Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
тарих90.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
208.79 Кб
Скачать

8.Қазақ қоғамындағы билер және батырлар институты және дәстүрлі көшпелі қазақ мәдениеті

Қазақ ұлыстарында билер ерекше құқыққа ие болды: олар сот, әкiмшiлiктiк және әскери билiктi iс жүзiне асыра, сұлтандармен қатар жалпымемлекеттiк басқару iстерiне араласып отырған. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер институты өкілдерінің бойына тән негізгі төрт лауазымды қасиеттер: 1.әскери қолбасшы 2.әкiмшiлiктiк тұлға 3.төреші 4.дала аристократиясының өкiлi. Билердiң саяси салмағы едәуiр болғаны соншалық, кей жағдайда, тіпті ханның өзі аталмыш институттың беделді өкілдерімен, ақылдаса отырып, хан кеңесiнде қарастырылған мәселелер шешімін біріге қабылдап отырған. Соғыс және бiтiм мәселелерiнде байланысты сыртқы жаумен келiссөздерге көбiне билер жүргендiктен, түпкi шешiмдi шығару сөз саптаған шешен-билерге жүктелгенi даусыз. Тiптi, хан сайлау тәрiздi аса маңызды қоғамдық рәсiмдi атқару сонау Шыңғыс ханнан бастап негiзiнен билер атқарып келгенi, ақиқат.. Билер билiк басындағылар мен бұқара халық арасындағы тiкелей және керi байланысты iс жүзiне асырушы негiзгi саяси құрылым болды. Олардың мiндетi тұрғындардың талап-тiлегiн саяси жүйеге жеткiзiп, қоғамдағы саяси-әлеуметтiк тепе-теңдiлiк күйiнiң бұзылуына жол бермеу. Би институтының арқасында қазақ қоғамы бiр қалыпты күйде қызмет етiп, дағдарысқа ұшырамады. Бұған септiгiн тигiзген келесi факторлар: Билер қазақ елiнiң бүкiл аумағы бойынша тармақталған саяси институт болды, сол себептен олардың iс-әрекетi қоғам мүшелерiнiң басым көпшiлiгiн қамтып отырды; Билер халық арасынан сайланатын болғандықтан, хандық билiкке тосқауыл болды. Билердiң қолында әскери, саяси-әкiмшiлiктiк, сот және заң шығарушы билiк тетiктерiнiң шоғырлануының өзi хандық билiктi тежеуге ықпалын тигiзiп отырды;

Құрылтайда әрбiр жүз немесе ру-тайпаның мүддесiн белгiлi бiр би қорғағандықтан, аумақтық мүдделердiң өзара тепе-теңдiлiгi қамтамасыз етiлетiн;

Билер қоғам мүшелерiн сот үкiмiнiң шешiмiн бұлжытпай орындауға жоғарыдан «қысым көрсетiп» мiндеттемеген.

Тарихи материалдардың жан-жақты сараптамасы негізінде, көшпелi тұрмыс-тiршiлiк үрдiсiне сүйенген қоғам жағдайындағы билер институты -мұрагерлiк заңына негiзделген дәстүрлi бекзадалық билiк, хандық институтына қарағанда, халықтың қайнаған ортасының өзi тарихи қалыптастырып шығарған демократиялық билiк тұтқасы ретінде бағалана алатын институт-дәстүр деуге тұрарлық.

Ақсүйек тұқымдарының өзара қырқысынан берекесi кетiп, күйзелген халықтың басын қосып, ру-тайпа, жүзаралық дау-дамай, жанжалдарды тиып, «Алтын ғасыр» орнатқан Тәуке хан, елдi өзi Түркiстанда отырып, ұлы жүзге тағайындалған Төле би, Орта жүзге қойылған Қазыбек би, Кiшi жүзге бас етiлген Әйтеке билер, ал қалған ұлыстарды ұлыс билерi арқылы басқарған. Билердiң халық тарапынан сайлануын Қазанғап Байболұлының «Төле бидiң тарихы» дастанынд келтiрiлетiн мәлiметтер де растай түседi. Мәселен, Төленiң әкесi Әлiбек Ұлы жүздiң «сөз тияр» игi-жақсыларының арнайы жиынында би сайланған. «Төле бидiң тарихында» Әлiбектiң әкесi, Төленiң атасы Құдайбердiнiң де би болғаны айтылады: «Би сайланған Әлiбек, Құдайбердi биден соң, опат болып жасында, Құдайменде, ағасы»….. Сол сияқты Қаз дауысты Қазыбектiң әкесi Келдiбек те, баласы Бекболат та би болған кiсiлер. Патша шенеунiгi Д.Андренiң жазбаларына қарағанда, бидiң мақсаты «кiнәлiнi жазалау емес, тәртiпке шақырып, дау-дамай, жанжалдардың ушығып кетуiне жол бермеу, ауылдың, елдiң тыныштығын сақтау… Одан басқа, сот-билердi, әскербасы-билермен шатастыруға болмайды. Соңғыларының мiндетi бiлгiрлiгiмен қол бастап, халықтың қамын ойлау, отандастарын жаудан қорғау» Д, Андре би лауазымының мұрагерлiкке еш негiзделмейтiнiн арнайы атап өтедi.

