- •Дәріс№2 Адамзат дамуының ерте кезеңінде тәрбиені ұйымдастыру формаларының дамуы
- •Типтік оқу бағдарламасынан көшірме:
- •2/1.Алғашқы кауымдагы тәрбиенің пайда болуы мен оның дамуы. Кайназой эрасында және Тас ғасырындағы тәрбиенің ерекшеліктері. Алғашқы кауымдагы адамдар - палеонтроптардың еңбек әрекеті.
- •Дәріс №3 Европа мен Америка елдері тарихындағы білім беру, мектеп және педагогикалық ой-пікірлер
- •Дәріс №4 Ресейде педагогиканың дамуы
- •Дәріс №5 Қазақстанда педагогиканың дамуы
- •ІІбөлім. Педагогиканың теориялық–әдіснамалық негіздері Дәріс №6 Педагогика адам тәрбиесі туралы ғылым ретінде
- •Дәріс № 7-8 Қазіргі педагогиканың әдіснамасы
- •Дәріс №9 Жеке тұлғаны дамытуға, қалыптастыруға, тәрбиелеуге әсер ететін факторларға сипаттама және олардың әр түрлі жастағы топтарда көрінуі
- •Дәріс №10 Мұғалімнің зерттеушілік мәдениеті – оқу-тәрбие үдерісі нәтижелігінің шарты.
- •Ііі бөлім. Тұтас педагогикалық үдерістің теориясы мен практикасы Дәріс №11 тпү мәні мен құрылымы, оның заңдары мен заңдылықтары
- •Дәріс №12 Тәрбиенің мақсаты, оның әлеуметтік тұрғыдан негізделуі
- •Дәріс №13 Ғылыми дүниетаным – оқушының интеллектуалды дамуының негізі
- •Дәріс №14 тпү тәрбиенің мәні мен мазмұны
- •Дәріс №15-16 Тәрбие үдерісінің формалары, әдістері мен құралдарының жүйесі
- •Дәріс №17 Балалар ұжымы тәрбие обьектісі және субьектісі
- •Дәріс №18 Сынып жетекшісі - сыныптың тәрбиелік жүйесін ұйымдастырушы.
- •Дәріс №19 тақырып Отбасы тәрбиесінің негіздері
- •Дәріс №20 тпү құрылымындағы оқыту.
- •Дәріс №21 Қазіргі мектептегі білім мазмұны.
- •Дәріс №22-23 Оқыту формалары, әдістері мен тәсілдері
- •Дәріс №24 Оқушылардың оқу жетістігін диагностикалау және тестілеу
- •Дәріс №25 Оқушылардың тпү-тегі танымдық іс-әрекетін белсендендіру
- •Дәріс №26 Білім берудегі инновациялық үдерістер және мұғалімнің кәсіби әрекетіндегі педагогикалық технологиялар.
- •Іү бөлім. Мектептің тпү басқару Дәріс №27 тпү ұйымдастырушылық-әдістемелік басқару, мұғалімдердің біліктілігін арттыру.
- •Дәріс №28-29 Мектептің тпү диагностикалау және жоспарлау
- •Дәріс №30 қр-да 12-жылдық білім беру моделіне көшу жағдайында білім беруді басқарудың жаңа тәсілдері
Дәріс №22-23 Оқыту формалары, әдістері мен тәсілдері
Типтік оқу бағдарламасынан көшірме:
Окыту формалары мен әдістері, құралдары туралы түсінік, олардьщ өзара байланысы. Мектеп тарихындагы оқытудың сыныптык - сабақ жүйесі. Сыныптан тыс оқу жұмысының формалары. Сабақта оқушылардын оку іс- әрекетін ұйымдастырудың топтық, дербес, фронтальды формалары.
Сабак - тұтас жүйе, оның компоненттері мен міндеттері. Қазіргі сабақтың теориясы. Сабактың типологиясы (жіктелуі) және құрылымы. Сабақтың логикалык-психологиялық, дидактикалык және әдістемелік кұрылымының арақатынасы. Қазіргі сабаққа койылатын талаптар. Такырып және сабақ бойынша жоспарлау. Сабакты талдау және өзіндік талдау - басқару обьектісінің сапасы туралы жаңа білімді алу әдісі. Сабақты талдаудың типологиясы мен түрлері.
