Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
тарих90.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
208.79 Кб
Скачать

Міржақып Дулатұлы туралы фильмдер

1993 — «Міржақыптың оралуы» режиссері: Қ.Умаров

Жанры: “Деректі фильм” Өндіріс: “Қазақтелефильм”

1994 — «Алаш туралы сөз» Алашорда режиссері: Қ.Умаров

Жанры: “Деректі фильм” Өндіріс: “Қазақтелефильм”

2009 — «Алашорда» Алашордарежиссері: Қ.Умаров

Жанры: “Деректі фильм” Өндіріс: “Қазақфильм” Шәкен Айманов атындағы

32.М.Тынышбаевтың қоғамдық – саяси қызметі.

Мұхаметжан Тынышбайұлы (1879-1937) — қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайрат¬кері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алаш Орда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері.

1879 жылы 12 мамырда бұрынғы Жетісу облысы, Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысында (қазіргі Қабанбай ауданы) дүниеге келген.

1889-1900 жылдары Верный ерлер гимназиясында оқып, оны үздік бітіріп шығады. Верный гимназиясын алтын медальмен тәмамдады. Жыл сайын кластан класқа І-ші дәрежелі марапатпен көшіп, үздік үлгірім, өнегелі тәртібімен ұстаздарының ықыласына бөленеді. Гимназияны бітіргенде педагогикалық кеңестің шешімімен ол ғылымда, әсіресе, математикада үздік жетістікке жеткені үшін Алтын медальмен марапатталады.

Жиырма жасар Мұхаметжанның Жетісу әскери губернаторының кеңсесіне тілмаш болып орналасуына жол ашады. Бірақ оқуға ынталы жас жоғары білім алуға ұмтылып, император Александр І атындағы Петербург теміржол транспорты институтына түсуге тілек білдіреді. Бұл жолы да тағдыр оған күле қарайды. Өзінің мұғалімі, гимназия директоры М.В.Вахрушевтің көмегімен қазынадан 360 сом жылдық стипендия алып, Петербургке аттанады.

1900-1906 жылдары Санкт-Петербургтегі І Александр атындағы жол қатынасы инженерлерін даярлайтын институтта оқып, мұнда да ол ерен қабілетімен ұстаздарын таңқалдырып, институтты үздік бағамен бітіреді.

Институттың соңғы курсында жүргенде 1905 жылғы төңкеріске қатысады. Сол жылы өткен автономистерінің съезіне қатысып, онда «Қазақтар және қоғамдық қозғалыс» деген тақырыпта баяндама жасайды, өз халқының мұңын жеткізіп, Министрлер комитеті атына өтініш жолдайды. Онда қазақтарды басқарудың басты принциптерінің қазақтардың мүддесімен сай келмейтіндігін ғылыми тұрғыдан негіздеуге күш салады және басқарудың әскери жүйесінен азаматтық жүйеге көшуді талап етеді. Жас саясатшының бұл талабының атақты «Қарқаралы петициясы» талабымен үндесіп жатуы — халқым деген қазақ азаматтарының әр жерде жүріп, бір мақсатқа қызмет еткенін айқын көрсетеді.

1905 Жылдың аяғында Оралда өткен Қазақстанның бес облысының делегаттар съезінің жұмысына қатысады. Осы съезде болашақ "Алаш" партиясының сұлбасын құруға ниет жасалған болатын.

Институт қабырғасында оқып жүрген кезде-ақ ол туған халқының, мұңын мұңдап, жоғын жоқтап баспасөзде уытты мақалалар жариялайды және әр түрлі жиындарда сөз сөйлейді. Осындай бір жиында 1905 жылы 19 қарашада өткен автономшылар одағының 1 съезінде ол баяндама жасайды. Онда ол былай өткір сөйлепті: Қазақтардың жер мәселесі — сөзсіз аса маңызды… Үкіметтің нені көздеп отырғаны түсінікті: біріншіден, … қазақтарды дербес ұлт ретінде жою және бүкіл өлкені орыстандыру; екіншіден, қазақтарды … қауқарсыз тобырға айналдыру; үшіншіден, …ежелгі атақонысынан айыру… қандай қанқұйлы, зымиян мақсат?! Жалпы М.Тынышбаев 1905-1907 жылдары Ресей империясының қоғамдық саяси өміріне белсене араласа бастайды. 1907 жылы Ресей ІІ-ші Мемлекеттік Думасына Жетісу облысынан депутат болып сайланады. Қазақ депутаттарының Дума трибунасынан Столыпиннің аграрлық саясатын сынаған үндері естіледі, әсіресе Бақытжан Қаратаевтың жасаған баяндамасы үлкен шу тудырды. Мұның аяғы 1907 жылдың 3 маусымдағы заң бойынша «еркіндікшіл» Дума таратылып, қазақтардың Мемлекеттік Думаға өз өкілдерін сайлау құқығынан айырылуымен тынады.

