- •Хан Кененің ұлт үшін бейбітшілік жолындағы күресі
- •1.1.Қазақстан XIX ғ. 20 – 40 жылдарында
- •1.2. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт – азаттық көтеріліс
- •1.3. Кенесары хандығының ішкі құрылысы
- •2. Кенесары Қасымұлының құқықтық реформалары
- •2.1. Кенесары ханның басқару жүйесінде жүргізген реформалары
- •2.2. Кенесарының сот және сот жүргізу ісі жүйесінде жүргізген реформалары
- •2.3. Кенесарының салық жүйесінде жүргізген реформалары
- •2.4. Кенесарының әскер жүйесінде жүргізген реформалары
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер.
1.3. Кенесары хандығының ішкі құрылысы
Кенесары хандығының саяси құрылысын қарастырайық. Кенесарының Қазақ мемлекеттілігін нығайтуға арналып қолданған шаралар азаттық күрестің міндеттерімен тығыз байланысты болды. Хронологиялық тұрғыдан алғанда бұл шаралар негізінен XIX – ғасырдың 40 – жылдарының бастапқы кезеңіне жатады. Қазақтарды біріктіретін мемлекеттік бірыңғай орталықсыз қуатты Ресей патша өкіметіне және Орта Азия хандықтарына қарсы ойдағыдай күресуге болмайтынын Кенесары түсінген. Қазақтардың түбіне жететін олардың бытыраңқылығы, араларындағы ру араздығы және барымта деп ол талай рет ескерткен. Хорунжий Жаңбыршин Балғожаға жазған хатында Кенесары орталықтандырылған мемлекет туралы өз ойын ашық айтады:
Ойда Қоқан, қырда орыс,
Хакім болды қаласы.
Кімнен таяқ жегендей
Біздің қазақ баласы,
Алдырып жүрген дұшпанға
Өзді – өзінің аласы.
Нысанбай ақын да өзінің дастанында рулық араздықтың, барымтаның және бірліктің болмауының зияндылығы туралы жырлаған.
Бірлік болса біздерде,
Кім мазалар бұл қазақтың баласын? [9]
Кенесары құрған мемлекет феодалдық мемлекет болды. Себебі, қазақ қоғамының өндірістік қатынастарының феодалдық негізі Кенесарының қайта құрушылық қызметінен өзгере қойған жоқ еді. Керісінші, өндірістік қатынастардың феодалдық сипаты Кенесары тұсында күшейе түскен. Ол қазақ жерін өз хандығының меншігі деп қарап, бұл ойын бірнеше рет атап айтқан және де Кенесары Герн арқылы үкіметтен өзінің ата – бабасынан қалған жері Ұлытауды қайтарып беруді талап етті.
«Сіздер, - деді ол Горчаковқа арналған бір хатында, - атамыз Абылай ханға тиісті жерлерге округтік дуандар құрдыңыздар». Феодалдық көзқараспен ол қазақ халқын хан тұқымының меншігі деп санады. «Абылай Қазақ ордаларының ханы болды, - деп мәлімдеді ол, - сондықтан бұлар соның меншігі». Рулық қоныстарды бөлудің феодалдық тәртібіне сай ол көбінесе ең жақсы жайылымдарды өзіне алып отырды. Кенесары феодалдық экономика шеңберінде оң нәтиже берген бірқатар реформалар жүргізді. Осы реформалар қазақ халқы күштерінің бірігуіне, Қазақ мемлекеттігінің күшеюіне алып келді. Тек бір есте ұстайтын жәйт, осы реформалардың бәрі феодалдық мемлекетті күшейтуге арналған, ол кезде басқаша болуы мүмкін де емес еді. Кенесары тұсындағы хан билігінің әлеуметтік негізін билердің орта тобы мен төре тұқымына жатпайтын феодалдар, батырлар құрады. Қазақтың біртұтас мемлекетін құруға негізінен феодалдардың орта тобы мүдделі болды, олар бұл іске өздерін амае алып қалатын шара ретінде қарады. Ал ірі ру феодалдары біртұтас мемлекеттің құрылуына қарсы болды, себебі орталықтандыру олардың дербестігінің соңы еді. [10. 75 – 77б.].