Окыту әдістерінің атқаратын қызметі мен міндеттері. Оқыту әдістерінің дидактикалык, психологиялық және технологиялык аспектілері. Оқыту әдістерінің тәрбиелік, білімдік, дамытушылық мүмкіндіктері. Оқыту әдістерін жіктеу және оларды дайындаудың өлшемдері. Оқыту әдістеріне сипаттама. Нақты сабақ үшін окыту әдістерін іріктеу.
Қазіргі мектептегі оқытудың инновациялык әдістері. Оқытудың интербел- сенді әдістеріне сипаттама - «ойға шабуыл», рөлдік, іскерлік ойындар, тренинг, кейс әдісі, жоба әдісі және т.б. Мұғалімнің окытудың қозғаушы тетікте- рін тиімді баскаруындағы әдістемелік және технологиялық күзыреттілігі.
ТПҮ-тегі окыту кұралдары - іс-әрекеттің түрлері. Дидактикадағы дэстүрлі оқыту құралдары және олардың сипаттамасы. Материалдық және рхани кұндылыктар окыту күралдары ретінде. Оқытудың көрнекілік құралдары. Оқытудьщ вербальдық кұралдары. Акпараттық-коммуникативтік оқыту күралдары.
Негізгі угымдар: оқытудың формалары, сабақ және сабактан тыс формалар, оқытуды ұйымдастырудың фронтальды, топтық, дербес формалары, өзара оқыту, сабак, сабақты талдау және өзіндік талдау, оқыту әдістері, тәсілдері, әдістемелік тәсілдер, оқыту әдістерін жіктеу, инновациялык, интербелсенді оқыту әдістері.
Жоспар:
Оқыту формалары туралы түсінік.
Оқытуды ұйымдастырудың тарихи формалары.
Оқытуды ұйымдастырудың қазіргі кездегі формалары.
Сабақ - оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы.
Сабақтың типтері мен құрылымы.
Дәстүрлі емес сабақтар.
Сабаққа талдау жасау. Мұғалімнің сабаққа дайындалуы.
Оқыту әдістері. Инновациялық және интербелсенді әдістер
Мақсаты: оқытуды ұйымдастырудың ертедегі әдістерімен таныстыру, олардың маңызы мен кемшіліктерін анықтау. Оқыту әдістеріне сипаттама беру, оқыту әдістерін таңдау шарттарын түсіндіру. оқытуды ұйымдастырудың қазіргі кездегі формаларымен таныстыру, олардың ерекшеліктерін анықтау
Оқытуды ұйымдастырудың формасы дегеніміз - мұғалім мен оқушылардың оқу әрекетіне қолайлы жағдай жасау үшін арнайы ұйымдастырылған, белгілі тәртіппен өтетін жұмыс. Оқытуды ұйымдастыру формасы - оқыту процесінің міндеттерін жүзеге асырудағы мұғалім мен оқушылардың іс-әрекеттерінің сыртқы көрінісі. Ұйымдастыру формасында оқытудың мақсаты, мазмұны, әдістері бірыңғай жүзеге асады.
Қоғамның даму тарихында мектептердің дамуына қарай оқытуды ұйымдастыру формалары да өзгеріп отырды.
Алғашқы оқыту формасы жеке-топтық болды. Бұл орта ғасырда шіркеулік мектептерде қолданылды. Мектепке оқушылар жылдың әр мезгілінде қабылданды. Әр жастағы балалар бір бөлмеде бірге оқығандықтан, топтық деп аталды. Ал жеке деп аталу себебі мұғалім әр оқушыдан жеке сұрап отырған. Бұрын қазақ жеріндегі молдалардың оқытуы осы жеке-топтық оқуға өте ұқсас. Өйткені әр жастағы балалар молданың алдында жүгініп отырған және әр баладан жеке сұралған. Оқытудың бұл формасының нәтижесі шамалы болғанымен, сол кездегі оқыту талаптарына сәйкес келген.