ЖОО бітірген соң Орта Азия өңірі мен Жетісу теміржол құрылысында инженер болып қызмет істейді. 1916 жылғы көтеріліс туралы Түркістан генерал-губернаторына берген түсініктеме нұсқасында оны кеңінен толғап, отаршылдық зорлық-зомбылық қимыл-әрекеттеріне қысқаша шолу жасауы — тобықтай түйіндеп айтылған зор ғылыми еңбек болып табылады. Ақпан төңкерісіне дейін Мұхаметжан өзінің темір жол инженері мамандығы бойынша Орта Азияда, Жетісу облысында біраз жыл қызмет етеді.

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен өзге қазақ зиялылары сияқты ол да үлкен үміт күткен еді. Сондықтан да ол бұл кезде бел шеше қызмет етіп, қоғамдық-саяси қайраткер ретінде тез танылады. Сол жылы көктемде Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі, сонымен қатар осы үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары болып тағайындалады.

1917 жылы қазан айында Том қаласында өткен Жалпы Сібірлік съезге өзге алаш қайраткерлерімен бірге қатысып, Сібір кеңесінің құрамына енгізіледі. Сол жылғы желтоқсанда өткен Жалпықазақтық съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланып, кейін Алашорда үкіметінің төрағасының орынбасары ретінде көптеген заң актілеріне қол қояды.

Алаштың арысы Әлихан Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдерімен бірге М. Тынышбаев та жалпыұлттық «Алаш» партиясын құруға тікелей араласады.

1911-1918 жылдары темір жолдың Урсатьев-Әндіжан бөлімшесінде бастық, бас инженер болып қызмет атқарды. Одан кейін Жетісу темір жол бөлімшесінің Арыс-Әулиеата құрылысын басқарды.

1917 жылы шілдеде өткен Жалпы қазақтық съезде Жетісу облысынан Бүкілресейлік Құрыл¬тай жиналысына депутаттыққа ұсынылады.

1917 жылғы желтоқсан айында жарияланған Алаш автономиясы үкіметінің он бес мүшесінің бірі болады, «Алаш автономиясы аумағындағы уақытша жер пайдалану туралы Ереженің» жобасын қабылдауға қатысады.

1918 жылы бүкілтүркістандық ІV-ші мұсылмандар съезіне қатысып, онда жарияланған Түркістан («Қоқан») автономиясының премьер-министрі болып сайланады.

1919 жылы Бүкілодақтық Атқару комитеті бұрынғы алашордалықтарға кешірім жариялағаннан кейін, ол Түркістан өлкесінің Семей халық ағарту комиссариатында жауапты қызметтер атқарады.

Түркістан автономиясын Кеңес өкіметі күшпен талқандағаннан кейін М. Тынышбаев Алашорда қайраткерлерімен бірге сол кезде бірінен соң бірі құрылып жатқан көптеген әр түрлі үкіметтермен (Уақытша Сібір үкіметі, Уфа директориясы, Колчак үкіметтері сияқты) келіссөздер жүргізіп, хат-хабар жазысады, азамат соғысы жылдарында қызылдарға қарсы күреседі. Бірақ одан күткендей нәтиже болмайтынын көргеннен соң 1920 жылдан бастап, Кеңес өкіметінің жағына шығып, «буржуазиялық маман» ретінде Ташкентте, Қызылордада, Алматыда әр деңгейдегі шаруашылық мекемелерінде еңбек етеді.

1924 жылдан бастап қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУде оқытушы болды.

1925-1926 жылдары жаңа астана Қызылорда қаласын көріктендіру жүйесінің бас инженері болып тұрғанда қаланы сумен қамтамасыз ету жолын және көптеген жаңа объектілер салу туралы ұсынады.

1926 жылдан бастап Тұрар Рысқұловтың қолдауымен Түркістан-Сібір жолын салуға қатысады.

