны белгілі, тіпті иесі оны өлтіргені үшін да жауап бермеген. Белгілі феодал Сейтен би Азнабаевтың есігінде Тілеген Кенетеев 20 жыл құлдықта болады. Қашпақшы болған әрекеті үшін Азнабаев оның анасы мен қарындасын өз үйлерінде өртеп жіберді және Кенесарыдан өз құлын өлтіруге рұқсат сұрады. «Кенесары оны өлтіруге рұқсат етпеді, қайта оның ұзақ жыл еңбегі үшін 40 ұрғашы құнан немесе 20 құлынды бие беруді, әрі Сейтен отқа өртеген анасы мен қарындасының құнын төлеп, өзіне бостастық беруге бұйырды». Архивтердегі барлық деректерден білетініміз – Кенесарының өзінде құл деген болмаған. Кенесары құлды еркіндікке босату туралы және оған басы бос қазақ құқығын беру туралы шешімі аса көңіл аударарлық. Кенесарының мұндай шешім қабылдауына патша үкіметінің Қазақстандағы құлдыққа қарсы саясаты әсер еткен болуы да мүмкін.

Қазақ руларының сотқа жүгінгендегі негізгі дауы – барымта мен ру араздығына Кенесарының қалай қарағаны туралы айтуға тұрарлық. Кенесарының барымтаға жаны қас болған. Кенесарының барымтаға деген көзқарасын оның Орынбор Шекара Комиссиясының төрағасына жазған хатынан да байқауға болады. Кенесары былай деп жазады: «Қазір біз Назар, Шүрен, Тілеуқабақ руларымен аразбыз, сондықтан олар бастықтарға біздің үстімізден арыз жазып, қаралағысы келеді. олардың бұл қылығын естіп мен қатты қиналдым. Жоғары мәртебелі тақсыр, егер мүмкін болса, бізге бір сенімді адам жіберсеңіз, ол аталған руларды басты билерін және бізді жинап, ісімізді қараса, егер біз олардың жалғыз тайын болса да ұралып, кінәлі болсақ, онда бізді жер бастырып жүргізбей – ақ қойыңыз». Кенесары барымтаға байланысты пайдаболатын руаралық жанжалды қалай да шешуге тырысты. Осының бәрі Кенесарының барымтаға теріс қарағанын көрсетеді. Алайда бұл Кенесары жақтастарының кейде өз еркімен мал барымталап отырғанын жоққа шығармайды. Бұл арада көтеріліске қатысудан бас тартқан және материалдық көмек көрсеткісі келмеген ірі феодалдардың мал – мүлкін тартып алуды барымтамен шатастырмау керек.

Кенесары жауласушы руларды татуластыруға ерекше мән берді. Ол ру араздығы мен өзара жауласуды тоқтатпайыншы, мемлекет бірлігін қамтамасыз етуге болмайтынын түсінген. Кенесары хан сайланған күні – ақ барымтаны тоқтатуды және жауласушы рулардың татуласуын бірінші кезекте талап етті [17. 283 – 284 б.].

Кенесары Қасымұлы қылмысқа қолданылатын ең ауыр жаза — өлім жазасын да, өзі қолдана алған болатын. “Қатаң әскери тәртіп үшін күреске ерекше көңіл бөлді. Тәртіпті бұзғандар қатаң жазаланып отырған. Кенесары сатқындық үшін өлім жазасын қолданған. Тұтқынға түсіп, Кенесары Ордасында болған барон У-р бір өлім жазасына байланысты былай деп жазды: “Кенесары ауылға қайтып келе жатып, қарауылда тұрған қырғыздың ұйықтап жатқанын көреді. Өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін басқаларға үлгі ретінде оны өлім жазасына кесті”. Соның арқасында, Кенесары лагерінде әскери қатаң тәртіп орнаған болатын. Кенесары өлім жазасымен қоса көптеген ауыр жазалар қолданып қылмыстың алдын алу шараларын жүргізген. Кенесары Қасымұлының қылмыс пен жаза мәселесіне бaйланысты жүргізген реформасы, оның мемлекеттілігінің күшеюіне және оның ішкі бірлігнің сақталуына жағдай жасады [18. 270 б.].

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Кенесарының қызметі рулық араздықты жоюға және қазақтардың әдеттегі құқығына елеулі өзгерістер енгізу нәтижесінде оны жалпы мемлекеттік құқық дәрежесіне көтеруге көмектесті деуге болады. Ал жауласушы руларды бітімге келтіру, феодалдық алауыздықтың тыйылуына жеткізді. Сот билігі қай қоғамда болмасын, маңызды рөл атқарды. Оның ішінде дәстүрлі қазақ қоғамында сот билігіне, оны жүзеге асыратын билерге ерекше ілтипатпен қараған. Қазақтың билері дала демократиясының жаршысы ғана емес, сонымен қатар, сол демократияның тірі тетігі де болып табылды. Бұл мәселені байқаған Кенесары хан да, өзінің мемлекеттілігін қалыптастыру ісінде сот жүйесіне ерекше мән беріп, оны реформалауға тырысқан болатын. Кенесары ханның сот реформасын жүзеге асыруда дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер сотының жалпы сипаты, мәні сақталғанмен, сот ісін жүргізуде үлкен жаңашылдықтар енгізілді. Мұның өзі Кенесары ханның үлкен саясаткер екендігін, әрі мемлекет қайраткерлігін көрсететін жағдай болып табылады.