Англияда оқытудың сатылы жүйесі немесе Белль-Ланкастер жүйесі пайда болды. Оны ойлап тапқан Белль деген діни қызметкер мен Ланкастер деген мұғалім. Бұл мұғалімдер жетіспеген жағдайда өте қолайлы болды, себебі бір мезгілде 200-600 баланы оқытуға мүмкіндік берді. Бұл жүйені өзара бірлесіп оқыту деп те атады. Өйткені мұғалім ересек балаларды оқытады, ал олар өз кезегінде мұғалімнің басшылығымен кіші балаларды оқытқан. ХХ ғасырда Америкада Дальтон-план (Алғаш рет Дальтон қаласында қолданылған), Трамп-план (Трамп деген мұғалім қолданған) деген оқыту формалары пайда болды. Бұл формада оқушылар мектепте мұғалімнен оқымаған. Олар мұғалімнен тапсырма алып, үйде өздігінен дайындалған. Дайын болған кезде мұғалімге келіп сынақ тапсырады да, келесі тапсырманы алады. Сонымен бірге АҚШ-та Мангейм жүйесі немесе саралап оқыту қолданылды. Алдымен оқытушы сабақтың 10-15 минутында 100-150 балаға лекция оқиды, кейін балалар 10-15 адамнан бөлініп топпен жұмыс істейді, қалған уақытта өздері жеке дайындалады Кеңес дәуірінде Россия мектептерінде бригадалық-лабораториялық жүйе енгізілді. Мұғалім оқушыларды 4-5 адамнан топтарға бөліп, әр топқа тапсырма береді. Оқушылар бірлесіп дайындалып, бригадир үнемі жауап беріп отырады. Бригадирдің жауабына сай, барлық балаларға бірдей баға қойылған.
Оқытудың кең тараған формасы - кластық-сабақтық жүйе. Оның негізін салған чех халқының педагогы Ян Амос Коменский. Атынан көрінгендей, бұл жүйеде оқушылар жастарына қарай кластарға бірігіп, оқыту сабақ түрінде жүрді. Жүйенің ерекшелігі:
Оқушылар класқа жас ерекшеліктеріне қарай топтастырылады.
Кластағы оқушылардың құрамы тұрақты.
Жеке пәндер сабақ кестесіне қарай алмасып оқытылады.
Оқыту оқу жоспарына, бағдарламаға және оқулыққа негізделіп жүргізіледі.
Оқыту жылдың тұрақты бір мезгілінде басталып, аяқталады.
Оқыту мұғалімнің басшылығымен жүргізіледі.
Қазіргі кезде оқытуды ұйымдастырудың сабақтан басқа формалары бар. Олар: семинар, экскурсия, факультатив, конференция, үйірме, үйдегі оқу жұмысы, өзіндік жұмыстар, өздігінен білім алу, т.б. Экскурсия - табиғатта, өндіріс орындарында, музейде, т.б. жерлерде өткізілетін сабақ. Оның мақсаты-оқушылардың сабақта алған теориялық білімдерін практикада жалғастыру, бекіту. Экскурсия алдын-ала дайындықты талап етеді. Қайда барамыз? Қандай мақсатпен? Экскурсияның тақырыбы мен мақсаты, қауіпсіздік шаралары оқушыларға түсіндіріледі. Экскурсия жоспары жасалады. Семинар көбінесе жоғары сыныптарда, өтілген лекциялардағы өзекті мәселені талқылау үшін ұйымдастырылады. Семинардың тақырыбы, сұрақтары мен әдебиеттер тізімі оқушыларға ерте беріледі. Тақырыпқа байланысты баяндама, реферат дайындауға болады. Семинарда сұрақтар ретімен талқыланады, оқушылар өз пікірлерін айтады, тыңдайды, сұрақ қояды, пікір алмастырады. Факультатив оқушылардың қызығушылығы мен сұранысы негізінде әр түрлі пәндерге сәйкес ұйымдастырылады. Онда оқушылардың пәнге бейімділігін ескере отырып, ғылым негіздерімен кеңірек таныстырады, кәсіби бағдар береді, кітаппен, анықтамалық әдебиеттермен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады. Конференция тақырыптың ғылыми деңгейін көтеру мақсатын көздейді. Ол