1926 жылы Тұрар Рысқұловтың ұсынуымен Түркісіб темір жол жобасы мен құрылысына қатысты. Бір жолы қолына А.П.Чулошниковтың қазақ халқы тарихына қатысты еңбегі түседі. Осы кітаптағы ұлттың намысына тиетін пікірлерге қарсы сын жазып, академик В.В.Бартольдке жібереді. Ғалым бұған қатты риза болып, қазақ халқының тарихын зерттеп, жазуға кеңес береді, ең болмаса болашақ зерттеушілер үшін тарихи деректер мен материалдарды жазып қалдыруға ақыл қосады. Осы жолда Мұхаметжан Тынышбайүлының 1926-1927 жылдарда жазған еңбектері: "Материалы по истории киргиз-казахского народа", "Киргиз-казахи в XVII-XVIII веках", "Ақтабан шұбырынды" және тағы басқалар.

Сталиндік зобалаңда ол 1930 жылы 3 тамызда тұтқындалып, бес жылға сотталып Воронежге бес жылға жер аударылады.

1933-1937 жылдары ол айдауда жүріп Мәскеу-Донбас темір жол құрылысында жұмыс істейді.

Онда ауырып, оралғанымен 1937 жылы қараша айында қайта тұтқындалады да, 1937 жылы Ташкент түрмесін¬де "Халық жауы" деген желеумен атылады.

1959 жылдың 29-қыркүйегінде Мұхаметжан Тынышбаев Қазақ КСР-сы Жоғарғы сотының, және де 1970 жылы КСРО прокуратурасы мен Түркістан әскери округының прокурорының шешімімен ақталып шықты.

33.1917 жылғы жалпы қазақ сиезінің тарихи маңызы. «Алаш» партиясының құрылуы және оның бағдарламасының қабылдануы.

Ақпан революциясының жеңісінен кейін Қазақстанда қоғамдық-саяси өмірдің біршама жандануында Ресейдің саяси партиялары, әсіресе, олардың жергілікті ұйымдары мен топтары өз әсерін тигізді. 1917 жылдың көктемінде болып өткен облыстық қазақ съездері болашақ партияның бағдарламасын әзірлеуге көмектесіп, съездерге қатынасқан делегаттар мен қазақ комитеттерінің мүшелері "Алаш" партиясының әлеуметтік негізін құрады. Осылайша, 1905 жылдың өзінде-ақ құруға әрекет жасалған "Алаш" партиясы іс жүзінде 1917 жылдың мамыр айында қалыптасып, ал оның ресми тіркелуі 1917 жылдың желтоқсанында жүзеге асқан еді. Тарихта "Алаш" партиясының саяси ұйым болып құрылуының бастауын 1917 жылдың 21-28 шілде аралығында өткен бірінші Бүкілқазақ съезі айқындап берді. Съезд жұмысына сол кезде қазақ даласының алты облысынан: Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Ферғана және Бөкей ордасынан делегаттар қатысты. Съезде 14 мәселе күн тәртібіне қойылды:

  • мемлекеттік басқару жүйесі;

  • қазақ облыстарының автономиялығы туралы;

  • жер мәселесі;

  • халық милициясын ұйымдастыру;

  • земство туралы, халық ағарту ісі;

  • сот ісі; дін мәселесі;

  • әйелдер мәселесі; қазақтар облыстарында Құрылтай жиналысына делегаттар сайлау;

  • бүкілресейлік мұсылман съезі туралы; қазақ саяси партиясын құру туралы және т. б.

Осылардың ішінде өзінің мазмұны мен саяси маңызы жағынан ұлттық автономия, жер мәселесі мен Құрылтай жиналысына дайындық мәселелері бірінші кезекте, өте саяси пікірталас жағдайында талқыланды. Мысалы, ұлттық автономия туралы А.Байтұрсынов пен М.Дулатов тәуелсіз автономиялық Қазақ мемлекетін жақтап сөйлесе, Ә.Бөкейханов қазақ ұлттық-территориялық автономияның Ресейдің құрамында болуын жақтады. Бірақ, ол мемлекет демократиялық федеративті парламенттік республика негізінде құрылуына басты назар аударды. Бүл көзқарас көпшілік делегаттардың қолдауына ие болды. Сонымен съездің қарарында: "Қазақ облыстары территориялық-ұлттық автономия құқығын алуы тиіс" деп жазылды. Сондай-ақ, жер мәселесі де қызу талқыға салынды. Съезд Қазақстанның барлық аймақтары мен Бұхара, Ферғана, Хиуадағы қазақтар қауымдастығынан Құрылтай жиналысына ұсынылған 81 кандидаттың 78-ін депутат етіп сайлады. Олардың арасында "Қазақ" газетінің жетекшілері, қазақ ұлттық-либералдық қозғалысының көсемдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, аймақтардан А.Ермеков, Х.Ғаббасов, Ж. Х. Досмұхамедовтар, М.Тынышбаев, М.Шоқаев, С.Асфендияров болды.