Кенесарының қайта құрушылық қызметі ел билеуді ұйымдастырудың барлық жағын қамтыды. Алдымен мемлекеттік аппаратты құру ісіне тоқталып өтейік
2. Кенесары Қасымұлының құқықтық реформалары
2.1. Кенесары ханның басқару жүйесінде жүргізген реформалары
Кенесары өз мемлекетінің басқару жүйесінде бірнеше өзгерістер енгізді. Басқарудағы бұл өзгерістер ауыр әскери жағдайларға лайықтанған, ал дұшпанды жеңудің негізгі кепілі болып, барлық биліктің хан қолына шоғырлануы мен қатаң тәртіпті орнатуы табылды. Мемлекеттің басында дәстүрлі хан лауазымын иеленген Кенесарының өзі тұрды. Оның жанында Хан кеңесі құрылды. Хан кеңесі, коллегиялды, кеңесші және мемлекеттегі ең жоғарғы орган еді. Хан кеңесінде елдің ішкі және сыртқы жағдайының аса маңызды мәселелері қаралды. Хан кеңесі – кеңесуші орган ғана болды; билікті ханның өзі ғана айтатын. Кеңес бар уақытта Кенесарының пікірімен есептесіп отырды. Әбілқайыр хан тұсындағы оның еркін тежеп отырған Ақсақалдар Кеңесіне қарағанда, бұл біршама ерекшелік еді. Хан кеңесінің құрамына бытыраңқылықты қолдайтын текті феодал шонжарларды кіргізбеді. Кеңеске азаттық күрес барысында хан құрметі мен сеніміне бөленген адамдар ғана мүше бола алды. Хан кеңесінің мүшелері болып елге белгілі әрі беделді сұлтандар, батырлар, билер, соғыста ерлік көрсеткендер, халық сыйлап, мойындайтын абыройлы адамдар, саяси болжағыштар мен дипломатиялық дарындар және Кенесарының туыстары кіре алды. Кеңестің құрамына елге әйгілі батырлар – Ағыбай, Иман т.б. кірді. Мемлекет қызметінің әртүрлі бағыттарының іс әрекетіне жауап беретін бірнеше мекемелер құрылды. Мәселен, алым – салық жинаумен айналысатын қаржы мекемесін Сеилхан басқарса, дипломатиялық саладағы мәселелердің басында сұлтан Есенгелді Саржанұлы, Сейдаққожа Оспанұлы, Шоқпар Бақтыбайұлы және татарин Әлім Ягудин тұрды. Маңызды рөлді Наурызбай және Бопай батырлар бастаған әскери мекеме атқарды. Ерекше штаб – әскери Совет құрылып, оны қамтамасыз ету мәселелерімен Орск көпестері – Хусайын және Мұса Варнаевтар айналысты [11. 90 б].
Ханның қол астындағы дипломатиялық қызмет, хандықты басқару жүйесінде негізгі орындарының бірін алды. Хан, Ресей және Орта Азияның жоғарғы қызметтегі адамдарына жазбаша құжаттарын жолдайтын. Оның хаттары сыпайылық пен дипломатиялық әдептілікпен сипатталатын. Өзінің елшілерімен кездесуінде шыдамсыздық әрекеттерімен өзінің шешімінде берік екендігін көрсетіп, бірақ егер де халықтың мүддесіне пайдалы болса келісімге келуі де мүмкін еді. Ол, Қазақ хандығының тарихи кезеңіндегі дарынды билеушілердің ұрпағы, нағыз сұлтан болатын [12. 60 – 62 б.].
Елшілік келіссөздерді өздерін осы істе танытып үлгерген Шоқпар Бақтыбаев, Есенгелді Саржанов, Сайдақ қожа Оспанов және татар Әлім Жағудин сияқты адамдар жүргізді. Олар қырғыздармен, Қытаймен және патша әкімшілігімен болған келіссөздердің барлығына қатысты.
Поручик Герн Кенесарының елшілерді қабылдау рәсімі былай суреттейді: « Орынбор Шебінің орыс чиновнигі қасындағы серіктерімен Кенесары ауылдарына жақындаған кезде, - деп жазды Герн, - Кенесары чиновникке, сұлтан Кәрібайға және басқаларына арнап, үш киіз үйді өз ауылынан екі шақырымдай жерге тіккізді, сол уақыттан бастап оларға азиаттықтарға тән ең жақсы тағамдар тартыла бастады ». Екінші бір құжатта елшінің алдына бару тәртібі суреттелген. «Герн Кенесарының ауылына келісімен сый – құрметпен қабылданды және ертеңіне Кенесары оған 100 құрметті жасауылдан тұратын өкілдік жіберді, оның ішінде сұлтандар – Наурызбай мен Құдайменді болды. Бұл өкілдік, Герннің түсінігінше, оған бас иіп, сәлемдесуге келгендер».
Жергілікті жерлердегі атқарушы билік Кенесарының нөкерлері жасауылдарға берілді. Олардың негізгі міндетіне салық жинау барысын бақылау, ханның шығарған өкімдерін орындау, көші – қон аймағын анықтау және қазақ ауылдарын Кенесарының жағына тарту үшін үгіт жүргізіп, оны ұйымдастыру болды. Жасауылдарды ханның өзінің сарбаздары мен төлеңгіттерінің арасынан іріктеп алды [13. 127б.].
Осылайша, Кенесары тұсында елді басқару белгілі бір жүйеге келтірілді және мемлекеттік аппарат жеке салаларға бөлінді. Әр атқарушы белгілі бір мемлекеттік қызметке ие болды. Кенесарының мемлекеттік аппаратты реформалауы өкіметтің орталықтануына белгілі бір дәрежеде игі әсер етті.