семинарға ұқсас, тек баяндамалардың саны көбірек болуы керек. Конференцияға бірнеше сыныпты біріктіруге болады. Үйірме жұмысының өзіндік ерекшеліктері бар. Ол оқушылардың пәнге деген қызығушылығын жетілдіреді, тапсырмаларды орындауға қолайлы жағдайлар жасайды. Оқушылардың үйдегі оқу жұмысы сыныптағы сабақтың жалғасы болып саналады. Үй жұмысының тәрбиелік мәні зор. Себебі, үй жұмысын күнделікті орындау барысында оқушы ұқыптылыққа, тәртіпке үйренеді, дербестігі артады, жауапкершілігі дамиды. Үй тапсырмасын дұрыс ұйымдастыру үшін мұғалім белгілі шарттарды ескеруі керек. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай үй жұмысының көлемі де әр түрлі болады. Оқушының өзіндік жұмыстары (самостоятельная работа) оқыту процесінің әрбір кезеңінде және үйдегі оқу жұмысында да орын алады. Өзіндік жұмыстар оқушының ойлау қабілеттерін арттырады, іскерліктері мен дағдысын қалыптастырады, өз бетімен қызмет етуге үйретеді. Өздігінен білім алу (самообразование) оқушыны өз уақытын тиімді жоспарлауға, үнемді пайдалануға, өзіне керек мәліметті іздеуге, кітапханада жұмыс істеуге үйретеді. Өздігінен білім алудың негізгі көздері: кітап, газет-журналдар, радио, теледидар.
Сабақ дегеніміз - оқушылардың топқа ұйымдасқан класс деп аталатын тұрақты тобымен, мұғалімнің басшылығымен жүретін оқу жұмысы. Сабақтың оқытуды ұйымдастырудың негізгі формасы болатын себебі - ол алдымен мұғалімге оқытатын пәнінің мазмұнын жүйелі түрде баяндауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сабақ оқушының оқу әрекетінің кластан тыс және үйдегі түрлеріне бағыт-бағдар беріп, жетекшілік роль атқарады.
Қазіргі мектептегі сабаққа мынадай талаптар қойылады:
Әр сабақтың айқын мақсаты, мазмұны, жоспары болуы керек.
Сабақ оқыту принциптерінің ережелері мен талаптарына сәйкес болуы керек.
Сабақтың ғылыми мазмұны оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне сай түсінікті болуы керек. Сондай-ақ сабақта оқушылардың бойында біліктер мен дағдыларды қалыптастыру міндеті жүзеге асырылуы тиіс.
Сабақтың мазмұны оқытылатын пәннің бағдарламасына сәйкес болуы және әрбір сабақ басқа сабақтар жүйесінің буыны болуы міндетті нәрсе.
Сабақта оқушылардың білімге ынтасы мен қызығушылықтарын арттыру үшін сабақтың құрылымы мен әдістерін түрлендіріп, көрнекі және техникалық құралдарды, ойындарды тиімді қолдануы керек.
Сабақта оқушылардың белсенділігін арттыру үшін проблемалық ситуациялар туғызып, проблемалық міндеттер мен тапсырмаларды орындауға басшылық ету қажет.
Сабақтың сапасын жақсарту үшін мұғалім оқушылармен қарым-қатынас жасау шеберлігін арттырып отыруы қажет.
Сабақта оқушыларға білім берумен қатар, оларды өздігінен білім алудың әдіс-тәсілдеріне үйрету міндет.
Сабақ оқытудың білім беру, тәрбиелеу, дамыту қызметін біртұтастық принципіне сай жүргізілуі керек.
Сабақтың дидактикалық құрылымы немесе кезеңдері бірізділікте, бір-бірімен өзара байланыста, бірін-бірі толықтырып тұрулары қажет.
Сабаққа дайындалу және оны өткізу барысында мұғалім сыныптағы, мектептегі нақтылы жағдайды (оқу кабинетінің жабдықталуы, оқу-техникалық, көрнекілік құралдарының болуы, тұрғылықты жердің табиғаты, т.с.с.) ескеріп отыруы шарт.