«Алаш» партиясының бағдарламасы:

  1. басқару түрі;

  2. автономия;

  3. азаматтық негізгі құқықтары;

  4. дін ұстану туралы мәселе;

  5. соттар туралы;

  6. қорғаныс;

  7. салық;

  8. жұмысшы мәселесі;

  9. халық ағарту;

  10. жер мәселесі

34.Алашорда автономиясының жариялануы. Алашорда үкіметі.

1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында Орынборда екінші жалпы қазақ сиезі өтті. Сиезде Алашорда үкіметі құрылды. Оның төрағасы болып Ә.Бөкейхан сайланды. Осы сиезде Алаш автономиясы жарияланды. Ә.Бөкейхан бастаған топ Қазақстанды мекендейтін орыстардың еркін білмейінше автономия жариялауды кейінге қалдыра тұруды қажет деп тапты. Ал Х.Досмұхамедұлы бастаған топ автономияны дереу жариялау керек деп санады. Соңында екі жақ ортақ келісімге келді. Нәтижесінде Түркістан қазағын қосып алып, автономия жариялауға 1 ай мерзім берілді. Бір ай ішінде қосылу ісі жүрмесе де автономия жарияланатын болып шешілді. Осы үшін 1918 жылы 5 қаңтарда шақырылған Сырдария съезіне «бірігу мәселесін қозғау үшін» Б.Құлманов, М.Дулатов, Т.Құнанбайұлы арнайы жіберілді. Бүл жиында табиғи талас-тартыстан кейін Түркістанның оқығандары қосылуға ықылас танытса керек. Әйтсе де көзделген бір айда қосылу жайы сол күйінде өзгеріссіз қалды. Түркістан автономиясы да амалсыз жұмысын тоқтатты. Қазақ қайраткерлері автономия жариялау үшін қайта жиналған жоқ. II съездің қаулысы күшінде қалып, енді ресми қағаздарда «Алаш автономиясы» деп жазылатын болды. Тіпті осындай мөр табаны да мұрағаттардағы құжаттарда сақталып қалған.

Алашорда үкіметінің құрылуы. Алашорда үкіметінің өмірге келуіне тікелей себепші болған жағдай Уақытша үкіметтің басқа да шет аймақтардағыдай Қазақстанда да ең өзекті ұлт өміріне қатысты мәселелерді шеше алмаған әлжуаз, тұрақсыз саяси билікке айналуы, оның арты бүкіл империяны қамтыған анархия, зорлық пен зомбылыққа ұласуы еді. Қазақ облыстарында асқынған жер мәселесін шешуге бағытталған әрекеттің болмауы, атты казак әскері, қарулы солдат пен қоныстанушылардың панасыз жергілікті халық үстінен жүргізген озбырлығының өрши түсуі соның айғағы болатын.

Міне, осындай жағдайда қазақ зиялылары арасында ұлттық мемлекет туралы мәселенің қойылуы толық негізді болатын. Сөйтіп, қазақ мемлекеттігі туралы мәселені қараған жалпы қазақ-қырғыз съезі 1917 ж. 5 желтоқсанда Орынбор қаласында ашылды. Оған барлық қазақ облыстарынан, сондай-ақ, одан тыс жерде тұратын Алтай губерниясы мен Самарқан облысы қазақтарынан және Жетісу облысы қырғыздарынан барлығы 82 өкіл қатысты. Съездің күн тәртібінде мынадай мәселелер қойылды: 1. Сібір-Түркістан автономиясы һәм оңтүстік-шығыс Одақ туралы. 2. Қазақ-қырғыз автономиясы. 3. Милиция. 4. Ұлт кеңесі. 5. Оқу мәселесі. 6. Ұлт қазынасы. 7. Муфтилік мәселесі. 8. Халықтық сот. 9. Ауыл басқармасы. 10. Азық-түлік мәселесі. Съездің күн тәртібінде тұрған ең негізгі мәселе, әрине, ұлттық автономия мәселесі еді.