Әр халықтың тарихында ұлтты ұйыстырарға, сақтап қалуға, өрлеуіне себепкер болған жекелеген тұлғалар, ақыл иелері мен батырлары кездеседі. Соның ішінде батырлар мәселесіне келгенде қазақтың еске алары көп. Сонау көк түріктің заманынан бері талай баһадүрлер өтті. Қазақтың ұлт ретінде қалыптасып, мемлекеттілігін дамытып, оны сақтап қалуда батырлардың қосқан үлесі, жанкешті іс-әрекеттері өлшеусіз. Қазақ батыры қай кезеңде де ол елінің, жұртының біртұтастығы үшін, тәуелсіздігі үшін қызмет етті деп айта аламыз. Батыр әр халықта болады. Бірақ оның функциясы бәрінде бірдей емес. Тарихи аспектіден қарағанда қазақ батыры білек күшінің ғана иесі емес. Ол – әрі жауынгер, әрі қолбасшы, стратег, әрі саясаткер, ел билеуші әрі дау шешетін сөз адамы, кедей-кепшіктің сөзін сөйлеп, жетімін жарылқаушы.

Қазақта батырдан батыр туған мысал жетіп-артылады. «Қазақ батыры» деген кезде ауызға ең алдымен оралатын Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Наурызбай, Жанқожа, тама Есет, Алыбай, Исатай сынды тұлғалардың қай-қайсысы да текті батырлардың ұрпақтары. Жырларда айтылатын Ер Қосай, Едіге, Ер Тарғын сынды батырлардың бәрі де ата-бабасынан ұрпағына дейін батыр болғандар. Ата кәсіптің батырлар әулетінде ұрпағына жалғасуын «шынжыры үзілмеу» деп атаған. Батырлар ұрпағы үшін ата кәсібін жалғастырмау – масқаралық болып саналды. Әскери әулеттен болғандықтан батырлар алғашқы ерлік жолын көбіне соғыста өлген әкесінің, туысының кегін алудан бастаған.

«Атам менің Қангелді, Қазақ үшін қан берді. Ер Түкеден мен тудым, Ер болуға бел будым…» – деген екен Райымбек батыр бабаларының батырлығын паш етіп.

Арғынның қанжығалы руынан тараған Қанжығалы Бөгенбай батырдың атасы Әлдеуін батыр – Есім хан әскерінің қол­басшысы, ал әкесі Ақша батыр – Тәуке ханның 80 мың қолын басқарған сардар болған адам. Жалпы, Бөгенбай тараған әулеттен Жиембет батыр, Қарабатыр, Бөкенбай батыр, Тіленші батыр, Есенаман батыр, Жоламан батыр қазақ жерінің тұтастығы үшін күресіпті. Батырдың өз ұрпағы Тіленші мен Жоламан батырлар патшалық Ресейдің отарлауына қарсы көтерілістердің басшысы ретінде қол бастап, азаттық күресі тарихында маңызды рөл атқарды.

Ал Қаракерей Қабанбайдың атасы Мәмбет те, әкесі Қожағұл да, Қожағұлдың ағасы Күшік те өз заманының аты шыққан батырлары болған. Ел аузындағы әңгі­мелер дерегіне қарағанда, жастайынан батыр танылған Күшік батыр Еңсегей бойлы Ер Есімнің Ташкентті алатын со­ғысына қатысып, сол Тұрсын хан өлген жылы жамбасына улы найзаның ұшы тиіп, 25 жасында қайтыс болады.

Қысқасы, тізе берсек әр батырдың тегіндегі қайсарлықтың қайдан дарығанын тарқатып кете беруге болады. Бұл мәселені бүге-шігесіне дейін ашу үшін батырлар институтына толыққанды зерттеу жасау қажеттігі анық. Қазақы батырлар институты – өзге халықтардың болмысына ұқсай бермейтіні анық құбылыс.

Қорыта айтқанда, батырдың тектілігі ұрпағына даритынын әркез мойындаған халықпыз. Тіпті қазірдің өзінде «пәленше батырдың ұрпағы екен» деп құрмет көрсетіп жатамыз. Онысы тек бабасына деген құрмет қана емес, «мұның да бойында сол текті қан ағып жатыр ғой» дегенге саяды.