Мұғалім сабақты бекіту, қайталау кезінде оқушылардың белсенділігін оятуы тиіс. Ол үшін оқушылардың жеке, топпен, ұжыммен бірлесіп орындайтын түрлі жұмыстарын ұйымдастырады. Жеке дара жұмыс оқушыны өз бетімен білім алуға ынталандырады. Топтық жұмыс оқушыларды міндетті ақылдасып шешуге үйретеді. Ұжымдық жұмыс әрбір оқушыға алдына қойылған міндетті түсінуге көмектеседі.
Дәстүрлі емес сабақ түрлерімен және оларды жоспарлау мен өткізу ерекшеліктерімен таныстыру. Тақырыптық және күнделікті сабақ жоспарларын құруға үйрету, мұғалімнің сабаққа дайындығының маңызын түсіндіру
Сабақтың типтері мен құрылымы маңызды проблемалардың бірі. Әсіресе сабақтың жіктелуі жайлы әр түрлі көзқарастар бар. Мысалы:
И.Н.Казанцев - оқу материалының мазмұны мен дидактикалық мақсатына қарай 10 түрге бөледі:
Алғашқы сабақ
Кіріспе сабақ
Жаңа сабақ
Пысықтау сабағы
Жаттығу сабағы
Тәжірибелі сабақ
Қайталау-қорыту сабағы
Тексеру сбағы
Бағалау сабағы
Қорытынды сабақ
С.В.Иванов - оқыту процесінің ерекшеліктеріне қарай 7 түрге бөледі:
Кіріспе сабақ
Оқу материалымен алғаш танысу сабағы
Жаңа сабақ
Меңгерген білімді тәжірибеде қолдану сабағы
Дағдылану сабағы
Қайталау, пысықтау, қорыту сабағы
Бақылау сабағы
Данилов пен Есипов - сабақтың негізгі дидактикалық мақсатына қарай 6 түрге бөледі:
Аралас сабақ
Жаңа сабақ
Пысықтау сабағы
Қайталап жинақтау, қорыту сабағы
Жаттықтыру сабағы
Білімді сынау сабағы
Шет елдердің арасында Чехословакиядағы сабақтың жіктелуі бізге ұқсас:
Жаңа сабақ
Жаттығу сабағы
Қорыту сабағы
Қайталау, білім сынау сабағы
Аралас сабақ
Сабақтың құрылымы деп сабақтың барысында оның құрамдас бөліктерінің, кезеңдерінің бір-бірімен ұштасып, белгілі тәртіппен жүзеге асырылуын айтады. Сабақ құрылымын белгілеу оқу жұмысын неғұрлым айқын және дұрыс ұйымдастыру үшін керек.
Жаңа сабақ жаңа материалды хабарлау мақсатын көздейді және сабақтың басым бөлігі осыған арналады. Бекіту сабағының мақсаты - өтілген жаңа материал бойынша оқушылардың білімін бекіту. Қайталау сабағының мақсаты - өтілген оқу материалдарын бір жүйеге келтіру, қайталап, пысықтау. Аралас сабақ мектеп тәжірибесінде ең жиі қолданылатын сабақтың түрі. Онда бірнеше міндет жүзеге асырылады. Тексеру (бақылау) сабағында өтілген тақырып бойынша оқушылардың білімі тексеріледі, бақылау жұмысы орындалады.
Дәстүрлі емес сабақтар - бұл ойдан шығарылған сабақтар. Оның негізгі құрылымы анықталмаған, ешбір дидактикалық қағидаларға негізделмеген. Сабақта қолданылатын конкурс, сайыс, көкпар, ойын, бәйге, аукцион, т.б. жеке тәсілдерді сабақтың элементтері деп қарау керек. Дәстүрлі емес сабақтардың, дәстүрлі сабақтар сияқты, мақсаты мен міндеттері, жоспары болады. Сабақтың мазмұны, барысы мұғалімнің шеберлігіне, біліміне, тәжірибесіне байланысты.