Съез қазақ автономиясы мәселесі бойынша Халел Ғаббасовтың баяндамасын талқылап, төмендегідей қаулы қабылдады: “Автономия туралы Халелдің баяндамасын тексеріп, қазанның аяғында Уақытша үкімет түскенін, Руссия мемлекетінде халыққа сенімді және беделді үкіметтің жоқтығын… және бұл бүлікшілік біздің қазақ-қырғыздың басына келуі мүмкін деп ойлап… Съез бір-ауыздан қаулы қылады: 1) Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы және Әмудария бөліміндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясындағы іргелес болыстардың жері бірыңғай, іргелі — халқы қазақ-қырғыз, халі, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға; 2) Қазақ-қырғыз автономиясының жер үстіндегі түгі-суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын; …5) Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтың құқықтары теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бәрі бүкіл мекемелерде санына қарай орын алады; 6) Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша ұлттық Кеңес құрылсын. Мұның аты “Алашорда” болсын. Алашорданың ағзасы 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы басқа халықтарға қалдырылады. Алашорданың уақытша тұратын орны — Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап қырғыз-қазақ халқының билігін өз қолына алады. (“Сарыарқа” газеті, Семей, 1918, 25 қаңтар).Съез Алаш автономиясының Алашорда аталған (Алаштың ордасы немесе үкіметі) ұлт кеңесінің құрамын сайлады. Алаш автономиясының үкіметі — Алашорданың төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. 2-жалпықазақ съезі милиция жасақтарын құру мәселесін жан-жақты талдап, оның Алаш автономиясына кіретін әрбір облыс пен уездегі санын анықтап, оларды соғыс өнеріне үйрету мен қажетті қару және киім-кешекпен қамтамасыз ету жолдарын айқындады. Милицияға қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрі Алашорданың ұлттық қорының есебінен алынатын болды. Милицияны құру мақсатын съез былай деп анықтады: “… Осы күнде мемлекет ішінде бассыздық, талан-тараж, қырылыс-талас болып жатқанын ескеріп, қырғыз-қазақты мұндай бүліншіліктен қорғау үшін… ешбір тоқтаусыз милиция түзуге кірісуі тиіс…”.

Сонымен, съезд Алаш автономиясын құру қажеттігін бірауыздан қолдады. Алаш автономия­сының бастау көздерінде тұрған, 2-жалпықазақ съезінің делегаты Әлімхан Ермеков бұл туралы былай деп тебірене жазды: “…желтоқсанның 12-күні, түс ауа, сағат 3-те Алаш автономиясы дүниеге келіп, азан шақырып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға коңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды”. (“Сарыарқа”, 1918, 22 қаңтар).

Ұлттық-аумақтық қазақ автономиялы мемлекетін құруда съез делегаттары бірауыздылық танытқанымен, оны (автономияны) ресми түрде жариялау мәселесінде ала ауыздыққа жол берді. Бұл жағдай мемлекеттік құрылым ретінде жаңадан қалыптаса бастаған автономия үшін қатерлі еді, өйткені автономияны ресми түрде жарияламайынша, оған қазақ халқын, өлкені мекендеген басқа халықтарды сендіру, Алашорда үкіметін мойындату қиын еді.

Қазақ зиялылары большевиктердің тап күресі туралы теориясын да қолдамады.

Бүкілресейлік Құрылтай таратылғаннан кейін, сол арқылы ұлттық автономия алудан үміттенген Алашорда басшылары мен большевиктер арасындағы қайшылық тереңдей түсті. Егер “Алаш” партиясына біріккен ұлттық интеллигенция большевиктерге, қазақ қоғамына мүлдем жат әлеуметтік тәжірибені зорлап таңушы, қазақ жұртына іріткі салушы күш ретінде қараса, большевиктер Алаш қозғалысына ұлттық буржуазия мен феодалдық топтардың таптық мүддесін жанұшыра қорғайтын контрреволюциялық күш есебінде қарады.

Ақпан революциясынан кейінгі кезеңде өз бостандығы үшін күреске шыққан отарлық езгідегі халықтарға большевиктер партиясы тек кеңестік негіздегі автономия беретіндігін мәлімдеді. В.И.Ленин мен И.В.Сталин Түркістан кеңестерінің съезіне жолдаған жеделхатында: “Халық комиссарлары кеңесі сіздердің өлкелеріңіздің кеңестік негіздегі автономия болғандығын қолдайды” — деп көрсетті. (В.И.Ленин. О Средней Азии и Казахстане. Ташкент, 1960, с. 379.). В.И.Лениннің бұл ойын сол кезеңдегі ұлт істері бойынша Халық комиссары И.В.Сталин және басқа қайраткерлер белгілі бір ұлттың автономия алуы емес, кеңестік билікті қолдайтын жұмысшы және шаруалардың автономия алуы деп түсінді. В.И.Ленин мұндай тұжырымға үзілді-кесілді қарсы шығып: “…ұлттардың өзін-өзі билеуін алып тастап, еңбекшілердің өзін-өзі билеуі мүлде теріс, өйткені бұлайша қою ұлттардың ішіндегі жіктелудің қандай қиыншылықтармен, қандай бұралаң жолдармен жүріп жатқанын есепке алмайды” деп көрсетті. Ол еңбекші бұқараның өзін-өзі билеуі туралы айту, тек пролетариаттың өзінің таптық мүдделерінің буржуазия мүдделерімен ешқашан да сәйкес келмейтіндігіне біржола көзі жеткенде ғана мүмкін екендігін, сондықтан да мұндай деңгейге әлі жете қоймаған халықтар өзін-өзі билеу құқығын талап етсе, онда мұндай талаптың толық заңдылығын мойындаудан бас тарта алмаймыз деп кесіп айтты.

1918 жылдың көктемінде Алашорда мен Кеңес билігі арасында өмірлік шындықтан бастау алатын, екі қуатты қоғамдық қозғалыстың (ұлттық және әлеуметтік, таптық) табиғатынан туындаған өзара түсіністікке ұмтылушылық байқалды.

Ұлттар ісі бойынша Халық комиссары Алашорданың қойған шарттарына тікелей ресми жауап берген жоқ. Кеңес өкіметінің мойындауынан үміттенген Алашорда Х.Ғаббасов арқылы 1 сәуірде РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі мен Ұлт істері жөніндегі комиссариатқа жеделхат жолдап, қазақ елінің жалпыұлттық мүддесін білдіретін Алашорда үкіметін тез арада ресми түрде мойындауды тағы да талап етеді. Бірақ бұл уақытта Кеңес өкіметі Алашордадан біржола теріс айналып кеткен еді.

Міне, осындай жағдайда Кеңес өкіметімен жүргізілген келіссөздің нәтижесіз аяқталғанына көзі жеткен Алашорда басшылары басқа жол іздеуге мәжбүр болған еді.

Алаш қайраткерлерінің ұлттық тұтастыққа ұмтылысы, әсіресе, Қоқан автономиясына қатынасынан айқын көрінді. Басқаша айтқанда, Алашорда үкіметі құрылған бетте Түркістан өлкесі құрамындағы қазақ жұртымен бірігу жолдарын қарастыруға кірісті. Алашорда басшылары жаңа құрылғалы тұрған Қазақ мемлекетінің тағдыры оны барлық қазақ жұртының қолдауына тәуелді екендігін өз дәрежесінде тура түсіне білді.

Алаш автономиясын құру туралы шешім қабылдап, Алашорда өкіметін — ұлт кеңесін сайлаған жалпықазақ съезі, әрине, Қоқанда құрылған Түркістан автономиясына өз қатынасын білдіруі керек еді. Съезге қатысқан өкілдер Қоқан автономиясының құрылғандығы туралы хабарды съездің барысында М.Шоқайдың өзінен естиді. Ол туралы М.Дулатов ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында: “Қоқанда Түркістан елінің де съезі болып, Түркістан ұлт автономиясы үкіметін құрған екен. Ол жөнінде біз съезде білдік. Съездің соңына қарай Қоқаннан Шоқайұлы Мұстафа келді. Шоқайұлы Қазақ автономиясының өз алдына жеке құрылуына қарсы болды, Түркістанмен қосылуды жақтады. Түркістан үкіметіне қазақтан өзі мен Тынышбайұлы Мұхаметжан кіргендігін сөйледі”.

Оқиғалардың ағымы көрсетіп бергендей, бұл М.Шоқайдың біржола түйген шешімі емес-тін. Қазақ жұртшылығының бір мемлекетке бірігу мәселесіне байланысты съезде болған қызу айтыс Ә.Бөкейханов, М.Шоқай және басқа ұлт-азаттық қозғалыс басшыларына өздерінің соған дейін ұстанған бағыттарын анықтай түсуге немесе өзгертуге себепші болғаны сөзсіз.