И.Подласыйдың «Педагогика» оқулығында дәстүрлі емес сабқтардың 36 түрі ұсынылады: іскерлік ойындары сабағы, КВН-сабақ, концерт-сабақ, сот-сабақ, аукцион-сабақ, ертегі сабақ, т.б. Сайыс-сабақ оқушылардың пәнге деген қызығушылықтарын артырады, ұйымшылдыққа, бірлікке тәрбиелейді. Ертегі-сабақ балалардың артистік қабілеттерін жетілдіреді, өздерін еркін ұстауға, ситуацияны өз бетімен шешуге үйретеді. Соңғы кездері теледидардан көрсетіліп жүрген «ХХІ ғасыр лидері», «Не? Қайда? Қашан?», «Кім миллион ұтып алады?», «Алтын қақпа», «Атажұрт», т.б. интеллектуалдық, танымдық бағдарламаларға негізделген сабақтар да өткізіледі.
Оқу жұмысын тексерудің барысында сабақтың сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Сабақты талдау шамамен мына үлгі бойынша жүреді:
Оқу пәні
Сынып
Мұғалім
Сабақ тақырыбы
Сабақ мақсаты
Талдау барысында мына мәселелер еске алынады:
Сабақтың типі мен құрылымы;
Сабақтың мазмұны, оқу материалының сапасы;
Оқыту әдістері;
Оқушылардың сабақтағы іс-әрекеті;
Мұғалімге мінездеме беру;
Сабақтың нәтижесі;
Сабаққа қатысу аяқталғаннан кейін талдау басталады. Алдымен сабақты мұғалімнің өзі талдайды, содан кейін басқа қатысушылар өз пікірлерін, ұсыныстарын айтады.
Жақсы жоспарланған, шебер ұйымдастырылған сабақ сыныптағы оқу жұмысын ойдағыдай өткізудің ең жақсы кепілі болады. Мұғалім әр сабағына мұқият дайындалып, оның мазмұнын, өтілуін жан-жақты ойластыруы керек. Егер мұғалім сабақты дұрыс жоспарламаса, ол өз пәнін жетік білгенімен, сабақтың ірі кемшіліктері болады. «40 жыл мұғалім болсаң да, 45 минуттық сабағыңа әзірленуді ұмытпа!» деген ережені есте ұстаған дұрыс.
Мұғалімнің сабаққа дайындығы екі кезеңнен тұрады: тақырыптық жоспарлау және күнделікті жоспарлау.
Оқу жұмысы тақырыптық-күнтізбелік жоспар бойынша жүреді. Тақырыптық жоспар оқу бағдарламасы, оқу жоспары, оқулық негізінде жарты жылға, немесе бір жылға құрылады. Ол мұғалімге бір сабақтан келесі сабаққа өту барысында дидактикалық мақсаттарды анықтауда бірізділік пен жүйелілікті анықтауға септігін тигізеді, оқу материалының мазмұнындағы негізгі ойды бөліп қарауға, пайдаланылатын көрнекі және техникалық құралдарды ойластыруға мүмкіндік береді. Тақырыптық жоспарда тақырыптардың сағатқа бөлінген аттары, сағат саны, өтілетін күні, көрнекі құралдары көрсетіледі.
Күнделікті сабақ жоспары - әрбір мұғалімнің жеке сабақ құжаты. Онда сабақтың тақырыбы, мақсаты мен құрылымы, сабақтың мазмұны, әдіс-тәсілдері, үй тапсырмасы көрсетіледі. Сабақтың әрбір кезеңіне жұмсалатын уақытты көрсетудің мәні зор. Жас мұғалімдерге сабақтың жоспарын толық жазған дұрыс. Кейін тәжірибе жинақтаған кезде қысқартулар қолдануға болады. Бірақ жоспар қандай формада жазылса да, онда сабақтың барлық кезеңдері қамтылуы керек.
Әдіс деген сөз гректің «metodos» деген сөзінен шыққан, қазақша мағынасы - ақиқатқа, шындыққа жету жолдары дегенді білдіреді. Сонда оқыту әдістері дегеніміз - оқытудың мақсатына жету жолдары. Оқыту әдістері «Қалай оқыту керек?» деген сұраққа жауап береді. Оқыту әдістері мұғалім мен оқушының бірлесе жасайтын әрекеті. Педагогикалық энциклопедияда: «Оқыту әдістері - мұғалім мен оқушылар жұмысының тәсілдері, солардың көмегімен БІД-ны игереді, оқушылардың дүниетанымы қалыптасады, қабілеттері дамиды» - деп жазылған (ПЭ. 2-том, М. 1965, 812 бет). Ал философиялық сөздікте: «Әдіс, дәл жалпы мағынасында мақсатқа жету іс-әрекетін нақты ретке келтіру тәсілдері» деп жазылған (Ф.сөздік, М. 1963, 272 бет). Әдістің бөлігі тәсіл деп аталады. Сонымен бірге мұғалім оқу құралдарын пайдаланады.
Оқыту әдістеріне қойылатын жалпы талаптар мыналар:
оқытудың міндеттерін шешуге бағытталуы тиіс;
оқытудың тәрбиелік мәнін арттыруға көмектеседі;
мұғалім оқыту әдістері арқылы оқушыларды ғылыми әдістермен таныстыруға міндетті;
оқушылардың өздігінен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруы тиіс;
Мұғалім әдістерді қолдануда озат іс-тәжірибелерді пайдалануы керек;
Оқыту әдістері педагогикада әлі толық зерттеліп болмаған тақырыптардың бірі. Сондықтан оларды топтастыруда әр түрлі пікірлер қалыптасқан:
Оқушылардың таным белсенділігіне қарай (М.Н.Скаткин, И.Я.Лернер).
Оқытудың мақсаты мен міндеттеріне қарай (М.А.Давыдов, Б.П.Есипов, Т.А.Ильина).
Тұтас педагогикалық әрекеттің тәсілдеріне қарай (Ю.К.Бабанский).
Әдістің логикалық және психологиялық сипатына қарай (Р.Г.Лемберг).
Мұғалім мен оқушылардың жасайтын әрекетінің ерекшеліктеріне қарай (В.Оконь).
Білім берудің көздеріне қарай (И.Т.Огородников, С.И.Перовский, Е.Я.Голант).
Оқыту процесінде жиі қолданылатыны білім берудің көздеріне қарай жіктелуі:
Сөздік әдістер: түсіндіру, әңгіме, әңгімелесу, лекция, кітаппен жұмыс.
Көрнекі әдістер: демонстрация және иллюстрация.
Практикалық әдістер: лабораториялық, практикалық жұмыстар, әр түрлі жаттығу жұмыстары, ойындар.
Сабақтың тақырыбы мен мақсатына, оқу материалының мазмұны мен көлеміне, оқушылардың дайындық дәрежесіне сәйкес, сабақтың құрылысы мен оқыту әдісін ұдайы толықтырып отыруды мұғалім өзі белгілеп, өзі таңдап алады. Мұғалімнің әдістерді таңдауы мына шарттарға байланысты:
Оқушылардың жас және дербес ерекшеліктері;
Сабақтың мақсаты мен міндеттері;
Қолда бар көрнекі және техникалық құралдар;
Мектептің географиялық орны;
Мұғалімнің шеберлігі;
Бақылау сұрақтары:
1. Оқыту формасы дегеніміз не?
2. Қазіргі сабаққа қойылатын негізгі талаптар.
3. Сабақтың негізгі түрлері, оның құрылымы.
4. Мұғалімнің сабаққа дайындалу тәсілдері.
5.Оқытуды ұйымдастырудың формалары туралы түсінік.
6.Сабаққа қойылатын дидактикалық талаптар.
7.Сабақтың дәстүрлі түрлері, құрылымы.
8.Мұғалімнің тақырыптық және жеке сабақтарының жоспары.
Әдебиеттер
1.Педагогика. Курс лекций. Алматы: “Нұрлы Әлем”, 2003
2. Вульфов Б. З., Иванов Б.Д. Основа педагогики (в лекциях, в ситуациях, в первоисточниках) Уч. пособие – М., 2000.
3.Ильина Т.А. Педагогика.- М., 2000
4.Лихачев Б.Т. Педагогика. Курс лекций. Уч. пособие.-М., 1999
5. Педагогика. Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университет. Дәрістер курсы. - Алматы “Нұрлы әлем” 2003
6.Педагогика. Уч. пособие (Под. ред. Т.Н. Пидкасистого-2010)
7.Подласый И.П. Педагогика Учебник - Минск, 2010
8.Харламов И.Б. Педагогика. Учебник-Минск, 2010
